Жас ұрпаққа рухани- адамгершілік тәрбие беру ата-ананың басты парызы

Жас ұрпаққа рухани- адамгершілік тәрбие беру ата-ананың басты парызы

Жас ұрпаққа рухани адамгершілік тәрбие беру- игілікті іс. Бұл ізгілікті іс тал бесіктен бастау алады. «Балаға білім беру үшін, ең алдымен оны тәрбиелеу керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» (Әл-Фараби). Сондықтан да , қазіргі қоғам жас ұрпақты жаңа қоғам мүддесіне лайықты жан-жақты, талғамы жоғары, білімді, тәрбиелі, парасатты тұлға ретінде қалыптастыруды талап етіп отыр. Осы орайда елімізде рухани адамгершілігі мол парасатты жеке тұлғаға берілетін ұлттық тәрбие мәселесі көтерілуде. Отбасы тәрбиесі адами биік қасиеттерді қалыптастырудағы негізгі алғашқы саты. Халық даналығында «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген ұлағатты сөз бар, яғни тәрбие отбасынан басталады. Өйткені баланың алғашқы өмір тану қадамы үйден, отбасы ортасынан басталады. Адамгершілік- парыз, үлкендерді сыйла, үлкеннің жолын кеспе, сөзін бөлме, үлкендерге сәлем бер, үлкендердің көңілін қалдыратындай әрекет жасама т.б моральдық ережелер жаман әдеттен сақтайтын таза ұлы қасиеттер , атадан балаға мирас болып сақталған қазақ халқының моральдық этикасы деп атауға болады.

Бүгінгі таңда жас ұрпақты өз халқының тарихын, тегін, салт-дәстүрін, тілін дінін білетін етіп тәрбиелеу- өмір талабы. Бұл әрине бала бойына отбасының тәлім-тәрбиесі арқылы берілетіні сөзсіз. Өйткені тамырын тереңге салмаған талшыбықтың өсіп-өнбейтіні сияқты, өз халқының рухани негізінен нәр алмаған бала шынайы азамат болып өсе алмайды.

Қазақ халқы ар-ожданды, абыройды қатты қастерлеген, оны адамгершіліктің туы етіп көтерген, сондықтан бата бергенде «Абыройлы бол!», «Намысты ер азамат бол!» деп тілек білдіріп отырған. Осы орайда «Ерге керек төзімділік  күш қайрат, тұру керек күн мен айдай нұр жайнап» (Ж.Баласағұн) айтса, Б.Момышұлы: «Отанын сүйген азамат ол үшін отқа да, суға да түседі. Бірақ нағыз азамат оны ерлік жасадым деп есептемейді. Азаматтық міндетімді атқардым, Отан алдындағы перзенттік борышымды өтедім деп біледі» деген. Міне, тәрбие ісінде ұсақ-түйек нәрсе жоқ, ол бүкіл қоғамның тыныс тіршілігімен адам өмір сүріп, еңбек етіп отырған ортадағы, жанұядағы, ұжымдағы жағдайлармен тығыз байланысты.

2010-2011 оқу жылында  оқу бағдарламасына жаңадан келген «Өзін-өзі тану» пәні баланы жастайынан әдептілікке, отаншылдыққа, достыққа, тазалыққа, ұқыптылыққа, мейірімділікке, табиғатты сүюге, отбасын сыйлауға, ұйымшылдыққа үйретеді.

Адам бойына кішіпейілдік, сыпайылық, рақымшылдық, жанашырлық, сыйластық, тілектестік сияқты қасиеттерді дарыту және өзгелерді қадірлей, сыйлай, құрметтей білу, тыңдай білу, қолынан келгенше адамдарға көмектесу, кешірімді болуға үйрету де «Өзін-өзі тану» пәнінің үлесіне тимек.

Ұлттық тәрбиемен  баланы адамгершілікке тәрбиелеуде 5-11 сынып ата-аналарымен жүргізілген ата-аналар оқуы «Өзін-өзі тану» пәнінің элементтерімен тренинг ойын-жаттығуларын пайдаланып өткізілді. Өткізілген ата-аналар оқуының қысқаша жүру барысына тоқталайын. 5-11 сынып ата-аналарынан бір-бір ата-ананы шаттық шеңберіне шақырылды.

  1. Шаттық шеңберінде ата-аналармен «Танысу» тренингі өткізілді. «Сенің есімің» жаттығу арқылы ойыншылар шеңбер бойымен отырып, бірінші отырған адам бастайды. Кейінгілердің міндеті осы бірінші ойыншының атын шеңбер бойымен жылжыта отырып, түрлендіре атау. Барлық ойыншылардың аты айтылды. Талдау кезінде өз есімдеріңізді түрлендіре естігенде қандай сезімде болдыңыздар? –деп ата-аналардан сұралды.
  2. Әңгімелесу-пікірлесу кезеңі.
  • Ұлт тағдыры келешек ұрпақ қолында дегенді қалай түсіндіресіз?
  • Ұлттық тәрбиесіз ұлттық намыс болмайды деген оймен қаншалықты келісесіз?
  • Адамгершілікке тәрбиелеу өмір әдебіне тәрбиелеу деген ойды қалай жалғастырасыз?
  • Ұлттық сана, ұлттық ұғым туралы не айтасыз?
  • Ұлт намысы отанды сүюдің негізі дегенді қалай түсіндіресіз?
  1. Сергіту сәті. «Рухани-күш» ойыны.

Ата-аналар екі-екіден орындыққа жайғасты. Ойын шарты бойынша орындықтан бірін-бірі итеріп, ығыстыруы керек. Екі қолдарымен орындықтың жиегінен ұстауға болады.

Нәтижесі: Ойын ұнады ма? Бірнәрсеге сүйенсе құламауға бола ма екен? Демек, өмірде сізде өз балаңыздың ең жақын сүйеніші екеніңізді ұмытпаңыз.

  1. Аудиторияда отырған ата-аналармен жұмыс жүргізілді. Жоғарыдағы сұрақтар бойынша өз ой-пікірлерін айтты.
  2. «Ән салайық» жаттығуы. Балаларыңыз жақсы көретін әнді айтайық. (Ата-аналар таңдаған әндерін орындады).
  3. «Тілек шамы». Тілек шамы жағылды, ата-аналар бір-біріне жақсы лебіздерін білдірді.

Ата-аналар оқуында қатысушылардың белсенділік деңгейі жоғары болды.  Сонымен қатар,  интерактивті тақтадан ата-аналарға арналған презентация көрсетілді, «Ұлттық тәрбие-отбасының өзегі».

Нәтижесінде  баланың тәрбиесіне тікелей араласуы арқылы ата-ананың педагогикалық – психологиялық тақырыпта қызығушылығы оянды.

Жалпы жас ұрпаққа рухани адамгершілік тәрбиесін отбасында қалыптастыруда, ата-ана қажет етсін, етпесін ол – тәрбиеші. Тәрбиенің мақсаты мен мазмұнына қоғамдық мән бере білетін ата-аналар тәрбиеші ғана емес, педагог те бола білетін жандар.

«Тәрбиедегі мақсат – баланы тәрбиешінің дәл өзіндей етіп шығару  емес, келешек өз заманына лайық қылып шығару»-деген екен Мағжан Жұмабаев.

Жас ұрпақты бар мейірімімен күш жігерін сарп етіп, болашақ еліміздің тұтқасы болуына ата-ана еңбек етсе, болашақтың тізгінін ұстар, халықтың үмітін ақтар, дені сау, білімді де саналы ұрпақ өседі.