Болашақ бүгіннен басталады
Болашақ бүгіннен басталады Сонау 90-жылдары Кеңес Одағынан бөлініп шығып, қазақ халқы бөлек ел болып қалыптаса бастаған кез жаһандану саясатына тұспа-тұс келді. Жаһандану саны аз ұлттар үшін қасірет әкелуі мүмкін.бәсекеге қабілетті ұлттар ғана өз болмысын сақтап қала алады. Экономикасы әлсіз елдер тұралап қалатыны да белгілі. Қазақ халқы үшін Кеңес Одағының құрамында болған жылдардың өзі оңай болған жоқ. Кең байтақ жерімізге, орасан мол қоры бар қазба байлықтарымызға қызыққан отарлаушылар қазақты айтса болды, айдауға жүретіндей момақан, менің жөнім бөлек деп отырмайтындай менталитеті әлсіз, ысқырса болды ығына жығыла қоятын жігерсіз ұлтқа айналдыруға тырысты. Осының әсерінен ондаған жылдар бойы ұлтсыздану, рухсыздану идеологиясын жүргізді. Жаңа ғасырға аяқ басып, тарихтың жаңа парақтарын ашқан кезде бұл жаһандану «цунами» сияқты алапаттай көрінді. Оған қарсы тұрып, ұлт болып ұйысып, жұдырықтай жұмылып даярлансақ, қауіп қай жақтан екенін әрбір азаматымыз білсе, соған сәйкес іс-әрекет жасасақ жұтылып кете қоймаспыз. Қазір Қазақстанда дамыған 50 елдің қатарына қосыламыз деген стратегиялық жоспар бар. Өркениет әлеміне қазақ құбылысы болып енгіміз келсе, ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай отырып, оған қосымша, әсіресе қазақ жастары жаппай білімді, жаппай зиялы болуы керек. Мысалы, жапон халқы соңғы онжылдықтарда әлемді жаңа технологияларды жедел меңгергенділігімен аузына қаратып, болашағы жарқын көшбасшы мемлекеттердің бірі атанды. Немістер тиянақтылығымен, бір сөздігімен дараланды. Ал біз тәуелсіздік алғалы бері қонақжайлығымызбен төрткүл дүние жүзіне танылдық. Бірақ бұл аз. Біз Қазақстан жастары білім мен техниканы, осы заманғы технологияларды ұршықша иіретіндей болуға тиіспіз. Біз экономиканың қай саласынан болса да сырттан маман шақырмай, өз ұлтымыздың өкілдері, тек қана қазақстандықтар атқаратындай дәрежеге жетуге міндеттіміз. Осы мақсатта алғаш 1994 жылы 187 степендиант студенттер «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерге оқуға жіберілді. Осы бағдарлама аясында қаншама қазақ жастары жыл сайын әлемнің алпауыт елдеріндегі небір мықты жоғары оқу орындарында тәжірбе алмасып келуде. Осы бағдарлама арқылы қаншама жастар оқып келіп, қазіргі экономиканың қарқынды дамуына өз үлестерін қосуда. Жастар – болашаққа апаратын алтын көпір. Әрбір жас жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамымызда өз орнын табуы қажет. Соңғы жылдары мектеп бітіруші жас түлектердің мамандық таңдаудағы шешімдері мынаны анықтады. Жастардың сапалы білім алуға ұмтылысы – қазақстандық қоғамға тән бет бұрыс. Кейінгі уақытта жастарда болашақ мамандықтарын таңдауда жоғары деңгейдегі талғампаздық пен белгілі бір салмақтылық байқалады. Олар нақты терең білім мен кәсіби мамандық алуды көздейді. Себебі, жастар келешекте өзін және өз жақындарын материалдық тұрғыдан қамтамасыз ететін, өз жұмысынан шынайы қанағаттануға мүмкіндік беретін мамандықты игергісі келеді. Сапалы білімі бар, жаңа технологияны игерген, халықаралық еңбек нарығына сәйкес мамандарды дайындап, шетелдік жұмыс күшіне деген сұранысты азайтып, ел экономикасына жаңа серпін беріп, тұрақты дамуды қамтамасыз ету бүгінгі білімдар, көзі ашық жастар қолында. Осыған орай «Болашақ» бағдарламасы түлектерін шетелде алған білімдеріне сәйкес ел экономикасының басымдылыққа ие салаларына жұмысқа орналастыруда. Бұл жастар өздері білім алып келген мемлекеттің экономикалық моделін, даму ерекшеліктерінен хабардар. Осының өзі болашақта пайдасы тиері сөзсіз. Білімді ұрпақ – ертеңгі ел тірегі. Мына жас мемлекетіміздің болашағы біздің қолымызда. Аға буын жоқтан бар жасап осы күнге жеткізді. Ендігі міндет білім нәрімен сусындаған мына біздін қолымызда. Мен өз ата-бабамның дәстүрін сақтай отырып қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге дайын боламын. Өз елімнің патриоты және Қазақстанның одан сайын гүлденуіне өз үлесімді қосамын. Бұл әлемде ең бастысы біздің қай жерде тұрғанымыз емес, қандай бағытта жылжып келе жатқанымыз. Болашағылыздың кемелді болуы біздің қолымызда, ал мен болашақта елімді көркейтуге нық сенімдімін.