Шарықтап шыңға ұмтылған Қазақстан
Шарықтап шыңға ұмтылған Қазақстан
Отан…Атамекен…Атажұрт…Тарих… Бұл – қай құлаққа да, асқақ естілер асыл ұғымдар. Адам өмірге келіп, ес жиып, етек жия бастаған сәттен өз Отанының тарихына ден қоя бастайды.
Адам адам болып жаралғаннан бері ұлан-асыр даму көшінің өн бойында жер үшін, ел үшін сан қилы дүрбелеңдер көп болған. Халқымыздың азаттық жолын-
да ерлік пен елдіктің талай үлгісін көрсете білген ата-бабаларымыздың табанды күресінің арқасында «Қазақ» деген іргелі елдің шаңырағы көтерілді. Алтай мен Атырауды, кең байтақ Сарыарқаны мекен еткен, қаны бір түркі тайпалары бір-біріне тез үйреніп, ар мен намысты алға қойған халық болды. Осы заманнан бастап халқымыз талай жаугершілік соғыс күндерін бастан кешкен. Сонау Тәуке ханның тұсында шығыстан анталап жоңғарлар, оңтүстіктен өзбек, қарақалпақ, солтүстік-батыстан башқұрттар, солтүстіктен Сібір казактары тыныш жатқан халыққа күндіз күлкі, түнде ұйқы бермеген. Ел арасында Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Жауғашар, Қарасай сияқты батыр тұлғалар ел басына күн туғанда қалың қолын бастап, бейбіт өмір жолында үлкен рөл атқарған.Төскейінде мыңғырған малы бар,жері ұлан-байтақ, қойнауы бай даламызға көз тікпеген ел жоқ. Осы жер талай қиян-кескі ұрыстар мен соғыс-
тардың ортасы болды.
Бертін келе, XVIII ғасырда Ұлы империяға тәуелді болуы да халқымызға қиыншылықтан көз аштырмады. Халықты қорғаймын деп өзіне бағынышты еткен империяның малдың ізінде жүріп көшпелі өмір салтын ұстанған, момын халыққа көрсеткен қиындықтары да аз емес еді. Алайда қазақ момын халық болғанымен, бір-екі шалыс басқан қадамыңды кешірер-ау, бірақ тағы қайталап шамына тиер болсаң, қылыштай шауып түсірер айбаты да жетерлік. Сонау сақ заманынан қанына сіңген осы қасиеті халқымыздың тәуелсіздікке деген қадамына жол ашты. Осы кезден бастап ата-бабаларымыз егемен ел болуды аңсап, ұрпақтарының ешкімге тәуелсіз мемлекетте туып, бейбіт өмір кешсе екен деп армандап кеткен. Пешенесіне талайлы тағдыр батпандап, қайғы мен қасірет жазған халқымыздың азаттық үшін туылған ақтық бұлқынысы желтоқсан жаңғырығына айналып, бар әлемді дүр сілкіндірді. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы – әр қазақтың жан жарасы. Қалың тарихтың парақтарына қанмен жазылған бұл күндер жайында толғана да,тебірене де айтуға болады.Ұлттық намыстан басқа ештеңе ойламаған жастар – студенттер мен жұмысшылар: «Ел мен жер – біздікі, неге бізді басқа жақтан келген адам басқарады?» деген сұраққа жауап іздеп, Брежнев алаңына шығады.
Олар Жұмекен Нәжімадиновтың сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың әні
«Менің Қазақстанымды» ұран етіп айтты. Мәскеуден жастардың толқуын басу туралы бұйрық келіп, жігіттерімізді ұрып-соғып, абақтыға қамап, өлімші етіп сабады. Ал қыздарымызды шашынан сүйреп, итке талатты, даланы қызыл қанға бояды. Жалындаған жастарымызды аяусыз теуіп, машиналарға лақтырып тиеп, қала сыртына апарып, су және жұқа киімдерімен қақаған аязда қардың үстіне төгіп, төрт сағаттай сол жерде жатқызды. Міне, осылайша алаңға шыққан қазақ жастары қорлық көріп, жәбір шекті. Олардың бірқатары оқудан, жұмыстан шығарылды, бірқатары түрмеге жабылып, сотталды.
Сөйтіп, ақырында азаттықтың ақ таңы арайлап атты. Алашымыздың арқа сүйер азаматтарының, жанашыр жақындарының, қалың елім қазағымның жалынды жастарының, ұлтын сүйген ұлы жүрек иелерінің арқасында баға жетпес байлығымыз, таусылмайтын қазынамыз – тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бабаларымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған ең асыл, аса биік ақ армандарына жете білдік. Бірақ, талай боздақтардың қанымен, көз жасымен келген егемендігімізді бағалауымыз керек.
1991 жыл – еліміздің Қазақстан деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан жылы. Еліміз тәуелсіздігін алып,оның тұңғыш президенті болып Н.Ә.Назарбаев сайланды. Ең бастысы Қазақстанның тұтқасы – осының бәрін ұйымдастырған
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолында. Елімізді жаңа жолға бағыттаған ұлы тұлға. Тұңғыш Президентпен бірге Отанымыз алғашқы қадамдарын бастады. Тәй-тәй басқан қазақ елін биік шыңға көтерген – Елбасының зор еңбегі. Оны Елбасымыз дүние жүзіне танытты. Қазақстанның қайсар тұлпардай алға үдеп шауып бара жатқанына өзге мемлекеттер таң қалуда. Бұл – қазақ халқы үшін, Қазақстанды Отаным, елім, жұртым деп білетін әрбір қазақстандық үшін үлкен оқиға, зор қуаныш. Сол сәттен бері 20 жыл да өте шықты.
Тәуелсіздік алғандағы алғашқы әрекеттердің арасында мемлекетіміздің ұлттық валютасы – теңгені енгізу, көршілес мемлекеттермен шекараны белгілеп алу, Конституциямызды бекіту бар еді. Ата Заңымызға сәйкес Қазақстан және қазақ-
стандықтар ешкімнің жеріне көз салмайды, бірақ өз жерінің бір сантиметрін де ешкімге бермейді. Мұндай істердің орындалуы – ерекше тарихи жетістік. Айта берсек, 20 жылда жеткен еліміздің жетістігі өте көп. Дегенмен, бұл жетістіктер-
ге жетуде еліміз көп қиыншылықты көргенін ұмытпағанымыз жөн.
Өз басым тәуелсіздіктен кейін туылған буынның өкілі бола тұра, бұл егемен-
діктің қандай жолмен келгенін жақсы білемін. Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес еді. Халқымыз бостандықты аңсап, тәуелсіздікке зарығып жетті. Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ежелден келе жатқан арманы. Халқымыздың бостандыққа ұмтылысының және өшпес қайсар рухының арқасында тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл күнге дейін жеткен ұмытылмас оқиғалар – ел бостандығын қорғау соғыстары мен ұлт-азаттық көтерілістердің тарихымызда өшпес өнеге,елмес мұра ретінде сақталатыны рас.
Қазіргі таңда тәуелсіздік – барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі – ең алды-
мен, халқымыздың бақыты.
ХХ ғасырдың сүргінін бастан кешіріп, жаңа мыңжылдықтың табалдырығын жаңғырған қалпында аттаған Қазақстан өзінің барша төлтума болмысын, жар-
қын да бай мәдениетін, ғасырлар қойнауында қалыптасқан салт-дәстүрін, қы-зық та қилы тарихын әлем халықтарының алдына жайып салып, құлдығы мен
зорлығы жоқ жаңа өмірді жаңғырту үшін, жаппай келісімі жарасқан адамзатпен
бір сапта болуы үшін жаңаша өмірге қадам басты. Байтақ ел, күн сәулетті Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті.
Қазіргі Қазақстан әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие. Жас мемлеке-
тіміз осындай аз ғана уақыттың ішінде көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Қазіргі таңда Қазақстан жас мемлекет
бола тұра,көптеген елдерден әлдеқайда алда. Бүгінгі Қазақстан – тек өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел. «Қаз тұрып, қадам басқан тәуелсіздік сәби-
лік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап, осынау 20 жылдың беде-
рінде айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді, дәуір жалынын мығым ұс-
тап, тізгінін бекем қаға білді»,-деп Елбасымыз айтқандай, егемен Қазақстанды бүгінде барша әлем танып отыр. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың пікі-
ріне әлем саясаткерлері ықылас қоятын болды. Қаншама рет туы тігіліп, қанша-
ма рет туы қайта қисайған, қаншама мемлекеттің құрамында болып, қаншама рет мемлекетсіз қалған әрі көне, әрі жас қазақ халқы қайтадан әлемдік дүбірге қосылып, әлем елдерімен иық тіресуде.
Алдымызда өзге күндерге ұқсамайтын, елден ерек, жұрттан бөлек аса құдіретті, қадірлі, қасиетті күн «Тәуелсіздік күні» жақындап келе жатыр. Тәуелсіз Қазақстан – 20 жасқа толады. Бұл – мерекелердің мерекесі, ең негізгісі әрі өзектісі. Барша той атаулының басшысы.
Біз небәрі 20 жастағы жас мемлекет болсақ та, осы 20 жыл ішінде Азияның жолбарыстары, Еуроодақ елдері, әлемнің дамыған азулы, алпауыт елдері тамсанып, қызыға қарайтындай біраз игі, ізгі істер атқардық. Әрине, әлемге Қазақстанды бейбітшілікті сүйетін ел ретінде танытқан, елімде тәуелсіздіктің туын желбіреткен ел бастаған, ел қостаған, ел қалаған Елбасы Назарбаевтың арқасында мұндай ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеттік.
2010 жылы ЕҚЫҰ Саммиті Қазақстан жерінде өтті. ЕҚЫҰ-Еуразия құрлығында қауіпсіздік пен өзара түсіністікті қамтамасыз ететін ең ірі аймақтық ұйым. Оның құрамына елу алты ел кіреді. Президентіміз Назарбаев төрағалық еткен болатын. Бұл ұйымның мақсаты – мемлекеттер арасында қарулы қақтығыстарды болдырмау, дағдарыстар мен қауіпсіздіктерге қарсы бірлескен әрекеттерді ұйымдастыру, демократиялық үрдістерді қолдау, қару-жарақтың заңсыз саудасына шек қою, әрбір мемлекет үшін маңызды мәселелерді шешіп отыру. Назарбаевтың саммитке төраға болуы – Қазақстан-
ның беделін арттыра түсті.
Сонымен қатар, Астанамызда 7 қысқы Азиада ойындарының өтуі де – үлкен мақтаныш. Қысқы Азиада ойындарының нәтижесінде Қазақстанның қоржынында отыз екі алтын, жиырма бір күміс және он жеті қола бар. Еліміз бірінші орында, одан кейінгі орындарда Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Иран тұр.
Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрешілік етуіміз, Ислам Конференциясы Ұйымын басқаруымыз, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымында көрсетіп жатқан белсенділігіміз, Алматы мен Астана қалаларында өткен 7 Қысқы Азиада ойындарының бізде өтіп, біздің жерлестеріміздің жеткен айтулы жетістіктерінің барлығы – біз үшін мақтаныш. Мұның бәрі – бір күндік еңбектің емес, айлап, жылдап тер төккеннің, талмай, тынбай, тек алға қарағанның ғана жемісі деп білемін. Сонымен қатар, еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы – Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі.
Менің Отаным – тәуелсіз Қазақстан. Әрбір адам өз Отанын жанындай сүйіп, оның көк байрағын көкке көтеруді мақтаныш тұтады. Елімнің әлі де бағынды-
ратын белестері мол. «2030 жылға қарай Қазақстан ауасы таза, мөлдір су-
лы, жасыл желекті елге айналуға тиіс»,-деген еді Елбасымыз. 2030 жылға қарай менің елім кемелденеді. Ол әлемдегі ең бай, ең білімді,дамыған ел болуға ұмты-
лады.
Менің қиялымдағы Қазақстан күрделі жолдан ойдағыдай өткен және дамудың
келесі кезеңіне нық қадаммен аяқ басқан ел болады. Әрине, мұның бәрі болашақты ой көзімен көру, асқақ мұрат, арман ғана. Дегенмен, 1997 жылдан бері істеген істеріміз бен қол жеткізген биіктеріміз аз емес. Болашақта да биік белестерді бағындырамыз, өзге елдер қызыға да, қызғана да қарайтын болады.
Менің қиял-ойымда, елесімнің ұшында, Қазақстанның 2030 жылдары сан сындардан сүрінбей өткен елімнің бейнесі, аяғынан нық тұрып, дамыған мемлекеттермен терезесі теңесіп, экономикасы дамыған елдердің алдыңғы қатарында Қазақстан тұр. Біздің медицинамызда бұрын ғылымда беймәлім болған ауыр дерттерге шипа табылып, көптеген мемлекеттер бұл саламызда тәжірибе алмастыруға қызығушылық танытады деп ойлаймын. Аспанмен таласа салынған көп қабатты сәнді, зәулім үйлер, жасыл ағаштар, мешіттер, мәдени орталықтар, даңғыл көшелер, оқтай түзу тас жол, жылтыр автокөліктер бәрі де еліміздің дамығандығын көрсететін болады. Болашақта Сыр мен Әмудария өзендері Аралға қайтадан құйып, теңіздің суы қалпына келеді, жеріне халықтар, суына балықтар қоныс аударып, мамыражай тіршілік орнайды. Білімі дамыған Қазақстанға батыстың елдері бет бұрады.
Мен Қазақстанның жедел дамитынына сенемін. Себебі, елдің тізгінін ұстай-
тын қазіргі ұландарымыздың бойында тектілік бар, табиғи дарын бар. Бізде Абылайлардың саясаткерлігі, Қабанбайлардың ерлігі, Жиреншелердің шешен-
дігі, Махамбет пен Абайдың ақындығы, Шоқандардың жарқындығы бар. Тағы да бабаларымыздың мұра етіп қалдырған асыл қазына – жеріміз бар. Мен өз елімнің әр тасын, әр бұтасын, әрбір қыбырлаған жәндігін бар жан-тәніммен сүйемін. Белгілі ақын ағамыз Мұқағали Мақатаев:
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем,-
деп өзінің тамаша жырына қоспай ма?!
Біздің жеріміз шетсіз, шексіз кең ғана емес, әр елді мекеніміз өзінің қыр сырымен ерекшеленіп, бұл күндері қазба байлығымен дүние жүзінің алдыңғы көшін бастауда вольфрам, хромит, марганецті осындай ұшан-теңіз байлықты біз жастар, игеріп, иемденеміз, игілігімізге жаратамыз, алға басып дамимыз. Еліміздің әлде де дамитынына мен кәміл сенемін. Себебі, біздің тірегіміз, қорғанымыз, алтын ұямыз – Отанымыз бар. Мен қандай өмірге бой түзеп, бағыт алсам да, қандай мамандықты таңдасам да, мейлі қыран құстай биік ұшып, жоғарыдан төмен құласам да, талайлы тағдырдың жазғанына бас иемін, сенің арқаңда, Елім, кең құшағымды жайып, жүгіремін, жеріңде еркелей аунап секіремін, саған ғана сенемін, Ұлы Отаным!
Тәуелсіз Қазақстан жайлы ойларымды ақын Нүсіпбек Исахметтің тамаша өлең шумақтарымен аяқтаймын.
Ел болдық, ерік алдық астаналы,
Енді кімнен қазағым жасқанады?
Тәуелсіз мемлекеттің шежіресі,
Нұрсұлтанның атымен басталады.
Нұрсұлтан-сүйенерлік, сүйер ұлың,
Әлемдегі қазаққа ие бүгін.
Ендеше 1991-дің желтоқсаны-
Киелі ай, киелі жыл, киелі күн.