Ғылыми жоба Дүние жүзі халықтарының Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі

 

Ғылыми жоба

Дүние жүзі халықтарының Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі

Мазмұны

Абстракт …………………………………………………………………………………………3
Кіріспе ……………………………………………………………………………………………4
1.     Негізгі бөлім ………………………………………………………………………………

1.1. Дүние жүзі халықтарының Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі ..

1.2. Қызыр (Қыдыр) ата ………………………………………………………………

1.3. Қызыр түн ……………………………………………………………………………

1.4. Ұлыс күні неге міндетті түрде қазан пайдаланған? ………………..

1.5. Ұлыс күні не сойылған? ……………………………………………………….

2.     Наурыз көженің адам ағзасына пайдасы ……………………………………..

2.1. Судың маңызы ……………………………………………………………………..

2.2. Ет етке, сорпа бетке ……………………………………………………………..

2.3. «Ағы бардың – бағы бар» ……………………………………………………..

2.4. «Алтын, күміс тас екен, арпа бидай ас екен» …………………………

2.6. Табиғат пен адам арасындағы байланыс ……………………………….

6

6

7

8

9

9

9

10

10

11

13

13

3.      Қорытынды ……………………………………………………………………………….

3.1. Наурыздағы салт-дәстүрлер ………………………………………………….

15

15

4.     Пайдаланылған әдебиеттер …………………………………………………………16

 

  1. АБСТРАКТ

Зерттеудің мақсаты:

Дүние жүзі халықтарының Наурыз мерекесін тойлаулары туралы деректерді жинақтау; Наурызға арналған  шаралар өткізген кезде басқа халықтардың Наурыз мерекесін өткізулері жөніндегі материалдар жинақтау.

 

Болжам:

Оқушылар осы деректер арқылы басқа халықтарда да Наурыз мерекесінің құндылығы жоғары болғандығын біледі, танымдық қызығушылықтары артады, ой-өрістері дамиды.

 

Зерттеудің кезеңдері:

  1. Дайындық кезең: тақырыпты анықтау, мақсатын, болжамын айқындау, зерттеу әдіс – тәсілдерін меңгерту;
  2. Теориялық кезең: зерттеу тақырыбы бойынша әр түрлі ғылыми әдебиеттерді жинақтау, оқу, талдау, қажетті деректерді іріктеу;
  3. Қорытынды кезең: жинақталған материалдарды саралау, жүйелеу, ғылыми тұрғыдан зерделеу. Ғылыми жоба сайысына даярлық кезеңі.

 

Зерттеудің жаңалығы мен дербестік дәрежесі:

Наурызға байланысты мектеп бағдарламасында қарастырылмайтын материалдарды насихаттау. Наурыз мерекесінің маңыздылығын ашуға өзіндік үлес қосу.

 


КІРІСПЕ

Наурыз — өте көнеден келе жатқан мейрам. Күні бүгінге дейін жер шарындағы көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамына айналып отырған бұл мерекенің қашаннан бері тойланып келе жатқанын дөп басып айту қиын. Көшпелілердің байырғы астрономиялық түсінігі бойынша, әрбір жыл алты ай жаз («йас») бен алты ай қысқа («қыш») бөлінген. Тіліміздегі «алты ай жаз бойы», «ала жаздай», «алты ай қыс бойы», «ала қыстай» секілді сөз оралымдарын осы бір түсініктің жаңғырығы десек болады. Жаз айларында дүние кеңіп, шаруадан мойын босап, жер бетін қуаныш, шаттық жайлайтындықтан —«жағымды», ал қыс айларында суық, аштық, жұт болатындықтан —«жағымсыз» саналған. Әуелгі адамдардың жақсылық пен жамандыққа жан бітіріп, оларды адам бейнесінде айтыстырып, күрестіргені туралы қызықты мәліметтер көне жазбаларда көптеп сақталған. Мәселен, біздің жыл санауымыздан бұрын дүниеге келген қасиетті «Авеста» кітабында, XI ғасырдағы түрісі тілдерінің энциклопедиясы —«Диван лұғат –ат – түрк» сөздігінде, сондай- ақ қазақ халқының қиял- ғажайып ертегілерінде осындай ұқсас сюжеттер қайталанып отырады. Соғдалықтар жақсылыққа «Ахуромазда», жамандыққа «Ахирман» деп ат қойса, бұрынғы қазақтар жақсылықты «Кие», жамандықты «Кесір», қысты «Зымыстан», жазды «Табысқан» деп атаған.

Қазақтар бір жылды әрқайсысы отыз күннен тұратын он екі айға бөлген. Жыл соңындағы санатқа кірмей қалған 5 (6) күн —«бес қонақ» деп аталады. Мұны фарсылар «фэнджи», сотистік календарьда «эпагоменай» (шолақ ай) дейді. Ежелгі сенім бойынша жаксылық пен жамандықтың жан алып, жан берісіп өмір үшін күресуі санатқа кірмей қалған осы уақыт аралығына сәйкес келеді. Осы бір «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер, өлінің әрі тартар, тірінің бері тартар» қиын, қысталаң күндері халық тілінде «өліара» деп аталады. Қазақтар осы 5 (6) күнді өткізіп жібермей жолаушы шықпайды, қоныс аудармайды, жиын – той жасамайды, мал сойып, қонақ шақырмайды. Ақсақалдар өліарада «апыр~ай, қайтер екен» деп ауыл иттерін де үргізбеген.

Бұл күн — аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, жан – жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнаған күн. Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні — ұлыс күн» деп атаған. Григориан календары бойынша ескіше 9 март, жаңаша 21 – нен 22 – не қараған түн осы күнге сәйкес келеді.

Наурыз сөзі иран тілінің ноу —«жаңа», руз —«күн» деген сөздерінен қалыптасып, жылдың бірінші күнін білдірген. Ал қазақ тілінде «наурыз» сөзі — біріншіден, жыл басында тойланатын думанды халықтық мейрам, екіншіден, март айы, үшіншіден, ұлыс күні жасалатын көжеге қатысты айтылады.

Қазақстанда ресми түрде Наурыз 1988 жылдан бері тойланып келеді. Бұл мерекені Шығыс елдері Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Пәкстан ерте кезден өткізеді. Бұл мереке табиғат пен адамның үндестігін көрсетеді. Наурыз күн мен түннің теңелген күні. Көктемгі күн тоғысы наурыз айының 21-нен 22-не ауысқан түні болды. Осы уақыттан бастап күн ұзарып, түн қысқарады.

Наурыз — жыл басы. Парсы тілінде «нау» — «жаңа», «руз» — «күн» деген ұғымдарды білдіреді. Халық наурыз мерекесіне алдын — ала дайындалады. Дәстүр бойынша үйге қос шырақ жағылады, ыдыстар ернеуіне дейін айранмен, сүтпен немесе бұлақ суымен толтырылады. Бұл — тоқшылықтың белгісі. Табиғатпен байланыс күн Анаға деген тағзымнан көрінеді. Бұл күні бұлақтар тазартылып, ағаштар отырғызылған. «Бұлақ көрсең, көзін аш!», «Бір тал ексең, он тал ек!», деген сөз осыдан шыққан болу керек. Наурыз — достық, еңбек, бейбітшілік мерекесі. Ұлыстың ұлы күні адамдар бір-біріне деген ренішін ұмытып өзіне де, өзгеге де жақсылық тілеген. Дастарқанның басты асы наурызкөже болған. Наурызкөже жеті түрлі тағамнан жасалған. «Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!» деген сенім бар. Дастарқан басында жастар үлкендердің батасын алған. Бата — үлкендердің өзінен жасы кішілерге беретін ықыласты тілегі. Ақсақалдар: «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барса жол болсын!» — деп бата береді.

Дәстүр бойынша Наурыз айтыс өткізіледі. Бұл жақсылық пен жамандықтың, суық пен жылының, жаз бен қыстың айтысы.

Еуропаны басқарып отырған Рим империя­сын­да да жаңа жыл басы наурыз болатын. Тек, Иусус Христос туға­нынан бастап есептегенде 45 жылы Рим императоры Юлий Цезарь жыл басын табиғат ерекшелігін, күн мен түннің теңелуін ескермей, оған діни мағына берді. Сөйтіп, Христостың туған күніне жақындатып жыл басын 1 қаңтарға көшірді. Содан бері христиан мемлекет­тері Жаңа жылды 1 қаңтардан бастайды. Америка континентін­дегі мемлекеттерде де осылай. Ресейде де Жаңа жыл­ды 1 қаңтардан бастап есептейді. Мұны 1699 ж. орыс патшасы Петр І Голландиядан үйреніп, Ресейде жыл санаудың басын Христос туылғанынан, яғни 1 қаңтардан басталсын деген бұйрықпен кіргіз­ген. Одан бұрын Ресейде Жаңа жылды Орта Азия, Шығыс елдері сияқты табиғаттың жаңарған, қыс маусымының көктемге ауысқан мезгілінде, яғни наурыз айында атап өтетін.

Орта Азия халықтары, көне Персия ғалымдары күн мен түннің теңелетін уақытын, күнін, сағатына, минутына дейін тура астрономия­лық дәлдікпен есептеп шығарған. Күн мен түннің теңесуі тура 21 наурызға сәйкес келеді.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

  • Дүние жүзі халықтарының Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі

 

ЕЖЕЛГІ  ТҮРІКТЕР   ҰЛЫС  күндері  жаңа  киімдерін  киіп, алты күн садақ тартып даярлықтан өткен соң, жетінші күні алтын теңге – жамбы атып жарысады. Егер кімде-кім жамбыны бірінші болып атып түсірсе, сол адамға «бір күн» патша болып, ел билеуге ерік беріледі. Наурыз жырында:

Құл құтылар құрықтан,

Күң құтылар сырықтан, — деп жырланған. Осы күні ертедегі ГРЕКТЕРДІҢ патшасы да алтын тағынан түсіп, қол астындағы өзіне ұнаған құлына бір күн ел басқартқызған.

ИРАН патшасы НАУРЫЗ күні қол астындағы адамдардың біріне патша шапанын сыйға тартады екен деген де деректер бар. Тіліміздегі күні бүгінге дейін айтылатын «Құлға бір күн азаттық» деген мәтел осы көне рәсімге қатысты болса керек.

Христиан дінін қабылдағанға дейінгі ежелгі РУСЬТЕ Жаңа  жылды 1 – наурыз күні қарсы алу дәстүрі болған.

АҒЫЛШЫНДАР 18-ғасырдың бас кезіне дейін Жаңа жылды 26-наурызда тойлап келген.

ИРАН тілдес халықтар НАУРЫЗДЫ   бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күні әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды, жаңа өнген жеті дәнге қарап, келешек егін жайлы болжам жасайды. Жеті ақ кесемен  дәстүрлі ұлттық көже —  «СУМАЛАК» ұсынады. Соқамен жер жыртады, ат шаптырып, жамбы атысып жарысады. Ескі киімдерін тастап, ұсталған шыны аяқты сындырады.  Бір-біріне гүл ұсынып, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – «күн белгісін» салады, үйдің тіреу ағашына гүл іледі.

Мұсылман дініне дейін Күнге табынған ИРАН  елдері НАУРЫЗ КҮНІ сөзінің бас әрпі «шин» -мен басталатын жеті түрлі затты дастарқанға  қоятын: шарап, шир (сүт ), шырын, шекер, шербет, шам, шона (тарақ). Ежелгі ирандықтардың түсінігі бойынша, шарап — өрлеу, сүт – пәктік, тәттілер – шаттық, шекер – ризалық, шербет – демалыс пен қонақжайлылық, шам – отқа табыну, тарақ — әйел сұлулығы.

АРАБТАР мейрам салтын  өзгерту үшін, бас әрпі «ай» сөзінің басқы әрпі-«син»-нен басталатын мүлде бөлек — өзге  жеті затпен алмастырады: сарымсақ, бидай, жиде, сірке суы, рут шөбі, егеу.

АУҒАНДАР да  Жаңа жылды мейілінше шаттық – құрметпен  қарсы алады. Ауған елінде «алғашқы түрен» — «кульбакаши» деп аталатын ғұрып бар. Ол бойынша шаруалар егіс алқабына барып, алғашқы түрен түсіреді,  ал соқаның соңынан сый- құрметі мол шаруалар еріп жүреді. Жеті күн бойына  жеті түрлі жемістерден аса дәмді сусындар жасалады, міндетті түрде жаңадан киім-кешектер тігіледі, осыған байланысты бүкіл елде жаңа жыл «жаңа киім күні» деп аталған.

ҮНДІСТАННЫҢ  түрлі штаттарында  жаңа  жыл бір жылда он рет тойлап өткізіледі. Оңтүстік Үндістанда бұл той түрі наурыз айында басталады, үйлер өрілген гүлдермен айшықталған.

НАУРЫЗ мейрамын ежелгі гректер «Патрих» бирмалықтар «Су мейрамы»,  тәжіктер «Гүл гардон», «Бәйшешек», «Гүлнаурыз», хорезмдіктер «Наусарджи», татарлар «Нардуган», буряттар «Сагаан сараң», соғдалықтар «Наусарыз», армяндар «Навасарди», чуваштар «Норис ояхе» деп түрліше атаған.

Шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлайтындығы жайындағы көне деректер бізге Әбу Райхан Бируни, Ибн Балхи, Омар Хайям, Махмұт Қашқаридің  еңбектері арқылы жетіп отыр.

 

  • Қызыр (Қыдыр) ата

 

Мұсылмандық аңыз — әпсаналар мен халық наным – сенімдерде Қызыр образы кең таралып, ол мәңгі өлмейтін бейне ретінде саналады. «Қызыр» сөзі – жасыл, көк өңін білдіреді. Бұл өсімдіктер әлемімен байланысты болғандықтан  оның көктемгі Наурыз мерекесімен орайластырылуы тегін емес екенін байқауға болады.

Қазақ халқының мифологиялық түсінігі бойынша, 21-наурыз түні даланы Қызыр  аралайды екен. Сол себепті осы түні – «Қызыр түні» деп аталады. Қызыр адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, ақсақал кейпінде көзге көрінетін  қиял – ғажайып персонаж  Қыдыр ата бүкіл халықтың қамқоры, оларға жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелуші, бақыт, береке, өмір сыйлаушы қасиет иесі, кемеңгер, әулие, көріпкел, жарылқаушы, қарт. Ол ұлыстың ұлы күнінде әр елге келіп, әр шаңыраққа соғып бата береді. Міне, сондықтан әр үй Қыдыр атасының жолын күтіп өздерінің жанын да, тәнін де, киер киім, ыдысы мен бұйымдарын да таза ұстауға тырысады. Үйдің іші – сыртын, қора қопсыны тазартып, ағаш егіп, өсімдікке су құяды. Мұсылман қауымы мұндай үйге Қыдыр ата түнеп, немесе бата беріп кетеді деп түсінген. «Қыдыр қонған», «Қыдыр дарыған» деген сөздер осындайдан шыққан. Жақсылықтың жаршысы, жаңа түскен Күн нұрының символы – Қызыр ата даланы кезіп жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе, тасты ерітіп жібереді екен. Күн сәулесі жер шарының шығыс бөлігінен таңғы сағат 6-да себелеп атқан кезде, біздің өңірімізде бұл сәт түнгі сағат 3-ке тұспа-тұс келеді.Сондықтан да қазақ халқы Жаңа жылды 22 наурыз күнгі таңғы 3-те қарсы алады, дәл осы сәтте даланы Қызыр баба аралап, Самарқанның көк тасын жібітсе керек.  Бұл да наурызға байланысты айтылған сөз. Оның бірнеше мәні бар. Бірінші, аңызға әйгілі астроном Ұлықбек (1394-1449 )обсерваториясындағы көк тасқа дәл 22 наурыз күні күн сәулесі түсетін болған. Сол сәуледен түскен жылу тасты жібітеді-міс. Екінші, бұл күні әр адам қателігі болса кешірім сұрауға және ол кешірім беруге тиіс, Кешірмесе «бұл күні Самарқанның да көк тасы жібиді, сен тастан қаттысың ба?» деп тоқтатады екен. Сол сияқты бұл күннің әлемге жылулық әкелетін сәтін де бейнелеп айтқан.

Шығыс елінің ұғымы бойынша күн мен түннің теңелер тұсында яғни, 22 наурыз күні жер-көкті жарып ерекше бір гуіл (дыбыс) өтетін көрінеді. Оны жан-жануарлар ішінде жұмақтан шыққан қой ғана сезеді дейді халық. Сол күні барлық жаратылыс, оның ішінде адам бойында да ерекше  сезім, қасиет болады. Мұндай қасиетті күндерде тырнақ, шаш алдыруға болмайды. Әркім өзін жаман әдеттен аулақ ұстағаны жөн.

 

  • Қызыр түн

 

Қызыр түні Жаңа жыл табалдырықты аттап, үйге енгенде, «жалғыз шала сәуле  болмас» деп төрге қос шырақ жағылып қойылады. «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деген сеніммен Наурызға шейін үй ішіндегі жиһаз-мүліктің шаңы қағылып, жуылып тазартылады. «Береке басынан басталады» деп, «Жыл бойына ақ мол, дән тасқын-тасқын, жауын-шашын көп болсын» деп, Қызыр түні қойманы тағамға (бидай, тары, арпа, сұлы, жүгері т.б.), ыдыс атаулыны аққа (сүт, айран, шұбат, шалап, уыз т.б.) және кәусар бұлақ суына толытарды.

Аузы дуалы қариялар мен ел басқарған көсемдер Наурыз мейрамы үстінде ұрпақтары ұмытпай айта жүретін аталы ұлағатты бір сөз артына қалдырылатын дәстүр болған екен. Бір күн ойланып, ойлы сөз таппаған адамды көп алдында айыптап, тіптен ағынды өзенге лақтыратын да болған. Осындай сынға ұшырап қанша ойланса да жүйелі сөз айта алмаған бір батыр суға лақтырылар тұста аузынан «Көп қорқытады, терең батырады» деген сөз шығып, жазадан аман қалыпты деген ел аузында әңгіме бар.

Қараңғы түсе екі жерге үлкен-үлкен от жағылады. Жас ерекшеліктеріне қарай топ-топ болып, осы екі оттың ортасынан өтіп бара жатып, қолдарындағы басына майлы шүберек ораған таяқтарын тұтатады. «Алас, алас, пәледен қалас!» деп өлең айтып жүріп, айнала төңіректі отпен тазалап шығады, жастар жағы жанған оттан секіреді. Оттың киелі қасиетіне сенуден пайда болған бұл тазарту (арылу) рәсімі – «аластау» деп аталады.

Алтыбақан басында жастар түнімен түрлі халықтық ойындар ойнайды, айтысады. Бұл кеште айтылмаған ән, тыңдалмаған күй, танылмаған шешен қалмайды.

Таң ата көпшілік биіктеу төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады.

Қазақтардың астрономиялық түсінігі бойынша, Жаңа жылда Күннің көзі көрінген уақыттан  кейінгі екі сағат уақыт «күн сәті» деп саналады. Егер кімде – кім Ұлыс күннің күн сәтінде күн шұғыласын маңдайымен тосып қарсы алса, оған Наурыздың құты дариды деген дәстүрлі ұғымға  сай, Жаңа күнді қарсы алу салты қалыптасқан. Күлімдеп көрінген Күнге иіліп сәлем беріп, «құт дарысын» деп, айнала төңірекке ақ бүркіп тарайды.

 

 

 

  • Ұлыс күні неге міндетті түрде қазан пайдаланған?

 

Түске таман ауыл адамдары нарқазан көтеріп от жағады. Қазан басқа ыдыстарға қарағанда қазақ өмірі мен мәдениетінде алатын орны жоғары. Қазақ дастарқанына түсетін тағамдардың барлығы да (қымыздан басқасы) осы қазаннан өтеді. Халық жай ғана қазан демей оны «қара қазан» деп қастерлеп айтады. «Қара» сөзі қасиетті, киелі, берекелі, деген ұғымды білдіреді.

Қазан шойыннан құйылады, ұстағанға қолайлы 4 құлағы бар. Ең үлкен қазан он екі қарыс қара қазан немесе тай қазан дейді.

Қазанды 3 бұтты ошаққа  немесе жерошаққа асады. Тұрғылықты жерде қазандыққа орнатылады. Көшпелі елде қазан қирамас үшін қалың кенеп, киізден арнаулы қазанқап жасайды.

Қазан – тоқшылық пен берекенің, ырыс – несібенің белгісі, қасиетті киелі ыдыс.

Қазан мықты болса, ел де мықты. Қазан шаңырақ сияқты бүтіндіктің белгісі. Ол құрыса, ел де құриды» деп жазады. Осы бір аңыз — әңгімелердегі айтылған ойдың тобықтай түйіні тіліміздегі «қара қазан, сар баланың қамы үшін» деген сөз де сақталған.

 

  • Ұлыс күні не сойылған?

 

Наурыз тойының ең басты бір кезеңі — өгіз сою. Түске таман барлық жұрт жиналып, өгіз сояды. Өгіздің қанынан айналада ойнап жүрген балалардың беттеріне, маңдайларына ою салынады. Өгізді нарқазанға салып, астына от жағады.

Ұлыс күні неге өгіз сойылады? Қазақ есепшілерінің тәжірибесіне сүйенсек, Үркер күздің басында шығыстан, қыстың басында төбеден, ал көктем басында аспан етегінен көрініп, жазға қарай мүлдем батып кетеді. «Үркердің жерге түсуі» делінетін осы кезеңге 40 күн жазғы шілде сәйкес келеді. Бұл кезеңде Үркердің көкжиектен көрінбеу себебі — Күн жолы наурыз айында дәл соның үстінен өтеді. Қазақстанның кейбір жерлерінде ғана, мәселен, Орталық өңірлерде осы кезде Үркердің қос жұлдызы бұқаның мүйізі секілді батқан күн жолының екі жағынан қылтиып көрінеді.

Аспан көгіндегі дәл осы көріністі Қазақстан жартастарында шимайланған петроглифтерден  — мүйізімен Көк өгізді көруге болады.

 

  1. Наурыз көженің адам ағзасына пайдасы

 

Наурыз мерекесінің танымдық мәні мол, жұмбақ сырлы өзіндік рәсімдері мен шартты талаптары баршылық .Соның бірі –Ұлыстың Ұлы күні Наурызнамада дайындалатын  — Наурыз көже «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар» деп, көже мейілінше мол жасалады. «Жақсы тамақ қалғанша, жаман қарын жарылсын» деп, тоя ішу ғұрпы сақталған. Сондықтан болар наурыз көжені «көп көже», «тоқ көже» деп те атайды. Тіпті алаңсыз тойғанынша ішсін деген ниеттен болар, қаласа әркімнің өзі құйып алу еркі де болған. Мұның бәрі наурыз мерекесінің теңдік күні, еріктілік, имандылық мерекесі деген түсініктен туса керек.

Халқымызда ежелден 7 санын қасиетті дейтіні белгілі. Тіпті санағанның өзінде біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу, алтау, жетеу деп айтамыз. Ешқашан сегізеу, тоғызеу демеген. Ұлттық таным бойынша 7 қазына, 7 ата, 7 күн, 7 қат көк, 7 музыкалық дыбыс т.б. ұғымдарды білеміз. Осылардың қатарынан орын алатын 7 түрлі дәмнен жасалатын Наурыз көженің ерекшелігі қандай?  Әр жаңа жылда дайындалатын осынау дәмнің құдіреті неде?

 

  • Судың маңызы

Су – тамақ рационының маңызды құрамдас бөлігі.  Сусыз тіршілік жоқ. Адам шөлдегеннен гөрі аштыққа шыдамды келеді. Зат алмасудың барлық процестері судың қатысуымен атқарылады. Тамақты сіңіру, қанға нәрлі заттардың жетуі сұйық ортада өтеді. Зат алмасудың зиянды өнімі организмнен су арқылы шығарылады. Организмде судың жеткіліксіз болуы шөлдеуге әкеліп соқтырады да, судың артық болуы жүрек — қан тамыр жүйесінің жұмысын қиындатады, ағыл — тегіл терлетеді, қалжыратады.

Су – ғажайып зат. Су бір мезгілде 3 түрлі күйінде кездеседі Мұз – судың қатты күйі, оның сұйыққа айналуымен булануы қатар жүреді.

Су – тіршілік көзі. Тірлігі оттегінсіз өтетін ішекте тіршілік ететін бактериялар бар, бірақ сусыз өмір сүретін ағза кездеспейді. Тіршілік құбылыстарының бәрі судың қатысуымен жүреді. Сондықтан ағзалар денесінің 50-90 пайызы судан тұрады. Салмағы 70 кг адамның денесінде 50 кг су бар. Оның мөлшері 17 кг-ға кемісе, адам өледі.  Адам су ішпей 1 апта ғана шыдайды.

Судың тағы бір қасиеті – жақсы еріткіш. Ас тұзын суға салсақ, оның қатты түйіршіктері еріп, мөлдір ерітіндіге айналады. Жерге сіңген су тау жыныстарындағы әр түрлі минерал заттарын ерітеді. Бұдан судың физикалық қасиеті өзгереді. Дәм және иіс пайда болады,жылынады. Жаңа қасиеттерге ие болған жер астынан шығатын суларды минералдық сулар деп атайды. Судағы еріген заттарының мөлшері оның кездесетін жерлеріне байланысты. Ішуге жарамды судың 1л. 2-20 гр еріген тұздары болады. Ол адам ағзасына пайдалы әр түрлі сырқаттардан айығуға жәрдемдеседі. Ондай суларды шипалы сулар дейміз.

Су табиғаттағы барлық тіршілік атаулының құрамына кіреді. Көптеген өсімдіктің 80-95 пайызы судан тұрады.Адам ағзасының құрамында қанның, ас қорытатын сөлдің, сілекейдің құрамына кіреді.

 

  • «Ет етке, сорпа бетке»

Ет — ең негізгі тағамдық өнімдердің бірі. Етттің дәмі әр алуан тағамдармен жақсы үйлеседі. Қоректілігі жағынан ең құндысы әрі жұмсағы-бұшық ет. Бұлшық ет тканінің ақуызында адам ағзасына қажетті амин қышқылдары түгелдей кездеседі. Экстрактивті заттар етке хош иіс беріп, ас қорыту бездерінің қызметін жақсартады. Ет калориялық май ткандерінің мөлшеріне байланысты. Қоректілік және дәмдік сапасы бойынша ең тәуір етте 14-19% — ақуыз, 12-15% — май болады.

Еттің құрамы:

су 73-77%;

ақуыз 18-21%;

май 1-3%;

в1, в2, в6 дәрумендері;

минералды тұздар 0,8-1%;

экстрактивті заттар 1,7-2%.

Еттің құрамындағы дәрумендерге тоқталайық:

В1 – ағзада зат алмасу үшін қажет. Бұл дәрумен жетіспеген жағдайда ағза шаршағандық күйде болып, ас қорыту процесі бұзылады. Бұл дәруменнің ой және дене еңбегімен көп шұғылданғанда, суықта ұзақ болғанда қажеттілігі мол.

В2 – жарақаттардың тез жазылуына мүмкіндік береді, ағзаның бірқалыпты өсуіне қажет.

В6 — бұл дәрумен жетіспеген жағдайда балалардың бойының өсуі тежеліп, қан аздыққа әкеліп соғады.

Сорпаның азықтық нәрі көп, асты жеңіл таратуға, жұғымдылығын арттыруға әсері мол. Сорпада оған қайнатқан азықтардың жұғымды қоректік заттары көп, адам ағзасына қажетті заттардың 15 пайыздан астамы осы сорпада .  Сорпасы нәрлі, еті жұмсақ, татымды, дәмді болсын деген етті салқын суға салып, отты ә дегеннен күшті жақпай, жай шымырлатып қайнату керек. Ет қайнап жатқанда көбірек сапырылса, сорпа дәмді және құнарлы болады.

  • «Ағы бардың – бағы бар»

Сүт — сүтқоректі жануарлардың сүт бездерінен бөлінетін секрециялық сұйық. Сүттің өзі және одан өндірілетін өнімдер өте сіңімді және адам ағзасы үшін өте пайдалы тағам. Кезінде академик И.П.Павлов сүтті «табиғаттың өзі дайындаған тамаша тағамы» деп бағалаған болатын. Қоректік жағынан алғанда бұл тағамдық құндылығымен ағза үшін аса маңызды табиғи өнім.

Сүттің тарихы ертеден басталады. Археологтар бір қазбадан тапқан ірімшік қайнататын қазанды жер астында 5000 жылдай сақталған деп топшылайды.

Сүтті баладан бастап, қарияларға дейін ішеді. Өйткені, ол дәрумендерге, көмірсу мен майларға, ақуыз бен минералды заттарға, микроэлементтер мен ферменттерге өте бай.

Ферменттер

Микроэлементтер

Дәрумендер

Минералды заттар:

Кальций Са – ағзаның зат алмасуына, қан ұюына қатысады. Кальций тұзы барлық азық-түлікте бар, бірақ адам ағзасы оның барлығын бірдей сіңіре алмайды. Сүтте, сүттен алынатын өнімдерде, ақ ірімшікте кальций өте көп және адам оны оңай сіңіре алады. Фосфор Р – жүректің, бұлшық еттің бірқалыпты жұмыс істеуі үшін маңызы

Көмірсулар

Сүт — химиялық құрамы жағынан тамаша тағам. Оның құрамында адам ағзасының қалыпты жетілуі үшін барлық зат бар. Соған орай оған физиологиялық құндылығы жағынан бірде бір азық тең келе алмайды. Сүт басқа өнімдердің биологиялық құндылығын көтереді. Ас қорыту бездерінің жұмыс істеу қабілетін үнемі жақсартып отырады. Сүтті пайдаланып әр түрлі тағамдар дайындауға болады. Айран ұйытып, ірімшік, құрт кептіруден бастап, ботқа пісіруге дейін осы бір керемет өнім пайдаланылады. Ал сүт қосып дайындалған тағам өте дәмді болады.  Оның үстіне сүт өнімдерінің дәрулік қасиеті бар. Олар емдеу, алдын алу, диеталық тағам ретінде де қолданылады.

Құрт – ұлттық тағам. Ашыған айранды сабаға құйып, бірнеше күн іркіт жасайды. Сабада пісілген іркітті майы алынғаннан кейін үлкен қазанға құйып қайнатады. Іркіт баяу қайнап, жел көбігі таралғаннан кейін қоюланады. Суыған соң таза қапшыққа құйып, суын сорғыту үшін іліп қояды. Сарысуы ағып 5-6 күн бойы әбден құрғаған соң, ұсақтап бөліп, сығып, өреге жайып кептіреді. 1-2 аптадан соң өредегі құртты қапқа салып , күн көзіне кептіреді. Құртты 2-3 жылға дейін сақтауға болады. Құрт- күшті ас, ол әр түрлі тамаққа қосылады. Құрттың сарысуын сүт қосып қайнатып ірімшік жасайды. Құрт өкпе ауруына, суық тиіп ауырған кезде ыстықтай ішкізіледі. Ұзақ сапарларда құрт- әрі сусын, әрі қорек. Сарысуын ауырған малға ішкізеді, шаш жууға болады, тері илеу үшін пайдаланған.

Құрттың пайдасы:

  1. тағамдық (әрі сусын, әрі қорек, қарт адамға кернеулі ас)
  2. емдік (өкпе, асқазан ауруларына ем, шаш жуу)
  3. тұрмыстық (тері илеу үшін, ауырған малға ем)

Май — барлық азықтардың негізгі нәрі, ең негізгі құнары. Мал майының өткірлік,  дәмділік, емдік қасиеттері бар. Майлар — тағамның қажетті және ең калориялы құрамдас бөліктері.

Ағзаға 1гр. май сіңіп тарағанда, ақуыз немесе көмірсулар тарап сіңгендегіден 2 есе артық жылу энергиясы бөлініп шығады.

Майдың тағы бір қасиеті ол өзімен бірге пайдаланылған басқа тағамдардың жақсы қорытылып сіңуіне ықпал жасап, оларға жағымды дәмділік пен хош иіс береді. Май ағзаға тек энергиялық қуат үшін ғана емес, пластикалық мақсат үшін де қажет. Ол дегеніміз жаңа клетка құрылымын жасау керек. Адам майлармен бірге А. Д. Е. дәрумендерін де алады.

А дәрумені —  көздің көру қабілетін жақсы сақтау үшін қажет. Ағзаның бірқалыпты өсуін қамтамасыз етеді. Егер бұл дәрумен жетіспесе, адамның жүзі солғын тартады, терісі, шашы құрғақтанып, қабыршықтанады, безеу бөртпелері пайда болып, тырнақтары сына береді, жарықтан жасқанып, көзі күндіз көріп, түнде көрмейді. А дәрумені малдан алынатын тағамдарда, майда, ірімшікте өте көп кездеседі.

Д дәрумені —  ағзада кальций мен фосфор тұздарын сіңіруге көмектеседі. Бұл дәрумен жетіспеген жағдайда бала мешел ауруына шалдығады.

Е дәрумені — бұлшық еттердің қызметін жақсартады, Ол маймен қатар, жұмыртқада, сүттің құрамында болады.

  • «Алтын, күміс тас екен, арпа, бидай ас екен»

Тары, күріш, арпа, бидайдың тағамдық қасиеті  жоғары және жұғымды калориялы болады. Олар балалар мен ауруға шалдыққан адамдарды тамақтандыру үшін ерекше қажет. Бұлар көмірсу мен өсімдік ақуыздарының негізі болып табылады.

Ақуыз – қозғалысты қамтамасыз етеді, яғни бұлшық еттердің жиырылуы мен жазылуы. Өкпеден сіңіріп алған оттегін бүкіл денеге таратады. Ақуыз мал мен өсімдіктен алынатын өнімдерде кездеседі. Олардан алынатын ақуызды дұрыс ұштастыру арқылы ақуызы жеткілікті тағам әзірлеуге болады.

Көмірсу – бұлшық еттің, жүйке жүйесінің, жүректің, бауырдың қызметі үшін ағзаның майды қалыпты сіңіруі үшін өте қажет. Тамақ құрамында көмірсу болмаған жағдайда тамақтағы май толық сіңбейді де денсаулыққа зиян келтіреді. Көмірсу өсімдік өнімдерінде өте көп сонымен қатар сүтте, бауырда болады.

Аз мөлшерде дәрумендер мен калий, кальций, магний, фосфор, темір тұздары болады.

Ұлттық тағамдардың жұғымдыларының бірі саналып, біраз ас түрлерінің дәмін келтіретіні – тары. Тары өте құнарлы дақыл.

Тарының құрамы: ақуыздың — 10-15, көмірсудың — 59, майдың – 38 пайызы бар.

  • Табиғат пен адам арасындағы байланыс

 

«Жеті» санының қазақ үшін қастерлі екенін жас бала да біледі. «Наурыз көже» нұр — сәулені түзетін жеті түрлі түске орай, жеті түсті топтамаға кіретін дәм — тағамнан құралатын нәрлі де қуатты, қасиетті ас екені белгілі:

КӨК – су. Көктемде тасыған су жер — дүниені көк толқын етеді.

ҚЫЗЫЛ – ет (соғымнан сақталған мүше, сүрі, арнайы сойылған малдың жас еті…). Барлық ет тағамын қызылға балайды.

ЖАСЫЛ – дән (бидай, арпа, тары…). Жерден өсетін өнімдердің бәрін жасыл өсімдіктің дәні деп түсінеміз.

АҚ – сүт (сүт, сүттен жасалған тағамдар, қатық, айран…). барлық сүт тағамдарын ақ сүтке теңеу орынды.

САРЫ – май (сары май, тоң май…).өзінің түсінің сарылығымен бірге ең асылын «сары майдай» сақтаған.

ҚОҢЫР – бидайдың, тарының талқанын көжеге қосатын ұнды, кеспені қоңыр түске теңейді.

ҚАРА – тұзды қасиетті қара дәм, қарабас тұз дейді.

Тағамдағы тұздың алатын орны

Тұз —  адам организмінің қалыпты жұмыс істеуі үшін бірден-бір қажетті зат. Ол тағамның дәмін келтірумен бірге, тканьдердегі су мөлшерін реттеп, асқазан сөлінде тұз қышқылын түзеді. Адам ағзасына күн сайын тамақ арқылы орта есеппен 10-15 грамдай ас тұзы сіңіріледі. Ас тұзы тағамның барлық түріне қолданылады. Тамаққа тұзды дұрыстап салудың маңызы зор. Етке тұзды пісерден 30 минут бұрын салу керек.

Тұздың адам ағзасына пайдасы:

  1. Жүйке жүйесінің қызметін жақсартады;
  2. асқазан сөлінде тұз қышқылын түзу;
  3. қан мен тканьдегі су мөлшерін реттеу;
  4. зоб ауруларын емдеу.

 

  1. Қорытынды

Наурыздағы салт – дәстүрлер

Наурызнама – шат — шадыманды ойын-сауық, той.  «Ол күнде  Наурыз деген  бір жазғытұрым   мейрамы  болып, наурызнама қыламыз деп   той — тамаша қылады   екен» (Абай). Кей   жерлерде наурыз тойы деп те аталады. Бұл күні үлкен болсын, кіші болсын осы мейрамға келіп, көңілді  ойын-сауықтар жасалады. Мұнда  шарап  ішу, ренжісу сияқты   жағымсыз әдеттерге  қатты тыйым  салынған.Тойға ат жарыс, палуан күрес, басқа да спорт бәсекесі, айтыс, түрлі  ойындар мен көңілді жұмбақтар, ән, өлеңдер, наурыз жырлары айтылады. Әркім үлкендерден бата тілейді. Наурызнама бұрын 3-9 күнге  созылатын, халықтық  ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары кеңінен қолданылатын  ерекше үлкен жиын той.

«Наурызнамада қыз-жігіттер жиналып, бас қосып ұйқыашар әзірлейді. Ол ет, уыз сияқты дәмді тағамдардан жасалады. Қыздар өздерін ұнатқан жігіттеріне «Ұйқыашардан» дәм таттыратын болған. Мұның мәнісі оларды «ұлыстың ұлы күні» ұйықтап қалмасын деген ескі ұғымнан туған.

Жігіттер қыз-келіншектерге  сақина, сырға, айна, тарақ   сияқты сыйлықтар береді.Оны  селт еткізер  деп атайды. Бұл дәстүрлі сыйлықтағы айна — пәктік пен жастықтың, тарақ — әдемілік пен сұлулықтың, иіссу — бүршігін жаңа жарған жауқазындай құлпырудың, жайнай түсудің белгісі.

Бүл күні қарттар да естен шықпайды. Оларға арнап жылы-жұмсақ тағамдардан бел көтерер деп аталатын дәм дайындалы, таратылады.

Наурыз-тілек. Достық көңіл мен  тілектестіктің, адамгершіліктің белгісі, әрі тойдың жарасты салтының бірі ретінде айтылған.

Наурыз төл. Наурыз айында мал төлдей бастайды. Олар наурыз төлі деп аталып, төл басы ретінде бағаланып, малжанды қазақ баласы оны ерекше күтіп бағады. Төл басы сатылмайды, оны ешкімге сыйға бермейді.

Наурызкөк — наурыз айында ұшып келетін  көктем құсы. Қарасы шағын ғана, осы құсты шығыс елі күтіп жүреді. Оны алғаш көргендер «Наурыз келдің бе?» деп шақырып, жем шашады. Наурызкөкті ешкім қумайды, үркітпейді.

Наурызшешек. Наурыз айында өсетін жапырақты, түрлі-түрлі гүлді, қауашақты әсем өсімдікті (шөп). Оны үйде де өсіреді …Майының дәрілік қасиеті бар. Қазақстанның  таулы аймақтарында оның бірнеше түрі өседі.  Наурызшешек  «Қызыл кітапқа» енген сирек кездесетін бағалы өсімдік қатарына жатады.

Наурызша. Наурыз айында  жұп-жұқа, қиықша қырбық қар түседі. Оны халық «наурызша» деп атайды.

Наурыз есімі. Наурыз күнінде немесе айында туғандарды халық бақытты санаған. Сондай себеппен оларға Наурыз есімін беретін болған. Мысалы: қазақ халқында Наурызбай Құтпанбайұлы (1706-1781),  Наурызбай Қасымұлы (1822-1847) атты әйгілі батырлар болған.  Алтын Ордада Наурыз есімді хан (1359-1360) болғаны тарихтан белгілі. Наурызгүл, Наурызбек, Наурызәлі деген адам аттары да жиі кездеседі.

 

  1. Пайдаланылған әдебиеттер
  2. ҚР президенті Н.Ә.Назарбаевтың халқына Жолдауы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан » 2007,  ақпан
  3. ҚР 12 жылдық жалпы орта білім беру тұжырымдамасы. Астана, 2005 жыл
  4. Білім беру мекемесі басшыларының анықтамалығы. 2007, наурыз
  5. «Ақиқат» журналы 1993, № 42
  6. С.Кенжеахметұлы «Қазақ халқының салт – дәстүрлері» Алматы, 2004
  7. «12 жылдық білім» Республикалық ғылыми — әдістемелік және ақпараттық – сараптамалық журнал 2006, № 4
  8. «Наурыз» Аруна баспасы, 2001
  9. К.Хикмет «Даналық сүрлеуі» «Қасиет» баспасы , Алматы, 2006
  10. А.Жүнісов «Фәниден бақиға дейін» «Қайнар» баспасы, Алматы 1994