Ақын Шөже Қаржаубайұлы туралы Ақпанбай немересі Шәженқызы Ақпанбаева Торғайдың естелігі:
Ақын Шөже Қаржаубайұлы туралы Ақпанбай немересі Шәженқызы Ақпанбаева Торғайдың естелігі:
-Осы әкем Шәжен әңгімесін естіген соң ауданның азаматтарымен пікірлестім, Шөже ақын шығармашылығын зерттеуге кірістім.
Кейінірек аудандық «Тоқырауын тынысы» газетінде «Өлі риза болмай, тірі байымайды» (12 маусым1999 жыл.) деген мақала жаздым. Мақсатым – Тоқырауын өзені бойында атақты адам Шөже жатқанын, аудан азаматтары, жастар білсе деген ой еді. Үлкен әкелерім кесенесінде осындай алып адамының еш белгісіз жатуына алаңдадым. Міне толғантқан аты мәшһұр ақынның тағдыры тұйықталар тұсы әкелерім өмір кешкен кезеңмен шектесіп, Әлібек толғанындағы әулет қорымына жерленуі болды. Сонымен қатар, Шөже сынды айтыс өнерінің бітімі бөлек шайыр тілді, ұшқыр ойлы өкілінің тал бесігіміз Тоқырауын топырағында пырағы жай тапқанын естіп біле тұра, үнсіз қалуға дәтім жетпеді.
Ендігі айтарым, халқымыз ардақ тұтқан аяулы перзентінің тағдыр айдап әкелген, Ақтоғай жеріндегі зиратына белгі қойып, құрмет көрсетсек біздің аруақ алдындағы елдік, адами парызымыздың өтелгені емес пе?
(«Тоқырауын тынысы» газеті. Оқырман ой айтады бөлімі.12 маусым 1999 жыл.)
Содан әр түрлі жағдайлармен 1999 жылы белгі жасатып қойдым да, ал оны орнату сәті 2001 жылдың тамыз айында орындалды. Тағы аудандық газетке «Тоқырауын тынысы» газеті. Руханият бөлімі. 12 маусым 1999 жылы. «Ескеріткіш тақта орнатылды» деген тақырыпта мақала бердім. Онда тағы қосымша деректер енгізілді.
Зерттеп жинақтай келе мынандай жұмыстар істелді. Олар:
- Ақын басына белгі қойылды.
- Аудандық газеттерге жазылды, ал ауданда ұзақ жылдар газет қызметкері болған Мина апамыз № «Тоқырауын тынысы» газетінде мақала жазды.
- «Азия – Транзит” журналына ақынның туғанына 200 жыл толуына орай Рашит Кареновтың көлемді мақалалары жарық көрді.
- Ақпанбаева Торғайдың осы ақынға арналған Облыстық білім департаменті Қарағанды Әкімі жанындағы мемлекеттік және білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта дайындау институты тарапынан «Айтыстың ақберен шебері Шөже Қаржаубайұлының шығармашылық жолы» атты шағын кітапшасы және осы негізінде «Айтыс өнері» бағдарламасы жарық көрді.
«Тоқырауын тынысы» № 14 (6854) 4 сәуір 2002 жылғы газетінде Ақтоғай аудандық газетінің байырғы қызметкері Мина Кәдірбаева анамыз «Рухы ұрпақтармен үндескендей» тақырыбында жазған мақаласында: «Айтыстың ақберен шебері Шөже Қаржаубайұлының шығармашылық жолы» атты ұстаз Торғай Ақпанбаеваның зерттеу еңбегі көп адамның ризашылығын туғызуда. Ертеректе оқыған бір кітабымда жазушы Сәбит Мұқанов Шөже ақынның зираты қайда екені белгісіз, Сарыарқада қалды деп жазғанын оқып едім. Сол даңқты Шөженің зираты ұзақ уақыттан соң зерделі ұрпақтың арқасында елге белгілі болуы өте ұлағатты іс. Халқымыздың ақберен ақыны өз рухымен осы елдің ұрпағын да желеп-жебеп жатар деген сезіммен, әрі Торғайдың тындырымды ісіне ризашылықпен газетке осы пікірімді жолдауды жөн көрдім деп» — пікір айтылған.
«Тоқырауын тынысы» газетінің 2 мамыр 2002 жылғы санының 7-бетінде «Тарих-тағлым» деген бөлімінде Қазақстан Республикасының еңбегі сіңірген мұғалім, Ақтоғай ауданының құрметті азаматы, тарихшы Асқар Сейдахметовтың «Жақсы өнеге тудырған ойлар» атты мақаласы жарық көрді. Онда: Торғай Ақпанбаеваның ақберен шебері Шөже Қаржаубайұлының шығармашылық жолы» деген танымдық зерттеу еңбегі жарық көрді. Осы еңбекте эпостық жырдың көрнекті ақыны Шөженің өмірі, шығармаларынан мағлұмат берілген.
Қорыта келгенде Шөже творчествосын жинау, зерттеумен айналысқандардың ақын, туған жері, өлген жері туралы мәліметтер бір-біріне ұқсамайды. Шын мәнінде тек Шөже ақын ХІХ ғасырдың басында туып, соңына дейін өмір сүргені, шын мәнінде Қарағанды облысы ақыны екені анық. Ал жерленген жері туралы әр түрлі деректер болғандықтан анықтау мүмкіндігі бар ма?
Анықтау жұмысы тек ғалым археологтар еншісі деп ойлаймын. Осы зерттелген жұмыстарға қойылатын алдағы мақсат:
- Археологтармен байланыс жасап, пікірлесу қажет.
- Шөже еңбектерін жинақтау
- Егер анықталса басына мазар орнату.