Шөженің айтыс ақыны ретінде зерттелуі
Шөженің айтыс ақыны ретінде зерттелуі
Шөженің аса көрнекті айтыс ақыны екендігі М.Әуезов еңбектерінде әркез аталып, жоғары бағаланып келді: «Радлов жинап бастырған «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жыры революциядан кейін 1925 жылы Москвада қазақша жеке кітап болып басылған. Сәбит Мұқанов пен Х.Бекхожин 1939 жылы орта мектептерге арнап құрастыратын хрестоматияда осы вариант үзінді түрінде басылған. Бұлардан басқа Қазақ ССР Ғылым Академиясының тіл және әдебиет институтында Шөже ақын айтты дейтін тағы бір көркем ескілеу нұсқасы бар. Бұл нұсқасы Мәшһүр Жүсіп жинаған, әлі баспа көрген жоқ. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырларының ішіндегі айырықша назар салатын бір тәуір нұсқасы осы. Бұдан басқа Ғылым Академиясында 1905 жылы Павлодар уезі, Баянауыл қазағы Молда Мұқан Машақұлынан Жақыпбаев жазып алатын «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының екінші түрлі бір қолжазбасы бар. Бірақ, бұл вариант кейбір өзгерген сөздерін, кісі аттарын айтпасақ, Шөже нұсқасынан алынған көрінеді.
«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырларын көп басып, халыққа тартақан орынның бәреуі – Қазандағы Құсаиновтар баспасы. Бұлар «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» дастанының түрліше нұсқаларын 1878, 1890, 1896, 1909 жылдары қазақша кітап етіп бастырған.
Осылардың бәрі «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының қазақ арасына өте әйгілі, көп тараған және халықтың аса қадірлеп сақтаған қазынасы болғанын көрсетеді. Жырдың нұсқасы қанша көп болса, мұның айтуыншылары да сонша көп. Бұлардың ішінде Шөже, Жанақ, Сынанбай, Бекбау сияқты халық ақындарының аты айтылады. Қазақтың хикаялы жырларын сақтап келген кісілердің өзі осындай жыраулар, айтушылар (М.Әуезов. Жиырма томдық шығармалар жинағы: Т.17. Мақалалар, зерттеулер. – Алматы: Жазушы, 1985, 224-225 беттер).
«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырын көп зерттеп, оған үлкен мән берген кісінің бірі – Сібір ғалымы Г.Н.Потанин. ол «Вестник Европы» деген журналда (1890 жылы, 9 кітап), одан соң «Русское богатство» деген журналда (1896 жылғы №8 нөмірінде) бұл жырға тоқталып, жоғары бағалайды. Г.Н.Потанин «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырын Батыс Европаның, орыстың, Шығыс елдерінің бірнеше халық дастандарымен салыстыра келіп: «Бұл жер жүзіндегі ең қымбат әдебиет мұраларына жататын шығарма» — деп бағалаған. Осыған қоса орыс зерттеушісі «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырын ел арасына кең таратып, біздің дәуірімізге жеткізген Шөженің жыршылдық ерекшелігін ашқан. Аса ірі жыршы, қобызшы ақын Шөжеге әр қырынан қараған.
«Ойды ой қозғайды» дегендей, ақберен Шөжені ерте көрген фольклорист Г.Н.Потаниннің алғырлығына іштей риза боласың. Ізгі жүректі жандар бір-бірін, өз замандастарын кезінде бағалай білгеніне қайран қаласың.
Кезінде халқымыздың эпикалық аңыздарының өрістеуіне Шығыстың ғұламасы Әлішер Науаи дастандары зор ықпал жасаған. Сондықтан Шөже жырлаған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының аталған нұсқасынан «Фархат-Шырынмен» ұқсас-үндес сюжеттерді көруге болады. Науаи шығармалары қазақ еліне аңыз түрінде жеткен. Ал, оны Шөже секілді білікті шайырлар таратып отырған.
Шөже Қаржаубайұлының ауыз әдебиетінің асыл үлгілері мен ел шежіресінің асқан білгірі екенін кезінде Шоқан Уәлиханов атап көрсеткен. Шоқанның айтуынша Шөже айтысқа қоса жыршылық өнерді көп дамытқан. Жанақ дәстүрін бізге жеткізуші қобызшы ақын.
Ал Мұхтар Әуезов: «Барлық қазақ әдебиетінің өзі білетін естелігінен Абай жалғыз ғана Маралбай мен Шөжені ғана нағыз –ақын» депті. Абайдың Шөжеге деген ықыласын білген жазушы М. Әуезов Шөжеге «Абай жолы» романының үшінші тарауын арнап оның ақындық тұлғасын ашып берген.
Шөже қазақ даласының көп жерін аралаған, екі көзі соқыр болса да айтысқа аса жүйрік шешен, үлкен жиындарда Шөже бірден ондаған ақын мен айтысып, түгел жеңіп кетіп отырған. Шөже ру айтысының ақыны, айтыс үстінде бірде ру басы феодалды өлтіре сынаса, бірде ру басы феодалды мақтайды. Бірақ Шөже де сыншылдық мотиві басым. Қарсы ақындар оның көзінің соқырлығын айтып кеміте тиіссе де, сынға ұшыраған ірі феодал байлар күш көрсетіп сабаса да, Шөже абыржуды білмеген, өткір, улы, ащы тілімен қарсы ақынға да, жұдырығын жұмсаған байларға да сөзден есесін жібермеген. Шөже дуанбасы, әрі Орта жүзге белгілі феодалдар Алшымбай, Құнанбайды парақор, ұры деп жебіріне жетіп сықақтаған уақытта Шөженің сөзіне ыза болған Алшымбай тұра сала ақынға қамшы жұмсаған. Сонда да Шөже тайсалмастан таяқты жеп жатып:
Япырай, бұл немене тарсылдаған,
Қаншық емес, төбет қой арсылдаған.
Тепкілей бер, сабай бер өлтірмессің,
Ашуыңды бас бірақ, қалшылдаған….
Ақ серкесі Бошанның Алшымбай таз,
Жаз шілдеде ұшады ит ала қаз.
Екі сөздің бірінде соқыр дейсің
Қасиетің бар болса басымды жаз
деп онан сайын Алшымбайды сөзбен буып қылқындыра түседі.
«Төмен қарап келе жатқан Абайдың құлағына жаңағы бір ауыз өлең әлі айыққан жоқ. Бар сөзі есінде… ішінен қайта-қайта айтады. Жаттап апты.
Мынау жалғыз ауыз өлең бағана, күні бойы күмбездей боп үлкен көрініп отырған екі шоқысын бір-ақ соғып, жермен-жексен етті. Тайпитып кеткен сияқты көрінді.
«Алшеке, Алшеке» дегендері – «ақсақ таз» аталды. Алшынбай сылти
бастады, ақсақ екіні рас. Ал, «аға-сұлтан», «мырза» атанған өз әкесін – «қарға!». Қандай қарға? Қарқаралының ең байлық, ел дариясының жалғыз еркесі. Жақсы-жайлісін жапа-жалғыз қызықтап, шоқып жеп отырған қарға!…» (4.118).
Алшымбай мен Құнанбайдың Шөжеге қарсы сайлап салған ақыны Балта – сен соқырсың деп тиіскенде, бұған да Шөже бөгелмей, халыққа соқыр тыйышсыз болса әуелі соқыр Құнанбайдан құтыл деп Балтаны да тоқтатып кетеді. Шөже Жетісуды, қырғыз елін аралған кезде көптеген өлең, жыр, толғаулар айтқан. Жетісуды, қырғызды аралғанда айтқандарына сақталғаны кейбір рубасы батырларға арналған толғау, өлеңдері. Бұл өлең, толғауларында Шөже танысу, сәлемдесу, мақтау сөзді айтып қоймай, Жетісу мен қырғыз елінің тарихынан көп жайларды таратып жырлайды. Сонымен қатар Жетісу мен қырғыздың батыр, бек аталған адамдарын сынап та отырады. Шөженің толғаулары, өлеңдері өте мағыналы, көркемдік күші жағынан өткір, дәл айтылады. Мақтаса жеткізіп, сынаса өлтіре масқаралап жырлау Шөже ақындығының негізгі бір қасиеті.
Шөжеге Абайдан соң аса үлкен ілтипатпен қараған Мағжан Жұмабаев. Ол Ақан сері туралы мақаласында «Екі аяқты адамның ділмары, улы тілді, ұшқыр ойлы Шөже» — деп келіп,оның өлендерін кейінгі ұрпаққа үлгі — өнеге етіп ұстайды.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ поэзиясының ірі өкілдерінің бірі – Сұлтан – Махмұт Торайғыров өзінен бұрынғы қазақтың төрт ақынын өзіне пір тұтты. «Кешегі бұқар жырау, Жанақ ақын, Шөже, Орынбай халыққа жайған даңқын» -деп дәріптеді.
1956 жылы Алматыда Қазақтың Мемлекеттік Көркем әдебиет баспанасынан жарық көрген белгілі сыншы, филология ғылымының докторы, профессор Есмағанбет Исмайлов «Ақындар» атты монографиялық еңбегінің «Ақындық орта, дәстүр мәселесі» деген бөлімінде жыр алыбы Жамбылдың шығармашылық жолына Шөженің еткен ықпалын және оның ақындық әлемін деректі дүниелермен былай дәлелдейді:
Жыр алыбы Жамбыл Жабаев Шөжені өмір бойы өзге ақындарға да, өзіне де үлгі-өнеге тұтып, Сүйінбайдан кейінгі ұстазым деп білген. Жамбыл «Ақындарға арнау» деген бір толғауында (1943 жыл):
«Ақындар, көз салыңдар,
Қиуаны шалыңдар
Қиқу салып талайдан,
Келе жатқан сарын бар.
Ұзын жолда біз өткен,
Өрене көп тәлім бар.
Сүйінбай мен Қатаған,
Қара өлеңді матаған.
Атын жаттай балалар,
Әлі күнге атаған
Кеншібай мен Орынбай,
Өлең сөздің қорындай.
Керуен көшкен жолындай…
Шөже менен Кемпірбай,
Өлең жырдың жұртындай.
Біз солардың өрені!» — дейді.
Осылардың қатарында Құл, Мәйкөт, Құлыншақ ақындарды атайды. Бұларды Жамбыл, Сүйінбай қатарындағы идеялық творчестволық ұстаз тұрғысынан емес, ақындық шеберлік, айтыс өнері дәстүрі тұрғысынан атайды.
Жас Жамбылдың Сүйінбайдан басқа үнемі кездесіп, ақындық өнер жарыстырып айтысып, бірде аға деп сыйлап, үйреніп келген ақындары аз емес. Бұл ақындар бір шеті Жалайырдан (қазіргі Талдықорған облысынан) шыққан Бақтыбай ақын, Арқадан келген Шөже ақындар, Түркістаннан келген Мәйкөт, Майлықожа ақындар, Дулаттан Әмір ақын, қырғыз – Қалмырза, Оразалы ақындар. Бұлардың ішінде Жамбылдың айтыс өнеріне жетілуіне атақты Шөже ақынның творчестволық ықпалы елеулі болғандығын атап айтуымыз керек. ХVІІІ ғасырдың 70-жылдарында Шөже Арқадан келіп, Жетісу елін, қырғызды аралаған шағында Жамбыл сияқты талантты жас ақындардың көбі Шөженің қасына еріп жүрген.
Айтыстарда бөгелмейтін тұтқыйылдан сөз тапқыш алғыр шешен, шындықты тайсалмай айтатын өткір тілді сыншыл, ел, рулар жайын, ел аузындағы өлең-жыр қазынасы мол білетін Шөженің Жетісуға, қырғыз елін аралауы Жамбылдың ақындық ортасына көп жаңа сөз өнерін, ақындық үлгіні қалдырған.
Сүйінбай, онан қала берді Шөже сияқты турашыл ақындардың дәстүрін көрген Жамбыл әр мезгілде үстем таппен, болыстардың жағымпаз қылықтарын жалтақтамай бетіне ашық айтып, өлтіре сынап отырған. Жалшысын сабаған байдың қаталдығы, әйелін сабаған ожардың қылығы, кедейге зорлық істеген би, болыстың қиянаттары, мен-менсіп, жұртты қорламақ болған дарақы байлардың озбырлық мінездері – бәрі Жамбылдың өткір сынына, сайқымазағына душар болып отырады екен.
Сабыр Қазыбайұлының «XV-XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты жыраулар поэзиясы «А-полиграфия» ЖШС Ақтөбе, 2004 жылы баспадан шыққан осы еңбегінде Шөже Қаржаубайұлы (1808-1895жж) Көкшетау облысының Қызылтау ауданында немесе Қарағанды облысы Нұра ауданында туып өскен қазақтың атақты ақындарының бірі. Ата-тегі қазақ емес сияқты деген. Осы кітапта Шөже күшті эпик ақын болды, әсіресе ол жырлаған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жыры осы халық мұрасының ең көркем үлгісі болып бағаланады. Елге көп тараған. 1860 жылы қағаз бетіне түсірілген. (143-149 беттер).
Құлыншақ Кемелұлы ақын, 1831 жылы туып, қазіргі Шымкент облысы, Созақ ауданы жерінде өмір сүріп, 1911 жылы дүниеден өткен екен. Құлыншақтың әкесі Кемел көзі ашық, көңілі сергек адам болған. Әке баласының қабілетін танып, оның он бес жасында-ақ жұрт назарына ілінгеніне жіті көңіл аударады. Сөйтіп, әке баласының ақындық бетін қақпай, түзу жол сілтеп, ел аралауына ерік береді.
Сұлтанбектің толғауында әкесі Құлыншақты атақты Шөже ақыннан бата алып келуге жібереді. Бұл жайды жырау:
«Әкесі Шөже ақыннан бата әкел деп,
Үш тоғыз дүниемен жібереді.
Шөженің ақ батасын алып қайтты,
Адамзат батаменен көгереді.
Келген сыз киіндіріп, ат мінгізіп,
Баланы еркіменен қоя береді.
Күнде той, күнде жиын, күнде өлең ғой,
Күңірентіп жібереді жүрген жерді»,-
деп баяндайды.
Ал Сұлтанбек Құлыншақ ақынның жерлесі, әрі үлгісін алған шәкірті.