Жоба: «Менің атам-майдангер» «Атамның жасаған ерліктің ұлылығын әрқашан қастерлеп жадымда сақтаймын.»
Жоба: «Менің атам-майдангер»
«Атамның жасаған ерліктің ұлылығын әрқашан қастерлеп жадымда сақтаймын.»
Жанғалиев Есенғали Жанғалиұлы 1921 жылы 15 ақпанда Жаңақала ауданы, Мастексай ауыл советінің Мұқыр бойында, Қазанқұдық елді мекенінде дүниеге келген.
1930 жылы Чапаев аудан орталығында 1-ші класқа барып,
1940 жылы орта мектепті бітіріп шықты.
1940-1941 жылдары Оралдағы облыстық білім бөлімінің жанынан ашылған бір жылдық математиктер даярлайтын курсты бітіріп, Чапаев ауданының Қаршы орта мектебіне 5-8 кластарға математика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқан.
Ұлы Отан соғысы басталғанда алғашқылардың бірі болып
1941 жылы 18-қыркүйекте майданға аттанған. Сталинград маңында артиллерия полкінде соғысқа әзірленіп, 1942 жылы 5-ші қарашадан бастап атақты Сталинград шайқасында 293-ші дивизияның 817-ші артиллерия полкінің взвод басқармасының, барлау бөлімшесінің командирі міндетін атқара жүріп ұрысқа кірген. Сол жылы 19-шы қарашада 62-ші әскер құрамында, неміс басқыншыларының 330 мың әскерін қоршап алған шайқасқа қатысқан. Неміс әскерін басқарған фельдмаршал Паульс 30-шы қаңтарда тұтқындалды. Оны тұтқындауда құрамында біздің атамыз Есенғали соғысқан 135-щі артиллерия полкінің 1-ші дивизиясының жауынгерлері ерлікпен шайқасты.
Бұл Сталинград шайқасы дүниежүзіілік мағынасы бар тарихи соғыс оқиғасы болды да, шайқас 1943 жылдың 2-ші ақпанында аяқталды. Осы шайқастағы көрсеткен ерлігі үшін “За отвагу”, “Сталинград майданына қатысқаны үшін” медальдарымен марапатталды.
Осы атақты Сталинград шайқасы аяқталғаннан кейін, 1943 жылғы 5 шілде де 135-ші артиллерия полкі жауынгерлерімен бірге тарихтағы ірі шайқастың бірі Курск – Орел бағытындағы операцияға қатысып, жауға күйрете соққы берген. Бұл шайқаста Совет әскері түгел жеңіске ие болып, неміс басқыншыларын Днепрге қарай шегіндіріп, Полтава, Харьков қалаларын жаудан азат етіп, 3-6-шы құркүйекте Украина орталығы Киев қаласын немістерден құтқаруға қатынасты. Осы жылы, қазан айында Кременьчук қаласынан Днепр бойындағы 30 км төмен жерден жауды әрмен қарай ысыра бастады.
1944 жылы ақпан айының басында Украина республикасының Кировоград облысының бес елді мекендерінде (Звеноград, Шпалы, Бугуслав, Канево, т.б.) немістің 55 мың әскері қоршауға алынып, толықтай жойылды.
Бұл жөнінде жауынгерлерге жоғарғы қолбасшының (Сталиннің) тікелей Алғысы тапсырылды, солардың ішінде Есенғали атамыз да бар болатын. Одан әрі жау әскерін мемлекеттік шекарадан асырып қуып, Румыния, Венгрия республикаларын азат етуге қатысқан.
Осындай елімізді азат етуге қатысып, неміс-фашистерін жоюда көрсеткен ерен ерлігі үшін “Қызыл жұлдыз”, “ІІ-ші дәрежелі Отан соғысы” ордендері мен “1941-1945 жылдардағы Отан соғысында немістерді жеңгені үшін”, “Маршал Жуков” атындағы т.б. медальдарымен наградталған.
1944 жылдың 26-шы тамызында оны және қасындағы жауынгер Субботин Алексейді Киевтегі жаяу артиллерия училищесіне оқуға жібереді. Сол училищені 1945-ші жылы 23 мамырда бітіріп, гвардия кіші лейтенанты атағын алады. Жаяу артиллерия полкінің взвод командирі болып тағайындалып, Мәскеу маңындағы арнайы артиллерия полкінде жауынгерлік міндетін атқарған.
Отан қорғаудағы азаматтық, жауынгерлік борышын адал атқарғаны үшін Жанғалиев Есенғали атамыз Ресей Федерациясы Президентінің жауынгерлік белгісімен, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Марапаттау қағазымен марапатталды.
1946 жылы тамыз айында офицерлерді демобилизациялауға ілігіп, 30-шы қыркүйекте елге оралған. Елге оралған соң осы 1946 жылдың қазан айынан бастап Чапаев №1 орта мектепке математика, физика пәндерінің мұғалімі болып жұмысқа орналасты.
1949 жылдың 15-ші тамызынан бастап Қожехар орталау мектебінің директоры болып жұмыс істеген, сол жылдары Орал қаласындағы мұғалімдер институтын бітірген.
1952-1956 жылдары Орда ауданынан көшіп келуіне байланысты Алғабас орталау мектебінде мұғалім болып істеген.
1956 жылдың шілде айынан бастап 1976 жылға дейін қайтадан Қожехар орталау мектебінің директоры болып зейнеткерлікке шыққан. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де еңбектен қалмай, қатардағы мұғалім болып 1986 жылға дейін мектепте жұмыс жасады.
Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысушы, Еңбек ардагері, “Родник новый” колхозы өндірісіне белсене араласқан насихатшы.
Көпшілік үгіт-насихат жұмысының ұйтқысы.
Осы еңбегін бағалап Қазақстан Оқу Министрлігі
“Халық ағарту ісінің үздігі” деген белгімен, Лениннің жүз жылдық мерекесіне арналған медальмен және аудандық, облыстық атқару комитеттерінің бірнеше Мақтау қағаздарымен марапатталған.
Бүкіл ғұмырын еңбекке, соның ішінде жас ұрпақ тәрбиелеуге, оларға лайықты білім беруге арнады. Жалпы ұстаздық еңбек өтілі 48 жыл болса, соның 23 жылында – мектеп директоры болып істеген.
Ол өз өмір жолына риза болды. Осы Жаңабұлақ ауыл орталығынан екі мәрте мектеп ғимаратының бой көтеріп салынуына тікелей өзі мұрындық болды.
Осы мектептен білім алған шәкірттері: қазіргі мектеп директоры Балхашев Бауыржан, алғашқы әскери дайындық жетекшісі Аянғали Бақтыгерей, физика пәнінің мұғалімдері Қонысов Зәрукерей, Балхашева Мағрипа, Ғиззатова Асылғаным, Меңдібаева Алия, биология пәнінің мұғалімі Мұхтарова Ләззат, Құбашева Күнсұлу, Успанова Гүлнара, дене тәрбиесінің мұғалімі Ажғалиев Мақсот, еңбек пәнінің мұғалімі Құбашев Болат, тарих пәнінің мұғалімі Молдашев Сансызбай, ағылшын пәнінің мұғалімі Маштақова Жұмағаным, орыс тілі пәнінің мұғалімі Қоңырова Гүлдария, мектеп кітапханашысы Капиева Шолпан т.б.барлығы дерлік мұғалім болып еңбек етіп жүрсе, алды осы мектептен зейнеткерлікке шығып та үлгерді. Атап айтқанда, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрғалиева Ағила, математика пәнінің мұғалімдері Қуанышева Айман, бастауыш класс мұғалімдері Құбаева Жұмағаным, Нұптығалиева Жамиға, Сембиева Қаным.
Мінеки, осының барлығы өмірінің босқа өтпегендігінің дәлелі және ұстаздық із қалдырғандығының куәсі, ұлттық патриотизмнің үлгісі.
Әкесі Жанғали өзі соғыста жүргенде ауыр науқастан 1944 жылы қайтыс болған. Анасы Күміс — үлкен әжеміз 11 құрсақ көтерген, содан қалған жалғыз тұяқ өзі – атамыз Есенғали болатын.
1946 жылы әскерден келгесін жанұя құрған. Жұбайы Хабиева Аққыз әжеміз де 40 жыл мұғалім болып зейнеткерлікке шыққан.
Құрметті педагог, ардақты ана болатын. 6 ұл, 3 қыз өсіріп тәрбиелеген, үлгілі отбасы болатын. Немере – жиендерінің қызығын көріп, ауыр науқастан 1996 жылы дүниеден өтті.
Ұл-қыздары өмірден өз орындарын тауып бір-бір жанұя болып отыр. Олардан 21 немере, он шөбересі бар.
Ардагер ұстаздың тек шәкірттері ғана емес, өзінің тұңғыш ұлы Мұрат әке өнегесімен ұзақ жылдар ұстаздық етіп, қазір зейнеткерлік демалысқа шықты.Сонымен қатар, ұстаздық жолын қуған немерелері Жангалиева Гүлнара Мұхитқызы — осы Жаңабұлақ ОЖББМ-інде директорың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етіп жүр. Жоғары білімді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, ата арманын жалғастыруда.
Есенгалиев Нұрлан Мұхитұлы — Орал қалалық департаментінің бөлім бастығы — жоғары білімді экономист маманы болып еңбек етсе, одан кейінгі Жанғалиева Динара Мұхитқызы — Бударин ОЖББ мектебінде бастауыш класс мұғалімі. Жангалиев Біржан Мұхитұлы- Батыс Қазақстан аграрлық колледжінің 3 курс студенті.
Басқа да немере – жиендері, шөберелері жоғары білім алып, бір-бір мамандық иелері болып өмірден өз орындарын тауып жүр.
Осының барлығы оның өмірінің жалғасы. Ұрпақтары еліміздің көркеюіне өз үлестерін қосады, жас ұрпақты тәрбиелеуде аянбай еңбек етеді деген сенімде болды.
Ұлы Отан соғысының ардагері, Еңбек ардагері,
Ұлағатты ұстаз Жанғалиев Есенғали Жанғалиұлы 84 жасқа қараған шағында 2005 жылы 20 қаңтар күні дүниеден өтті.
Жастайымыздан атамыздың ақылды сөздерін тыңдап өстік, өнегелі істерін үлгі етіп, өмірімізге азық етеміз. Атамыздың есімі ел есінде, біздің жүрегімізде.