«Менің Отаным – Қазақстан» туристік-өлкетану слеті Ғылыми жобаның тақырыбы: Ел аузындағы қара өлеңдер
«Менің Отаным – Қазақстан» туристік-өлкетану слеті
Ғылыми жобаның тақырыбы: Ел аузындағы қара өлеңдер
Зерттеудің мақсаты:
Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты – жергілікті жерлердегі халық аузындағы қара өлеңдерді қағаз бетіне түсіру, жас ұрпаққа өнегелі сөздерін үлгі ету.
Зерттеу жұмысының ғылыми болжамы:
Қара өлеңдердің ел арасында ауызша айтылып жүргендігі анықталып, олардың болашақта ұмыт болу мүмкіндігі болжанды.
Зерттеу кезеңдері:
1.Ауылдарды аралап, үлкен кісілермен әңгімелесіп, қара өлеңдерін бейнетаспаға түсіру;
- Қара өлеңдер туралы ғалымдар пікірлерімен, зерттеулерімен танысу;
3.Жиналған материалдарды талдау, қорытындылау, жариялау.
Зерттеу әдістері:
- Ізденіс
- Әдеби теориялық талдау
- Салыстырмалы талдау
- Жүйелі қорытындылау
Жұмысымды жазу барысында қазақ фольклорының
келесі үлгілерін зерттеу көзі етіп алдық:
Тұрмыс-салт жырлары, қара өлеңдер мен қазіргі заман поэзиясы.
Кіріспе
Қазақ әдебиеті сан ғасырлардан бері өзінің құндылығын жоймай, жас ұрпаққа үлкен үлгі өнеге көрсетіп келеді. Оның бастауы қазақ ауыз әдебиетінен бері сарқылмас қазына болып жалғасын тауып келеді. Қазақ ауыз әдебиеті қазақ әдебиетінің түп тамыры. Сонау ықылым заманнан бері ауызша таралып, осы заманға дейін ұмытылмай жетуінің өзі, оның құндылығында. Ол — көне тас дәуірінде пайда болып, түркілік тұтастықты бастан кешірген, одан бері де қазақ халқының қалыптасу тарихымен біте қайнасып, бірге жасап келе жатқан теңдесі жоқ рухани мұра. Байырғы ата-бабаларымыздың наным-сенімдерінен, тарихынан, тұрмыс-тіршілігінен, жақсы мен жаман туралы түсініктерінен, асыл арманы, биік мұратынан жан-жақты мағлұмат береді.Қазақтың шырылдап дүниеге келгеннен бастап, өмірден озғанға дейінгі ғұмыр сапарында қазақтың төл мәдениеті, әдебиеті көрініс табады. Ұлы Абай айтпақшы: «Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең” – деген сөзінен көп нәрсені аңғаруға болады.
Міне, осы қазақтың салт-дәстүрімен бірге жасап келе жатқан қазақ ауыз әдебиетінің бір түрі – қара өлеңге тоқталмақпын.
Қара өлең — қазақтың ежелгі өлең түрі. Туысқан өзбек, қырғыз, карақалпақ, татар, түрікмен, башқұрт поэзияларында кездеседі. Қара өлең 11 буын, 4 тармақ, а-а-б-а түрінде келеді. Мысалы:
«Қағаздың қасың сұлу сиясындай,
Тоғайдың мойның ұзын миясындай,
Қолымды саған қайтсем жеткіземін,
Сұңқардың жатқан жерік ұясындай».
Қара өлең әнге салып айтуға ыңғайлы. Әннің ырғақ ерекшеліктеріне қарай өлең жолдарындағы бунақтар орнын ауыстырып отырады. Әр шумақта жеке ой жатады. Мұндай ой жеңіл әзіл- оспақтан бастап, өмірдің мәні мен сәнін, ел қамы мен халық тағдырын қамтиды. Өлеңнің алғашқы екі жолындағы ой соңғы жолдардағы негізгі ойға қызмет етеді. Қара өлең көне заманнан бастау алып, тереңге тамыр байлаған. Оның үлгілері «Оғызнамада» (9ғ.), Ж.Баласағұнидің «Құтадғу білігінде» (11 ғ.), М.Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түркінде» (11 ғ.), А.Иүгінекидің «Ақиқат сыйында» (12 ғ.) кездеседі. Сипаты жағынан орыстың «частушкасына», өзбектің «қошығына» ұқсас.
Қара өлең айту салты деген ұғымды ұмытпауымыз керек сияқты. Себебі, ертеде қазақтың жиын-тойында әйелдер де, ерлер де қара өлең айтуды дағдыға айналдырған. Міне, осы ежелден келе жатқан қара өлең айту салты біздің Жаңақала өңірінде сирек те болса бар екені көңіл қуантады. Бірақ, “Уақыт өтеді, керуен көшеді”-демекші, осы асыл мұрамызды сақтай алып жатырмыз ба?! Ұмыт қалып бара жатқан жоқ па? – деген көкейде сұрақтар пайда болады. Осы бағытта аз да болса, мәлімет жинау мақсатында ауылдарды аралауды ойластырдық. Осыған қоса, жүрген жерде біз білмейтін аңыз әңгімелерді, ескі салт-дәстүрді жинастыруды жоспарладық.
Қара өлеңнің мекені – Қарауылға келемін,
Қара өлеңнің қамы еді, қарап жүрмей жегенім.
Қарағанның ішіне көп тығылып ойнайтын,
Қара өлеңге құмартқан қара бала мен едім.- деп қазіргі ақын
Қалқаман Сарин ағамыз айтқандай менің жетекшім-Амангелді Ғабиденұлы, өзінің туған жері Көпжасар ауылында қара өлеңші әжелердің бар екенін айтып, сонда жол тарттық.
- Көпенова Ағиба әженің үйінде болып, қара өлеңді бала
жасынан айтатынын білдік. 80-ге келген әжеміз әлі де тың көрінді, көп қолқалатпай бір қара өлеңін айтып берді.
Сөйлемде ернім епті, көңіл жалқау
Кей адам сөз сөйледі теріс арқау
Итімді қаппасын деп байлап едім
Жібектен жараспас деп жіптен арқан.
Сұрасаң арғы атамыз болып өткен,
Ұсынса туған айға қолы жеткен.
Несіне айтар сөзді-ау іркілесің
Қара өлең таңдайымнан толып өткен.
Аршындап-ай артық сөйлеп асқан да бар
Жай сөйлеп көңілдегіні басқан да бар.
Алланың бергеніне шүкір етпей
Аяққа қызыл мақпал басқан да бар.
Ат көркем көрінеді тұрманменен,
Дүние жеткізбейді қуғанменен
Қарайып көкіректі кір шалғанмен
Не пайда су кетіріп жуғанменен
Қорадан қой өреді жосылып-ай,
Айтады екеу өлең қосылып-ай.
Өлеңді көп айтуға ақын емес,
Балалар риза бол осыныма-ай.
Ағиба әженің бұдан басқа көптеген қара өлеңдері барын біліп, қағаз бетіне түсіріп алдық. Мен сіздерге үзінді ретінде жазбаша және бейнетаспамен де
көрсеткелі тұрмын.
Өлеңнің мағынасына көңіл аударсақ, қазақ қашанда бекерге өлең шығармаған. Артында ұлағатты, үлгі болар сөзін қалдырған. Мысалы Ағиба әженің қара өлеңін тыңдап отырсақ, адамды қарапайымдылыққа, береке- ынсапқа тәрбиелейтін сөздер.
Осыны жасынан тыңдап өскен жас ұрпақ дүниеқұмарлық, ашкөздіктен қашық жүруге тырысады. Жомарттыққа, имандылыққа тәрбиелейтін бұндай өлеңдердің жас ұрпақ үшін мәні зор.
- Мысалы: Аршындап-ай артық сөйлеп асқан да бар
Жай сөйлеп көңілдегіні басқан да бар.
Алланың бергеніне шүкір етпей
Аяққа қызыл мақпал басқан да бар.
Мақтаншақтықтың, ысырапшылдықтың, даңғойлықтың бекер екенін сөз еткен қазақтың қара өлеңін әдебиеттің төресі десең артық болмас.
- Өлеңде батырлықты дәріптеуде қарапайым сөзбен емес метафораларды да көркем пайдаланған.Мысалы:
- Сұрасаң арғы атамыз болып өткен,
Ұсынса туған айға қолы жеткен, — деген сөзінен байқауға болады.
Енді қара өлең құрылысына назар аударайық.
Қо-ра-дан қой ө-ре-ді жо-сы-лып-ай,
Ай-та-ды е-кеу ө-лең қо-сы-лып-ай.
Ө-лең-ді көп ай-ту-ға а-қын е-мес,
Ба-ла-лар ри-за бол о-сы-ны-ма-ай.
11 буынды, 4 тармақты. а, а, б, а ұйқасты.
Яғни бұны қара өлең ұйқасы дейді.
Қазіргі заман поэзиясында осы қара өлең ұйқасын кеңінен пайдаланады. Демек, қазақ поэзиясының түп тамыры қара өлеңнен бастау алады.
“Частушкамен” салыстырмалы ұқсастығы
- Қара өлең жоғарыда айтылғандай орыстардың частушкасына ұқсас дедік. Соған тоқталып өтейік.
- Қара өлең мен частушкада да халықтың тағдыры, мұң-зары, махаббат тақырыптары кеңінен қолданылады.
Мысалы, қара өлеңде:
- Ат көркем көрінеді тұрманменен,
- Дүние жеткізбейді қуғанменен
- Қарайып көкіректі кір шалғанмен
- Не пайда су кетіріп жуғанменен, — десе, частушкада:
- Все угоры, все угоры,
- Все угоры да пески.
- Никакого нет веселья,
- Кроме горя да тоски.- деген жолдардан екі халықтың тағдырының, мұң-зарының ұқсастығын көреміз.
“Частушкамен” салыстырмалы айырмашылығы.
Қара өлең — қазақтың ежелгі өлең түрі. Ал, Частушканы орыстар өлеңнің көне түрі деп есептемейді. Керісінше, фольклордың жас жанрларының бірі деп есептейді.
Венн диаграммасына салып қарасақ,
Қара өлеңді ақындар да өздерінің шығармаларына арқау еткен. Ақындар қара өлеңді қасиет тұтады, пір тұтады. Мысалы, күйшіні домбырасыз елестету мүмкін емес.Сол сыкылды ақын өлеңсіз өмір сүре алмайды. Ал поэзияның атасы қара өлең екенін төмендегі ақындар өлеңінен көреміз.
- Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін, - Шекпен жауып өзіне қайтарамын-деп ақиық ақын Мұқағали жырлап кеткен.
- Қара өлеңнің мекені – Қарауылға келемін,
- Қара өлеңнің қамы еді, қарап жүрмей жегенім.
- Қарағанның ішіне көп тығылып ойнайтын,
- Қара өлеңге құмартқан қара бала мен едім, — деген Қалқаман Сарин да
өз өмірін қара өлеңмен тығыз байланыстырады. Міне, қара өлеңнің құдіреттілігі, қара өлеңнің құндылығы осындай биік тұлғаларды қалыптастырды.
- Қорытынды
- Жан-жақты талдаудың нәтижиесінде қара өлеңдердің тәрбиелік мәні мен танымдық қырлары ашыла түсті:
- Қара өлең ауыз әдебиетінің көне түрі.
- Қара өлеңдерде қазақ халқының тарихы, тіршілігі, тынысы сезіледі.
- Қара өлендер арқылы әлеуметтік мәселелер көтеріліп, ұнамсыз қылықтар сыналады. Ата-бабаларымыздың өмір тәжірбиесінен алған тәлімін жастарға ақыл-өнеге ретінде бағыттайды. Бірлік, ынтымақ – игі өмірдің кепілі екенін айтады.
- Жас ұрпақты ұлтжандылыққа, адамгершілікке, өнер-білімге үйретеді.
Енді өзімнің ұсынбамды айтар болсам:
- Балаларға өз өлкесін танып білуге демеушілік көрсету.
- Жүйелі түрде мектепте өлкетану үйірмелерін ұйымдастыру, зерттеу жұмыстарын жүргізу.
- Жиі-жиі Жаңақала өңірінде экспедицияларға шығу, туған жер тарихымен, әдебиетімен танысуға кеңінен мүмкіндік алу, қорытынды конференциялар өткізу.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1.Қазақ әдебиеті энциклопедиясы.
2.Халық ауыз әдебиеті