Түркі халықтарының музыкалық аспаптары
Сабақтың тақырыбы: Түркі халықтарының музыкалық аспаптары
Сабақтың мақсаты: Саз өнері туралы әңгімелеу,бауырлас халықтардың аспаптарымен таныстыру.
Білімділік мәні: Бауырлас халықтардың музыкалық аспаптарын тану,талдау,ажырата білу.
Дамытушылығы:Аспаптардың құрылымын,топтарын,айырмашылығын
насихаттау,тану,дамыту.
Тәрбиелік мәні:Оқушыларға сахна мәдениетін бойына сіңіру,әнге,күйге баулу.
Сабақ типі: Жаңа сабақ
Көрнекілігі: интерактивті тақта,карточкалар,бейнетаспа,музыкалық
аспаптар(шаңқобыз,домбыра,шертер,сыбызғы,сазсырнай,қобыз,жетіген,
тұяқтас,мүйіз,сылдырмақ,даңғыра, т.б.) қосымша суреттер,слайдтар.
Пәнаралық байланыс: Әдебиет,тарих.
Сабақтың барысы:
I.Ұйымдастыру кезеңі:
Психологиялық дайындық:
Саламатсыңдарма балалар?
Үлкендерге сіз,
Кішілерге біз.
Әдеппенен бас иіп,
Сәлембердік біз!
Шаттық шеңбері. «Домбыра»
Домбыраны қолға алып,
Күйшілерше шертейік.
Бишілерше бұралып,
Дөңгелене билейік.(балалар тақпақты айта отырып, «Айналма», «Домбыра», үлкен және кіші шеңбермен жүріп,қимылмен көрсетеді) Оқушылар осы кезде 3 топқа бөлінеді.
II.Үй тапсырмасын сұрау.
«Екі ішектің бірін қатты,бірін сәл-сәл кем бұра.
Қазақ нағыз қазақ емес,
Нағыз қазақ домбыра»,- деп ақын Қадыр Мырзалиев ағамыз айтқандай,біз балалар өткен сабақта қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарымен танысқан болатынбыз.(Аспаптың суреттерімен безендірілген карточка таратылады.)
«Галерея» әдісі». (Карточкадағы сұрақтарға оқушылар жауап беріп,аспаптардың суреттерін әдемілеп плакатқа орналастырады.)
-Қанекей, қандай қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын білесіңдер? (домбыра,қобыз,шертер,жетіген,асатаяқ,дауылпаз,даңғыра,дабыл,шаңқобыз,
сыбызғы,сазсырнай,мүйіз сырнай,үскірік,ұран т.б)
-Аңыз бойынша домбыра аспабы қалай пайда болған?
«Қос ішек» күйінің аңызын балалар кім айтады? (Ертеде бір аңшы жігіт болыпты.Сол аңшы жігіт биік таудың қиясын,қалың қарағайдың арасын тұрақ еткен бұғы-маралды атып алады да етекке түсіру үшін ішек қарнын ақтарып алып тастайды.Содан арада айлар өтеді,жігіт баяғы теңбіл маралды атқан жерге соқса,құлағына бір ызыңдаған дауыс естіледі.Ішектерді қарға-құзғын іліп ұшқан болу керек,қарағайдың бұтағына қос тін болып керіліп қалғанын көреді.Ызыңдаған дыбыстың сол ішектен шығып тұрғанын көреді.Ішектер жел тербесе ызыңдап,бірде сарнап,бірде сыңсып жылағандай түрлі күйге түсіреді.Сол жерде аңшы жігіт,ішекті үйге алып келеді де,бір аспап жасап,тартып көрсе,қос ішекке тіл біткендей сұңқылдап қоя береді.)
-Домбыра аспабы қандай бөліктерден тұрады?
(Домбыра аспабының бірнеше түрі бар.Екі ішекті,үш ішекті болып келеді.)
-Ішекті аспаптарды ата! (домбыра,қобыз,шертер,жетіген)
-Жетіген аспабының тиегі неден жасалады?
(Аспап тұтас ағаштан ойылып жасалады,шанағы көн теріден қапталады да,ал күйге келтіру үшін тиек орнына асық қойылады.)
-Сілкімелі аспаптарға қай аспаптар жатады? (Асатаяқ,қоңырау,сақпан,тұяқтас,шартылдауық.Асатаяқ қазақ халқында ұлттық билерді сүйемелдеу үшін қолданған.)
-Үрмелі аспаптар жайлы не білеміз,не себептен бұл аспаптарды үрмелі аспаптар дейміз?
(Орындалу әдіс-тәсіліне қарай оларды топқа бөлеміз.Атап айтатын болсақ үрмелі аспаптарға:сыбызғы,сазсырнай,мүйіз сырнай,ұран,үскіріктер жатады.)
-Иә,балалар саз сырнай,мүйіз сырнай неден жасалады екен,кім біледі? (Саз балшықтан иленіп,отқа күйдіріліп оны оюлармен әшекейлеп,дыбысты тесіктерді жауып ашу арқылы шығарады.Ал мүйіз сырнай атының өзі айтып тұрғандай жануарлардың мүйізін тазалап,кептіріп,оған мүштік қойып ойналады.)
-Ұран аспабын халық қай кезде пайдаланған?
(Оны бұрын жауынгерлер көп пайдаланатын болған,яғни жаудың келе жатқаны туралы хабар беру үшін.)
III.Жаңа сабақ түсіндіру.
Бауырлас халықтар дегеніміз кімдер? (қырғыз,өзбек,ұйғыр,татар,түркімен т.б.)
Ендеше бүгінгі өтетеін тақырыбымыз :
«Түркі халықтарының музыкалық аспаптары».
Орта Азияда тұратын қырғыз, өзбек, түркімен , тәжік халықтарының тілдері, діни наным — сенімдері,салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары бір-біріне өте жақын болып келеді.
Сондай – ақ, олардың мәдениеті мен өнері де бір-бірімен қабысып, ұштасып жатады. Ол елдердің музыкасы мен музыкалық аспаптарында да көптеген ұқсастық бар.Ендеше әр топқа мынадай тапсырмалар беріледі:
1-топқа өзбек халқының музыкалық аспаптарымен таныстыру
2-топқа түрікмен халықтарының музыкалық аспаптарымен таныстыру.
3-топқа қырғыз музыкалық аспаптарымен таныстыру.(Оқушыларға дайындалуға 10мин.уақыт беріледі.Дайындалған топтар тақтаға шығып постер қорғайды.)
Мысалы: Өзбек халқында Шығыс халықтарының көпшілігіндегі тәрізді фольклордың үлкен екі тармағы бар.
Оның бірі- халық шығармашылығы және ауызша дәстүрлі өнер-макомдар.
Өзбек ән жанрындағы салалар: терма,қошук,лапар,ялла,ашула.
Өзбек халық музыкалық аспаптары:
Ысқышпен ойналатын аспаптар:гиджак, сато, сетор.
Шертіп тартаны ішекті аспаптар: дутар, танбур, уд, рубаб.
Ұрмалы аспаптар:дойра, нагора, сафаиль.
Үрмелі аспаптар: сибизик, буламан, сурнай, кошнай, най, гаджир, карнай.
Түркімен халықтарының музыкалық аспаптары:
Шертіп тартатын ішекті аспаптар:дутар
Ысқышпен ойналатын аспаптар:гиджак
Үрлемелі аспаптар: тюйдук, дилли -тюйдук, гопуз
Қырғыз халықтарының музыкалық аспаптары:қомыз, қыл қияқ, жығаш, ооз қомыз, темір қомыз, гоор, сырнай, керней, добулпаз, доор.
(Қосымша аспаптар туралы түсінік беріледі,слайд көрсетіледі.)
Қырғыздың «Жылкычы» әні бейнетаспадан тыңдатылады.
Қырғыз халқының әні «Қызыл өрік» әнін автордың орындауында тыңдата отырып,балалардың ойларын сұрай отырып,осы әнді жергілікті әншіміз А.Жеменейдің орындауында тыңдату арқылы сергіту сәтін өткізу.
Сергіту сәті. Қырғыз әні «Қызыл өрік».
Дауыс ашу жаттығулары.Қазақ халқының мақал-мәтелдерін әуенге келтіріп әндетіп,дыбыс қатары бойынша жоғарылатып әндету және төмендету)
Ө-нер-ді үй-рен, үй-рен-де жи-рен.
(до-ре-ми-фа-соль, соль-фа-ми-ре-до)
Ән үйрену «Достық»
Сөзін жазған Е. Елубаев
Әнін жазған И.Нүсіпбаев
Ортақ мекен жер шары,
Төбемізде бір аспан.
Барлық ұлттың баласы,
Достығымыз жарасқан.
Ортақ бізге бір Отан,
Ортақ жердің байлығы.
Еңбек ортақ, жыр ортақ,
Ортақ бізге барлығы.
Туыспыз біз бәріміз,
Біз Отанды сүйеміз.
Бақытты елде туған соң,
Бақытты өмір сүреміз.
IY.Қорытындылау.
Тест сұрақтарымен жұмыстану.
- Қай халықта тақырыптық ән жанры дамыған?
а) қырғыз
ә) тәжік
б) башқұрт
в) татар
- Түрікмен халық музыкасында қандай музыкалық жанр дамыған?
а) балет
ә) опера
б) вокалды би жанры
в) хор
3.Өзбек халқының фольклорында ауызша дәстүрлі өнер қалай аталады?
а) газель
ә) макомдар
б) айтыс
в) жыр
- Түрікмен халқының би үлгісі қалай аталады?
а) павана
ә) пулитдепме
б) чардаш
в) әкосез
- Қырғыз халқының музыкалық аспабын ата:
а) қыл қияқ
ә) кошнай
б) сетор
в) пангар
- Қырғыздың халық аспаптары қанша дауысты болып келеді?
а) 2-3
ә) 3-4
б) 1
в) 4-5
Y.Бағалау. «5»-ті қызыл түспен, «4»-ті көк түспен, «3»-ті сары түспен
Бағалап,оқушылардың қолдарына түсқағаздар беріледі.
YI.Үйге тапсырма. «Достық» әнін жаттап,әндету.Түркі халықтарының музыкалық аспаптарынан сөзжұмбақ дайындау және суретін салу.