Тақырыбы: «Музыканы оқыту әдістері»
Баяндама
Тақырыбы:
«Музыканы оқыту әдістері»
Музыканы оқыту әдістері
Музыканы оқыту білім беру мазмұны мен мақсатын дұрыс анықтаумен ғана шектелмейді. Оқыту мақсаттарына қандай амал, жолдармен жету керектігі музыкалық білім беру дидактикасындағы ең маңызды мәселе болып табылады. Себебі білім берудің тиімділігі әрдайым оқыту әдістерін дұрыс таңдауға тікелей байланысты болады.
«Әдіс» термині гректің «metodos», яғни ақиқатқа, күтілетін нәтижеге қол жеткізудің жолы, амалы деген ұғымды білдіреді. Педагогикалық әдебиеттерде әдіс ұғымына берілген көптеген анықтамаларды кездестіруге болады. Жалпы алғанда оқыту әдістері білім берудің мақсаттары мен міндеттерін шешуге бағытталған жолдар және амалдар жиынтығы болып табылады.
Оқыту әдістері келесі үш белгімен сипатталады. Олар: оқыту мақсаты, меңгерту амалы және оқыту субъектілерінің өзара әрекеттесу сипаты. Демек, оқыту әдістері төмендегілерді қамтиды:
— мұғалімнің оқыту жұмысының және оқушылардың оқу жұмыстарының өзара байланысты амалдары;
— олардың оқытудың түрлі мақсаттарына жетудегі жұмыстарының ерекшеліктері.
Мұғалім мен оқушылардың іс-әрекетінде қолданылатын оқыту әдістері – ақпараттандыру (мұғалім оқу материалын баяндайды, түсіндіреді); оқушыларға практикалық дағды, іскерліктерді үйрету; оқушылардың танымдық іс-әрекетін дамыту; мұғалімнің оқушылардың танымдық іс-әрекетіне жетекшілік ету функцияларын орындауы.
Оқыту процесінің мәні және оқыту мақсаттарының көп аспектілігі «оқыту әдістері» ұғымын түсіндіруде сан түрлі трактовкалардың қалыптасуына ықпалын тигізеді:
— «…білім мазмұнын меңгертуді қамтамасыз ететін мұғалім мен оқушының өзара байланыстағы бірізді әрекет ету жүйесі (Педагогикалық энциклопедиялық сөздік); »
— «…білім мазмұнын меңгертуге тұрақты түрде жүргізілетін, яки мақсатқа қол жеткізетін оқушының танымдық және практикалық іс-әрекетін ұйымдастырудағы мұғалімнің бірізді әрекеті « (И.Я. Лернер);
— «…мұғалімнің оқушының танымдық әрекетіне жетекшілік ету амалы» (Т.А.Ильина);
— «…мұғалімнің зерттелетін материалды меңгертуге бағытталған, түрлі дидактикалық тапсырмаларды шешу бойынша оқушының оқу-танымдық іс-әрекетін ұйымдастыру және оқыту жұмысының амалы» (И.Ф. Харламов);
— «… білім мазмұнының белгілі бір бөлігін жеткізуге бағытталған және нормативтік жоспарда көрініс тапқан, оқу жұмысының нақты формаларында жүзеге асырылуы мақсатындағы оқыту мен іс-әрекеті үлгісі» (В.В. Краевский);
— «… оқу процесінің жетекші міндеттеріне, мақсаттарына сай пәннің мазмұнын меңгертуді ұйымдастыру амалдары» (Э.Б. Абуллин);
Жоғарыда келтірілген тұжырымдарды салыстырмалы түрде талдау, арқылы оларда мұғалім мен оқушының іс-әрекеті (оқыту процесінің мәні, оның екі жақты сипаты), оқыту процесінің нәтижесі (дамытушылық, білімділік, тәрбиелік) көрініс тапқанына көз жеткіземіз. Осы ретте музыканы оқыту әдістерін оқу процесінің жетекші міндеттері мен мақсаттарына сай музыка пәнінің мазмұнын меңгертуді ұйымдастыру амалдары деген анықтаманы негізге алуға болады. Себебі онда музыкалық білім мазмұны сияқты оқу процесінің негізгі құрылымдық компоненттері көрініс тапқан.
Мұғалім мен оқушының біріккен іс-әрекетін бейнелейтін оқыту процесінің екі жақты сипаты оқыту әдістерінің де дәл осылай екі жақтылығын анықтайды. Осыған байланысты мұғалім тарапынан ақпараттық, басқарушылық, оқушылардың танымдық қабілетін дамыту, т.б. және оқушылар тарапынан білімді алу, меңгеру, тыңдау, бақылау, практикалық, лабораториялық жұмыстар орындау сияқты әдістерді атап кетуге болады.
Сөздік әдістер. Бұл әдістің көмегімен ақпараттар жеткізетін құралдар мұғалімнің сөзі және баспа сөздері болып табылады. Оларға әдістер жүйесінде жетекші орын алатындар кіреді: әңгіме, әңгімелесу, түсіндіру,дискуссия, лекция, кітаппен жұмыс.
Көрнекілік әдістер әр түрлі суреттер, репродукциялар, кестелер, үлгілердің көмегімен табиғи түрде немесе символдық түрде бейнеленген қоршаған ортадағы құбылыстармен қылылығын, өнердің, қоғамдық сананың басқа да түрлерімен ұқсастығы мен айырмашылығын ұғындырады.
Талдап қорыту әдісі музыкалық сабақтарды ұйымдастырудың жетекші әдісі ретінде оқушылардың музыка өнеріне саналы қарым-қатынасын дамытуға, көркемдік ой-өрісін қалыптастыруға бағытталады. Музыкалық талдап қорыту әдісі, оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастыру аиалдарының жиынтығы ретінде, олардың музыка жөніндегі негізгі білімін меңгертуде, жетікші іскерліктерін қалыптастыруда қолданылады. Бұл әдіс бірізділікті әрекеттерден құралады.
Бірінші әрекет оқушылырға тән бағдарламасының тақырыптарымен танысу, тереңдете меңгертуге қажетті музыкалық тәжірибесін белсенділікпен пайдалануға талпындыру мақсатын жүзеге асырады.
Аталған әдісті қолдануда мұғалімге нақты жағдайға сәйкес ең қолайлы, тиімді, қажетті жақтарын таңдай білу міндеті жүктеледі. Педагогикалық бақылау және баға беру тәсілдері музыка сабақтарында оқушылардың жетістіктері мен кемшіліктерін есепке алуды қолданылатын әдіс. Олар оқушылардың музыкалық даму барысында түзетулер енгізуде қосымша роль атқарады. Бақылау мен тексеру оқу процесінің өзінше жеке элементі болып шет қалмауы, керісінше білімділік, дамытушылық, тәрбиелік, талпындыру функцияларын атқарып отыруы тиіс.
Музыкалық білім беру жетістіктеріне қол жеткізу оқыту әдістерін қолайлы етіп таңдап алуға байланысты. Ол үшін келесі өлшемдерді негізге алуға болады:
— оқу материалының мазмұны мен жалпы мақсаттары;
— оқу пәнінің ерекшелігі;
— дидактикалық талаптар;
— оқушының жас ерекшелігі;
— оқушылардың музыкалық білім саласындағы теориялық, практикалық даярлық деңгейі;
— оқушылырдың музыкалық тәрбиелік деңгейі;
— оқушылардың жеке дара ерекшеліктері;
— мектептің әлеуметтік ортасы, материалдық-техникалық базасы;
— музыка пәні мұғалімінің кәсіби шеберлік және тәжірибе деңгейі.
Музыканы оқытуды ұйымдастыру
Мектептегі оқытуды ұйымдастыру формалары педагогика тарихындаең пікірталасты проблеме болып келді. С.И. Ожеговтың түсіндірме сөздігінде «форма – белгілі бір мазмұнымен шарттасатын түр, ұйымдастыру, құру, тип, құрылым, түзіліс» деп пайымдалса, философиялық энцоклопедияда бұл термин «мазмұнның іштей ұйымдастырылуы» — деп тұжырымдалған. Ал, оқытуға келсек, форма – ол оқыту процесінің арнайы түзілімі. Бұл түзілім оқу процесінің мазмұнына, әдістеріне, тәсілдері мен құралдарына, оқушылардың іс-әрекет етуіне сипат алады. Яки оқытудың осындай түзілімі оқу материалын меғгеру барысындағы мұғалім мен оқушының өзара әрекеттесуінде көрініс алады. Олай болса, оқыту формасы деп белгілі бір оқу материалын және іс-әрекет ету амалдарын меңгеруде мұғалім мен оқушының өзара әрекет етуінде жүзеге асырылатын оқыту процесі бөліктерінің түзілімі мен циклдарын айтамыз.
Оқытуды ұйымдастыру формалары дидактика саласындағы түрлі өлшемдерге байланысты былайша жүйеленген:
— оқушылардың саны;
— оқу орны;
— оқыту дәрістерінің ұзақтығы.
Оқушылардың санына байланысты көпшілік, ұжымдық, топтық, микротоптық, жеке оқыту формалары; оқыту орны бойынша мектептегі, мектептен тыс ұзақтығына байланысты классикалық сабақ, қосарлы сабақ, қысқартылған сабақ және бастауыш сыныптарда қолданылатын «қоңыраусыз» еркін созылатын сабақтар болып бөлінеді.
Педагогика ғылымы мен практикасында уақыт талаптарына сәйкес сабақты өткізудің түрлі жолдары қарастырылып, оны жетілдіруде қыруар ізденістер жүзеге асырылды. Сабақта ұйымдастыруда оқушылардың танымдық іс-әрекетін белсендіру, ақыл-ойын дамыту, шығармашылықты өздік ізденіске баулу және т.б. проблемалар бойынша толассыз ғылыми ізденістер жүргізілді.
Өнер пәні ретінде ән-күй сабақтарын ұйымдастыру проблемалары жөнінде О.А. Апраксина өз еңбектерінде тұжырымды пайымдаулар жасады. Оның пікірінше, музыка мектеп пәні ретінде өзге сабақтармен ортақ ұқсастығы бар болуымен қатар, оған мынадай ерекшеліктер де тән:
1) Өзге пәндер сияқты музыка сабақтарының құрылымы психологиялық-педагогикалық заңдылықтарға сүйенеді;
2) Өзге пәндерді оқыту сияқты музыка сабақтары жалпы дидактикалық принциптерді ұстанады;
3) Музыка пәнін оқыту өзге пәндермен және ұйымдастыру формаларымен байланысты болады;
4) Ұйымдастыру формаларының әртүрлілігіне қарамастын, музыка сабағы бір тұтастықта болуы тиіс;
5) Өзге пәндермен ортақтастығы – онда негізгі оқыту әдістері де қолданылатындығында.
О.А. Апраксина музыка сабақтарының басқа да ерекшеліктерін ашып көрсетті:
— Бірінші ерекшелігі – музыка сабағы өнер сабағы. Себебі музыка өнері оқушының сезімі мен эмоциялық сферасын қамтитын болмысты бейнелейтін ерекше формасы. Музыкаға оқытуда танымдық процестің өзі тек ой-сананың әрекеті ғана емес, эмоция мен ойдың, сана мен сезімнің бірлігінде жүзеге асырылады;
— Екінші ерекшелігі – музыка адамның психикасына, моторикасына және физиологиялық процестерге кешенді түрде ықпал етеді. Яки адамды түрлі психикалық кейіпке түсіреді, оның бойында түрлі психикалық процестер мен физиологиялық процестер жүріп жатады;
— Үшінші ерекшелігі – міндетті түрде саналылық пен эмоционалдық бірлестік болуына байланысты, сабақтың әр элементі балалардың белсенді қызығушылықты қарым-қатынасын тудырады;
— Төртінші ерекшелігі – музыка сабағында эмоционалдық пен саналылықтың бірлігі ғана емес, көркемдік пен техникалық бірлік те орын алады. Сондықтан тыңдауға, ән салуға арналған репертуар мен қатар жаттығулар да көркем болуы тиіс. Тіпті унисонда орындалған бір дыбыстың өзі де әдемі, әрі көркем орындауды талап етеді. Ондай көркемдік орындаушылық техникасын меңгеруге тікелей тәуелді болады. Сондықтан оқу материалдары ретіндегі музыкалық шығармалардың мәнері образдылығы, көркемдік пен техникалықтың бірлігінде жүзеге асырылуы тиіс.
Сонымен, музыка сабақтары мектептегі өзге пәндермен ортақ белгілерін сақтай отырып, өзіндік ерекшеліктерін де сақтауы тиіс. Ондай ерекшелік, біріншіден, оқу материалы; екіншіден, оқушының танымдық, сондай-ақ оқушының жалпы жалпы және арнайы қабілеттерінің дамуы; үшіншіден, оқыту әдістері; төртіншіден, қолданылатын техникалық құралдар; бесіншіден, музыка пәні мұғалімінің тұлғалық, кәсіптік мүмкіндіктері арқылы көрініс табады.
О.А. Апраксина өнер пәні ретінде музыка пәнінің өзіне тән ерекшеліктерін және оқыту заңдылықтары мен принциптерінен туындайтын білім беру, тәрбиелік, ұйымдастыру талаптарын былай қарастырады:
— музыка сабағының білім беру міндеттерінің нақты айқын болуы;
— музыка сабағының мазмұны оқу бағдарламасына, сабақтың мақсатына, оқушының даярлық деңгейлеріне сәйкес анықталуы;
— музыка оқыту әдістерін қолайлы етіп таңдау;
— педагогикалық байланыстардың болуы;
— музыкалық білім беру педагогикасының ғылыми жетістіктерін пайдалану;
— жеке тұлғаның барлық сферасын дамыту;
— жалпыпедагогикалық іскерліктердің дамуы;
— музыкалық білім, іскерлік, дағдыларын меңгерту;
— музыкалық тәрбие міндеттерінің нақты қалыптасуы;
— музыкалық дүниетанымын дамыту;
— оқушылардың танымдық қызығушылықтарын қалыптастыру;
— музыканы оқытудың психологиялық ерекшеліктерін ескеру;
— педагогикалық әдеп, оқушылардың адамгершілік сапа-қасиеттерін дамыту;
— музыка сабақтарын нақты жоспарлау;
— музыка сабақтарының белгіленген құрылымын сақтау;
— музыка оқытудың түрлі құралдарын қолдану;
Музыкалық білім беру педагогикасында музыка сабақтарын өзінің дидактикалық мақсаты, мазмұны және оқыту әдістемесіне қарай түрліше жүйелеу ұсынылған. Соңғы жылдары педагогикалық технология идеясының жандануы, білім беру саласына ғылыми-техникалық жетістіктердің ендірілуіне байланысты сабақ беруді жетілдіру, оны ұйымдастырудың тың жолдары іздестірілуде.
«Музыкалық білім беру педагогикасының жанры» — дегеніміз музыкалық-педагогикалық туынды ретіндегі сабақтың өзіне тән образын, эмоционалдық сферасын, музыкалық-педагогикалық құрылымдарын бейнелейтін мазмұны мен ұйымдастырылуының жиынтықты сипаттамасы. Сөйтіп, сабақтың музыкалық-педагогикалық поэма құрылымдарына сәйкес, ода, аңыз, фреска, вернисаж сияқты түрлі жанрларды тиімді пайдалана білуге болады. Сонымен бірге рондо, вариация, реприза сияқты музыкалық формалардың құрылымы музыка сабақтарының құрылымына сай келеді.
Музыка сабағы — музыкалық білім беру процесін ұйымдастырудың негізгі формасы. Оның мақсаттары мен міндеттері, мазмұны, әдіс-тәсілдері музыка сабағының типтері мен құрылымын анықтауға арқау болады. Басқа да оқу пәндері сияқты музыка сабақтары мұғалімнің жоғары музыкалық-педагогикалық даярлығын, оқушылардық педагогикалық-психологиялық ерекшеліктерін білуді, музыка сабақтарын ұйымдастырудың бұған дейін белгілі болған амал-жолдарын біліп қана қоймай, оның жаңа жолдарын іздестіруді, сөйтіп музыка сабақтарын оқыту тәжірибесін үнемі байытып отыруын талап етеді.
Музыка пәні мұғалімінің сабақтарды өткізуге даярлығы басты екі кезеңнен оқу пәнін жүргізудегі жалпы және әрбір жеке сабақты өткізуге даярлығынан құралады. Жалпы даярлық барысында мұғалім оқушылардың пәнге деген қызығушылығын, қарым-қатынасын, бейімділіктерін және музыкалық даму деңгейлерін зерттейді. Музыка пәні мұғалімінің әрбір жеке сабаққа даярлығы да едәуір ізденісті, шығармашылықты талап етеді. Бұл жұмыстың алғашқы кезеңінде оқу материалының мазмұны ойластырылады. Әрине, мұғалім тек бағдарламада қарастырылған оқу материалымен шектелмей, оқулықтарда, көмекші құралдарда берілген дидактикалық материалдарды мейілінше терең меңгеруі тиіс.
Музыка сабақтарын жүргізу үшін типтік бағдарлама негізінде құрылған күнтізбелік-тақырыптық жоспарда бірізділікпен жоспарланған тақырыптардаң білімділік, тәрбиелік мақсаттары, қысқаша мазмұны, сабақтың түрі, әдістері, қолданылатын көрнекіліктері, оқушылардың өз бетімен орындайтын жұмыстары, білім жетістіктерін бақылау және тексеру формасы, әр тақырыптың өтетін мерзімі көрініс табады.
Музыка пәні мұғалімі сабақты жоспарламас бұрын, ең алдымен оқушылар белгілі бір тақырыпты зерделеу барысында, яки есте сақтау, білу оқу дағдылары және алған білімдерін түрлі ситуацияларды қолдану сияқты нәтижелерге қол жеткізуі керектігін нақтылап белгілеп алғаны жөн.
Жеке сабақтарды ұйымдастыру күнтізбелік-тақырыптық жоспардың негізінде жүзеге асырылады. Әсіресе, қызметін жаңа бастаған оқытушылар сабақтың мазмұнын, оқыту әдіс-тәсілдері нақтылы белгіленген конспект дайындаған дұрыс.
Оқытудың нәтижелерін бақылау мен тексеру оқыту процесінің міндетті компоненттерінің бірінен саналады. Оның мәні пән бойынша оқушылардың меңгерген білім деңгейлерінің білім стандартына сәйкес құрылған бағдарламалық талаптарға сай болуын анықтау болып табылады. Кеінгі кезде оқыту процесінде осы жұмысты тиімділікпен жүзеге асыруда «педагогикалық диагностика» жиі қолданылып жүр:
1) алдын-ала тексеріс, мұғалімнің сабақты өткізуге дайындаған жоспары, материалдары қаралады және түсіндірудің, бекітудің, оқушылардың өздік жұмыстарының тәсілдері, әдісі, формалары жөнінде әңгімелесу жүргізіледі;
2) ағымдағы тексеріс, сабақтардың жүргізілу барысы тікелей бақыланады, оқушылардың білімі, дағдыларының деңгейі, оқушылардың шығармашылық тапсырыстарды орындау сапасы тексеріледі. Бұндай тексерудің барысында оқушылардың ұжымдық топпен бірге және жеке орындайтын музыкалық іс-әрекеттері есепке алынады;
3) қорытынды тексеріс, жарты жылдықта немесе оқу жылының аяғында оқушыларға білім мен тәрбие беру жұмыстарының нәтижелері сарапталады. Оларды сабақ-концерт түрінде де өткізуге болады. Себебі музыка сабағында музыкалық іс-әрекеттер негізінен ұжымдық түрде жүзеге асырылатындақтан, тексеруді де ұжымдық формада ұйымдастыру мүмкіндіктері бар.
Дидактикалық тесттер оқыту нәтижелерін тексеру мен баға беруде кейінгі жылдары көптен қолданылуда. Оларды жалпылама төрт типке бөліп қарастырымыз:
— есте сақтауға және еске түсіруге тиісті мағлұматтар, фактілер, ұғымдар, заңдар, теория туралы білімдерді тексеру;
— зерделенген материалдарға өз бетімен сыни тұрғыдан баға беру іскерліктерін тексеру;
— алынған мағлұматтар негізінде білімдерін жаңа нақты ситуацияларды пайдалана білу іскерліктерін тексеру.
Оқушылардың білім, іскерлік, дағды деңгейлерін тексеру, оқыту процесінің құрамдас бөлігі бола отырып, оқушылардың оқу жұмысын тек қана тексеру емес, тәрбиелік, дамытушылық қызметтер де атқарады.
Тексеру әдістерін таңдау иексерушінің алға қойған мақсаттары мен міндеттеріне тікелей байланысты. Оқушылардың үлгерімі мен білім сапасын тексеруде, оның жүйелілігі мен тереңдігін қамтамасыз ету үшін, бұдан да басқа қалыпты емес түрлері, айталық, өздік баға беру, өзара баға беру сияқты әдістер қолданылады.