Орамалды әшекейлеу
Ақтөбе облысы
Шалқар қаласы
«Балдырған» санаториялық үлгідегі мектепалды балалар мекемесінің тәрбиешісі Қоңырова Құралай Серікқызы
Білім саласы: Шығармашылық
ҰОІӘ: Жапсыру
Тақырыбы: Орамалды әшекейлеу
Мақсаты: Балаларға дайын суретті қағаз бетіне дұрыс орналастырып,
жапсыруды үйрету. Желімді дұрыс пайдалануға, тазалыққа,
ұқыптылыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу. Балалардың қол, саусақ
икемділіктерін, ойынға ынталарын арттыру.
Көрнекілігі: орамал, ақ қағаз, желім, суреттер, жапырақтар.
Әдіс-тәсілі: көрнекілік, түсіндіру, ойын
- Ұйымдастыру.
(балалар топқа кіріп жарты шеңбер құрып тұрады, амандасады)
Шаттық шеңбері «Угәй-ай» әнімен
Ұшып жүрген аспанда
Ала қарға угәй-ай
Өлең айтып берейік,
Апайларға угәй-ай
Угәй, угәй әніміз
Арпа-бидай дәніміз
Ашық болып аспаным
Сәтті болсын күніміз!
— Бәрекелді, балалар өте әдемі тілек айттыңдар, рахмет!
Балалар бізде бүгін ерекше күн, бізге апайларымыз қонаққа келіп отыр, осы апайларымызды таң қалдырайық. Ол үшін ойынға жақсы қатысып, жақсы жауап беріп отырайық, жарайма?
(балалар орындарына отырады)
— Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
— Күз мезгілі
— Ендеше «Күзгі бейне» деген ойын ойнайық. Мына үстел үстінде жылдың төрт мезгіліне қатысты суреттер жатыр соның арасынан тек күз мезгіліне қатысты суретті алып мына жазық далаға орналастырамыз, және қандай ерекшелік екенін айтамыз. (балалар біртіндеп ойын ойнайды)
— Аспанда қою бұлттар жүреді.
— Құстар жылы жаққа ұшады.
— Талдардың жапырағы сарғаяды.
— Жапырақтар жерге ұшып түседі.
— Шөптер сарғайып қурап кетеді.
— Жаңбыр жауады.
— Адамдар қалың киінеді.
— Бау-бақша, жеміс-жейдектер піседі.
— Жарайсыңдар балалар. (осы кезде есік қағылып ішке аула сыпырушы апай кіреді)
— Саламатсыңдар ма балалар? Мен аула сыпырушы апаймын, мына күз мезгілінің суығын-ай, есіктің алдын сыпырып жүр едім, қатты жел тұрып, басымдағы орамалды ұшырып әкетті, онымен қоймай жаңбыр жауып кетті ғой. Мына әдемі алтындай жапырақтарды теріп үлгердім-ау, осыны сендерге берейін деп келіп едім,
— Балалар олай болса апайға көмектесейік. Апайға әдемі орамал жасап береміз бе?
— Апай сіз шаршап, жаураған шығарсыз, отырып дем алыңыз.
— Балалар, орамал әр-түрлі болады. төрт бұрышты, үш бұрышты, гүлді, әртүрлі өрнекті, түрлі түсті немесе аппақ бір түсті болады. Орамалыды әжелер, мамалар бастарына тартады. Жұқа, қалың түрлері де болады. Алдымыздағы орамалды әдемілеу үшін біздер апайдың жинаған алтындай сап-сары жапырақтарын пайдаланамыз. (Қағаз бетіне жапырақты жапсыру) балалардың жұмысы.
Сергіту сәті. «Отбасында нешеуміз?»
Бас бармағым – атам,
Балан үйрек -әжем,
Сұқ саусағым — әкем.
Шылдыр шүмек –анам,
Кішкене бөбек- мен
Отбасында нешеуміз?
Отбасында бесеуміз.
— Балалар орамалды сендер өте әдемі етіп әшекейлепсіңдер, бәрекелді, жарайсыңдар!
— Орамалымыздың түсі қандай?
— Пішіні ше?
— Үстіндегі жапырақтың түсі қандай?
— Орамалды кімдер тағады?
— Аула сыпырушы апай қай орамал көңіліңізге қатты ұнап тұр таңдап алыңыз.
(аула сыпырушы апай балаларға баға беріп өзіне несімен ұнағанын айта отырып орамал таңдайды)
Релаксация.
Орамалды сыйқырлау. Балалар үстелді айналып тұрады, ең әдемі жасалған орамалды сыйқырлайды. (қолдарымен қимылдар жасап, ауыздарымен үрлейді, осы кезде әдемі шын орамал шыға келеді, оны аула сыпырушы апайға сыйлайды)
— Ой, балалар, қандай кереметсіңдер, өздерің кіп-кішкентай шебер сыйқыршысыңдар ғой, рахмет сендерге, осындай ұқыпты, таза, әдемі балалар болып жүре беріңдер, күн басылыпты (терезеге қарап) мен барып жұмысымды жалғастырайын. Сау болыңдар.
Ойын: «Орныңды тап»
— Балалар ойын ұнады ма?
— Сендер бүгін не жасап үйрендіңдер?
— Оны кімге жасап бердіңдер?
— Осылай үлкендерге көмектесіп жүрелік, ойынға жақсы қатыстыңдар, рахмет!
Күтілетін нәтиже
Біледі: Орамалды әшекейлеуді
Игереді: Ұқыпты, таза жапсыруды
Меңгереді: саусақпен жұмыс жасуды үйренді.