Ә. Кекілбай. «Тасбақаның шөбі»
Ана тілі.
Сабақтың тақырыбы: Ә. Кекілбай. «Тасбақаның шөбі»
Сабақтың мақсаты: 1. Әңгіменің мазмұны мен негізгі ойын түсіну.
- Бағыт-бағдар бере отырып өздіктерінен жұмыс істету, ой-өрістерін дамыта отырып, ырымдарды салыстыру, зерттеу, қолдану, бағалауға машықтандыру.
- Топта өз ойларын, пікірлерін айта білуге тәрбиелеу. Халқымыздың ырым-тыйым сөздерінің мағынасын ұғынып өсуге тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: тасбақа, жылқы, гүлдер, автор туралы мәлімет, жан-жануарларға байланысты ырымдар, тірек сызбалар.
Техникалық жабдық: интерактивті тақта.
Сабақтың типі: жаңа сабақ.
Сабақтың түрі: ақпараттық-коммуникативтік.
Сабақта қолданылатын әдістер: «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» жобасының әдістері, іздендіру, шығармашылық, сұрақ-жауап, көрнекілік.
Бағалау: мәнерлеп оқи білуі, сұраққа дұрыс жауап беруі, сабақтан алған әсерін жеткізуі, бес жолды өлең құрастыруы.
Сабақтың барысы:
І. «Қызығушылықты ояту» сатысы.
- Ұйымдастыру кезеңі. Психологиялық дайындық:
Қайырлы күн деп айтамыз,
Мектептен білімді боп қайтамыз.
Отбасының гүліміз,
Көңілді өтер күніміз!
- Үй тапсырмасын тексеру.
С. Жиенбаевтың «Ұшып келем» өлеңін жатқа айту.
ІІ. «Мағынаны ажырату» сатысы.
- Жұмбақ шешеді:
Бауырын жазып шаба алмас,
Озып бәйге ала алмас.
Үстіне киген киімі
Жыртылмас та жамалмас. Шешуі: тасбақа.
- Жаңа сабақ. а) Жаңа сабақтың тақырыбы, мақсаты таныстырылады.
ә) Автор өмірінен мағлұмат беріледі.
Әбіш Кекілбай 1939 жылы Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданында дүниеге келді. Қазақтың белгілі жазушысы, қоғам қайраткері. 70-ке толғанда елбасымыз өз қолымен «Еңбек ері» жұлдызын кеудесіне тақты. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Алтын шуақ» деп аталады. «Бір шөкім бұлт», «Үркер», «Дала балладалары» т.б. роман, повестері бар. Қазір Астанада тұрады. 2-сыныпта – «Күйші», 3-сыныпта – «Ауыл таңы» шығармаларымен таныссақ, 4-сыныпта – «Тасбақаның шөбі» әңгімесімен танысқалы отырмыз.
б) Әңгіме мазмұнымен танысады. Абзац бойынша оқиды, түсінгендерін айтады.
в) Берілген кестемен жұмыс жүргізіледі.
V (білемін) | — (түсініксіз) | + (жаңа ақпарат) | ? (білгім келеді) |
I топ: тасбақа туралы толық ақпарат береді (көргендері, оқығандары, естігендері).
II топ: «Шыбын жаны көзіне көрініп» деген сөз тіркесін басқа сөзбен алмастырып көреді. Қақырай сөгіліпті, тұқшаңдаған, құмақтарда, көсіктің сабағы деген таныс емес сөздердің мағынасын түсіндіреді.
III топ: тасбақаның жер астынан тістеп шыққан шөбі туралы ырымды оқулықтан тауып оқиды, әңгімелейді
Тасбақаның жазғұтырым жер астынан тістеп шыққан шөбін алған адамның қай қалауы да орындалады.
IV топ: басқа жан-жануарлар, аңдар, құстар туралы ырымдарды әңгімелейді.
-Аққуды атуға, оған құс салуға болмайды.
-Қарлығаш жер бауырлай ұшса, көп өтпей жаңбыр жауады.
-Құмырсқаның илеуін бассаң, аяғың ақсақ болып қалады.
-Ат жер тарпыса жолға шығады.
-Ит көкке қарап ұлыса, жамандық болады.
Қорытынды жасалады. «Тасбақа – табиғат»
«Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ,
Мұны айтуға табиғаттың тілі жоқ», ендеше табиғаттың жанашыры болуды ұмытпағанымыз жөн.
ІІІ. «Ойтолғаныс» сатысы.
- Бес жолды өлеңмен аяқтайды.
- Не? – Тасбақа.
- Қандай? – Үлкен, қоңыр, шегір көзді.
3. Не істейді? – Тарбаңдайды, бұғады, тұқшаңдайды.
4. Жусандағы тасбақа.
5. Ол – бақыт арқалаған тасбақа т.б. өлеңдерін жазады. - Бағалау. Мәнерлеп оқи білуі, сұраққа дұрыс жауап беруі, сабақтан алған әсерін жеткізуі, бес жолды өлең құрастыруы.
-Қандай әңгімемен таныстық? Авторы кім?
-Не білдік? Не ұнады?
- Үйге тапсырма:
- Әңгімеден Қарабала мінген аттың жүрісі жөнінде айтылған жолдарды тауып, дәптерлеріңе жазып келіңдер.