Әліппе жайлы ғылыми жоба
МАЗМҰНЫ:
1 Кіріспе 4
Әріптер қалай пайда болған?
2 Негізгі бөлім 6
- Әліппенің тарихы 6
- Қазақ әліппесінің атасы – А.Байтұрсынов 7
- Оқу құралы. Қазақша әліпби. 1912 жыл 8
- Әліп – би. Жаңа құрал. 1926 жыл 9
- Мен оқыған әліппе 10
3 Қорытынды 12
4 Пайдаланған әдебиеттер тізімі 13
Зерттеу мақсаты:
Алғашқы сауат ашар оқулық «Әліппе» жайлы білу.
Зерттеу міндеттері:
- «Әліппедегі» әріптердің тарихымен танысу.
- Қазақтардың «Әліппесі» жайлы жақын білу.
- Қазіргі «Әліппемен» салыстыру.
Зерттеу әдістері:
- «Әліппе» туралы мәліметтермен танысу, жинақтау.
- Туғандарымен, сыныптастарымен әңгімелесу, пікірлерін білу.
- Оқып – танысу, тыңдау, көру.
Зерттеу болжамы:
Қазақстан бойынша биылғы оқу жылында 1-сынып партасына 260 мыңнан астам бала отырыпты. Солардың біреуі мен екенмін. Олардың ең алғаш қолдарына алып сауатын ашатын, болашақтарына жол салатын бірден – бір кітап – «Әліппе» екені анық. «Осы әліппе бұрын қандай болды екен?», «Қазіргі әліппеден айырмашылығы бар ма?» деген сұрақ білімқұмар балаларды қатты қызықтыратыны анық. Өйткені өзімде сондай қызығушылық болмаса «Әліппені» зерттеу туралы ойға келмеген болар едім.
Әліппе деген даңғыл жол,
Апарар сені алысқа.
Жеңіл емес, ауыр жол,
Тырысып бақ намысқа – деп, ақын атамыз жырлағандай әліппе салған жол бізді алысқа апарады. Осы алғашқы кітап арқылы біз өмірді танып – білеміз, жақсы мен жаманды айыра алатын боламыз. Әліппенің әр баланың есінде қалатыны анық. Бізден кейінгі бауыр – қарындастарымыз да осы кітапты сүйіп оқитын болады деп ойлаймын, өйткені «Әліппе» — өмір есігі ғой.
Кіріспе
Әріптер қалай пайда болған?
Ертедегі египеттіктер суреттерден әліппе тәріздес бір нәрсе құрастырған. Біздің әліппемізде суретте алма тұрса, «алма» деп оқитынымыз сияқты онда да әрбір сурет белгілі бір сөзді білдірген. Бірақ қандай да бір қимыл-әрекетті бейнелеген жағдайда, ол өзі онша түсінікті бола бермеді. Мысалы, аяқтың бір ғана суреті «бара жатырмын», «келдім», «кеттім», «жылдам» … дегендері білдірген-ді. Сөйтіп, бір ғана суретті «жылдамырақ кел» деп те, «тезірек кет» деп те өз қалауыңша, өз білгеніңше түсінуіңе болатын. Бұл нағыз шатасу еді!
Шіркін, не айтқың келсе, соның суретін сала алатын болсаң ғой! «Мен келдім» деп айту керек болғанда, «мен келдім» деген сурет салса. Міне, мәселе оны суретпен ешқандай да бейнелей алмайтындығыңда еді. Сөйтіп, әріптер қажет болды да, оларда дүниеге келді. Бірақ олар алғашқыда әдеттегіге онша ұқсамайтын – сурет-әріптер болды. Мысалы, арыстанның суретін салып қояды. Оның аты А-дан басталатыны белгілі, демек, оны А әріпі деп оқуың керек. Сонымен сұңқардың суреті салынса – С деп, тастың суреті салынса – Т деп оқитынсың. Ал егер мен жоғарыда айтқан сөздің бәрін осындай сурет-әріптермен жазсақ, ол жазу аса шұбалаңқы болып, тіпті бүкіл бір дәптерге сыймай кетер еді. Мұның ертедегі египеттіктерге қандай қиын болғанын осыдан-ақ елестете бер! Олардың аса көп суретші-хатшылар ұстауына тура келген.
Жылжып жылдар, ғасырлар өтті, жазуға оңайырақ болу үшін хатшылар кейбір аса қиын суреттерді белгілі бір таңбалармен ауыстыра бастады. Олары енді нағыз әріптерге ұқсаңқырайтын нәрселер болды.
Шамамен 4 мың жылдай бұрын Египетті көшпенділердің гиксостар деп аталатын жауынгер тайпасы басып алды. Содан барып бұл екі халықтың әліппелерінен жаңаша бір әліппе пайда болды. Қазіргі біздің әліппе сияқты ол да А мен Б әріптерінен басталады. А әріпін гиксостар «Алеф» деп атады, онысы «өгіз» деген сөз еді. Алғашқы кезде бұл таңба, шынында да, мүйізі бар өгіздің басына ұқсас болды. Мәселен, сен өзіміздің үлкен А әріпімізге зер салып қарашы. Шынында да, ол тұмсығын көкке қаратып қойған өгізшенің басына ұқсаңқырайды ғой? Алайда А әріпінің «мүйізін төмен қаратып» жазуға көшкенге дейін мыңдаған жылдар өткен.
Г әріпімен бір кездерде бұрышты белгілеген, ол қазір де соған ұқсайды. М – теңіз толқыны, Р – жылқының басы болған.
Әріптер біздің әліппелерімізге келіп кіргенге дейін елден елді аралап ұзақ сапар шекті. Көптеген өзгерістерге де ұшырады. Гиксостардың әріптерін
ең әуелі шебер құрлысшы әрі теңізші халық-финикиялықтар пайдалана бастады. Олар әріп жазуды Ертедегі Грецияға жеткізді. Одан әріптер Ертедегі Римге барды, содан соң Болгарияға көшті де, осыдан 1000 жылдай бұрын ғана сол жер арқылы Россияға келіп жетті. Орыс жұрты алыстан келген әріптерді пайдаланғанымен, олардың көпшілігіне өздерінше ат қойды: А –«Алефті» — «Аз», Б – «Бетан» емес «Буки» деді, В — «Веди», Г — «Глаголь», Д «Добро» деп аталды… Сөйтіп, орыс әліппесіндегі ең алдыңғы екі әріптің «Аз» және «Буки» деген көне атынан бәрімізге жақсы таныс «Азбука» сөзі келіп шыққан. Ал қазақ тіліндегі «әліппе» сөзі арабша А әрпінің атауы әліп (алиф) пен Б әрпінің атауы би сөздерінің тіркесуіне («әліпби» немесе «әліппе») келіп шыққан.
«Әліппе» аздаған дыбыстық өзгерістермен көп түркі халықтарында сол
күйінде қолданылады. Орыстың «азбука» сөзі осы негізінде жасалған.
Негізгі бөлім
2.1. Әліппенің тарихы
Әліппе – сауат ашу оқулығы. Сауат ашу Қазақстанда сан ғасыр бойы араб әліпбиі арқылы жүргізілді. 19 – 20 ғасырларда оқу – ағарту саласының 2 түрлі бағытта болуына байланысты (медреселер, орыс-қазақ мектептері) әліппелер де араб және орыс әліпбиімен жазылды. Қазақтың тұңғыш ағартушысы, педагог Ы. Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» (Орынбор, 1864), «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» (Орынбор, 1871) оқулықтары тұңғыш рет орыс әліпбиімен жарық көрді. Алайда «Қазақ хрестоматиясы» сауат ашуға арналған әліппе емес, оқу мен жазуды меңгерген балалардың алған білімімен дүниетанымын дамытуды көздейтін оқулық етеді. Бұдан кейін А.Е.Алекторовтың «К мудрости ступенька. Азбука для учеников начальных русско-казахских школ» (1891), А.В.Васильевтің «Букварь для киргизских школ» (1912) сияқты тағы басқа әліппелер жарық көрді. Олар екі бөлімнен (қазақша және орысша) тұрды. Оның авторлары К.Д.Ушинскийдің басқа ұлт балалары орыс тілін саналы меңгеру үшін өзінің ана тілінде сауат ашу қажет деген қағидасын ұстанды. Бірақ қолданылған әліппелер қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін түгел бере алмады. 20 ғасырдың басында халқының сол кездегі тағдырына ой жіберіп, болашағын парасатпен бағдарлай алатын қазақ зиялылар қауымы өсіп жетілді. Олар халықты сауаттандырып, өркениетті ел қатарына қосуға күш салды. Түркі зиялыларын біріктірген «Жәдитшілер ұйымының» бір топ мүшелері қазақ мектептері үшін жаңа оқулықтар жазды. Қазақ балаларын оқу мен жазуға төте жолмен үйретуді көздеді. М.Нұрбаевтың «Әліппесі» (Уфа, 1910), З.Ерғалиұлының «Қазақ әліппесі» (Қазан, 1910), М.Малдыбаев пен Ж.Аңдамасовтың «Қазақша ең жаңа әліппесі» (Қазан, 1912), К.Сырғалиннің «Қазақша әліппе кітабы» (Қазан, 1913) таға басқа осындай серпілістен туған алғашқы оқулықтар еді. Алайда бұл аталған оқулықтар кең қолданыс таба алмады. Ал ғұлама ғалым А.Байтұрсыновтың жаңа әліпбиі (төте жазу) үлгісімен жазылған. «Оқу құралы» (Орынбор, 1912) қазақ мектептерінің әліппеге деген сұранысына толық жауап берді. Онда шәкірттердің сөздік қорын барынша сауат ашу мақсатына тиімді пайдалану мақсаты көзделді. Қазақ тіліндегі сөздердің дыбысталу ұқсастықтары мен ерекшеліктері ескерілген ұтымды әдіс қолданылды. Сондай-ақ бір дыбысы ғана өзгерген сөздердің мағыналарын ажырату арқылы сөздердің мағынасын нақтылау, қолдану дағдысы қалыптастырылды. Ана тіліміздің бай сөздік қоры, сөздердің қолдану ерекшеліктері қарастырылды. 1925 жылы А.Байтұрсынов әдістемелік жаңалықтарды ескере отырып, қазақ бастауыш мектептеріне арналған «Жаңа Әліп-биді» (Қызылорда, 1927) ұсынды.
2.2. Қазақ әліппесінің атасы – А. Байтұрсынов
«Өнер алды – қызыл тіл» деп мақалдап өткен қазақ ақындары, жазушылары осы күнге дейін қазақ поэзиясында биік орын алады. Солардың бірі Ахмет Байтұрсынұлы. Өз заманының ағысына қарсы тұра білген қайраткер. Қазақ халқының рухани көсемі болып, болашақтың жарық, тыныш, көк аспан астында өмір сүруіне өзінің ақылын арқау еткен. Өз достарының алды бола білген Ахмет өткір, алмас қылыштай адамның ойын осып өтетін сөздерімен өлең арқылы ой-сезімін білдірген. Қазақтың қазақ бола білуіне кеудесіндегі жанын аямаған.
Ең алғаш қазақ тілінде әліппе кітабын жинақтаған Ахмет атамыз еді. Қазақ баларын көзі ашық, сауатты азамат болып шығуына септігін тигізген. Қазақ тіліндегі әліп-би осы сөздердің бәріне дәлел. Тек қана кітап жазумен тоқтамаған Ахмет, орыстың белгілі жазушыларының белгілі еңбектерін ана тілімізге аударып, өзінің халыққа шам шырақ екенін дәлелдеп өткен.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алады. Онымен қоса қазақ графикасын жасауға кіріседі. Қазақ графикасының негізіне қазақтың мәдени дүниесінде көп ғасырлық дәстүрі бар, өзге түркі халықтарды да пайдаланып отырғандықтан, туыстық, жақындық сипаты бар араб таңбаларын алады. Оны қазақ фонетикасына икемдейді, ол үшін қазақ дыбыстарды жоқ таңбаларды алфавиттен шығарады, арабша таңбасы жоқ дыбыстарына таңба қосады, қазақ тілінің жуанды-жіңішкелі үндестік заңына сай жазуға ыңғайлы дәйекші белгі жасайды. Сөйтіп, 24 таңбадан тұратын өзі «қазақ жазуы» деп, өзгелер «Байтұрсынов жазуы» деп атаған қазақтың ұлттық графикасын түзеді. Одан осы жазуды үйрететін әліппе жазады. Сөйтіп, оқу-ағарту идеясына сол кездегі интелегенция жаппай мойын бұрды. Әрбір зиялы азамат халқына қара танытып, сауатын ашуды, ол әрекетті «Әліппе» құралдарын жазудан бастауды мақсат етті. Сол 1911-1912 жылдары жасалып, Уфа, Орынбор қалаларын баспаханаларында жарық көрген. Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 1912-1925 жылдары арасында 7 рет қайта басылып, оқыту ісінде ұзақ әрі кең пайдаланылды. 1926 жылы ғалым «Әліп-бидің» жаңа түрін жазды.
2.3. Оқу құралы. Қазақша әліпби. 1912 жыл
Бұл кітап алғаш рет 1912 жылы Орынборда жарық көрген. Автор «Балалар, бұл жол басы даналыққа» деп басталатын «Тару» атты өлеңін оқулықтың беташары ретінде берген. Кітаптың әріп үйретер бірінші бетінің үстіңгі оң жағына Құран сөзі: «Би исми-иллаһи-рахмани-рахим» орналастырылған. Әрі қарай қазақ әріптері төте жазу жолымен реттеліп беріліді де, әрбір харіптің тұсына таңбасы және сол таңбаның атауы жазылады. Және төменгі жағына оқытушыға түсінік, яғни, нұсқаулығы қатар ұсынылады. Сонымен қатар, соңына қазіргідей шұбыртпалы ұзыннан-ұзын мәтіндер емес, қысқа әрі нұсқа оқушының ұғымына сай, түсінігіне лайық топтастырылған. Мәселен: Туысқан-туған атаулары, тұрмысқа қажетті киім, үй саймандары, ыдыс-аяқ, мал мен хайуандар атаулары және ас-тағамдармен қатар дене мүшелерінің атаулары т.б. қамтылады. Осы кітаптың ол тұста оқырман қажетін өтеудегі зор қызыметіне, оның 1912,1914,1921,1922 (2-рет),
1923,1925 жылдары дүркін-дүркін басылым көруі айғақ. Аталмыш кітап А.Байтұрсынұлы аяулы есімі ақталғаннан кейін бірінші рет бүгінгі әріпке түсіріліп, Ұлттық Ғылым Академиясының Тіл білімі институты тарапынан 1992 жылы «Ана тілі» баспасынан жарық көрген «Тіл тағылымы» атты жинаққа енді. Қырғыз республикасының ғалымы Дыйқанов Карбоздың өз қаражатымен осы кітаптың 1914 жылғы басылымы 1991 жылы 5000 данамен қайта жарық көрді. Кітап қаз-қалпында, яғни төте жазумен жарияланды. Кітаптың әр жылдарда жарық көрген барлық түпнұсқасын жинақтап, салыстыру мүмкіншілігі болмады. Алматы қаласындағы ұлттық кітапхананың сирек қорында бұл кітаптың ешқандай данасы сақталмаған. Жоғарыдағы 1912 жылғы түпнұсқа Тіл білімі институтының мұрағатына тән.
2.4. Әліп-би.Жаңа құралы.1926 жыл
Оқулық Қызылорда қаласының баспаханасынан 1926 жылы бұрынғы оқу құралы Қазақша алифбаға жалғасты кітап ретінде жазылған. Кітап 14 жылдан соң қайта өңделіп, бірінші басылуы 1926 жылы Қызылорда да шыққан. Қолда бар 1926 және 1928 жылғы басылымдар арасында аса көп айырмашылық жоқ. Алғашқы басылым 116 бет, кейінгі басылым 114 бет. 1927 жылғы екінші басылымның түпнұсқасы табылған жоқ. 1928 жылғы оқулық титулында 3-ші рет басылғандығы айтылады. Ұлттық кітапхананың сирек қорлар бөлімінде тіркемеде осы оқулықтың 1924, 1926, 1927 жылдары жарық көргендігі туралы картотекалық ақпар бар. 1926 және 1928 жылғы басылымдарды салыстырғанымызда аса бір үлкен өзгерістерді байқамадық, қос кітаптың да «Шығарушыдан» деп басталатын түсінігінде бұл оқулықтың 1925 жылы Қызылордада дайындалғанын байқауға болады.
1928 жылғы нұсқа 1992 жылғы «Тіл тағылымы» атты жинаққа енді. 1992 жылғы басылымда қажетті суреттер берілмеген, кесте ішінде бос орында қандай сурет болатындығы туралы айтылады да төте жазудың сол жағына кирилше жазылуын беріп отырады. Мәселен, 1926 жылғы нұсқада әр тақырыпқа керекті суреттердің барлығы дерлік түгел берілген. Және осы суреттер арқылы сабақ оқытуда баланың ұғымына тез қонымды болатынын негізге алған әдіскер-ұстаз кейінгі басылымда да суреттердің көрнекті болғанын назарда ұстаған. Осы түпнұсқа 1998 жылы ғұлама ғалымның 125 жылдық мерейтойына орай, әрі соңы басылымның жетпіс жылдығына арналып, «Рауан» баспасынан 1000 дана таралыммен жарық көрді. Бұл жинақтың ерекшелігі – сол тұстағы жазу емлесі қаз қалпында сақталып, беттің төменгі жағына қазіргі жазуға түсірілген нұсқасы берілген. Төте жазудан көшіріп, редакциясын басқарған Ұлықман Асылов. Бұл кітаптың бүгінгі оқушыға берер зор көмегі сол – ғасыр басындағы ұлт зиялылары қоданған жазуды дөп басып, нақ тануға мүмкіндік береді. Және төте жазуды игергісі келген оқырманға бірден бір көмекші құрал іспетті.
2.5. Мен оқыған әліппе
Мен оқыған «Әліппе» 2012 жылы баспадан шыққан. Кітап авторлары: Ш.Әуелбаев, Ә.Наурызбаева, Р.Ізғұттынова, А.Құлжанова. Кітап 144 беттен тұрады. Жалпы білім беретін мектептің 1-сыныбына арналған. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ұсынған.
Менің алғашқы кітабымның бірінші бетінде Елбасымыз Н.Назарбаевтың бізге арналған тілегі берілген.
Одан кейінгі беттерде суреттер бейнеленген. Сол суреттермен жұмыс жасауға үйрендік. Суреттер бойынша сұраққа жауап береміз. Әңгіме айтуға жаттығамыз, басқа балалардың әңгімесін естиміз. Суретпен жұмыс сөз, сөйлем ұғымымен таныстыруға бағытталған.
Кітабымыздың 32-ші бетіне келгенде алғашқы А әрпімен таныстық. Сабақ сайын 1 әріппен таныса отырып, әріп және дыбыс, олардың айырмашылығы жайлы білдік. Дыбыстар дауысты және дауыссыз болып бөлінеді екен. Дауысты дыбыс арқылы сөздерді буынға бөліп үйрендік. Енді суреттер арқылы сызба бойынша сөйлем құрастыра бастадық. Әр дыбысты өткен сайын оқитын буын, сөздер күрделене береді.Оқулығымыздың әр беті қызықты суреттермен безендірілген. Біз білмейтін, мағынасын түсінбейтін сөздер бар екен. Кітап авторлары олардың суреттерін берген екен. Сол арқылы және оларды түсіндіргеннен толық мағлұмат алдық.
Алғашқы оқыған мәтініміз 8 сөзден құралған еді. 42 әріпті түгел біткенде 25 сөзден тұратын әңгіме, мәтіндер берілген. Мұнан ары жеңіл оқылатын ертегі, мысалдар енгізілген.
Алғашқы кезде 3,4 әріптен тұратын 2 буынды сөздер оқып үйрендік. Біртіндеп оқитын сөздеріміз күрделене түсті.
Әріптерді бітіріп өлең, ертегі, жұмбақ, мақал-мәтелдерді еркін оқи алатын болдым. Оқыған әңгімелерден мен дос болуды, үлкенді сыйлауды, қамқорлықты жасауды, Отанды қадірлеуді үйрендім.
Менің алғашқы оқу құралым «Әліппе» өте әдемі безендірілген. Күн сайын оның беттерін ақтарсам да, қайта-қайта қарағым келіп тұрады.
Әр парақтың төменгі жағында әріпті қалай жазу керектігіне үлгі берілген. Соған қарай отырып әдемі жазып дағдыландық.
Оқулықтағы берілген мәтіндерден мен дәрілік өсімдіктер, батырлар, мамандықтар, ойындар жайлы білдім. Мақал-мәтелдердің мағынасын түсіне алатын болдым. Жылдам оқуға берілген жаңылтпаштардың көмегі ерекше, өйткені оны тез оқуың керек. Менің алғашқы оқулығым маған жылдам әрі қатесіз оқуға көмектесті. Қазіргі кезде мен минутына 75-80 сөзге дейін оқимын.
Міне, мен сіздерге өзімнің оқулығым жайлы, оның ерекшелігі туралы, артықшылығы туралы әңгімелеп бердім.
Қорытынды 12бет
Әліппе – оқу мен жазуға үйрететін тұңғыш оқулық. Бірақ осы әліппе сөзінің қалай пайда болғанын жұртың бәрі бірдей біле бермейді. Ол араб алфавитінің бірінші әрпі «алиб» пен содан кейінгі әрпі «би»-ден құралып, сауат ашу құраралының атауына айналып кеткен. Бұл сөз тілімізге араб жазуын пайдаланған ертерек кезде еніп, 1929 жылы латын, ал 1940 ж. осы күнгі орыс алфавитіне көшкенімізден кейін де, мектеп табалдырығын тұңғыш аттаған балалардың алдымен танысатын сүйікті оқулығының атауы болып қалып қойды.
Адам баласы талай замандар бойы жасаған, жинаған білімнің асыл қазынасына алғаш жол ашатын оқу құралы деп әліппені үлкен де, кіші де сүйіп қастерлейді.
Біздің еліміздің балалары оқулықтарды тегін пайдаланады, күтіп ұстап, оқу жылының соңында мектеп кітапханасына тапсырады. Бірақ әліппені білімнің нұрлы жолына тұңғыш басқан қадамдарының ескерткіші ретінде өздеріне қалдырады.
ХХІ ғасыр – білім ғасыры. Адам баласы тек біліммен ғана биіктерді бағындырып, жетістікке қол жеткізе алады. Біздің еліміз жас, оған алдыңғы қатарлы мемілекеттердің арасынан орын алуы өте қажет. Сонда ғана біздің халқымыз жақсы өмір сүретін болады. Ол үшін еліміздің өркендетіп, дамытатын білімді адамдар керек.
Білімді балалар – Қазақстанның болашағы. Білімге бастау болатын алғашқы кітап «Әліппенің» алатын орыны ерекше екендігі осыдан көрінеді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- А.Байтұрсынұлы. Бес томдық шығармалар жиынтығы. — Т.4. Әліппелер мен мақалалар жинағы.- Алматы: «Алаш», 2006. — 320 бет.
- Ш.Әуелбаев. Ә.Наурызбаева. Р.Ізғұттынова. А.Құлжанова. Әліппе.- Алматы «Атамұра» 2012. — 144 бет.
- Қазақ энциклопедиясы. 1-том.
- Негеш. Балалар энциклопедиясы.
Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы,
«Горный жалпы білім беретін орта мектеп» КММ
1 класс Нұрахымов Әнестің
« Әліппенің тарихы» атты ғылыми жобасына
СЫН – ПІКІР
Қазақстан бойынша әрбір оқу жылында 1-класс партасына 250 мыңнан астам бала отырады. Олардың ең алғашқы қолдарына алып сауатын ашатын, болашақтарына жол салатын бірден-бір кітап – «ӘЛІППЕ» екені белгілі.«Осы әліппе бұрын қандай болды?», «Қазіргі әліппеден айырмашылығы бар ма?» деген сұрақ білімқұмар балаларды қызықтыратыны анық. Бұл тұрғыдан Әнестің ғылыми жобасын өзекті деп есептеймін.
Оқушы зерттеу тақырыбына орай кең көлемде жұмыс жасаған. Әріптердің шығу тарихына байланысты қызықты материалдар жинақтаған. Ұлттық оқулықтың жасалу жолдарына да нақты деректер келтірген. Әнес өзінің алдына қойған мақсат-міндеттеріне түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы қол жеткен.
Бүгінгі таңда білім алу қандай өзекті болса,сол білімнің басында «Әліппе» тұрғандығы өз деңгейінде дәлелденген. Жобаның тілі түсінікті, дәлелдері құнды. Жұмыс ауқымы, мазмұны, күрделілігі жағынан баланың жас ерекшелігіне сәйкес дайындалған.
Ғылыми жоба осындай ғылыми жұмыстарға қойылатын талаптарды толық қанағаттандырады, қорғауға ұсынуға әбден болады