Сәкен-жырдың сарқылмас дариясы.
Сыныптан тыс ашық сабақ: Сәкен-жырдың сарқылмас дариясы.
Атыңнан айналайын қайран Сәкен,
Ұмытпан демім бар да тұлғаңды әсем.
Ту ұстап, тұлпар мініп, қол бастаған,
«Тар жолда, тайғақ кешіп болдың көсем»-деп Сәбит Мұқанұлы жырлағандай С.Сейфуллин ұрпақтарға ұлан-ғайыр мұра қалдырып кеткені баршамызға аян.
Бүгін біз сіздермен мектебімізге есімі берілген жазушы, ақын, қоғам қайраткері, ел үшін еңіреген ер, қайтпас күрескер Сәкен өлеңдері бойынша мәнерлеп оқу сайысына жиналып отырмыз. Олай болса, көкірегінің көзі ашық, жыр сүйер қауым «Сәкен-жырдың сарқылмас дариясы» атты мәнерлеп оқу сайысына қош келдіңіздер!
Сайыстың мақсаты:
Ақынның өрісті ой, өшпес көркем мұрасын насихаттау, оқушыларға ұлттық, адамгершілік тәрбие беру, оқушының мәнерлеп оқу шеберлігін шыңдау арқылы ақын поэзиясын жүрегімен сезіне білуге тәрбиелеу, құштарлығын ояту.
Сайыс болғасын оның ақ-қарасын ажыратар әділқазылар алқасымен таныстырып өтуге рұқсат етіңіздер!
Ғылыми-әдістемелік жұмыс орынбасары: Бақыт Жансарықызы
Оқу тәрбие ісінің меңгерушісі : Тұмар Түшейқызы
Аламан бәйгеде оза шауып,шамасына шаң жұқтырмаған ерен жүйрік,лирик ақынның өмір жолы әр алуан. Оны біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Енді бір сәт ақынның өмірдеректеріне жүгінейік….
(Слайд арқылы көрсете отырып баяндау)
Сарыарқаның бір тауы бар,
Бір тауы бар сымбатты
Сол таудан сен сыр тауып ал,
Сыр тауып ал, қымбаттым,-деп сол бір мәңгілік көштің сырлы әуеніне, жадымызда жаңғырған жыр жолдарында құлақ салу үшін сайысымызды бастауға рұқсат етіңіздер!
Ортаға өзге ұлт өкілдерінің оқушыларын шақырамыз.
6 –сынып оқушылары Валиев Д., Макулова К.
«Сәкеннің әкесі Сейфолла өз еңбегімен күн көрген саятшы, домбырашы, ақ жарқын, әңгімеші адам болған. Шешесі Жамал да ел әдебиетін жақсы білген. Осы орта жас Сәкеннің халық өнеріне деген сезімінің оянуына көмектескен», -дейді академик С.Қирабаев.
1905жылы әкесі Сәкенді 11 жасында Нілді зауытына оқуға жібереді. Сәкен орысша үйреніп, зауыттың орыс-қазақ мектебінде оқиды. Еңбек адамдарының ортасында болған келешек ақын ерте есейеді. Отаршылдық езгімен, ұлттық қанаумен ерте танысқан Сәкеннің өлең жазбауы мүмкін емес еді, -деп ортаға 7-сынып оқушыларын шақырамыз: Дудникова А., Гимаева Н.
Ақынның шығармашылығы 30-жылдары кінәсіз репрессияға ұшырап, оның есімі тек 1957 жылы ғана ел тарихымен қайта қауышты,- деп ортаға 8-сынып оқушыларын шақырамыз. Тиньгаев Т., Нигматзянова Р.
Сәкеннің шығармаларын біржақты, тек кеңес кезінің туындысы деп қараған дұрыс емес. Оған көз жеткізу үшін ақынның өлеңдеріне үңілейікші. Ортаға 9-сынып оқушысы Югай С., Валиева А. шақырамыз.
Қазақ ұлтының зиялы элитасы саяси күресте шынығып, өз елінің мүддесі үшін жәйлі күй кешпеген ұрпақ. Оларға тән мәрттік, турашылдық, әділдікті біз бүгін аңсаймыз.
Ендеше ортаға қазақ бөлімінің оқушыларын шақырамыз. Олар Сәкен өлеңдерімен қоса, Сәкенге арнап шығарған ақындардың жыр жолдарын тарту етеді.
Сәкен Сейфуллин үкіметті басқарған жылдары қазақ тілі –мемлекеттік тіл болды, кеңсе қағаздары қазақ тілінде жүрді. Қазақтың «Киргиз» емес, «Қазақ деген» аты бар екенін айтып, төл атын қайтартқан ұлы тұлға. Ендеше ортаға 7-сынып оқушысы Илиясова Оралды шақырайық.
…Айна көлді мекен еткен,
Бір-екі аққу бар еді.
Мақсатына бірге жеткен,
Екі ғашық жар еді,-деп ортаға 8-сынып оқушылары Ораз Б., Оразалы М., Бағдат Т. шақырамыз.
«Ақын жыры алыстарды жақындатты, биіктерге көзімізді жеткізді. Біздің сана-сезімімізге жырдан жаңа таныс, жаңа көз тапты. Бұл ұстаз болатын ағаға лайық қасиет еді. Мен бүгін де сол үшін ақын шабытының алдында бас иемін», -деп Ә.Тәжібаев айтқандай келесі кезекті 9-сынып оқушыларына берейік.Ортаға Ғабдулахитов А., Ораз А., Мұхамедина Т. шақырылады.
«Сенің шығармаң миллиондаған қазақ еңбекшілеріне арналған еді»-дейді Б.Майлин. Ендеше ортаға 10-сынып оқушысы Қалиев Жандосты шақырайық.
Кімге обалым, айтыңдаршы
Қаным қайда төгілген?
Ат деген кім? Атқан кайсың?
Қабірім қайда көмілген?..
Бұл-Сәкен ағаның дауысы. Өкінішке орай, бұл сұраққа алдыңғы толқын аға ұрпақ та, кейінгі толқын біз де жауап бере алмаймыз… Бірақ, бір нәрсе анық –нақақтан күйіп кеткен Сәкендей асыл ағаларымыздың обалы-опасы жоқ суайттарда, әділетсіздікпен бетпе-бет келгенде көзі жұмылған, тілі күрмелген екі жүзді көлгірлерде, «басына бұлт төнсе іздеп таба алмайтын» көлеңке доссымақтарда. Олардың бойында оянбай қалған адамдық қасиеттеріне тамызық болып ояту-біздің азамат алдындағы борышымыз… Осы жолда пана болар, алдымызға салар ағамыз бар.
Ол-қалың зеңгер,құзды шатқа жарасқан тіп-тік шыңдай тәні де, жаны да сұлу Сәкен аға, Сізсіз.
Құрметті жыр сүйер қауым! Бүгінгі сайысымыз өз мәресіне жетіп қалды. Осы сайыс барысында сіздер ақын жырларын оқып, тыңдап қана қоймай, өмірі мен шығармашылығы туралы аз да болса мәлімет алды деп ойлаймын. Ендеше, сайыс қорытындысы шығарылғанша ақын өлеңдеріне жазылған әндерге кезек берейік…
Бүгінгі «Сәкен-жырдың сарқылмас дариясы» атты мәнерлеп оқу сайысының қорытындысын жариялау үшін әділқазылар алқасына сөз берейік.
Асуы жоқ асулардан асайық,
Ашылмаған тас қақпаны ашайық.
Болмағанды болдырайық дүниге,
Жаңа тұрмыс жаңа жерге жасайық, -деп ақынның ой мен сезім астасқан жырларын жаттаған жас қауым да ақын өлеңдерін ешқашан естен шығармайды деп сенеміз. Көңіл бөліп тыңдағандарыңызға көптен көп рахмет. Келесі кездескенше, сау болыңыздар!