«Ана тілінің үздік оқушысы» сайысы
«Ана тілінің үздік оқушысы» сайысы
Мақсаты: Теориялық жағынан білім дайындығы жоғары оқушыны анықтау,
оқушылар арасында білім бәсекелестігін арттыру, оқушының бойында
білік – дағды қалыптастыру, сөйлеу мәдениетін, талдау машығын
жетілдіру, үздік оқушының сынып алдындағы беделін көтеру.
Қажетті жабдықтар: Интерактивті тақта, слайдтар, бағалау парақшалары, суретті
картиналар.
Жүрісі:
І. Ұйымдастыру
- Сынып оқушыларының қатысы.
- Жеребе арқылы сайысқа қатысатын оқушыларды іріктеу. 5 оқушыны шығару.
- Әр оқушының жанкүйерлерін тағайындау.
- Қазылар алқасын бекіту. Мұғалімдер және жоғары сынып оқушылары.
ІІ. 1 – тур тапсырмасы.
«Қазақ тіліне тән дыбыстар» тақырыбына мақал — мәтел.
«Ә» — «Әдепті бала – арлы бала».
«Ө» — «Өзін — өзі мақтаған өліммен тең»
«І» — «Бірлік болмай, тірлік болмас»
«Ұ» — «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»
«Һ» — «Қаһарлы сөз, қамал бұзар»
«Ғ» — «Ағасы бардың, жағасы бар»
«Қ» — «Қызға қырық үйден тыйым»
«Ү» — «Үлгілі үйдің ұл – қызы ұялтпайды»
«Ң» — «Ең жақсы тіл – ана тілі»
2 – тур тапсырмалары
«Қызықты грамматика» тақырыбы бойынша қатысушылар блиц – сұрақтарға жауап береді. Әр оқушыға 5 сұрақтан:
1 – оқушы
- Мәтін деген не?
- Лексика нені зерттейді?
- Дауысты дыбыстар қандай түрге бөлінеді?
- Зат есім туралы айт.
- «Қарлығаш» деген сөзге фонетикалық талдау жаса.
2 – оқушы
- Омонимдер деген не?
- Дыбыс үндестігінің түрлері.
- Сөйлем дегеніміз не?
- Сын есім нешінші сөз табы?
- «Аққулар» сөзіне фонетикалық талдау жаса.
3 – оқушы
- Синоним деген не?
- Қазақ тілінде әріп нешеу, дыбыс нешеу?
- Буынның түрлері.
- Көнерген сөздердің қандай түрлері бар?
- «Бұлбұлдай» сөзіне талдау.
4 – оқушы
- Дауыстылар тілдің қатысына қарай қалай бөлінеді?
- Табу сөздер
- Түбір мен қосымша
- Эвфемизм деген не?
- «Сандуғашы» сөзіне талдау.
5 – оқушы
- Сөздің тура және ауыспалы мағынасы.
- Екпіннің неше түрі бар?
- Диалект деген не?
- Орфография мен орфоэпия деген не?
- «Шағалам» сөзіне талдау.
3 – тур тапсырмалары.
«Кім көп біледі?» жаңылмай 10 ырым – тыйым сөз айту.
4 – тур тапсырмалары.
«Кейіпкерлер елінде» тақырыбындағы сайыста әдебиет бойынша сұрақ беріледі.
- Кемпір – шалға аң мен құстың етін қақтап, үйіп береді де, ол жолға шығады. (Төстік)
- Сондай күшті болыпты. Алысқанын жығыпты, аң аулап әкесіне жәрдемдесіпті. (Кендебай)
- Мұздан төсек, жерден жастық, қардан жамылғы қып жата қалсам, жылы төсекте өлген адамдай ұйықтаппын да қалыппын. (Тазша бала)
- Ол шұрайлы қоныс, нулы өлке іздеумен өмір бойы Желмаясымен желіп өтіп, Ұлытаудың бас жағына кеп дүние салыпты. (Асан қайғы)
- Бір дегеніміз – бірлігі кеткен ел жаман.
Екі дегеніміз – егесіп өткен ер жаман. (Қазыбек)
- Бізді осы араға тастасаң, ит – құсқа жем боламыз ғой, бізге кім пана болады? Ащы күннің аптабына қалай шыдаймыз? (Ажар)
- Тағы да бір бар сауалым,
Көп жауады қайда жауын?
Білсең, апа, айтшы! (Толағай)
- Ал, балам, әжең екеумізді қажай беруші едің ғой, әңгіме — жырдың дүкені, міне, жаңа келді. (Ұлжан)
- Құстың ең алғыр болатын кезі екі мен үш түлектің тұсында, оған дейін алаңғасарлау болады. (Ахмет)
- Уай, мынауың болмайды. Ең алдымен адамға бас керек. Онсыз өмір оған молданың көрінен де қараңғы болады. Онсыз өмір құраннан жаман. (Шеген)
- Біздің ауыл қыстауға көшеді. Сен осында қаласың ғой, енді аман бол! (Шоқан)
- Уәделескен он бес тиынды әкел. Мен бай кісі емеспін, ол маған тамақ болады. Жетпіс тиынды ауылдағы отырған әжеме жіберем. (Қажымұқан)
- Жеп келем, жеп келем туғалы!
Адам боп жүргенім сондықтан! (Қария)
4 – тур тапсырмалары
«Шешендіктің сәні – сөз» қатысушылар жеребе бойынша таратылған тақырыпқа мәтін әңгімелеп айтады. Өлең немесе қара сөз.
- «Қонақжай қазағым»
- «Жақсы дос үшін – жан пида»
- «Мен қазақ қыздарына қайран қалам»
- «Жігітке жеті өнер де аз»
- «Көктемді қондырып қанатына»
5 – тур тапсырмалары.
«Ұшқыр ой» тақырыбында логикалық сұрақтарға жауап.
- Жұмулы көзбен нені көруге болады? (Түс)
- Тышқан аулағышты бес әріппен қалай жазуға болады? (Мысық)
- Теңізден қандай тастар табылмайды? (Құрғақ)
- 31 ақпанда не болды? (31 ақпан жоқ)
- Күзетшінің бөркіне торғай қонса, оның не істеп отырғаны? (Ұйықтап отыр)
- Дүниедегі ең шапшаң не? (ой, қиял)
- Мұрныңа төніп тұр, бірақ қолмен ұстай алмаймыз? (иіс)
- Тамақ пісірер алдында қазанға ең бірінші не салады? (көз салады)
- Қандай санның атының жазылуында қанша әріп болса, сонша цифр бар? (100)
- Қандай бөшкеге су құюға болмайды? (Іші толы бөшкеге)
6 – тур тапсырмалары.
«Кім жылдам?» қатысушы оқушылар қағазға жазылған әріптен басталатын сөздер айту керек.
5 оқушыға 5 әріп – е, қ, м, о, ш. Әріптерді жеребе арқылы суырады.
7 – тур тапсырмалары.
«Өнерлі бала — сүйкімді» кезеңінде оқушылар өз өнерлерін көрсетеді.
ІІІ. Қорытынды.
Оқушыларды марапаттау
Сөз кезегі – қазылар алқасында.
Сонымен сыныптың үздік тілші оқушысы –
Жүргізуші: Ана тілім – жүрегісің анамның,
Жүрек – ана – мен өзіңнен жаралдым.
Сағат сайын саулығыңды тілеймін,
Сенсіз мынау керегі не ғаламның?!
Жүргізуші: Сенің арқаң дүниеден сыр ұқсам,
Сенің арқаң жүзіп ішсем тұнықтан.
Туған анамды ұмытқаным емес пе?
Туған тілім, егер сені ұмытсам!
Барлығы хормен: «Қазақ тілі» әні
Қазылар алқасы:
- Байдан Гүлдана – қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
- Ағатаева Балдырған – 10 – сынып оқушысы
- Мурсалова Жұмакүл – қазақ тілі пәні мұғалімі
- Қуанбекова Шұғыла – 10 – сынып оқушысы