Болжалды келер шақ
Сабақтың тақырыбы: Болжалды келер шақ
Сабақтың мақсаты:
Тәрбиелік: Оқушыларды адамгершілікке, ұқыптылыққа,үлкенді сыйлай білуге, жалқаулық пен жамандықтан аулақ болуғу тәрбиелеу .
Білімділік: Оқушыларға келер шақ және оның түрлері туралы түсінік беру. Болжалды келер шақ туралы түсіндіре отырып, оны сөйлем ішінде ажырата білуге дағдыландыру.
Дамытушылық: Оқушылардың танымдық біліктері мен дағдыларын жетілдіру, алған білімдерін іс жүзінде қолдана білуге дағдыландыру, байланыстырып сөйлеу қабілеті мен тіл байлығын молайту.
Түрі: жаңа сабақты меңгерту.
Әдіс-тәсілдері: сұрақ-жауап,түсіндіру, іздендіру,
Көрнекілігі, : интерактивті тақта-Activ Board, Activ Out тестілеу құрылғысы, презентациялық слайдтар
Пәнаралық байланыс: әдебиет
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
(Сәлемдесу, түгендеу,оқушы назарын сабаққа аудару )
Олай болса, балалар, сабағымызды Ы. Алтынсарин атамыздың мына өлең жолымен бастағым келіп отыр.(дыбысталған өлең жолдары Activ Board-тан көрінеді)
Кім сендерді, балалар, сүйетұғын,
Қуанышыңа қуанып, қайғыңа күлетұғын?
Түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай,
Шешең байғұс дамылсыз жүретұғын.
Кім сендерді, балалар, тербететін,
Еркелетіп, ойнатып, сергітетін?
Жалқау болсаң, балалар, жаман болсаң,
Қамқор анаң көз жасын көлдететін.
Кім сендерді сағынар шетке кетсең,
Ғылым іздеп, тез қайтпай, көпке кетсең?
Ұмытпа, ең кемінде жұлдыз сайын,
Хат жазып тұр, төбесі көкке жетсін.
Кім сағынар сендерді келгеніңше,
Құлындарын көзімен көргенінше?
Сендер қайтып келгенде адам болып,
Еш арманым болмас дер өле-өлгенімше.
Ендеше үйде күткен анамызды бүгінгі алған «5» бағамызбен қуантайық дей отырып, сендерге сәттілік тілеймін.
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру.
- 130 — жаттығу
- Шығармашылық жұмыс
ІІІ. Үй тапсырмасын бекіту.
Activ Out тестілеу құрылғысы арқылы өтілген сабақтың сұрақтарына жауап алып, сыныптың сабақты қалай меңгергенін диаграмма арқылы анықтаймын. 10 сұрақ ұсынылады.)
ІҮ. Жаңа сабақ
Ой шақыру. (1-слайд)
Етістіктің шақтарын еске түсіру, интерактивті тақтадан кезекпен шыққан өлең, жаңылтпаш, мақалдардағы етістіктің шақтарын ажырата отырып, орнын табады.
Енді бүгін қарасам,
Айналам бақыт кең жатыр.
Бірімен-бірі туысқан,
Қол ұстасқан ел жатыр.
(Жамбыл)
Щілікті шаптым,
Жілікті астым
Щілікті жақтым
Жілікті шақтым
Елдің ерлігі ерінен танылар,
Елдің байлығы жерінен танылар.
Бүгінгі сабағымыздың тақырыбын, мақсатын хабарлау . 2-слайд (дәптерлеріне күн ретін, сабақтың тақырыбын жаздыру)
3-слайд
Атадан жақсы туған ұл
Атаның есіктегі басын төрге апарар.
Атадан жаман туған ұл
Атаның төрдегі басын есікке апарар.
Ата-ананың қадірін
Балалы болғанда білерсің.
Ағайынның қадірін
Қаралы болғанда білерсің.
Жанашырдың қадірін
Жалалы болғанда білерсің.
1)Оқушылардың өзіне оқыта отырып, тақтаға етістіктерді тауып, жаздырамын, құрамына ажыратқызамын.
Апарар (алып бар+ар) – апар +ар
Білерсің – біл +ер + сің
2) Осы етістіктерден болымсыз етістік жасату
Апар (алып бар+ма+с+пын) — алып бар + ма + с + пын
Біл — біл + ме + с + пін
3) Ескі бише отырман бос мақұлдап,
Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап.
Отыр+ман – отыр + ма + с + пын
Тұр+ман — тұр +ма +с + пын
Ескерту: Б.К.Ш. І ж. Жіктік жалғауында –пын, -пін ықшамдалып, -н түрінде ғана жұмсалады. Мұндай тұлғадағы етістіктер поэзияда жиі кездеседі.
4) Оқушылардың өзіне тұжырым жасатамын. Ережесін шығарту, жасалу жолдарын айтқызу.
Ү. Жаңа білімді алғашқы тексеру және пайдалану кезеңі
( 133-жаттығуды ауызша орындау)
134-жаттығу Өздік жұмыс
1-деңгей Берілген сөздерді жекеше, көпше түрде жіктеу
2-деңгей Жасалу жолына талдау жасау
3-деңгей Осы сөздерді қолдана отырып, өлең немесе мәтін құрастыр.
135-жаттығу Тақтада орындалады.
Етістіктерді тауып, қалай жасалып тұрғанын түсіндір.
ҮІ. Сабақты қорытындылау.
Түсіндірме диктанты
- Берілген сөздерден есім сөздерді бөлек, етістікті бөлек бағанға жаз.
Ойна, бақша, арала, ойын, шындық, таныс, ақыл, қызық, кел, үрле, он шақты, аш, азақ, жатыр, күл, әсемпаз.
- Етістікті болжалды келер шақ түріне айналдыр.
Ойна, арала, таныс, кел, үрле, аш, жатыр, күл
ҮІІ. Үйге тапсырма.
- 136-жаттығу (жазбаша)
- Оқу
- Болжалды келер шақта «Менің арманым» ой толғау жазу
ҮІІІ. Бағалау. ( Оқушы белсенділігін, қызығушылығын ескере отырып бағалаймын)
Б. Атыханұлы атындағы № 36 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті
кафедрасының 7.12-12.12.аралығында өткен
«Тілім менің – тірлігімнің айғағы» онкүндігінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Төлекова Гүлнардың 6 сыныпта « Болжалды келер шақ» тақырыбында өткен интерактивтелген ашық сабағының
ХАТТАМАСЫ
Төлекова Гүлнар:
Интерактивті тақта-Activ Board, Activ Out тестілеу құрылғысын, презентациялық слайдтарды қолдана отырып,болжалды келер шақ туралы түсінік беру. Оларды сөйлем ішінде ажырата білуге үйрету. Оқушылардың танымдық біліктері мен дағдыларын жетілдіру, байланыстырып сөйлеу қабілеті мен тіл байлығын молайту. Адамгершілікке, ұқыптылыққа, жалқаулық пен жамандықтан аулақ болуға тәрбиелеу.
Нақысбекова Гүлжанат:
Сабаққа қатысу мақсатым : Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытудағы мұғалімнің жұмысымен танысу, ТСО тиімділігін тексеру.Оқушылардың жаңа тақырыпты меңгеруде , қызығушылығын арттыруда интерактивті тақта үлкен әсер етті.Сабақта әр түрлі әдіс-тәсілді қолдана отырып, шығармашылыққа жетеледі.Сабақ өте жоғары дәрежеде өтті. Жұмысты «өте жақсы» деп бағалаймын.
Мырзахметова Рысбала:
Мұғалім сабаққа жан-жақты дайындалған, оқушылармен қарым-қатынасы, өзін-өзі сабақта ұстауы, сөз шеберлігімен таныта білді. Оқушылардың сабаққа қызығушылығы жоғары. Сабақ «өте жақсы» өтті.
Жадраева Нұргүл:
Мұғалім сабағында оқушылардың жауабының айқындылығын, байланыстылығы мен бірізділігін талап етті.Оқушылардың жұмысты уақыт бойынша тиімді пайдалана білуіне жағдай жасап, өзіндік таным іс-әрекетін арттыруға мүмкіншілік туғызды. Сабақ «өте жақсы» өтті.
Шойжанова Гүлмира:
Мен жас маман ретінде бүгінгі сабақтан аларым көп екеніне көзім жетіп отыр.Сабақ әрі қызықты, әрі тартымды өтті дей келе «өте жақсы» деп бағалаймын.
Қожаниязова Зағипа:
Мұғалім сабақты интерактивті тақтаның,тестілеу құрылғысының мүмкіншілігін пайдалана отырып, қызықты өткізді.Оқушылардың пәнге қызығушылықтары жоғары. Уақытты тиімді пайдалана білді. Сабақ «өте» жақсы өтті
Оқушы белсенділігі осыдан байқалады