Қош бол, сүйікті Әліппем!

Қош бол, сүйікті Әліппем!

          1 «Ә» сынып мұғалімі: Кояганова Б З

 

   Мақсаты: Оқуға, білімге деген сүйіспеншілігін арттырып, отансүйгіштікке

тәрбиелеу.

Оқушылардың әліппеден алған білімінің тәрбиелік мазмұнын ашу.

Оқушылардың эстетикалық талғамын ұластыра түсу.

Көрнекі құралдар: «Қош бол, сүйікті Әліппе!», «Білім кілті — Әліппе!», «Оқысаңыз балалар, Шамнан шырақ жағылар»  көрнекі суреттер, шарлар, әріп белгілері.

ән: «Мектепке барамын»

(Ақсақал рөліндегі бала немере-оқушысын жетектеп шығады.)

Автор:

Жеті жасар баласын,

Жетпісте шал жетектеп.

Келе жатыр көшеде,

«Қайда әлгі мектеп»-деп.

Жетпіс келед сүрініп,

Жеті келед жүгіріп.

Ата:

Балам, балам, жақсы бол,

Міне, сенің мектебің.

Сабағыңа зейін сал,

Ақылды бол, тентегім.

Немере:

Қыркүйекте келдім де

Сыныпқа кірдім қуанып,

Қарсы алды ұстаз мейіріммен

Қадамымды құп алып.

— Сәлеметсіздер ме, құрметті  ұстаздар, ата-аналар.

Бүгінгі шәкірттердің алғаш қолдарына алған оқулығы — әліппемен қош айтысар кезі келді. Білім әлемінің беташары — Әліппені табысты аяқтауымен құттықтаймын.

1-жүргізуші:

Ассалаумағалейкум, уа, халайық!

Армысыздар, аналар,

Бармысыздар, балалар,

Сөзіме құлақ салыңыз,

Бір серпіліп қалыңыз.

Әліппеге арналмақ,

Бүгінгі жыр,әніміз!

2- жүргізуші:

Өтті оқу сан сабақ,

Бүгін үлкен салтанат.

Оқулықпен достаспақ,

Әліппемен қоштаспақ.

Өсті білім, ойымыз,

Құтты болсын тойымыз!

 

ән: «Әліппе»  (АНА, БАЛА, ОТАН  шарға жазылған сөздерді жоғары көтеру)

1-жүргізуші:

Қымбатты балалар!

Біз кітап пен журналдарды оқи алатын болдық. Бұл білімді бізге не үйретті?

Бірге: Әліппе досымыз!

2- жүргізуші:

Иә, ендеше сүйікті әліппемізді ортаға шақырайық. (Әліппе келеді)

-Сәлеметсіздер ме, балалар!

Бірге: Қош келдіңіз, Әліппе!

Әліппе:Армысыңдар, жас достар!

Армысыңдар, ата-ана!

Болашаққа жол ашар,

Әліппе келді ортаға.

Білім деген ғаламның,

Әліппесін меңгерген.

Келешегі қазақтың,

Басталады сендерден.

Жақсы білім-көрімдік,

Болсын сізге халайық.

Не үйрендік, не білдік,

Қане, ортаға салайық!

1-оқушы:

Әліппем, менің әліппем,

Сені қолға алып мен.

Есігін аштым мектептің,

Ертеңгі сәуле жарықпен.

2-оқушы:

Келгенде алғаш мектепке,

Білмеуші едік әріп те,

Оқимыз қазір ертек те,

Үйреткен оны Әліппе.

3-оқушы:

Енді біз жаза білеміз,

Әріпті қосып әріпке

Риза боп саған жүреміз,

Сүйікті біздің, Әліппе!

ән: «Достық»

1-жүргізуші:

Енді ортаға әріптерді шақырайық.

1-оқушы:

Қ әрпінен құралған

Бас-аяғы қазақтың,

Жарылқасын бір Аллам!

2-оқушы:

Алатаудай айбарлы,

Астанам аты – Астана.

Ақтауым – ару жас қалам,

Жасай берсін Азат күн!

Мына менен басталған.

3-оқушы:

Зергерлікті кім білер,

Балқытады күмісті.

Сақинаны, сырғаны,

Күміс сымнан тартады.

4-оқушы:

Ата-ананың тілегі –

Адам болып өскенің.

Адамдықтың тірегі-

Адал болып өскенің.

5-оқушы:

Қиындықтан қорықпа,

Қаймығып еш торықпа.

6-оқушы:

Сара сауды сиырды,

Сексеуілді сындырды.

Сазан балық қырда,

Сан шаруаны тындырды.

7-оқушы:

Таңнан тұрып тай мініп,

Тауда тазы жүгірттім.

Таңқурай жеп, сай қуып,

Таңдайымды жібіттім.

8-оқушы:

Астана –астанам,

Астана – бас қалам.

Ардақтап атыңды,

Аузымнан тастаман.

9-оқушы:

Наркөз бота үнемі,

Нарға ілесіп жүреді.

Нағыз еңбек кепілі,

Нан – тіршілік тірегі.

10-оқушы:

Ас біткеннің анасы,

Қасиетті нан осы.

Қайсы әріптен басталып,

Аяқталған қарашы.

11-оқушы:

Мысықта бар,

Күшікте жоқ.

Қасықта бар,

Есікте жоқ.

12-оқушы:

Сөз басында келмейді,

Елдің бәрі «ң» дейді.

Дауысты дыбыс соңынан,

Тұрғанды теріс көрмейді.

13-оқушы:

Бірқазан мен Бөдене,

Байқамады дәнеңе

Бүркіт аңдып екеуін

Бастамақ бір пәлені.

14-оқушы:

Оспан да өлең жаттады,

Олжас та өлең жаттады.

Мына менен басталған

Екеуінің аттары.

15-оқушы:

Лайым ұлы іс болсын,

Лайықты шәкірт болсын.

Лұқпан, Хакімдей боп,

Лайым қыдыр қонсын.

16-оқушы:

Асыл сөзді іздесең

Абайды оқы, ерінбе,

Адамдықты көздесең,

Жад тоқып ал көңілге.

17-оқушы:

Шілде күні керемет

Шабындыққа келе кет.

Шалғышылар-ағалар

Шөмеледе балалар.

18-оқушы:

Азаматпын жатпаймын

Алма ағашты баптаймын.

Астанада тұратын

Ағама алма сақтаймын.

19-оқушы:

Ғимарат көп қаламда,

Ғаламат көп ғаламда

Ғылым қуып жалықпай

Ғалым болам қалайда.

20-оқушы:

Ырыс алды –ынтымақ,

Ырысты болсын еліміз.

Ықыласы зор іске

Бала болып өсеміз.

21-оқушы:

Мақтанышым ұдайы

Маңғыстаудың мұнайы

Маңғаз біздің ағалар

Сөз арасын саралар.

22-оқушы:

Ырысты ұрыс қашырар,

Ынтымақ – халықты асырар

23-оқушы:

Заузадан көре аласың

Заңғардан таба аласың.

Байқамасаң анықтап

Үш екен деп қаласың.

Әріп таңбаларынан қалпақ киген оқушылар тізіліп тұрады.

1-жүргізуші:

Балалар, мына әріптерде бір сыр бар тәрізді, қане кім байқады?

Қазақстанның болашағымыз

Ән: «Отан»

1-оқушы:

Алфавиттің А тұрады басында,

Әрқашанда Ә тұрады қасында.

Байқадың ба, Б тұрады үшінші,

Ал осының сыры неде түсінші.

2-оқушы:

А- деген ол аналар ғой ардақты,

Ә — деген ол әкелер ғой салмақты.

Б – деген ол балалар ғой әдемі

Алшақ кетпей сондықтан да расында,

Тұрады олар алфавиттің басында.

2-жүргізуші:

Балалар, айтыңдаршы, қазақ балаларына алғаш әліппені жазған кім?

Бірге: Ыбырай Алтынсарин.

1-жүргізуші:

Әліппемен қош айтысып қаламыз,

Енді қолға басқа кітап аламыз.

Ата-ана қуанышқа ортақ бол,

Сауатты болып шықты, міне балаңыз.

Әліппе:

Ризамын балалар,

Меңгердің, болмадың босқа тер.

Ана тілі атты әпкем бар

Сендерді жетелеп әкетер.

Ортаға ана тілі келеді.

Ана тілі:

Сәлеметсіздер ме, балалар?

Бірге:

Қош келдіңіз, Ана тілі.

Ана тілі:

Сөйлетер сөзді шеберлеп,

Өзіңнің ана тіліңмін.

Байыптап жақсы оқысаң,

Негізі менде білімнің.

Ана тілің – құралың,

Ана тілің – ұраның

Ана тілің болмаса,

Мықты болмас тұрағың.

3-оқушы:

Ақыл-ойын даланың,

Ана тілден аламын.

Ана тілім ардақты,

Ақ сүтіндей анамның.

4-оқушы:

-Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте.

Әліппе:

Оқуда зейінді болыңдар,

Еңбекке бейімді болыңдар.

Кір шалмасын қабақты,

Ақ жол болсын балалар.

Оқығандарың есте болсын

Күнделіктерің беске толсын.

-Ал балалар сау болыңдар!

-Қош болыңыз (Бәрі бірге)

ән: «Үйретеді мектептерде»

2-жүргізуші:

Балалар, сендер аз ғана уақыттың ішінде көп нәрсені – оқуды, жазуды, есептеуді меңгердіңдер. Осының бәрін кім үйретті?

Бірге: Мектеп, әліппе, ұстаз, ата-ана.

4-оқушы:

Әліппе, даңғыл жол ашты,

Жаңа пәнмен жалғасты.

Әліппе сырын ұқтырған

Рақмет, ұстаз алғашқы.

-Балалар оқу жазумен қатар әдептілікті де үйренді.

Көрініс: «Жақсыны үйрен, жаманнан жирен».

6-оқушы:

Біз енді Әліппемен қоштасамыз,

Жолына гүлмен қоса жыр шашамыз.

Білімнің бұлағынан сусындауға,

Көптеген кітаптармен достасамыз.

ән: «Қош бол, құтты Әліппем!»

1-жүргізуші:

Әліппемен қош айтысып қаламыз,

Енді қолға басқа кітап аламыз.

Ата-ана, қуанышқа ортақ бол

Сауатты боп шықты міне балаңыз