PISA ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЗЕРТТЕУІ
PISA ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЗЕРТТЕУІ
Бүгінгі таңда қазақстандық білім беру жүйесінің алдында білім сапасының бәсекелестігін арттыру, шынайы өмірлік кезеңдерге бейімделендіру мәселелері тұр, өйткені адам қоғамда түрлі өмірлік мәселелерге байланысты дұрыс шешімдер қабылдау үшін жоғары кәсіптілік пен интеллектуалдық әрекеттерді қажет ететін жағдайларда заман талабына сай өмір сүріп, қызмет етуде.
Осы орайда «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының ұйымдастыруымен екі апталық курстан өттім. Курстың негізгі мақсаты PISA халықаралық зерттеуінің мән — мағынасын түсіндіру және оқушыларды алда болатын зерттеуге дайындау. Курстан білген-түйгенімді баспасөз беттерінде жарық көруін жөн деп санадым.
Еліміздің он бес жастағы оқушыларының білім жетістіктерінің деңгейін анықтауға Қазақстан 2009жылы PISA халықаралық зерттеуіне қатысты. PISA (Programme for International Student Assessment) зерттеуінің әрбір кезеңіне халықаралық контексте саралау жұмысы жүргізіледі. Бұл әрбір қатысушы елге білім беру жүйесінің стратегиялық мақсатын анықтауға мүмкіндік береді.
Қазақстан PISA – 2009 халықаралық зерттеуіне тұңғыш рет 15 жастағы оқушылардың білім сапасын анықтау үшін дәйекті ақпарат алу мақсатында атсалысты. Біздің еліміз үшін бұл бағдарламаға қатысуға білім берудің бақылау-бағалау жүйесін реформаландырудың қажеттігін ескертетін бірқатар факторлар, атап айтар болсақ қазақстандық білім беру жүйесінің әлемдік білім беру кеңістігіне кірігуі негізгі себеп болды. Еліміздің 2011 жылы өткен халықаралық PISA- 2012 апробациялық зерттеуіне, 2012 жылы сәуір айында болатын PISA- 2012 негізгі зерттеуіне қатысуы, өзін-өзі дамытуды максималды түрде іске асыру мен қоғам өмірінде орынды қатысу үшін өздігінен іздену, талдау жасау, құрылымдау, ақпараттарды дұрыс пайдалануға мүмкіндік береді.
Оқушылардың білім жетістіктерін бағалау бойынша PISA Халықаралық бағдарламасы оқушылардың оқу барысында алған білімдері мен дағдыларын өмірлік жағдайларда қолдана білу машықтарын, нақты бір оқу пәндерімен тікелей байланысты емес мәселелерді шеше білу құзіреттіліктерін бағалауға бағытталған.
Бұл зерттеу Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен (ЭЫДҰ) жүзеге асырылады. PISA зерттеуі 2000 жылы басталып, үш жылдық кезеңмен өткізіледі. Бұл қатысушы-елдерге оқушылардың білім жетістіктерінің нәтижелеріндегі қозғалысты, білім беру жүйесіндегі болып жатқан өзгерістерді бақылауға, жүргізілген реформалардың салдарын анықтауға мүмкіндік береді. 2009 жылы бағдарламаның төртінші кезеңі аяқталды.
PISA-2009 зерттеуін ұлттық орталықтар мен ЭЫДҰ қатысуымен жетекші халықаралық ғылыми ұйымдардан тұратын Консорциуммен жүзеге асырылады. Оның құрамына білім беру сапасын бағалау аймағындағы төмендегідей жетекші ұйымдар кірді:
— Білім беру аймағындағы Нидерланд Ұлттық өлшеу институты (Netherlands National Institute for Educational Measurement, CITO);
— АҚШ педагогикалық тестілеу қызметі (Educational Testing Service, ETS);
— Білім беру аймағындағы Жапония Ұлттық зерттеу институты (National Institute for Educational Research, NIER);
— Статистикалық ақпараттар жинау бойынша түрлі зерттеулерді орындайтын Америкалық ұйымы (WESTAT).
Консорциумның жұмысын педагогикалық зерттеулердің Австралиялық Кеңесі үйлестіреді (The Australian Council for Educational Research, ACER).
Халықаралық үйлестіруші орталық дайындаған бірыңғай ережелерге сәйкес зерттеу барлық қатысушы елдерде бірдей болу үшін жүргізіледі.
Қазақстанда зерттеу жұмысын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, білім беру органдары мен аймақтық білім беру ұйымдарының көмегімен «Ұлттық білім беру сапасын бағалау» орталығы жүргізеді. Зерттеуді ұйымдастыру және өткізуге көмек көрсету үшін аймақтарда облыстық үйлестірушілер, сонымен қатар зерттеу өткізетін білім беру ұйымының үйлестірушілері анықталып, тағайындалады.
PISA зерттеуі өткізілетін әрбір аймақта облыстық үйлестірушілер тағайындалады. Үйлестірушілердің мiндеттерi – бекітілген кестеге сәйкес өз аймағында зерттеудің өтуін қамтамасыз ету, зерттеу материалдарын білім беру ұйымдарына дейін жеткізу, олардың сақталуын және құпиялылығын қамтамасыз ету, сонымен қатар білім беру ұйымының үйлестірушісімен және тест өткiзушi тұлғамен тығыз байланыста жұмыс жүргізу.
Зерттеуге қатысатын әрбір білім беру ұйымында 15 жастағы оқушылардың тізімін жасау үшін және зерттеуді ұйымдастырып, өткізу үшін білім беру ұйымының үйлестірушілері тағайындалады. Сонымен қатар тест аяқталған соң зерттеу құралдарын Ұлттық орталыққа жөнелту де білім беру ұйымдары үйлестірушілерінің міндетіне жатады.
Тест өткізуші тұлғаның ең басты мақсаты барлық қатысушыларды буклеттермен және сауалнамалармен қамтамасыз етіп, тестті және сауалнаманы зерттеу жүргізу рәсімі бойынша өткізу болып табылады.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері
PISA халықаралық зерттеуі барлық білім беру ұйымдарындағы 15-жастағы оқушылардың оқу, математика және жаратылыстану бағытындағы пәндерден білім жетістіктерін анықтауды мақсат етеді. Зерттеу оқушылардың қабілеттерін емес, ол оқу барысында меңгерген білімдері мен дағдыларын өмірлік жағдайларда қолдана білу ептіліктерін бағалауға бағытталған.
Көптеген елдерде жасөспірімдер 15 жаста негізгі білім беру сатысын аяқтап, ересек өмірге дайындалады, осыған сәйкес зерттеудің негізгі міндеті он бес жастағы оқушылардың өз беттерінше өмір сүрулеріне қажет білім, білік, дағдыларын анықтау болып табылады.
PISA халықаралық зерттеуінің негізгі міндеті – білім беру саласындағы әлемдік басымдықтарды сипаттайтын зерттеу құралдарының негізінде объективті өлшеулер арқылы алынған айқын нәтижелерді талдау болып табылады.
Оқушылардың білім жетістіктерін зерттеу негізгі үш бағыт бойынша жүзеге асады: «математикалық сауаттылық», «жаратылыстану сауаттылығы» және «оқу сауаттылығы».
Зерттеудің әрбір кезеңінде үш зерттеу бағыттарының біріне ерекше көңіл (тесттің үштен екі бөлігі) бөлінеді. 2000 жылы зерттеудің негізгі бағыты «оқу сауаттылығы», 2003 жылы – «математикалық сауаттылығы», 2006-жылы – «жаратылыстану сауаттылығы», 2009 жылы — «оқу сауаттылығы», 2012жылы — «математикалық сауаттылығы», ал 2015жылы білім жетістіктерін бағалаудың негізгі аймағы «жаратылыстану сауаттылығы» болады.
PISA зерттеуінің әрбір кезеңіндегі бағалаудың басым аймағындағы өзгеріс зерттеудің негізгі бағыты бойынша толық ақпарат алуға және бұл бағыттағы үдерістерге салыстырмалы талдау жасауға мүмкіндік береді.
Зерттеу құралдары
PISA 2009 зерттеу құралдары (материалдары) Консорциумның жетекшілігімен жетекші халықаралық ұйымдардың және қатысушы елдер өкілдерінің сарапшыларының қатысуымен дайындалады.
Зерттеу құралдарына мыналар кіреді:
Тест тапсырмалары бар буклеттер;
Білім беру ұйымдарының оқушыларына арналған сауалнамалар;
Білім беру ұйымдарының басшылығына арналған сауалнамалар;
Тест және сауалнаманы жүргізушіге арналған нұсқаулық;
Білім беру ұйымының үйлестірушісіне арналған нұсқаулық;
Тест тапсырмаларын бағалау, мәліметтерді енгізу және өңдеу бойынша нұсқаулықтар.
Әрбір тапсырма бір мәселені суреттеген мәтінді қамтиды және мәтінмен қатар төрт немесе бес нұсқада жауабы бар сұрақтар, немесе таңдау бойынша қатар екi жауабы болуы мүмкін жорамалдар мен нақты бекiтулер қалыптарында көрсетiлген қиындық дәрежесі әртүрлі бірден алтыға дейін сұрақтарды қамтиды. Сұрақтардың қалған бөлімдеріне оқушылар өз жауаптарын құрастырулары керек, олардың кейбiрi қысқа жауапты, қалғаны толық жауаптарды талап етедi. Соңғысы тест тапсырушылардан жеке өзіндік пiкiрді талап етедi және өз көзқарасын айқындауға мүмкiндiк бередi. Өзге кейбір сұрақтар оқушылардан шеңберде шектелген жауаптар нұсқаларын таңдауын талап етеді, дұрыс немесе бұрыс болып бағаланады (жабық құрастырылған жауаптар).
Тест жұмыстары аяқталғаннан соң, әрбір оқушы жарты сағаттың ішінде білім алатын мекемесi, отбасы, араласатын ортасы, өз мүдделері туралы сұрақтарға жауап беріп, сауалнама толтырады. Қосымша бiлiм ұйымдары әкiмшiлiгiнен де сауалнамалар жүргiзiледi. Жауаптардың бағалануы халықаралық жауаптарды кодтау нұсқауының қатал орындалуы бойынша жүргiзiледi, әрбiр жауап өз кодына сәйкестелініп, бiлiктi мамандармен iске асырылады. Кейбір тапсырмалардың жауаптары дұрыс немесе бұрыс деп бағаланады, ал жартылай дұрыс немесе оңай жауаптар жартылай дұрыс деп бағаланады.
Зерттеу нәтижелерін статистикалық өңдеу барысында әрбiр оқушыға әрбір топтағы тапсырманы орындауына қарай (оқу, математика және жаратылыстану бойынша) халықаралық 1000-балдық шкала бойынша балл қосылады. Сонымен қатар, тапсырма барлық тестіленушілермен қаншалықты орындалғанына байланысты әрбiр тапсырмаға аталған шкалаға сәйкес нақты балл қосылады (тапсырманың қиындығы үшін).
Әрбір елдің нәтижелерін талдауда және халықаралық шкаланы құрастыруда жеке елдердің тапсырмаларды орындау ерекшелiктерi есепке алынады. Ал қатесі бар тапсырмалар, мысалы, полиграфиялық немесе аудармасында қателескен тапсырмалар талдаудан шығарылып тасталады.