«Ауғанның отты жалыны» атты Ауған соғысының аяқталуына 25 жыл толуына орай өткізілген кездесу кешінің сценарийі

 

Тақырыбы: «Ауғанның отты жалыны» атты Ауған соғысының аяқталуына

25 жыл толуына орай өткізілген кездесу кешінің сценарийі

 

Кештің мақсаты: Ауған соғысының аяқталуына 25 жыл толуына орай айтулы күнді атап өту. Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу арқылы сол соғыс жайлы мағлұматтар алып, оқушылардың  өрелік қабілеттерін кеңейту. Тарихи оқиға туралы мәлімет беру. Оқушыларды ұлтжандылыққа тәрбиелеу.

Көрнекілігі: слайдтар, бейнесюжеттер, сахнаның безендірілуі.

Кештің өтетін орыны: ауылдық мәдениет үйі ғимараты.

Түрі: әдеби – сазды тарихи кездесу кеші.

Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, география, орыс әдебиеті, музыка.

Өткізген: Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Н.Жанпеисова

 

Кештің жүру барысы:

  1. Армысыздар, ағалар, от кешкендер!

Ақ тәндерін боршалап оқ тескендер.

Армысыздар , ағалар, ардагерлер!

Ар сыналған жылдары от кескендер.

 

  1. Қасіретін көзбен көрген жалғанның,

Көкірегінде мәңгілікке қалған мұң.

Алдарыңда бас иеміз тағзым қып,

Соғысында қан кешкендер АУҒАННЫҢ.

 

  1. Құрметті қауым! Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылуына 25 жыл тоуына орай ұйымдастырылған «Ауғанның отты жалыны» атты әдеби сазды тарихи кездесу кешіне қош келдіңіздер.

 

  1. 1979 жылдың 25 желтоқсанында басталып  1989 жылдың  15 ақпанында аяқталған Ауған соғысы  9 жыл  10 айға созылып, мыңдаған адамның өмірін өзгертіп, қаншама қайғы қасірет әкелгені сөзсіз.

 

  1. Сол соғыс туралы мағлұматтар базасын нығайту үшін сөз С.Бекбосынов атындағы орта мектебінің АӘД пәні мұғалімі Қабиденов Азамат Бауыржанұлына баяндама жасау үшін ұсынылады.

 

Баяндама «Ауған соғысы: тарих, шындық, тағылым»

Ауғанстан — ислам мемлекеті Оңтүстік Батыс Азиядағы мемлекет.Аумағы  652,2 мың шаршы км. Астанасы – Кабул (1,5 млн.,1992). Халқының саны  32 млн. адам.Ауғанстан жері 29 уәллаятқа және  2 округке бөлінеді. Мемлекеттік тілі  — пушту және дари тілдері. Ислам дінін ұстанады, соның ішінде сунниттік бағыт. Жерінің 3\4 бөлігінен астамы таулы. Гундкуш, Паропамиз, Сафеднах, Газни- Кандагар сынды тау жоталары кездеседі. Климаты субтропиктік. Жауын, шашын мөлшері өте аз, ауа температурасы өте жоғары болады.

1973 жылға дейін Ауғанстан монархиялық билікті ұстанды.  1973 жылы әскери төңкеріс болып, революция жарияланды. 1978 жылы қанды төңкерістен кейін Революциялық Кеңес келді. Оны қолдау үшін  1979 жылы Ауғанстанға Кеңес Одағы әскерлері шақырылды. Осылай КСРО 1979 жылы 25 желтоқсанда Кеңес әскерінің шектеулі контингентін Ауғанстан жеріне енгізді. Мұның арты он жылға созылған қанды қақтығысқа алып келді.КСРО қорғаныс министрі бұйрығымен аталған соғысқа Кеңес әскерлерінің қатысы сол кездегі басшылық тарапынан жіберілген өрескел қате болды. Себебі бөгде ел мен жердің ішкі жағдайымен олай толық таныс болмай жатып ақ, өздерін бір, екі айлық акцияға қатысып, белгілі бір тапсырманы орындайтын боламыз деп есептеді. Олай болса Ауған соғысының жылнамасына көңіл аударйық:

1979жылы Кеңес әскерлері өздерінің 86 адамынан айырылды, оның  7-уі қазақстандықтар еді.

1980 жылы қаза болғандар саны – 1484 , 181 — і қазақстандық болды.

1981жылы 1298 солдат пен офицерлер көз жұмса, оның  97 сі қазақстандықтар болатын.

1982жылы қаза тапқандар 1948 адамды құраса, оның 168 адамы қазақстандықтар еді.

1983жылы қаза болғандар саны 1446 адам, оның  72 сі Қазақстаннан болды.

1984жылы 2343 айырылып, оның 103 – і қазақстандықтар болатыг.

1985жылы 1868 адамнан айырылып, оның 86-сы қазақстандықтар еді.

1986жылы қайтыс болғандар саны 1333 адамды құрады, ал оның70-і Қазақстаннан еді.

1987жылы қаза тапқандар саны 1215 адам болса, оның 64 адамы біздің отандастарымыз болды.

1988 жылы мерт болғандар саны 759 адамды құраса, оның  44 қазақстандықтар болды.

1989жылы қаза тапқандар 53 адам болса, оның  8-і Қазақстаннан болатын.

Міне осылай Кеңес әскерініңресми деректері бойынша бұл соғыста 15 мыңнан астам совет офицерлері мен солдаттары қаза тапты, 35 мыңнан астам адам жараланып, оның қаншасы өмірлік мүгедек болып қалды. Осы соғыс әрекеттері КСРО ға 5 млрд. сом шығын әкелді. Ал осы соғыстың ел басына әкелген қайғы қасіретінде шек жоқ. Бұл соғысқа Қазақстаннан  21979 адам қатысып, оның 780-і қаза тапты, ал  22 – сі хабарсыз кетіп, із түссіз жоғалып кетті. 1990 жылғы мәліметтер бойынша хабарсыз кеткендердің 2-еуі АҚШ та тұтқында,  11-і тұтқындар лагерінде қаза тапқан. Соның ішінде Н.Г.Саминь мен Қ.Бекболатов Бадабер тұтқындар лагерінде ерлікпен қаза тапқаны соңғы уақытта белгілі болды. Иә, адамзат тарихындағы қанқұйлй оқиғалардың бірі осы АУҒАН соғысы болғаны жасырын емес. осы соғысқа біздің ауданымыздан да азаматтар аттанып, өздерінің интернационалдық борыштарын өтегендер саны- 36.

Бүгінгі күні ерліктің даңқын асқақтатып,өздерінің азаматтық түр тұлғасын танытып жүрген ардагер ағаларымыз қашанда, қай кезде де мадақ пен марапатқа лайық жандар. Атақты жауынгер жазушы Б.Момышұлы: «Айбындылық аспаннан түспейді» деп қаһарман ұлдарын пана тұтқан. Сондықтан Ауған соғысының ардагерлерін құрметтеу біздің азаматтық парызымыз деп түсінемін.

 

  1. Атаулы датаға байланысты құттықтау сөз ауыл әкімі Өміртаев Ардақ Аманғалиұлына, мектеп директоры Тілеубай Байбұлан Күнтуғанұлына ұсынылады.

 

  1. Әдеби монтаж

1-Армысыздар, ауғандық жауынгерлер,

Жырым бар жараланған жаныңды емдер.

Өткен күндер есіңнен еш кетпейтін

Әрқашан ұзақ жасап, дәуірлеңдер.

 

2-Жалын жастан зарын татқан Ауғанның,

Тар жол, тайғақ кешіп өскен тарланмын.

Өмір үшін өлімге де сан бардым

Ал, бармауға намыстандым, арландым.

 

3-Алысып қас дұшпанмен қасарысқан,

Адалдықпен от кешті жас арыстан.

Лайық бүгін жылдар жылжып өтсе дағы

Жауынгерлер бар құрмет пен алғысқа.

 

4-Оралмай сан боздақтар кетті қанша,

Қалды ау талай ғұмыр тау мен таста.

Ауған жері, ауған елін қорғаймын деп,

Жастары жетпеген ед 20 жасқа.

 

5-Міне өтті қас қағымда 25 жыл,

Еске алып ұрпақтарың жазады жыр.

Ерлерді ешқашанда ұмытпаймыз,

Отанмен әрқашанда жаны да бір.

 

6-Ағаларым жаралған ерлік, рухтан,

Оққа ұшып, отқа күйіп, ел қорғаған.

Отан үшін қан майданда жерді құшып,

Бізге күнді, көк аспанды сыйға тартқан.

 

7-Кеуделерің біздерге кең сарайдай,

Мейірменен қарайды бір тарамай.

Сіздер жайлы толғансам оралардай

Ойы отты, ұшқынды сөз алаудай.

 

 

8-Бір кезде жауыздықпен жүрген сайрап,

Дұшпандар айдалада жатыр жайрап.

Қарайды аға батыр айналаға,

Бойынан лапылдайды жігер, қайрат.

 

9-Келеді қос жанары отша жанып,

Ағалардың ерлігіне елі қанық.

Есімі ешқашанда ұмтылмайтын

Тарихта аңыз болып қалары анық.

 

  1. Ән « Батыр бабалар » Зейнолла, Төлеуғазин, Әбдікәрімов.

 

  1. Ауған соғысына қатысып, өздерінің азаматтық борыштарын өтеп қайтып, қасіретті соғыстың қиыншылығын көрген қонақтарымызбен таныс болайық:

 

  1. Алғашқы қонағымыз Аудандық қорғаныс бөлімінің бастығы, подполковник Нұржауов Бауыржан Кәкімжанұлы. Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Емелтау ауылында 27 тамыз 1967 жылы дүниеге келген. Кеңес әскерінің қатарына Клинин аудандық әскери комисариатынан 1985 жылдың  6 желтоқсанында шақырылған. Ол  1986 жылдың  23 сәуірі мен 1987 жылдың  9 қарашасы аралығында Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамында Логар уәллаяты Бараки елді мекенінде аға барлаушы, бөлімше командирі болды.

 

  1. Стихотворение «Жара. Песок. Афганистан» жатқа оқу. (Нариманов, Кабиденов, Амангелдин, Алдажаров)

 

  1. Кешіміздің келесі қонағы бүгінде арамызда жоқ, жерлесіміз Темірханов Мағауия ағамыздың жары Гүлбаран апай. Темірханов Мағауия Серіккәрімұлы 1959 жылдың 9 тамызында Архат ауылында дүниеге келген.  1979 жылдың  26 желтоқсаны мен 1980 жылдың  5 мамыры аралығында Ауғанстан жерінде өзінің интернационалдық борышын абыроймен өтеп қайтқан.  1981 жылы жары Гүлбаран апаймен отау құрып, дүниеге бір ұл мен бір қызды әкелген қамқор әке. 1998 жылы ауыр науқастан қайтыс болды. Ағамыздың баласы Ғабит отбасылы, қазір Алматы қаласында тұрады. Ал қызы Қаламқас Семей қаласында анасымен бірге тұрып қызмет жасайды.

 

  1. Өкінішке орай, бүгінгі күнге ағамыз жете алмады. Ауғанның салған жарасы дерт болып жабысып, мәңгілік мекенінен орын алды. Сондықтан ағамыздың қасиетті рухы мен мыңдаған құрбандарды еске алу үшін бір минуттық үзіліс жарияланады. (Қайғылы музыка)

 

  1. Стихи «Мы все оттуда» (Жанпеисова А.Н.), «Оттуда» (Куанышбек Т.), «Август» (Абилпеисова Д.)

 

  1. Кездесуіміздің келесі қонағы Қасымжанов Мәдениет Өртқалиұлы. 1960 жылы 7 қараша Архат ауылында дүниеге келген. 1980 жылы әскер қатарына шақырылып, 1980-1982 жылдар аралығында Ауғанстан жерінде азаматтық борышын өтеп қайтқан жерлес ағамыз. 1984 жылы жан жары Баян апаймен отау құрған, үш баланың әкесі. Ұзақ жылдар бойы совхозда жүргізуші болып жұмыс жасаған. Ұлы: Съездбек Өртқалиев Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияның вокал бөлімінің студенті, қызы Тоты тұрмыста, Семей қаласында тұрады. Кенжесі Назерке Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық колледждің студенті. Бүгінгі күні сүйікті немересіне ата болып отырған ағамызбен қауышқанымызға қуаныштымыз.

 

  1. Стихи «Песня о друге» (Куанышбеков, Толеугазин)

 

  1. Кешіміздің қонағы Каримов Айдар Өмірғалиұлы. 1962 жылдың 28 сәуірінде Архат ауылында дүниеге келген. 1980 — 1982  жылдар аралығында Ауғанстан жерінде өзінің азаматтық борышын өтеп қайтқан жерлесіміз, 1984 жылы Алма апаймен отау құрған. Ұзақ жылдар бойы Семей қаласының ішкі істер бөлімінде абыройлы қызмет атқарып келген. Бүгінгі күні Қазкоммерц банкінің күзет бөлімінің бастығы болып жұмыс жасайды. Үш бала тәрбиелеп отырған өнегелі отбасының тірегі.

 

 

  1. Кеш қонағы Жұманбаев Асқар Сайлаубайұлы. 1966 жылдың 4 мамырында дүниеге келген. 1984 пен 1986 жылдар аралығында азаматтық борышын Ауғанстан жерінде өткеріп қайтқан.  1988 жылы жары Гүлсая апаймен отау құрып, дүниеге төрт бала әкелген ұлағатты әке. Ұзақ жылдар бойы совхозда механизатор болып жұмыс істеген. Бүгінгі күні үлкені Альмира тұрмыста, Алматы қаласындағы балабақшада жұмыс жасайды. Ұлы Нұржан Астана қаласында жұмыс жасайды, отбасылы. Қызы Гульмира Семей қаласында Заң университетінің ІУ курс студенті. Кенжесі Эльмира мектеп оқушысы. Қос немересінің қызығына тоймайтын Асқар ағамыз бүгінгі күні ауылымыздың үлгі тұтар азаматтарының бірі.

 

  1. Кешіміздің келесі қонағы Мұсағалиев Қайрат Аманғалиұлы. 1968 жылдың 1 қаңтарында ауылымызда дүниеге келген. 1986-1988 жылдар аралығында Ауғанстан жерінде өзінің азаматтық борышын өтеп қайтқан жерлес ағамыз. Ұзақ жылдар бойы ауылымызда жүргізуші болып қызмет атқарған. Бүгінгі күні Семей қаласында тұрады. Жары Айгүл апаймен отбасын құрып, Тілек атты 1 сынып оқушысын тәрбиелеп отырған ұлағатты әке.

 

  1. Аталған тарих беттерін парақтап, бүгінгі күнге жетіп отырған ағаларымызбен сұхбаттасу үшін ардагерлерімізді әңгімеге тартайық.

 

  1. Еркін микрофон жұмыс жасайды, сауал қоямын деушілерге рұқсат беріледі.

 

Жүргізушілер сауалы:

  1. Бауыржан Кәкімжанұлы, Ауған соғысы ардагерлеріне қаншалықты қолдау көрсетіліп отыр? Сіздің пікіріңізше, сол қолдау жеткілікті ме?

Қазіргі алдыңызға барған жастар бойынан қаншалықты патриоттық сезімді бақылай аласыз?

Барлаушы әскер өмірінде ертеңгі жоспар құруға әсер ететін тұлға екені жасырын емес, сондықтан осы тұрғыдағы есте қалған сәтіңізбен бөліссеңіз деп ойлаймын.

 

  1. Гүлбаран апай, Мағау ағамыз Ауғанстандағы күндері жайлы қаншалықты сырмен бөлісуші еді? Ол кісінің дүниеден ерте өтуіне осы соғыс әсер етті деп ойлайсыз ба?

 

  1. Мәдениет аға, сіздің Ауған соғысында жүргізуші болғаныңыздан хабардармыз. Ал жүргізушілерсіз соғыста еш колонна жұмысы жүзеге аспайтыны белгілі, сондықтан сол ауыр күндеріңізден естелік айтып бере аласыз ба?

 

  1. Айдар аға, сіз бейбіт өмірде де «нағыз солдат» болдыңыз. Сондықтан әскери өмір, темірдей тәртіп деген ұғымдар сізге өте таныс. Сол ұғымдар жайлы ой бөліссеңіз.

 

  1. Асқар аға, Ауғанстан жерінде бірге өткізген күндеріңіздегі қарулас жолдастарыңызбен хабарласып тұрасыз ба?

 

  1. Қайрат аға, сіздің әскери өміріңіз жайлы мақаланы қалалық «СПЕКТР» газетін оқыған едім. Сол мақалада айтылған оқиғаларды айтып берсеңіз және кейінгі марапаттарыңыздың тарихы туралы да білгіміз келеді.

 

 

  1. Бүгінгі кештен естелік сыйлықтар табыстау үшін ортаға кеш ұйымдастырушылары Жанпеисова А.Н. мен ауылдық мәдениет үйінің жас маманы Анар Советжанды шақырамыз.

 

Соңы:

  1. Сіздер бізге қашанда үлгісіздер,

Тым алысты көретін дүрбісіздер.

Адамзатқа жақсылық әкелуде,

Жапырақты, саялы, бүрлісіздер.

 

  1. Тұлғаларың әрқашан биік тұрар,

Батыр деген бұл сөзге сиып тұрар.

Ізгіліктің, ерліктің, қайсарлықтың

Өсиетін шүмектеп құйып тұрар.

 

  1. Қан кешкен он жыл,

Ерлікпен өткен тозақтан.

Баласы елдің құтқарар әркез азаптан,

Еліміз тыныш, батырларымыз аман боп,

Жасасын бірлік, атпасын енді азап таң.

 

1.Ел қорғайтын ер ағалар: 2.Ардағымыз, Арымыз,

1.Ерлер тойын, елдің тойын: 2.Қарсы аламыз бәріміз.

 

  1. Құрметті ардагерлер! Мерекелеріңіз құтты болсын. Қатарларыңыз сиремей, елдің рухын көтеріп, жылдан жылға, аман есен жүре беріңіздер демекпіз. Хош, сау болыңыздар!!!

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

Алғашқы әскери дайындық өмір қауіпсіздік негіздері журналы № 3/ 2012 жыл

Энциклопедиялық анықтама «Даңқ 1979-1989»«Сөздік — Словарь» Алматы,2009 жыл

Қазақстан тарихы журналы №1 2007  жыл