Шығарма «Менің Президентім»
Шығарма «Менің Президентім»
Қашанда қарыздармын, елім, саған,
Анамсың алыс жүрсем көп аңсаған.
Жүректің арнап ыстық махабатын,
Туған ел, берерім көп менің саған.
Осы шумақ арқылы Отанға деген, Қазақстанға деген ыстық махабатты аңғаруға болады.
Өз елін, өзінің кіндік кескен туған жерін, ана сүтімен дарыған туған тілін сүймейтін адам жоқ. Менің елім – Қазақстан. Республиканың өз алдына дербес мемлекет болып, тәуелсіздігін алғанына биыл 23 жыл толғалы отыр. Өз еліңде бақытты, тыныш өмір сүргенге не жетсін! Қазақ халқында «Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас» деген дана сөз бар. Қазақстан көп ұлтты, тәуелсіз мемлекет. «Бұтағы көп ағашқа құс қонар» — деген сөз менің еліме арнайы айтылғандай. Себебі Қазақстан жерінде қаншама ұлт өкілдері бір-бірін бауырлас біліп тату – тәтті өмір сүреді. Бір – біріміздің салт – дәстүріміз, әдет – ғұрпымызды құрметтеп, шын бақыттың дәмін тартудамыз. Еліміздің қай жерін, қай тұсын, қандай өлкесін алса та көрген жанның көңілін марқайтып, көзін жадырататын көктем табиғатымен ерекшеленген жерлер. Қазақстан – бүкіл қазақ халқының ата мекені, кіндік қаны тамған, киелі жері. Бұл жерді менің ата-бабаларым да мекендеген. Олар бастарына қандай қиындық туса да мойымай, өз елін қорғап қалуға ат салысқан.
Алыс – жақын елдерде соғыс болып жатқанда, біздің аспанымыз ашық, өміріміздің бейбіт болғанына қуанамын. Сол бейбітшіліктің арқасында күліп-ойнап, еркін білім алып, жұмыс жасап жүрген ерікті елдің қызының бірімін. Мен болашаққа нық сеніммен, үлкен үмітпен қараймын. Тәуелсіздіктің алғашқы жетістігі – халқымыз өз таңдауымен ел Президентін сайлауы. Оған үлкен сенім артты, міндет жүктеді. Мұның мәнін біз жақсы түсінеміз. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – елге, барша әлемге танылған, өмір еңбектің шытырман жолдарынан өткен, шыңдалған, болашақты көрегенділікпен саралап, болжай білетін азамат. Өткеннің өзі – көпке үлгі болар өмірбаян. Нұрсұлтан Әбішұлы Алатаудың бауырында дүниеге келсе де, жанға жайлы мекенде өмір кешпей, еңбек жолын Теміртаудан бастап, Қазақстан магниткасында шыңдалған. «Қанат ұшса қатаяды», — деген осы болар. Н.Ә.Назарбаев Қазақстанды әлемге танылған тәуелсіз мемлекетке айналдырды. Ел сенімі ақталды деген – осы. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы оны тек өзінің жетістігі деп есептемей, «Тарих толқынында», «Ғасырлар тоғысында» тағы басқа еңбектерінде халықты өткеніне үңілтіп, бүгінгісіне шүкіршілік етуге тәрбиелеп отырды. Ата-бабаларымыз Батыр халық аттың жалында, найзаның ұшымен, білектің күшімен, ақтық демі біткенше, елін дұшпанға таптатпай, Алтайдан Дунайға, Сібірден Шығысқа дейінгі ұлан – ғайыр даланы небір сұрапыл соғыстардан, замана зұлматтарынан аман алып қалып отырған. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдардың тар жол, тайғақ кешуінде де тәуелсіздік туын құлатқан жоқ. Ата – бабаның сол тізгінін Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлыда мықтап ұстаған. Олай деуімізде де себеп бар. Өйткені, Президент адам құқығы мен заңға саналы түрде басым бағыт бере отырып, өз еліндегі тыныштық пен келісімді көзінің қарашығындай сақтауда. Елдің ата заңы Конституциясы мен рәміздері өмірге келді. Тәуелсіз Отанымыздың көк жүзімен астасқан көк байрағы астында Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болдық. Ардақты ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алғаны, тұңғыш төл теңгеміздің шығуы, Семей атом полигонының жабылуы – бәрі де Елбасының тікелей араласуымен болған. Ел ордасы болып Астана бой көтерді. Бұл қала өзінің әсем сәулет өнері үлгілерімен, сан-алуан тарихи және мәдени ескерткіштерімен, сұлулығымен әлем назарын өзіне қаратып отыр. Мұнда тамаша сәулет өнері туындылары, солардың ішінде «Ақорда», «Бәйтерек», «Думан» орталығы секілді көптеген ғимараттар мен ескерткіштер орналасқан. Әсем қаламыз – Астананың жылдан-жылға жаңарып, көркеюіне Елбасымыздың қосқан үлесі орасан зор. 1998 жыл «Халық бірлігі мен тарих жылы» атанғаннан кейін біршама тарих беттерінде ашылмаған, анықталмаған тарихи байлықтарымыз ашылды. 1999 жылдың «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы» деп жариялануы тектен-тек емес. Президентіміздің тапсырысымен көптеген қазақ азаматтары өзінің ата-бабаларының тұрған, кіндік қаны тамған кең байтақ қазақ еліне келіп, өмір сүрулеріне мүмкіндік алды. 2000 жыл «Мәдениетті қолдау» болып жарияланған. Мәдениет – әрқашан адамзаттың ұлы мұраты, асыл болмыс-бітімі, рухани байлығы. Жаңа ХХІ ғасырға қадам басқан шақта қазақ халқының өнерін жаңғыртып, мәдениетін басқа елдерге таныту игіліктің басы. Елбасының Н.Ә.Назарбаев сол туралы: «Біз – талантты халықтың өнерлі ұрпағымыз». Ата – дәстүрін, ана – тәрбиесін көріп өскен, содан нәр алып жетілген ұрпақтың өнерді қадірлемеуі мүмкін емес. Халық өнері – қазына. Біз сол өнерді жалғастырушыларымыз» — деп, барлық елді мәдениетті қолдап, атадан қалған қазынаны ұмытпауға үндеді және оны өркендетуге мүмкіндіктер жасады.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Еліміздің болашағы бүгінгі күннен басталады «Қазақстанның болашағы, жастар, сіздердің қолдарыңызда» деген сөзі бізге, жас ұрпаққа, жас әулетке үлкен жауапкершілік артады. Ұрпағы өз тілінде, мемелкеттік тілде сөйлеген ұлттың рухы биік. Тарап кеткен бабаларыңды бауырыңа, ақ қолыңмен тарта аларсың, сен тілім! – деп Мағжан атамыз жырлағандай, еліміздің егемендігін танытатын – қазақ тілі болашақта толық күшіне енеді. Тек қазақ жастары ғана емес, еліміздегі барлық ұлт өкілдері мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, Қазақстанды дүние жүзіне танытады. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» — деп елбасымыз айтқандай, ХХІ ғасыр білімді, қазақ тілінде еркін сөйлейтін азаматтарды қажет етеді.
Тілі бөлек, тілегі бір, жаны бөлек, жүрегі бір сан қилы қан кешуден сабырмен өткен халқымыз қай қиындықта да тату бірлігін, тамаша тірлігін жалғастыра бермек. Мемлекеттік тәуелсіздікті төрт аяғынан тең тұрғыза алған Н.Ә.Назарбаев еліміздің алда тұрған бірнеше он жылдығына жүйелеп жоспар құрып, халқына қамқорлық жасаудан тайынбайтынын өзі бірнеше рет дәлелдеді. Елбасымыздың саясатына қолдау көрсету – халықтың еншісінде. Тәуелсіздігіміздің, болашағымыздың негізі рухани тірегі, кепілі – байырғы халқымыз. Ақ пейіл де, ақжарқын халқыма әрқашан Алла жар бола бергей!
Бізге жол сілтеуші жұлдыз елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бейбіт сүйгіш саясаты. Мен өз президентіме сенемін. Отанымның жарқын болашағына сенемін!