«Өмірін өрген өлеңмен» Қ.Аманжоловтың шығармашылығына арналған әдеби кеш.
«Өмірін өрген өлеңмен» Қ.Аманжоловтың шығармашылығына
арналған әдеби кеш.
Мақсаты: 1) Қасым Аманжоловтың өмірімен таныстыру, шығармашылығынан жан-жақты
мәліметтер бере отырып танымдық көзқарастарын қалыптастыру, шығармашылыққа
баулу;
2) поэзиялық шығармаларды оқытуға ынталарын арттыру, Қ.Аманжолов өлеңдері
арқылы қазақ әдебиетіндегі жалынды поэзиялық туындыларды үйрете отырып,
мәнерлеп оқу қабілеті мен қалыптастыру;
3) ақын жырларын қамти отырып, оқушылардың Отанын, елін, ұлтын сүюге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Қасым Аманжоловтың портреті, ақын туралы естеліктер мен дәйексөздер.
Барысы.
Жүргізуші: Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі әдеби кешіміз қазақ өлеңінің аспанында ерекше нұрлана, жарқырап өткен Қасым Аманжоловқа арналады. Өмірге іңкәр, өмірді жырлап өткен сыршыл ақын жайлы сыр шертіп, Қасым ақын әлеміне сапар шексек деп отырмыз.
Бұлбұлым, сайра кеудемде,
Бұлбұлым – менің жүрегім.
Көңілдің күйі келгенде
Ағыл да тегіл жыр едім.
Ағыттым ойдан ел үшін
Өлеңнің ерке өзенін, — деп ақынның өзі айтқандай, уақыттың сынынан сынбай,
сүрінбей өткен, сымбаты бөлек, сырлы әлемнің сәулетшісі болып қала беретін, алаштың ақиық ақындарының бірі – қасым Аманжолов.
(Ақынның өмірі мен шығармалары оқылады)
Ақын өлеңдерінде шынайы достықты, адамгершілікті ту етеді. Ол барша адам баласын зұлымдықтан бойын аулақ ұстап, жаманнан жиреніп, жақсыны үйренуге шақырады.
Балалық шақ туралы.
Түседі еске жалаң аяқ күндерім,
Ақсүйекті ала қашқан түндерім.
Сол ашқаннан мол қашыпты балалық,
Қайда екенін көптен бері-ақ білмедім.
Қуар едім осы күні етікшең,
Бірақ маған жалаң аяқ жеткізсең.
Менмұндамын, сен қайдасың білмеймін,
Жеңіл аяқты жетім болып кеттің сен.
Өткен екен талай жылдар, талай күн,
Өмір жолын, өлең жолын санаймын.
Сонау қарттың жөтелгенін есітіп,
Есік жаққа қайта-қайта қараймын.
Мен-табиғат бөбегі.
Мен – табиғат бөбегі,
Еркін жанмын еркемін.
Аузымда жастық өлеңі,
Еркелеп күйіс шертемін.
Жарқ-жұрқ етіп жүруді
Найзағайдан үйренгем.
Шадыман шат боп күлуді
Күн мен айдан үйренгем.
Тәккапарлық , ерлікті
Асқар таудан үйренгем.
Мен бір жанмын ерікті,
Жарысып желмен жүгірген.
Ашу, қайғы дегенді
Қара бұлттан үйрендім.
Өз еркімше сілтемей,
Қашан ғана имендім?!
Қуанышқы, бақытқа.
Қуанышқа, бақытқа
Құшағыңды еркін жай.
Біздің ұлы уақытта
Қуана біл баладай.
Еңсе көтер, еңбек ет,
Жеттік сонда табысқа.
Құлашыңды кең сермеп,
Серпіле түс жарыста!
Жастық отың сөнбесін,
Жігеріңмен жарқылда!
Қарттық саған келмесін,
Тарылма да сарқылма!
Қазақстан.
Елі жаста «Елім бер деп айта алмай»,
Кетпес естен күйінгенің , мұңлы Абай.
Елім бар деп айтатын бір туды күн,
Елем бар деп шырқатайын мен бүгін.
Қойсын енді Қорқыт күйі сарнамай,
Атам Абай арманыңа бер тыным.
«Гүлжазира», «Жерұйықтан» кем бе екен,
Сен таппасаң, біздер таптық жер тыңын.
Мынау дала біздер өскен кең мекен –
Қызыл тулы ел – Қазақстан дейтұғын!
Көкше, Баян, Қарқаралы, Алатау,
Тоңы – алтын, түгі – торқа жер мынау!
Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыралып жарты жүние әлемін!
Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далада атам қолға ту алған,
Бұл далаға жылап келіп уанғам,
Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман.
Атамекен
Сүйем сені туған ел – атамекен.
Абзал анам сенсің ғой құшағың кең.
Жер мен көктің жаннаты бірөзіңсің,
Сенен артық не табам, қайда кетем.
Асан қайғы емеспін, Қасыммын мен,
Қобызымен сырласып күңіренген.
Іздеймін деп «Жерұйық» көр басында,
Ерке жанмын, өмірде өстім еркін.
«Еркелеме, ей жігіт, еспе» дер кім?!
Өз елімде өзендей гүрілдеймін,
Тасып, шалқып өтемін, осы сертім.
Туған жер.
Шықшы тауға, қарашы кең далаңа:
Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға.
Ол шеті мен бұл шетіне жүгірсең,
Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма?
Уа, дариға – алтын бесік туған жер,
Қадырыңды келсем білмей, кеше гөр!
Жатса алмас ем топырағыңда тебіренбей,
Ақын болмай, тасың болсам мен егер.
Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің!
Нендей күйге жүрегімді бөледің?
Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем, —
Арманым жоқ бұл дүниеде, — дер едім;
Мен де өзіңдей байтақ едім, кең едім;
Қызығыңды көріп еркін келемін,
Сен де аямай бердің маған барыңды,
Мен де аямай барым саған беремін.
Көкірекке құйыл, нұр
Көкірекке құйыл, нұр
Даналардың ойынан.
Төгілші, жыр, биыл бір,
Тереңіне бой ұрам.
Кеңі кеуде көктемдей,
Кеңі байтақ Отандай!
Өлең менен кеткендей,
Жатамын ба от алмай.
Өлең керек өмірге,
Өлеңсіз күн көңілсіз,
Күй бітпей ме темірге,
Таба асаңыз ебін сіз.
Темірдей бол жыр сөзі,
Маяковский айтқандай:
Елім-жұртым сыншы өзі,
Жырла, ақын, қалт қалмай.
Нар тәуекел
Нар тәуекел! Құлаш ұрдым қиынғы,
Қайрат шіркін алып шықса қиын ба!
Бұл сапарда сүрініп те қалармын,
Сонда, досым, мені айыпқа бұйырма!
Жығылам деп жүре алмаймын жәй басып.
Жүгіремін киіп-жарып, айқасып.
Мүлги берсін, ілби берсін қорқақтар,
Іш пыстырып, жалт-жалт қара, жай басып.
Жығылсам жа жүгірумен өтемін,
Аяңшылдың ақылын мен не етемін.
Жығылармын, алқынармын, шаршармын,
Барар жерге бұрынырақ жетемін.
Қара ағаш.
Қашанғы қайсар қария,
Қам көңіл жалғыз қара ағаш!
Жағасында дария
Қыстай тұрдың жалаңаш.
Жасартып сені келдіжаз,
Бұтағыңда бұлбұл құс.
Қолында нәзік хат-қағаз,
Көлеңкеде отыр қыз…
Біздің де өтер қысымыз,
Біздің де келер жазымыз.
Бізге де сайрар бұлбұл құс,
Бізге де келер сұлу қыз.
Алатау.
Алатау бұл асырмай асқарынан
Тұр қарап туған дала аспанынан.
Асылып Алатауға ай менен күн,
Жарқылдап шұғыла шашқан тастарынан.
Алға алып кең даласы – дастарқанын,
Алатау – ашқанда той – ақсақалым.
Жаңғыртып жер сарайын ән шырқаймыз,
Ту етіп туған халық жақсы атағын.
ҚұшақтапҚазақстан астанасын,
Алысқа Алатауым, көз саласың.
Алатау – айдын дала қариясы
Көтерген төбесіне өз баласын.
Көктем.
Сансыз көкек сұңқылдап,
Көктем келді ертелеп.
Нәзік үнмен сыңқылдап,
Бұйра бұлақ еркелеп.
Асау өзен арқырап,
Асқар таудан дүркіреп.
Айдын жатыр жарқырап,
Алды дала бір түлеп.
Көкте бұлттар күркіреп,
Жерге төкті өрмегін.
Жауды жаңбыр сіркіреп,
Мейірленіп жерге күн.
Домбыра.
Домбыра мұнша шешен болдың неге,
Күй толған көкірегің шежіре ме?
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің,
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе.
Аққудың әуеніндей үнің бар-ау,
Сарыарқа самалындай ескен баяу.
Бөбектей бесігінде маужыраған
Тыдаймын мен отырып ұйқылы-ояу.
Ақын таланты Ұлы Отан соғысы майданында толысты. Ол қазақ әдебиетіндегі әскери лириканы туғызып, қалыптастырып, жетілдіру жолында үлкен мектептен өтті. Соғыс кезіндегі ұранға, шақыруға, мадақтауға құрылған көп жырларға қарама-қарсы ақын майдан өмірінің өткір де қатыгез шындығын өз өлеңдеріне арқау етті.
Қоштасу.
Қош бол, досым, жақыным!
Уақыт тығыз, сөз қысқа.
Кетіп бара жатырмын
Сұрапыл бір соғысқа.
Тепкісінде соғыстың
Дүние меңзеп жатқанда.
Ажал бейне фашист сұм
Қасқыр болып шапқанда.
Қоян емен адаммын,
Қайтып бұғып жатырмын!
«Жаны тәтті жаманның»,
Сыналар күні мақалдың.
Сыналар күні жігіттің,
Қош бол, досым, сөз қысқа!
Зіл боп ойым, мен кеттім
Сұрапыл бір соғысқа!
Үстімде сұр шинелім.
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басы келемін.
Қанды қырғын, қызыл от,
Қаптап жүр ажал дегенің.
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қағып-соғып жығар ма
Оңайлықпен мені өлім.
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Баяғы Қасым, бір Қасым,
Баяғы күйім, өлеңім.
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Ұмытса да достарым,
Ұмытар ма мені елім.
***
Көкте зырлап барады
Алтын жұлдыз.
Жерде тұрып қарады
Әлия қыз.
Алтын жұлдыз алысқа
Кетті ағып,
Кетті ағып, жас қызға
Бір ой салып.
Алтын жұлдыз зымырап
Кетті алыс.
Кетті алыс мылтық ап
Бір жап-жас қыз…
Майдан кештімылтық ап
Әлия қыз, —
Өр төсінде жарқырап
Алтын жұлдыз.
Ақын туралы ойлар: Қасым поэмасы майданнан соққанжаңа леп сияқты… Алыста отырып,оғыстың өзін көргендей боласың.
Ғабит Мүсірепов
Қасым поэзиясынан алынатын рухани әсерлер де, үйренетін ақындық үлгілер де мол.
Есмағамбет Ысмайылов
Қасымның орны да өз алдына жеке тұр. Ол да өзінше дара, өзінше ерекше.
Ғабдол Сланов
Қаламын қанына малып отырып жазу – өзі де қаһарман бола алатын
Қасымдардың ғана қолынан келеді.
Әбділда Тәжібаев
Дейсіңдер-ау! Қасымның несі басым?!
Қасым солай болмаса несі Қасым,
«Ақынмын» деп қопаңдап жүргендердің
Әммесінен Қасымның десі басым?
Мұқағали Мақатаев
Ән: Өзім туралы.
Өзге емес, өзім айтам өз жайымды,
Жүрегім жалын атқан сөз дайында.
Тереңде тұнып жатқан дауыл күйді,
Тербетіп, тулатып бір қозғайын да…
Аманжол – Рахымжанның Қасымымын,
Мен қалған бір атаның ғасырымын.
Біреуге жұртта қалған жасығымын,
Біреуге аспандағы асылымын.
Барым да, бақытым да осы өлеңім,
Жақыным, жүрегімнің досы өлеңім.
Өмірге келгенім жоқ бостан-босқа,
Мен қайтып, босқа жасап, босқа өлемін.
Ежелден ерке бұлан Қасым едім,
Бұлқына тасып едім, басып едім.
Жүзім – жаз, көңлім- көктем кең пейілді,
Жақсының жүрегіне ғашық едім.
Дүниеге келер әлі талай Қасым,
Олар да бұл Қасымды бір байқасын.
Дауылдай өртке күйген өлеңімді,
Қасымның өзі емес кім айтады ай…
Қасым Аманжолов – қазақтың ұлттық ақыны. Ол бүкіл жан-тәнімен, руңхымен, ішкі сезім-күйімен, ақындық ойлау, жазу өнерімен қазақтың ұлттық болмысын толықтырады, жетілдіреді. Қасым да өзінен бұрын талай ұлы ақындар өткенмен, өз заманының, өз ұрпағының сөзін айтты. Ол – поэзия сүйгіш қазақтың досы, рухани демеушісі.