Қорқыт ата тағылымын әр жолы тұнған имандылық
Қорқыт ата тағылымын әр жолы тұнған имандылық
«Қорқыттың нақыл сөздері» атты кіріспедегі «Бисмиллаһи Рахмани Рахим» деп басталатын қасиетті сөздер Баку нұсқасында алынып тасталғандықтан, қазақша аудармасына да енгізбеуді жөн санағандарын қос ғалым ғылыми түсініктемелерінде ескерте кеткен. Бәлкім советтік қызыл идеологиядан қаймығулары оларды осы әрекетке итермелеген болар?! Демек жырдың түпнұсқасы мен В.Бартольд аудармасы — Құранның қасиетті сөздерімен басталған деген сөз. Енді аталған кітаптағы «Қорқыттың нақыл сөздері» атты кіріспесінен тағы біраз мысал келтіріп көрелік. …Қорқыт ата тағы не айтқан екен: «Аузымды ашсам, тіліме кәлима келеді.
Аллаға — шексіз құрмет! Алланың досы, дініміздің егесі Мұхаммедке — құрмет!
Сол Мұхаммедтің орнында тұрып дұға оқыған Әбубәкірдің аты өлмесін!…
Құранның бетін ашып, «Ясин» сүресін оқығандарға құрмет!… Сөзі көктен түскен, ретімен тізіліп, тілімізді кәлимаға келтірген Құранға — құрмет!…
Аласа жерге салынған Алланың үйі — Меккеге -құрмет!… Күндердің жақсысы — жұма өлмесін!… Бүкіл ғаламды жаратқан, теңдесі жоқ Аллаға — құрмет! Хан ием, көкте тұрған сол Алла бізге рахым етіп, жар болсын!» деген екен Қорқыт ата.
Қазіргі дүниеде діни шыдамсыздық салдарынан күн сайын мыңдаған адам зардап шегуде. Қазіргі кезде діни экстремизм мәселесі дүниежүзілік жаһандық мәселелердің қатарында. Соңғы кездері Қазақстанның діни өмірінде бірқатар діни экстремистік ұйымдардың қызметтерінің күшейгені байқалуда. Қазақстандағы бейбітшілік өмірді бұзуға тырысушылар діни қақтығыстарды көбейту арқылы өз мақсаттарын жүзеге асыруға тырысуда. Қорқыт бабаның айтқан тағылымын әр мұсылман жадында ұстаса, онда бірін-бірі құрметтеген түрлі діни сенімдерді ұстанатын Қазақстан азаматтары бұл арандатушылықтарға жол бермей, Еліміздің қоғамдық тірегі мықты болар еді.
Осынау батырлық 12 баянның әрқайсысы дерлік жыр ауторының Аллаға мінажат етіп, Жаратқаннан жарылқау тілеуімен аяқталып отырады.
Мысалы, «Кітаптағы» «Сыртқы оғыздардың ішкі оғыздарға қарсы бас көтеруі…» деп аталатын ең соңғы 12-ші жырдың соңғы түйінінде былай деп жырланады:
Бұл жиынға Қорқыт атам келіп, қуанышты өлең айтыпты. Дін үшін күрескен сол батырлардың ерлігін жырға қосыпты… Адам өмірі өткінші… Құдай сені өлгеніңше дініңнен айырмасын! Ақ сақалды әкеңнің барған жері жұмақ болсын! …Иманды жүзіңді көрген соң бес ауыз сөзбен дұға оқыдық. Ол дүниеде Мұхаммед саллалаху алейхиуассалам пайғамбар үшін Алла сенің күнәңді жеңіл етсін!»-деген тілекпен соңғы жыр аяқталған екен.
Қазақтың «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Қырымның қырық батыры» сияқты жырлары мен «Қорқыт ата кітабы» арасынан батырлар бейнесінің сомдалуы, оқиғалардың суреттелуі, негізгі идеялары тұрғысынан көптеген ұқсастықтарды көреміз. «Қорқыт ата кітабы»- түркі халықтарының болашақ үшін қалай күрескендігін, елін, жерін қорғаған ерлердің ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп жырлаған, көрінгеге жем болмай, қайтсе баққытты өмір сүруге болады деген сауалдарға біршама жауаптар берген, қоғамдық өмірдің аса маңызды өңірлері жайлы философиялық ойлар түйген кең тынысты эпикалық туынды. «Қорқыт ата кітабында» көтерілген мәселелер, онда айтылған ойлар, ұсынылған ережелер күні бүгінге дейін маңызын жоя қойған жоқ. Мысалы: «Ақ сақалы жарасқан шал көрікті, инабатты болса, әйел көрікті, сыйлас болса , ағайын көрікті, үлкен шаңырықтың қасында отау көрікті, жібек шатырдың жібі көрікті,өнегелі болса бала көрікті», «Мықты, жүйрік бедеуге қорқақ жігіт міне алмас», «Қонақ келмеген үйдің құлағаны артық», «Көп қорқытады, терең батырады», «Шіріген мақтадан мата шықпайды, нағыз жаудан дос шықпайды», «Қиып түсер қылышты мұқалтқанша, шаппаған жақсы», «Өтірік сөз өрге баспас», «Ескі киімнің биті ащы, жетім баланың тілі ащы», «Қанша тасып тулағанмен өзен суы теңізді толтыра алмайды, қанша қалың қар жауғанмен қар көктемнен қалмайды, гүл жайнаған қалың да,
қара күзге қалмайды», «Ажал жетпей өлмек жоқ, өлген қайтып тірілмес, шыққан жан кері оралмас», « Адам өмірі-қамшының сабындай ғана қысқа екен, досы көп, ұрпақ тәрбилеген ұтады екен», «Адам баласы керуен сияқты: тоқтады, көшті де кетті», « Құстың қонар жерін су білер, малдың барар жерін ну білер»,
«Топырақ тау болмайды», «Сайдың шөбін жеген білер, көк шүйгінін киік білер», «Бас аман болса бөрік табылады», «Дәулетті ұл – ошақтың қоры, дәулетсіз ұл – атаның соры», «Ұлдың күні күн емес – атадан мал қалмаса, ата малы пұл емес – баста ақыл болмаса», «Тебегеннің таңын сүзеген айырады», «Ат жемейтін ащы шөптің шыққанынан шықпағаны игі, адам ішпес ащы судың аққанынан ақпағаны игі», «Атасының атын шығармаған жігерсіз ұлдың – туғанынан тумағаны игі», «Сауыттың қасиеті – қылышпен ұрғанда, аттың қасиеті – жаудан алып шыққанда көрінер»,«Ұл ақылды хош көрмес – ата үлгісін көрмесе, қыз жарытып ас бермес – ана үлгісін көрмесе», «Түбі жат бала туғандай болмас: ішер, жер, киер де кетер, бірақ «көрдім» демес», «Қара есектің басына жүген таққанмен-тұлпар болмас»,«Күңге сары пәй шапан жапқанмен — бәйбіше болмас», «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман»,«Атадан өнеге алмаған ұл жаман», «Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді» «Турап жеген ет жақсы, шөлдеп ішкен су жақсы»т.б. Өмірдің мәнін осылайша терең толғаған, бұралаңы көп бұл дүниеде адамдардың тура жолда жүріп, бақытты өмір сүруіне көмектесетін осы сияқты қанатты сөз тіркестері кітапта молынан кездеседі. Мұндағы терең ойлы сөздер оқушылардың өмірді сүюге, өмір заңдылықтарына сай өмір сүруін анықтаумен бірге, одан қалды адамзат баласының жер бетінде бейбіт қатар бақытты ғұмыр кешуге үндеуімен аса құнды.
Халық музыка шығармашылығының эстетикалық тәрбие берудегі мүмкіндіктерін көптеген ғасырлар бұрын–ақ ұғына бастаған болатын. Құнды педагогикалық мәні бар ежелгі ұлттық мәдениетіміздің бір көрінісі — Қорқыт атаның ойлары. Дала ойшылы, ақын, жыршы, күйші Қорқыт ата жырларының негізгі тақырыбы – адам өмірінің қысқалығы және оның өлімнен қашып құтылу мүмкіндігін іздеуі.
Қорқыт есімі де, XIII ғасыр бойы халықтың мұңы мен зарын, қуанышы мен қайғысын, үміті мен арманын баяндап, үні мен сарынын сақтап келген қобыз да, оның әуені де киелі. Сондықтан, Қорқыт десек қобызды, қобыз десек Қорқытты көз алдымызға елестетеміз. Бұл екі есім мен ұғымды бөліп алуға болмайды. Қорқытқа қатысты аңыздардың дені «Қорқыт ата кітабында» сақталған. Түркі халықтарына ортақ «Қорқыт ата кітабы» көне оғыз тайпасының эпикалық жазба ескерткіші. Кітап оғыздардың өмірін баяндайды. Оғыз, қыпшақ тайпаларына ортақ тілде жазылған. Көшпелі өмір салттағы бабаларымыздың табынары Тәңірі, сыйынары аруақ, тілдесері табиғат болса, осылардың бәрімен байланысып, дәнекер болатын тұлға бақсы еді. Білектің күшімен енген мұсылмандылыққа ең ұзақ қарсыласқан сол даланың өмір салтына айналып кеткен Тәңірлік наным-сенім еді. Оның бас тұлғасы бақсы мен құдіретті қара қобызы болатын.
Қазақтың философиясы тарихында Қорқыт Ата – ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымның негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде көрінеді. Аңыз-әңгімелерде Қорқыт Ата өзінің желмаясына мініп, халыққа мәңгілік бақыт әкелетін жерұйықты іздеген данагөй ойшыл. Ғалым- филолог Е. Тұрсыновтың пікірі бойынша, Қорқыт баба тұлғасы аңыздарда қобыз күйімен көз жұмып, артындағы ұрпақтарына өлмес күйлерін қалдырады.
Белгілі болған ғылыми деректерге сүйенер болсақ, Қорқыт сегіз қырлы бір сырлы, қасиетті тұлға, бақсы, көріпкел, әулие, асқан күйші, емші, жырау, тайпа кеңесшісі, қиындықтарға қарсы тұра білген адам. Бақсылық кез- келген адамға қона бермейтін қасиет. Ол жоғарыдағы «иелер» немесе перілердің таңдаған адамы болады деген ұғым бар.
Фольклор үлгілерінде адам өлсе де әуен, өнер өлмейді деген мағына бар. Ол музыка күшімен қасиетті қобыз үнімен өлімге қарсы тұрған абыздың тірлігі арқылы көрініс табады. Абыздың өміріне қатысты деректерде, Қорқыт жырында қазақ жерлерінің атауы өте көп кездеседі. Бір ғана мысал, Ұлытау өңірінде «Тарғыл тана» деп аталатын тау бар екен. Бұл Қорқыт әңгімелерде кездесетін, ол қуатын тарғыл танаға байланысты қойылған дейді. Абыздың «Тарғыл тана» атты күйі де бар. Ал оның ойлап тапқан қобызы өзінің шығу тегі жағынан анағұрлым ескі, көне, байырғы халықтық аспап, тіпті шығу тегі де ертеден басталса керек.
Қорқыт-баба аспапты бірсыпыра жетілдірген деп ойлаймыз. Оның тартқан қобызы да, күйлері де, қазақ арасында ежелгі түрімен қалыптасып біздің дәуірге жеткен. Тағы да бір көңіл аударатын жағдай, Қорқыт-баба алғаш қобыз жасаған, оның қыл ішегінен жаратылыстың үнін күй қылып сөйлеткен кемеңгер. Ол қолына қасиетті аспабын алып Тәңірдің ерекше жаратылысы болып табылатын дін, өнер, философия, музыкалық дәстүрді жалғастырған, қобыздың қасиетті әуені мен ауыру мен дертті емдейтін бақсылардың дем беруші піріне айналған.
Қорқыт-күй атасы, жер үстіндегі ән-күй атаулының атасы. «Жер бетіндегі ең тұңғыш қобызды шырғай ағашынан жасап, күңірене күй шертеді, мұң-наласын ақтарып төгеді. Құдретті күй сарыны бүкіл жер — әлемді қаптап кетеді. Оны естіген барша жұрт басын ала алмай тыңдап, таңырқап қалады. Содан бері Қорқыттың күйі де, қобызы да жер бетін шарлап кезуде. «Ал Қорқыт есімі қобыздың ішіндегі, халықтың жүрегінде ұмытылмастай болып сақталған»- деп жазады М. Әуезов.
«Қорқыт» жырларының тегі туралы кейбір қорытындыларда филология ғылымының докторы, профессор Ә. Қоңыратбаев былай деп жазады:
— «Қорқыттың екінші аңызында оның қобызшылық өнері жөнінде айтылады. Қорқыт тұнғыш рет қобыз ойлап шығарып, жалғыз түйесін сойып, терісін соған шанақ етіпті, ат бәйгесіне қобызды қосыпты. Қорқыт қобызының нар түйедей боздаған сиқырлы дауысын аңсап, қырық қыз Сырға жаяу кетіп, бәрі де шөлдеп өліпті, озып келгені — Ақсақ қыз болған екен дейді. Сол 40 қыздың мазары Қарақұмда дейді. Бірақ біз үшін, Қорқыттың артында қалдырған жырлары мәндірек.
Ұлы жыраулар: Кетбұға (ХІІ-ХІІІ), Сыпыра жырау (ХІҮ), Асанқайғы (ХҮ), Қазтуған (ХҮ), Қойлыбай бақсы (ХІҮ), Байжігіт (ХҮІІ), Абылай хан (ХҮІІ), Құрманғазы (ХІХ),Ықылас Дүкенұлы Қорқыттың дәстүрін жалғастырушылар болып саналады.
Әрбір ұлттың әлемдік өркениет жолымен даму барысынды ортақ принциптері болғанымен де, басқаға ұқсамайтын өз ұлтына ғана тән хас сипаттары болады. Ұлттың бұл қасиеті, оның әлеуметтік тарихи шежіресімен қатар географиялық өмір сүрген аймағына, қалыптасқан тұрмыс — салт әдеттеріне де байланысты. Содан болар, қазақтың өлең-жырларының толғау-термелерін өн бойында: «…қыл қобызым құбылтып», «шаң қобызым шалайын», «екі ішекті домбырам қолға алайын»- деп бастау қалыпты әдет болған. Ерте заманда, қобыз қазақтарда сиқырлы аспап болып саналатынын алдында айтылған. Оның бұл ұғымға ие болып қалыптасуы, аққуға табынушылықпен байланысты. Көшпенді қазақтар табиғаттағы ең таза дыбысты аққудың үнімен салыстырып, қобыз аспабын соған ұқсастырып, сазды дыбыс шығаратын. Осы әңгімелерде ән мен күйдің қуатын табиғаттың алып күшіне қарсы қойып, оған әуеннің әсерлі үнін жүмсайды. Қобызды бәйгіге қосу, жауға қарсы қолдану сияқты аңыздар да баршылық. Жасыратыны жоқ, қобыз аспабында әлдебір жасырын сиқырлы сыр, күшті қуат болуы мүмкін деген пікірлер де жоқ емес. Қобызды аңызға айналдырып, оны ерекше құдірет етіп тұрған, аспаптың дыбыс ерекшелігі, сиқырлы үні, өмірде өте сирек кездесетін бояуының әсері болса керек.
Қорқыт күйлерінің басым көпшілігінің аңыз — әңгімесіне әпсаналық сипат тән болып келеді. Қорқыт қалай өлімді пәнге айналуы — «Тарғыл тана» күйінде, немесе өлімді пендеге айналғанын білген соң, ел — жұртының қамын ойлап, мұңға батуы, оны «Елім-ай, халқым-ай» күйлерінде байқаймыз, немесе одан әрі өлімнен құтылудың жолын іздеп, шарық батуы ол «Қорқыт», «Желмая» атты күйлерде белгісін тапты, ең соңында қапысын тауып ажалдың жетуі «Сарын» күйі сияқты күй аңыздарынан байқаймыз. Бүгінде бізге Қорқыттың 20-дан астам күйлерінің аты белгілі, бірақ нотаға түсіруілі бізге жеткені 11 күй. Арада сан ғасыр замандар өтсе де, атадан мұра болып қалған Қорқыт, Ықылас күйлері дәлелденіп, ұмытылмай күні бүгінге дейін жеткендігі қайран қалдырады.
Мысалы Қорқыттың күйі «Қорқыт», «Тарғыл тана», «Әуіппай», «Башпай»- аңыздарға қараңыз. «Қорқыт» күйіндегі аңызда, Қорқыт тарғыл тананы қуамын деп байқаусызда өлім аузына келеді де, ол өкініп қалады. Енді өзіне ажалдың жақындағанын сезген күйші, одан құтылуды ойлап, мәңгілік өлмейтін жер іздейді. Ол Желмаясына мініп, дүниенің төрт бұрышын түгел шараласа да, мәңгілік өмір сүрген жерді таба алмайды. Қайда барса да, алдынан Қорқыттың көрі кездесе берген соң, бұл дүниеде ажалдан қашып, өз жанын алып қала алмасына көзі жетіп, ол жер кіндігін іздейді. Сонда жер кіндігі Сыр бойы екен. Ең ақырында ол:«Дүниеде ажалдың құрығы жетпейтін жер жоқ екен. Бәлкім, суға барып отырсам, маған ешкім көр қаза алмас, ажал да батып келе алмас»,- деп, Желмаясының үстіне жауып жүрген, суға салса батпайтын, тозбайтын қасиетті кілемін Сыр суына төсеп, судың бетінде қобызын тартып отырып, осы күйді шығарған екен. Мінеки, күйдің дүниеге келу тарихы ретінде айтылса болды, жанрлық қасиетіне қарамастан миф те, әпсана да, күй — аңыз ретінде қабылданады.
«Қорқыт» күйі – аса қиын, асқақ күй емес, бірақ ол тыңдаушысын әуендік әсемділігімен, шынайлығымен баурайды. Ол өмір үшін, жақсы тұрмыс үшін күреске шақырады. Шынында да бұл күй тым әсерлі . Көлемі жағынан кішкене, әрі қысқа болғанымен, музыкалық мазмұны жағынан терең болып келеді. Күйінің әуені Желмаяның тұяғының дыбысын, желе жортып шапқандығын естілгендей әсер қалдырады. «Қоңыр» күйде қылқобызда орындалатын, өзіне ғана тән, көптеген тәсілдер кездеседі. Бір — бірінен желісі үзілмей сабақтасып жататын бірнеше сарыннан тұрады. Қорқыт күйлерінің көбісі басынан бастап соңына жеткенше екпіні бірнеше рет өзгеріп тұрады. Күй шоқтығы биік, парасат пен адамгершілікке, өмір жайында толғанысқа толы болып келеді.
Қорқыт күйлері біздің заманға мың өзгеріп келді деп ойлаймыз, оның өзгеруі де орындаушының шеберлігіне байланысты болып келеді.«Ұшардың ұлуы» — күйінде аңыз-әңгімелерге сүйенсек, ,баяғы заманда бір заманда бір шаңырақ астында жалғыз ұл бала және ата-анасы өмір сүрген. Ұл баланың өзінің қатты жақсы көрген Ұшар атты иті болады. Бір күні бала өліп қалады да ата-анасы баланы жерлейді. Сол кезде Ұшар жоғалып кетеді. Анасы оны іздеуге барайын десе оны ұл баланың зиратының қасында ұлып жатқанын көреді. Бұл оқиғаны көрген Қорқыт Ата «Ұшардың ұлуы» атты күй шығарады. «Башпай» — күйінде Қорқыт Атаның қарындасы болған еді. Бірде қарындасы оған тамақ әкелгенде, оның башпайы қарындасына тиеді. Сонда ол «Мені көмгенде, башпайымды сыртқа шығарып көміңдер», — дейді. Бұны айтқан себебі: ертеде қазақ халқы қызды еркелетіп, оны құрметтеген және оған ер адамның кез келген мүшесі тисе арсыздық деп санап, сол адам өмір бақи ұятта өмір сүреді. Қорқыт Ата жөніндегі аңыздарда түркі халықтарының өмір мен өлім мәселесі туралы көзқарастары көрініс тапқан. Аңыз бойынша, Қорқыт Ата ұйықтап кетіп, “егер өлімді есіңе алмасаң, мәңгі өмір сүресің” деген аян естиді. Біраз уақыт өткен соң бір баспақты қуып жүріп, жете алмағасын, “Өлсем де, жетемін!” дейді. Соны айтуы мұң екен, Әзірейіл келіп, “Сен өлімді еске алдың, енді өлесің!” дейді. Аңызда Қорқыт Ата өзінің жүйрік желмаясына мініп, халқы бақытты өмір сүретін жерұйықты іздеуші, ғұмыр бойы өлімге қарсы күресуші жан ретінде суреттеледі. Ел-жұртты өзінің жырымен де, күйімен де аузына қаратқан, ғұмырының соңында бірлігі ыдырай бастаған жұртының алауыздығына күйінген Қорқыт Ата мәңгілік өмір сырын іздеп дүниенің төрт бұрышын кезіп кетеді. Бірақ қайда барса да, алдынан көр қазып жатқан адамдарды жолықтырады. “Кімнің көрі?” деген сауалына “Қорқыттың көрі” деген жауап естиді. “Қайда барсаң да Қорқыттың көрі” деген сөз осыдан қалған. Ақыр аяғында жер кіндігін тапсаң, тірі қаласың деген аян естіп, туған жері – Сыр өңіріне оралады. Содан мәңгі өмір тек өнерде деген ойға келіп, қобыз аспабын ойлап шығарады. Тағы бір аңыз бойынша, өзен ортасына кілем жайып, үстінде отырып қобыз тартқанда, күй күшімен суға батпайды екен. Қорқыт Ата қобыз тартқан жылдары өлім болмаған, тек бақытты тіршілік болған дейді. Бірақ Қорқыт Ата шаршап, ұйықтап кеткен сәтінде судан кішкентай қайрақ жылан шығып, оны шағып өлтіріпті дейді. Аңызда ажал ашық келмей, жылан кейпінде келеді. Бұдан халықтың өлімге деген көзқарасын, “ажал айтып келмейді” деген философиялық тұжырымның негізін көреміз. Қорқыт Ата туралы аңыздарда кездесетін үлкен философиялық мәселе – уақыт пен кеңістік мәселесі. Бұл аңыздарда Қорқыт Ата өлімнен қашып, бүкіл ғарышты аралайды. Түсінен шошынған ол ажалдан құтылу үшін ертеңіне дүниенің екінші шетіне көшіп кетеді. Мұнда ол баяғы түсті тағы көреді. Таң атысымен тағы да жолға шығады. Қазақ аңызындағы Қорқыт Ата бейнесі енді өлімнен қашқан шаман емес, керісінше,өмір үшін күрескен, өлімнен құтылуды қандай бір құдіретті күштен емес, өнерден іздеген, ажалмен айқасқан алып рухани тұлға болып көрінеді. Расында да, Қорқыт ата өлімнен қатты қорқып, өмір бойы онымен алысып өткен деген аңыз бар. Сол аңыздарға сенсек, қобызшыға періштелер аян беріп, оның өлімінің қарақұрттан келетінін айтыпты. Қорқыт дереу Сырдарияның ортасына кілемін жайып, су бетінде өмір сүрген. Өйткені әлгі улы жәндіктің сулы жерге жоламайтынын адамдар ерте заманнан-ақ білген. Алайда, ажал алмай қоймайды емес пе?! Бірде қарт Қорқытқа тамақ таситын қыз ас-ауқатын әзірлеп, су ортасына жүзіп келеді. Сөйтсе тамақ салған қалтаға қарақұрт кіріп кеткен екен. Атақты қобызшының өлімі осы қарақұрттан келген дейді аңызда. Екінші бір аңызда Қорқыт Әзірейілмен кездеседі. Әзірейіл Қорқыттың жанын салып алатын сандық істеп ала келеді. Қорқыт Әзірейілмен сөйлесе тұрып, сандыққа оның өзін алдап салып алады да, кілттеп суға ағызып жібереді. Қорқыт жайындағы аңыздарда оптимистік ұғым, толғам басым. Міне, қазақ арасындағы Қорқыт жайлы аңыздардың негізі осындай. Бірақ, біз үшін Қорқыттың артында қалдырған жырлары мәндірек. Бұл тұста ол жай күйші, бақсы болып қала алмайды. Зерттеушілер өлімнен қашқан Қорқыт Ата философиясын әйгілі шумер эпосы “Гильгамеш туралы жырдағы” Гильгамеш әрекетімен салыстырады. М.Әуезов Қорқыт аңызын адамзатқа от ұрлап әкеліп сыйлаған Прометей туралы грек аңызымен теңестіреді. Аңыз әңгімелерде Қорқыт Ата өзінің желмаясына мініп, халыққа мәңгілік бақыт әкелетін жерұйықты іздеген данагөй ойшыл. Зерттеуші Е.Тұрсыновтың түсіндіруі бойынша, бұл жердегі желмая қобыздың рәміздік бейнесі болып табылады. Өйткені ол мәңгілік өмірді қобыздың сарынынан табады. Ең ақырында қобыз күйімен көз жұмып, артындағы ұрпақтарына өлмес күйлерін қалдырады. Қорқыт Ата жырларының философиялық мән-мағынасының алтын діңгегі – әлемді, табиғат заңдарын көркемдік таным тұрғысынан игеру. Оның өмірсүйгіштік дүниетанымы күнделікті күйкі тірліктің шеңберінен шыға білу және адамзат үшін әрбір тіршілік сәтінің құнды екенін ескерту, қайталанбас уақытты қадірлеуге шақыру, сол арқылы өмірді мәңгілік ету идеясы Қорқыт философиясының іргетасын құрайды.