Қорқыт Ата мазары
Қорқыт Ата мазары – тарихи сәулет өнері ескерткіші. Шамамен ІХ-Х ғасырларда қазіргі Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Қорқыт станциясынан 3 км жерде Қорқыт әулиеге тұрғызылған. 1925 жылдан опырыла бастап, 1952 жылы Сырдария өзені шайып кеткен. Қазір орны белгісіз. Мазар ХІХ ғасырдың соңында Ә.Диваев, И.А. Кастанье, П.И. Лерх зерттеулеріне негіз болған. Бізге «Түркістан альбомы» жинағында жарияланған фотосуреттер арқылы жеткен. Диваев пен Кастаньенің жазуы бойынша, құрылымы шикі кірпіштен қаланған дөңгелек пішінді 6 – 8 қырлы күмбезді құрылыс. Ішкі көрінісі биік, қабырғалары кереге өрнегімен нақышталған. Исламға дейінгі түрік сәулет құрылысы үлгісімен салынған.