Балаға дана деп қараған ұлт едік…
Жас ұрпақты жастайынан тәрбиелеудің маңыздылығын қазақ халқы ерте түсінген. Ешқандай жоғары білімсіз-ақ тәрбиенің небір оңтайлы әдістерін баласының бесігінен бастаған халқымыз, елден шыққан тентегіне де: «сен оңбассың, адам болмассың» дегенді тұқыртып, бетін қайтарып айтуды жөн көрмеген. Адамдықтың парызын перзентінің көкірегіне тапсырып, іс-әрекетін қадағалаған.
Әрбір ата-ана өз баласының ақылды, сабырлы, тәртіпті, кішіпейіл, мейірімді, білімді, еңбекқор болғанын қалайды. Дегенмен де, осы аталмыш қасиеттерді баланың бойына «таңбадай қып сіңіру» өте күрделі, қажымас еңбекті талап етеді.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп тәлімгер, көреген бабамыз бекер айтпаған. Өнеге толы саналы ғұмырында ұрпақты тәрбиелеп, үлгі көрсететінін әрдайым жадында ұстап, есте сақтаған. Өздерін балаларының билеп-төстеуіне жол бермей, перзенттерінің алдында биік деңгейде көріне білген.
Бірақ бүгінгі таңда қуанышымызға айналған, жас бүлдіршіндеріміз отбасы дейтін кішкене мемлекетінен, ата-анасынан саналы тәрбие алуда ма? Жас ұрпақ видеодан, кинодан, теледидардан қанын тамызып, көз жасын сорғалатып көрсетіп жатқан детективтердің сұрқия көріністерін жастардың алақанына салғандай етіп бұзықтықтың жасалу жолдарын көрсетуіміз, қаперінде дәнеңе жоқ алаңсыз жастардың ойына ой түсіріп, тұнығын лайлап, көкіректерін қарайту арқылы жамандыққа қарсы жиіркеніш тудырдық деп жүріп, көлеңкесінен де қорқатын, психикалық жұтаңдыққа ұшыраған мәңгүрт жастарды көбейтіп алып отырмыз. Барлығын сараптап, көңіл сүзгісінен өткізіп ойлай келе бүгінгі таңда бізді тәрбиелеп жатырған, өзіміздің ата-анамыз емес, күнделікті құлағымыздың құрышын тауысып қарайтын теледидар екеніне анық көзің жетеді. Сөзімнің дәлелі ретінде бір мысал келтірейін.
Ауыл адамдары бір данагөй қартпен кездесіп, пікірлесіп отырғанда бір адам тәрбие туралы сұрайды. Сол кезде қария:
- Осы ауылдарыңда балаларыңды кісі өлтіруге, ұрлық пен тонауды қалай жасау керектігін үйретіп жүрген жалмауыз бар,-дейді.
Адамдар:
- Ол кім? Бізге көрсет, оны тез арада өлтіруіміз керек,-деп шулайды.
- Сонымен қатар қыздарыңды жалаңаш жүруге, зинақор жасап, ер адамды өзіне қаратуды, жаман, лас жолға түсуді үйретіп жүрген әйел бар,-дейді.
- Олар қандай адамдар, көрсетші. Оларды өлтіріп, жоюдың амалын айтшы,-деген халыққа данагөй қария:
- Қолдарыңнан келмейді, оны жоюға ешбіреулеріңнің арларың жібермейді,- дегенде:
- Сонда кімдер?
- Ол әрбіріңнің үйіңдегі теледидар,- дегенде ешбір адам, сөйлеместен
үнсіз қалады. Ойымызды дөп басқан, шығыс халқының ақиқат мысалын көзі ашық адам түсінеді. Балалардың көбі еліктегіш, көрген нәрсесін құмартып, кәдеге асыруға сыңай танытады. Көптеген психикалық ауруға шалдыратын, шетел фильмдерін құныға қарап, естіген былапыт сөздерді санасына жаттап өскен баладан, ертең санатты ұрпақ тарамақ емес. Ата-бабамыз жас ұрпағын Ер Төстіктің ерлігімен, Толағайдың қамқоршы ақ жүрегімен, Тазша баланың тапқырлығымен, Аяз бидің кісілік, кішіпейілділігімен тәрбиелеген халықтың кемшілік тартқан жері болмап еді. Қазіргі таңда оның ұлттық педагогикасын бұрмалаудың салдарынан балаларыңыздың жүрегіне шор қатырып, жалтақ, қорқақ, екіжүзді, үрейлі сұрқиялыққа, ырду-дырдуға тәрбиелеп отырған да өзіңіз.
Қаз дауысты Қазыбек би бір жиында біреудің әдепсіз, өнегесіз баласын көргенде айтыпты:
Балаң жаман болса,
Көрінгеннің мазағы емес пе!-депті.
Көріп жүргеніміздей, әлсіз балаға әлімжеттік жасап жатқандар қаншама?! Ұрып-соғып, кейіннен әлгі баланың жағдайы мүшкіл болғанда күштісымақтың анасы шыр-пыр болып, тыныштық таппай, итше жүгіріп жүргенде анасын еріксіз аяйсың. Толғанып дүниеге әкелетіні аздай, баланың мұндай қиыншылық тудыратыны кейбір кездері жаныңа батады. Көше бойымен серуендеуге шыққанда ата-анасының қамқорлығында жүрген балалар лаңкестіктің не екенін білмесе де, ойыншықтың шүріппесін басып, кезеп атуды біледі. Байыппен ойласақ, осы көз көрген нәрсе адамға үрей тудырады. Түймедей нәрсе түйедей болды деген осы емес пе?
Тіпті жас ұрпақтың аузының суын құртқан Арнольд Шварцнегерден «Өз балаңызға өзіңіз түскен фильмді көрсетесіз бе?»- дегенде, «жоқ, мен балалар тақырыбына арналған фильмдерге түскенмін, соған апарамын. Ал, анау боевиктер, зинақорлық үлгідегі бейнефильмдер, үшінші сортты елдерге арналған өнім ғой, құдай сақтасын, оларды балам көрсе не боп кетеді?» — деп, қаупін айтыпты.
Ал, керек болса!
Міне, атышулы әртіс болсын, сахнада сайраған бұлбұл немесе қатардағы арба айдаушы болсын, өз кіндігінен тараған ұрпағын осылай қорғаштаса керек. Әлгіндей шетелдің тәрбие мен тағылымынан мүлдем ада дүниелерін көріп, санатты деп білген перзенттеріңіз жұрттың иман-құтын қашыруда.
Менің жазғаным көзі ашық, көкірегі ояу адамдарға аз ғана болса да әсерін тигізер ме еді?- деп ойлаймын. «Баланы жастан…» деп халқымыз бекер айтпаған. Себебі ана сүтінен нәр алып, әке мейірімінен құрышын қандырған жас бүлдіршін – болашақ заманымыздың асыл зайырлы азаматы мен азаматшасын дайындаудағы алғашқы сатысы екенін, ата-аналарымыз ұмытпаса екен дегім келеді.