Ел үмітін ақтаған толағайлар!
Ел үмітін ақтаған толағайлар!
Еліміздің көк байрағын сан мәрте аспанда желбіретіп, Әнұранымызды әуелете асқақтатқан спортшыларымыз елімізге аман-есен оралды. Жеңісті жандарына жалау еткен дарабоздарымыз Тұманды Альбион төрінен 13 медальді қанжығасына байлап қайтты. Сонымен Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынында жеті алтын, бір күміс, бес қола жүлде бар! Бұл жаңадан өркендеп келе жатқан еліміз үшін орасан жетістіктердің бірі. Осылайша Қазақстан ресми емес командалық есепте (алтын саны бойынша) 12-ші орынға тұрақтады.
Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Нұрсұлтан Әбішұлы Лондон Олимпиадасына қатысқан Қазақстан ұлттық құрамасының спортшыларын қабылдап, оларға лайықты құрмет көрсетті. Салтанатты шара барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев спортшыларымыздың ел тарихында тұңғыш рет осындай жетістіктерге жеткендігін атап өтті. «Құрметті отандастар, құрметті олимпиада жеңіскерлері! Баршаларыңызды ХХХ жазғы Олимпиада ойындарындағы Қазақстанның тамаша жеңістерімен құттықтаймын. Екі апта бойы барша Қазақстан халқы ұлы аламанға үкілеп шығарып салған үміткерлерінің тілеуін тілеп, жанкүйер болды. Алыс сапарға, жауапты жарысқа елдің батасын алып аттанған ұл-қыздарымыз үмітімізді ақтады. Қазақстан спортшылары ел тарихында бұрын-соңды болмаған табыстарға қол жеткізді. Лондон төрінде қазақ елінің көк байрағы жеті мәрте әлемнің барлық елдерінің туларынан биікке көтерілді. Отанымыздың әнұраны жеті рет Лондон көгінде әуеледі. Спортшыларымыз Олимпиаданың алғашқы күндерінен бастап соңғы сәттеріне дейін қоржынға медаль салумен болды», – деген Мемлекет басшысы: «Біздің олимпиадашыларымыздың Лондондағы триумфының мәнін «жеті», «он үш» және «он екі» сандары ашып отыр. Қазақстан спортшылары жеті Олимпиадалық алтын медальды жеңіп алды. Өткен Бейжің Олимпиадасымен салыстырғанда, бұл жолғы алтын қорымыз 3,5 есеге артты. Мен, барша қазақстандықтар тәрізді, біздің олимпиадашыларымыздың жеңісінің құрметіне Лондонда еліміздің мемлекеттік Әнұраны жеті рет ойналып, Қазақстан Туы жеті рет көтерілгенін мақтан етемін. Он үш – біздің спортшыларға тапсырылған барлық медальдың жалпы саны! Қоржынымызда алтыннан басқа, бір күміс және бес қола медаль бар. Он екі – Қазақстанның осы Олимпиададағы спорттық көрсеткіші», – деп жеңісімізді қуана мәлімдеді.
Спортшыларымызға арналған салтанатты жиында сөз алған Мемлекет басшысы еліміздің мерейін асқақтатқан жүйріктерімізді мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсіміне көшті. Сонымен, ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында қарсыластарынан оза шауып, өн бойы биік тұғырдан көрінген былғары қолғап шебері Серік Сәпиев, велошабандоз Александр Винокуров, ауыр атлет Илья Ильин «Отан» орденімен, зілтемірші қыздарымыз Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза мен жеңіл атлет Ольга Рыпакова ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, палуан Даниял Гаджиев пен Гүзел Манюрова, боксшылар Әділбек Ниязымбетов, Иван Дычко, Марина Вольнова, еркін күрес шебері Ақжүрек Таңатаров «Құрмет» орденімен марапатталды. Дүбірлі додаға жылдар бойы жанын бере еңбектенген спортшыларымызға барынша бағыт-бағдар беріп, жағдайларын қарайластырған еліміздің Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев Елбасы қолынан «Парасат» орденімен наградталды.
Қайсар мінезді толағайларымыздың бұл жетістігі келешек ұрпақтың өсіп-өркендеуіне үлкен септігін тигізетіні анық. Тау тұлғалы спортшыларымыздың жемісті жеңісінің арқасында оларға қарап бой түзейтін ұландарымыздың саны болашақта артатыны сөзсіз. Қазақстанның даңқын аспандатқан спортшыларымыз қажырлы еңбектің, мойымас төзімділіктің нәтижесінде елімізге жүлделі орындарды тарту етті. Жас мемлекетіміздің азулы державаларды артқа тастап, алдыңғы орындардан көрінуі де қонақжай халқымыздың беделін жоғарылатқандай болды.
— Біздің құрама елеулі ілгерілеушілік жасады. Бейжің Олимпиадасындағы қорытынды бойынша 29-орыннан биыл Лондондағы Олимпиадалық ойындардың медальдік есебінде 12-орынға көтерілді. Осы арқылы Қазақстан 205 ұлттық құрамалардың арасында алдыңғы қатарлы спорттық державалардың біріне айналды. Бұл барша халқымыздың үлкен жеңісі, – деп атап өткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел намысын жоғары қойған спортшыларымызға сәттілік тілеп, қазақстандықтардың атынан ізгі ілтипатын білдірді.
Жасыратыны жоқ, бұл әлемдік додада Қазақ елінің атынан жүрегі елім деп соққан туыстас халықтарымыздың өкілдері де бақ сынасты. Алда болуға, үздік атануға ат салысты. Қазақстанның көк байрағын биікте желбіретуді арман етті. Осылайша, Лондон Олимпиадасында қазақстандық спортшылар бар әлемге мызғымас достықтың, бейбітшілігі жарасқан бүтін елдің көрінісін паш еткендей болды. Салтанатты жиында сөз алған Президент: «Қазақстан еңбек қоғамына айналуы қажет. Еңбексіз бақыт та болмайды. Әрбір адам жұмыс істеп, ақша табуға тиіс. Спорттағы табыс – ол да зор еңбек. Олимпиадашылардың жеңісі – еңбексүйгіштіктің, патриотизм мен өз күшіне деген ерекше сенімнің үлгісі. Биылғы Олимпиададағы жеңіс мыңдаған жастың жігерін оятты. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жазғы және қысқы Олимпиада ойындарының 63 жүлдегерін, соның ішінде 18 Олимпиада чемпионын тәрбиеледі. Ал 116 қазақстандық түрлі әлемдік чемпионаттарда жүлделі орындарға ие болды», – дей келе: «Мен біздің спортшыларымыз стадионға жүздеген болашақ чемпионның келуіне үлгі болатынына сенемін. Әлемдік спорттағы жетістіктер – мемлекет мүмкіндігінің ең үздік тұсаукесері. XXI ғасырда тек күшті және денсаулығы мықты ұлт қана бәсекеге қабілетті бола алады. Сондықтан мен Үкімет алдына 2020 жылға қарай халықтың 30 пайызын дене шынықтыру ісіне және спортқа тарту міндетін қойдым. Біздің спортшыларымыздың табыстары – саламатты өмір салтының көрнекті насихатшысы. Егер әрбір қазақстандық біздің олимпиадашыларымыз қол жеткізген мақсатқа ұмтылатын болса, онда Қазақстан міндетті түрде алдыңғы қатарлы елге айналады», – деді Мемлекет басшысы. Қазіргі таңда еліміздің спорт үйірмелерінде дене тәрбиесімен шұғылданып жүрген балалардың қарасы көбеюде. Осы жеткіншектердің арасынан келешекте әлем чемпиондарының шығатынына үмітіміз де, сеніміміз де зор.
Салтанатты шарада Мемлекеттік наградаға ие болған чемпиондар сөз сөйлеп, Елбасының тікелей қолдауының және жанкүйерлердің ерекше демеуінің арқасында жеткен жетістіктері арқылы барша көрермендермен бөлісіп, шынайы алғыстарын жаудырды. Бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасының капитаны Серік Сәпиев Мемлекет басшысының спортшыларға көрсеткен ерекше көмегіне ризашылығын білдіріп, мемлекеттік Туды салтанатты түрде табыс етті.
— Спорттық жетістік – бұл да ұлы жұмыс. Олимпиадашылардың жетістігі – еңбексүйгіштікке, патриотизмге үлгі, біздің еліміздің жастары мен барлық азаматтары үшін өз күштеріне деген сенімі, – деген Мемлекет басшысы жеңіске жеткен толағайлардың еліміздің әр өңірінен шықққандығын ескере келе, болашақта Қазақстанның әр облысынан бір Олимпиада жеңімпазы тәрбиеленіп шығатын болса, бұдан артық жеңістің жоқ екендігін атап өтті. Еліміздің спорт саласын дамыту мақсатында бүгінде жаңадан кешендер іске қосылып, дене шынықтырумен айналысатын жастарымыздың саны 3 млн адамнан асып отыр.
Барша халықтың үкілі үмітін ақтаған дарабоздарымызды қалай мақтасақ та жарасады. Олар – бүгінгі Қазақстанның намысты қолдан бермеген қайсар ұл-қыздары! Мемлекеттік мәртебенің маңыздылығын марқайтқан ел мақтанышы! Осы ретте салтанатты шарада Елбасы күллі қазақстандықтардың атынан спортшыларға және олардың бапкерлеріне ерекше алғысын жаудырды.
Қазақстан спортшыларының Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындарындағы қол жеткізген жетістіктері үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен еліміздің Спорт және дене шынықтыру істері бойынша агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев жаттықтырушыларды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Сонымен, І дәрежелі «Барыс» орденімен «Штаттық ұлттық командалар және спорттық резервтер дирекциясы» РМКК-ның бас жаттықтырушысы Алексей Ни; ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен «Штаттық ұлттық командалар және спорттық резервтер дирекциясы» РМКК-ның нұсқаушы-спортшысы Сергей Алексеев, жаттықтырушы Виктор Ни; ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен «Штаттық ұлттық командалар және спорттық резервтер дирекциясы» РМКК-ның жаттықтырушысы Александр Стрельников; «Парасат» орденімен «Штаттық ұлттық командалар және спорттық резервтер дирекциясы» РМКК-ның жаттықтырушы-кеңесшісі Энвер Түрклери; «Құрмет» орденімен «Штаттық ұлттық командалар және спорттық резервтер дирекциясы» РМКК-ның бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов; Алматы қалалық спорт шеберлігі республикалық мектебінің жаттықтырушысы Сәкен Аязбеков, ҚР спорт шебері, жоғары санаттағы жаттықтырушы Ержас Болтаев, Ақтау қалалық Олимпиада резервтері балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры Марат Жәкиев, Жоғары спорт шеберлігі мектебінің аға жаттықтырушы-оқытушысы Сергей Кручина, бокс бапкері, ҚР әйелдер боксы құрамасының үйлестірушісі Берік Маржықпаев, «Штаттық ұлттық командалар және спорттық резервтер дирекциясы» РМКК-ның аға жаттықтырушысы Вадим Присяжнюк, №7 Олимпиада резервтер мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің аға жаттықтырушысы Әділет Сарыбаев, «Штаттық ұлттық командалар және спорттық резервтер дирекциясы» РМКК-ның бас жаттықтырушысы Вячеслав Сокирко, Олимпиада резервтері балалар мен жасөспірімдер мектебінің бокс бойынша жаттықтырушысы Владимир Шайрер марапатталды.
Әлем елдерін өзіне қаратқан XXX жазғы Олимпиада ойындары осылайша тарих қойнауына енді. Еліміздің спорттық тарихында бұрын болмаған өлшеусіз жетістікке ие болған спортшыларымызды алда төрт жылдан кейін өтетін Бразилия Олимпиадасы күтуде.