Бала тәрбиесі – баршаға сын
Бала тәрбиесі – баршаға сын
Адамзаттың өмірдегі ең қымбаттысы, көз қуанышы – бала. Оның бойындағы табиғи қасиеттер, адамгершілік құндылықтары отбасында, мектепте, әлеуметтік ортада нәрленеді, толысып, әрленеді. «Бала нені білсе жастан, ұядан — өле-өлгенше соны таныр қиядан» деген нақылдың астарында қаншама мән – мағына жатыр.
А.С.Макаренко ата-аналарға : «Сіздер баланы тек сөйлеген кезде ғана, оған ақыл айтқанда немесе бұйрық берген кезде ғана тәрбиелейміз деп ойламаңыздар, баланы өмірлеріңіздің әрбір минутында, тіпті өздеріңіз үйлеріңізде жоқ уақыттың өзінде тәрбиелейсіздер, сіздер қалай киінесіздер, сіздер басқалармен қалай сөйлесесіздер немесе басқа адамдар туралы қалай қуанасыздар және ренжисіздер, сіздер достарыңызбен қандай қарым – қатынаста боласыздар, сіздер қалай күлесіздер, газет – журнал оқисыздар – осылардың бәрінің бала үшін маңызы бар», — деген болатын.
Олай болса, бала тәрбиесі кезек күттірмейтін, күнделікті өмірде күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе болып қала бермек.
Қазақта «Баланың бас ұстазы – ата — ана» деген сөз бар. Ата – аналар бала мәселесіне күнделікті назар аударып, қадағалап отыруы керек. Өкінішке орай, кей ата – аналар, бұл мәселеден тысқары жүріп жатады. Кейде баласының қай сыныпта оқитынын, сынып жетекшісі кім екенін де білмейтін ата – аналар ішінара кездеседі. Мынау өзгермелі қоғамда «Көш жүре түзеледі» деген мақалдың ескіргенін білуіміз қажет. Өйткені көш бұрынғы кезде арбамен, түйемен, өгізбен жүріп отырса, қазіргі көш техникалардың өте жетілген түрімен өтеді. Сондықтан да оған маң – маң басып ілесу мүмкін болмай қалады. Тәрбие ешбір үзіліс, демалысты күтпейді.
Бала тәрбиелеуде ата – аналар мына ұстанымдарды назарына алса, азғантай болса да көмегіміз тиер деген үмітпен ұсынып отырмыз.
- Балаңыздың денсаулығына көңіл бөліңіз. Дені сау бала оқу мен тәрбиеге ықыласты болмақ. Кішкентай кезінен денесін шынықтыруды дағды етіңіз. Тазалық пен ұқыптылықты үйретіңіз.
- Баламен сырласыңыз. Балаңызды бауырыңызға тартыңыз. Сырын айтуға, сізбен бөлісуге үйретіңіз. Мұқият тыңдап, кеңес айтып, баланы сеніміне кіргізіңіз. Сіздің балаңызға тұлға ретінде қарап, онымен ақылдасып.,бірлесіп жұмыс істеуіңіз, балаңызды жігерлендіреді.
- Бала қателік жасаса, ұрсудан гөрі түсіністікпен қарай білуге тырысыңыз. Ондай кезде онсыз да бала қорқып тұрады. Керісінше ақыл айтып, жол көрсеткен пайдалы.
- Бала өз қатарларымен бірде дос болып, бірде ренжіседі, кейде таяқ та жеуі мүмкін. Ондай сәттерде баланың арасына түспеген дұрыс. Балаңызды жақтап арасына түссеңіз, бала соған әдеттенеді, қит етсе бәрін жеткізіп отыратын болады. Мұндай жағдайда балаңызды сырттай бақылау қажет. Балаңыз үнемі орынсыз таяқ жегендей болса, араласуға тура келеді.
- Балаңыздың немен айналасатынын, қандай іске икемді екенін бақылап отырыңыз.. Сол икемділігіне қарай бейімдеу керек.
- Балаға қарым – қатынасыңыз дұрыс болғаны абзал. Үнемі қатты, бұйрық мәнде сөйлеу баланың бойын соған әдеттендіріп, үйретеді. Кейін балаға қатты сөйлемесеңіз, сөз ұқпайтын болады.
- Кейбір балалар табиғатынан тынымсыз келеді. Кей заттарды міндетті түрде сындырып, ішін ашып көріп жатады. Өздері бір орында отыра алмайды, сұрақ қойғыш болып келеді. Мұндай балаларға біз үнемі ұрсып, тәртіпке келтіруге шеберміз. Ал, ол бала айтқанға көне, қалыпқа түсе қоймайды. Балаңыздың бойынан ондай сипат байқалса, оларда дарындылық белгісі бар екендігін білдіреді.
- Кейбір ата – аналар балаларына өте қымбат заттар алып беріп жатады. Ондай балалар өсе келе көрсеқызар, дүниеқұмар, өзімшіл, т.б. болатынын өмір көрсетіп келеді.
«Баланың жақсысы — әке мен шешенің ары, ата – ананың абыройы, жаманы – қайғысы, бақытсыздығы, азабы», дейді халқымыз. Бала үшін алғашқы тәрбиешісі – ата – анасы. Бала мектепте 6-7 сағат болса, қалған 18 сағат үйде, сол себепті де ата – ана баласының оқуын, жүріс – тұрысын, жолдастарын, киетін киімін қадағалап отырса абзал. Әр апта соңында сынып жетекшісімен, пән мұғалімдерімен, мектеп басшыларымен байланыс жасап, сабағы, тәртібі, басқа да мәселелер жайлы мәлімет алып отырса, тәрбие жемісін берер еді. Баланың бүгінгі іс — әрекетіне, тәртібіне бүгін назар салмасақ, ертең кеш болады дегім келеді. Олай болса, бір сәт уақыт бөліп, мектептен хабарласу – ата – ананың бірден – бір міндеті.