БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕЛЕРІНДЕГІ ТӘРБИЕ ЖҮЙЕСІ.

   Құрылыс колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы: Уакаева Надира Әділқызы

 

БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕЛЕРІНДЕГІ ТӘРБИЕ ЖҮЙЕСІ.

                                                                               

Тәрбие – халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру.

Тәрбие – мәңгілік ұғым. Ол тек адам баласына тән. Әл – Фарабидің айтуынша, «Адамды жануарлардан ерекше бөліп тұрған қуат – оның ақыл – парасаты, яғни ойлау, сөйлей алу қабілеті». Осы қабілет арқылы адам тәрбиесі саналы түрде жүргізіледі.

Қазақтың сыршыл ақыны Мағжан Жұмабаев та өзінің «Педогогика» кітабында «Тәрбие деген не?» деген сұраққа «Тәрбие, кең мағынасымен алғанда, қандай да болса да бір жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз» деп жауап береді.

Баланы өмірге бейімдеуде орта оқу орындары, ұстаз және ата – ананың орны ерекше маңызды. Өйткені туындағын тәлім – тәрбиедегі жарасымдылық орта оқу орындары мен ата – ананың ортақ бірлесіп жұмыс істеген жағдайда ғана үйлесімділік табады.

Ата – ана балаға жеке тұлға ретінде баға беріп, дамытып жетілдіреді де, орта оқу орнына табыс етеді. Осыған сәйкес жас өспірім талабын қанағаттандыратын, ұлтымыздың ұстанған бағыты, тәрбие мен білім жүйесін жүзеге асыру – педагогикалық ұжымның басты міндеті.

Білім мекемелерінде тәрбие берудің сапалы деңгейі — нәтижеге негізделген мазмұндық және құрылымдық жаңа өзгерістегі тәрбие жүйесіне тікелей байланысты. Оның негізгі көрсеткішіне тәрбиеленушінің өмірлік өзіндік ұстанымы мен еңбек етуге саналы таңдау жасай білуі жатады.

Тәрбие жүйесі – адамның сағат сайынғы дамуына жағдай жасайтын қарым  — қатынастар мен әрекеттердің жиынтығы, оқу орындарының ұжымы оқушыларға жалпы адамзаттық мәдени құндылықтарды меңгертіп дамытады, Қазақстандық патриотизм мен азаматтықты қалыптастырады. Тәрбие жүйесінің құрылымы күрделі, оған өзара бір – бірімен байланысты тәрбие жұмысының жүйесі (қызықты іс – шаралар, акциялар), қойылған мақсат, сол арқылы білім саласындағы дидактикалық жүйені, білім мазмұнын, оқу үрдісін, оны ұйымдастырудың әдіс тәсілдері кіреді.

Тәрбие жүйесі ұғымы алғаш рет Болгарияда мемлекеттік тәрбие жүйесін айқындау негізінде анықталды. Тәрбие  жүйесінің теориялық негізін салғандардың бірі – Д. Калдерон. Бұл тәрбие жүйесінің теориялық негіздерін айқындауға бастау болды.

Тәрбие жүйесі ұғымының мағынасын ТМД кеңестігінде А.Макаренко, А.Сухомлинский, И.Николаев, В.Караковский, Л.Новиков т.б.ғалымдар негізін салды.

Білім мекемелерінде тәрбие жүйесінен күтілетін нәтижелер:

  1. Іздену — зерттеу, шығармашылық әрекетерге тән дағдыларды меңгеру;
  2. Өз Отанының елжанды азаматы болу,азаматтық белсенділік көрсету, елдегі саяси жүйені түсіну, болып жатқан әлеуметтік оқиғаларға баға бере білу;
  3. Экологиялық тепе-теңдікті сақтауға байланысты біліктерді қолдана алу, жоғары технологияларды меңгеру жағдайын ескере отырып, қоршаған ортаны сақтауға қамқорлық жасау;
  4. Мемлекеттік тіл – қазақ тілінде және ұлтаралық қатынас тілінде қарым-қатынас жасауға мүдделі болу;
  5. Жаңа ақпараттық технологияларды қолдана алу, оның ішінде нарықтық қатынас жағдайында өз бағытын және кәсіби өсуін анықтай алу;
  6. Салауатты өмір салты және әлеуметтік қызметке қатысты дағдыларды меңгеру;

Тәрбие жүйесінің өзегі тәрбиелеуші ұжым болып табылады. Жүсіпбек Аймауытов тәрбиешіні дәрігермен ғана салыстырады, тіпті, одан да жоғары қояды. «Адамдық көзбен тереңнен тексерсе, дәрігерден де тәрбиешінің көп болғаны артық. Дәрігер адамның денесін сауықтыратын болса, тәрбиеші адамның ақылын, мінезін, жанын сауықтырады», — дейді. Бұл педогокикалық және оқушылар ұжымының өзінше өзгеше бірлігі, сондай — ақ педогогикалық ұжым – басқарушы ішкі жүйе, ал оқушылар ұжымы – басқарылатын жүйе. Бірақ оқушылар ұжымы педогогикалық ықпалдың тек қана объекті ғана емес, ол өзіндік дамуының субъекті де болуы тиіс. Сонымен қатар ол педогогикалық ұжымға деген қатынаста ылғи да субъект рөлінде, түзеуші, кейде оның ықпалын өзгертуші де болуы шарт.

Бір тәрбиелік жүйеде әрдайым бір тәрбие мақсаты көзделеді,ол мақсатқа орай орындалатын міндеттер көптеген болуы мүмкін. Тәрбие мақсаттары қоғамның даму қажеттерімен айқындалып, әлеуметтік және техникалық прогреске, қоғам, ересектер мен балалардың мүмкіндіктеріне тәуелді болады. Тәрбиелік іс — әрекет нәтижесінде көрініс беретін көкейкесті мақсаттар: әр адамның даралықты дамуы және оның әлеуметтенуі, ол бұл өз кезегінде ақыл – ес, адамгершілік, эстетикалық патриоттық, еңбектік және тән – дене тәрбиесі міндеттерінің орындалуымен анықталады.

Қазіргі таңда іргесі берік, шаңырағы биік елге айналу үшін дініміз бен тілімізді, салт – дәстүрімізді, ұлттық қадір — қасиетімізді толықтай дерлік қайтаруымыз керек. Оқушыларды халықтық педагогика негізінде тәрбиелеуіміз керек. Осындай рухани сұраныс нәтижесінде жоғарыда айтқанымыздай тәрбие ісінің Кешенді бағдарламасы дүниеге келді.Осы бағдарлама негізінде»Тәрбиесіз ұрпақ, тамырсыз талға тең»деген халық қағидасын еске ала отырып,біздің колледжімізде бірнеше жылдай жұмыс жасалып келеді.

Мынандай  тәрбиелік 7 бағыт  бағдарламалар  жүйесінде  жүзеге  асырылады.

 

 

Осы бағыттар бойынша көптеген өзекті, құнды шаралар, тәрбие сағаттары жоғары деңгейде өткізіліп келеді. Бұл бағыттармен қатар, біздің колледжімізде бүгінгі таңда жеті пән бірлестігі жұмыс атқарып жатыр. Пән бірлестіктерінде тәрбие жұмыстары мына бағдарламалар бойынша іске асырылып келеді:

«Атамұра» — гуманитарлық пәндер бірлестігі

«Интеллектуалды әлем» — Жалпы білім беретін пәндер бірлестігі

«Құқық» — Әлеуметтік пәндер бірлестігі

«Болашақ жолдары» — Жол — механикалық пәндер бірлестігі

«Экономика және біз» — Құрылыс пәндер бірлестігі

«Патриот» — Әскери — спорттық пәндер бірлестігі

Әрбір бағдарламаның алдына қойған мақсаты бар:

«Атамұра»- бағдарламасының мақсаты:

Айналадағы қоршаған орта мен рухани құндылықтар негізінде қарым-қатынас орнату,ұлттық салт-дәстүрді жалғастыруға қабілетті тұлға қалыптастыру.

«Құқық»- бағдарламасының мақсаты:

Оқушылардың құқықтық мәдениетін, құқықтық мемлекет азаматын қалыптастыру.

«Интеллектуалды әлем» — бағдарламасының мақсаты:

Білім алуға деген ұмтылысын,алынған мәліметтерге сыни көзқараспен қарау қабілеттерін қалыптастыру.

«Экономика және біз»  — бағдарламасының мақсаты:

Экономикалық ойлаудың дамуын, адамгершілік және іскерлік қасиеттердің қалыптасуын қамтамасыз етеді.

«Патриот»  — бағдарламасының мақсаты:

Отанға деген сүйіспеншілік пен азаматтық негізінде Қазақстанның гүлденуіне үлес қосуға деген ұмтылысын, жауапкершілікті сезіну қабілетін қалыптастыру.

Қорыта айтқанда, данышпан ғалым Әл-Фараби өзінің нақыл сөзінде: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі»- деген, сондықтанда ата — баба өнегесі негізінде рухани тәрбие беру бәріміздің де азаматтық борышымыз.