Информатика сабағында жаңа инновациялық технологияларды пайдалану үрдісі
Информатика сабағында жаңа инновациялық технологияларды пайдалану үрдісі
Қазіргі білім жүйесінің ерекшілігі – тек біліммен қаруландырып қана қоймай, өздігінен білім алуды дамыта отырып, үздіксіз өз бетінше өрлеуіне қажеттілік тудыру. Бiлiм беру саласында инновациялық үрдiстi жүзеге асыру мұғалiмдерден өз мінез-құлықтарын, ұстанымдарын, мүмкіндіктерін түрлендiрудi талап eтедi.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз білім беруді жаңғыртуды одан әрі жалғастыруға тиіспіз. Бүгінде мектептерді компьютерлендіру толықтай аяқталды. Орта білім берудің 12 жылдық моделі енгізілуде. «Өмір бойы білім алу» әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс» делінген.
Ал Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы №1118 Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарламада «Е-learning» электронды оқыту жүйесі бойынша білім беру сапасын және басқару тиімділігін арттыру үшін оқу процесін автоматтандыру, педагогтар мен оқушыларды ең жақсы білім беру ресурстарына және технологияларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсаты атап көрсетілді.
Дамыған елдердегі білім беру жүйесінде ерекше маңызды мәселелердің бірі – оқытуды ақпараттандыру, яғни оқу үрдісінде ақпараттық – коммуникациялық технологияларды пайдалану. Қазіргі таңда елімізде білім беру жүйесінде жаңашылдық қатарына ақпараттық кеңістікті қүру енгізілді.
Информатика сабағында ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы оқушылардың ақпараттық құзіреттілігін қалыптастыру, қазіргі заман талабына сай ақпараттық технологияларды, электрондық оқулықтарды және Интернет ресурстарды пайдалану оқушының білім беру үрдісінде шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Оқушылардың ақпараттық құзырлылығы мен ақпараттық мәдениетiн қалыпастыру қазiргi таңда үздiксiз педагогикалық бiлiм беру жүйесiндегi ең көкейтестi мәселелердiң бiрiне айналып отыр.
Информатика сабақтарында ақпараттық — коммуникациялық
технологияларды пайдаланудың тиімділігі:
- оқушының өз бетімен жұмысы;
- аз уақытта көп білім алып, уақытты үнемдеу;
- білім-білік дағдыларын тест тапсырмалары арқылы тексеру;
- шығармашылық есептер шығару кезінде ақпараттық процестерді түсіндіру арқылы жүзеге асыру;
- қашықтықтан білім алу мүмкіндігінің туындауы;
- қажетті ақпаратты жедел түрде алу мүмкіндігі;
- экономикалық тиімділігі;
- іс-әрекет, қимылды қажет ететін пәндер мен тапсырмаларды оқып үйрену;
- оқушының ой-өрісін дүниетанымын кеңейтуге де ықпалы зор.
Оқытушы сабағында ақпараттық – коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы оның тиімділігін жүйелі түрде көрсете біледі. Ақпараттық — коммуникациялық технологияны пайдалану оқытудың тиімді әдістерінің бірі деп ойлаймын.
Оқытушы үшін электрондық оқулық – бұл күнбе-күн дамытылып отыратын ашық түрдегі әдістемелік жүйе, оны әрбір оқытушы өз педагогикалық тәжірибесіндегі материалдармен толықтыра отырып, әрі қарай жетілдіре алады. Электрондық оқулық арқылы үй тапсырмасын, жаңа сабақты түсіндіруге және тест тапсырмаларын орындауға болады.
Қазіргі таңда мен өз тәжірибемде оқушыларға информатика сабағында электрондық оқулықты пайдаланып келемін. Онда әр тарауда тақырыптың мазмұны, тапсырмалар, тараудағы оқу материалдары бойынша берілген анимациялық тәжірибелер оқушыларға информатика сабағына көрнекілік түрінде көрсете отырып түсіндіруге ыңғайлы.
Сонымен қатар тақырыпты қорытындылау үшін тест сұрақтары берілген. Бұл тест сұрақтарының нәтижесі әр оқушыға жауап беру деңгейіне қарай пайыздық көрсеткішпен бағаланып беріледі. Бұл әдіс оқушының білімін көтеруге, сабаққа ынтасын қалыптастыруға оң әсер ететіндігі сөзсіз.
Электрондық оқулықтар мен компьютерлік оқу-әдістемелік құралдарды өз дәрежесінде қолдануды үйренген оқушылар өзі белсенді жеке жұмыс істей алады. Оқытушының жұмысын жеңілдетіп, оқушыны жалқаулықтан құтқарады. Электрондық оқулық пән оқытушылары үшін бұл күнделікті дамытылып отыратын ашық түрдегі әдістемелік жүйе, оны сабақта қолдану оқытушының шығармашылықпен жұмыс жасауына, белсенділігін арттыруына мол мүмкіндік береді.
Оқу процесінде оқытудың ақпараттық-коммуникациялық технологияларын тиімді пайдалану және қолдану айтарлықтай оң тәжірибе беріп отыр. Атап айтсақ, оқушылардың өз бетімен ізденісі, пәнге деген қызығушылығын арттырып, шығармашылығын дамытуға, оқу қызметінің мәдениетін қалыптастыруға, дербес жұмыстарын ұйымдастыруға ерекше қолайлы жағдай туғызып отыр.
Білім – болашақ бағдары, кез-келген оқу орынның басты міндеттерінің бірі – жеке тұлғаның құзіреттілігін дамыту. Ақпараттық құзыреттілік – бұл жеке тұлғаның әртүрлі ақпаратты қабылдау, табу, сақтау, оны жүзеге асыру және ақпараттық – коммуникациялық технологияның мүмкіндіктерін жан-жақты қолдану қабілеті. Ол – оқу нәтижесінде өзгермелі жағдайда меңгерген білім, білік, дағдыны тәжірибеде қолдана алу қабілеті болып табылатын жаңа сапа.
Білім беру жүйесін ақпараттандыру мен ақпараттық- коммуникациялық технологияны оқу-тәрбие үрдісінде пайдалану оқушының өз мамандығына қызығушылығы мен мамандық сапасын арттырып, шығармашылық шабытын шыңдап, ғылыми көзқарасын қалыптастырып, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда қоғамның даму жолдарын анықтайтыны сөзсіз.
Жаңа ақпараттық технология құралдары оқыту құралы қызметiн атқарады. Дәстүрлi оқу құралдарынан басқа тыңдаушыға мына типтегi материалдар ұсынылады:
- компьютерлiк үйрету бағдарламалары;
- электрондық оқу құралдары;
- компьютерлiк тестiлеу жүйесi мен бiлiмдi бақылау;
- аудио және видеоматериалдар;
- Интернет желiсiндегi ақпараттық материалдар.
Аталған құралдар оқу материалдарын жеделдетiп меңгеруге және оқытудың сапасын арттыруға игi әсерiн тигiзедi. Қашықтықтан оқыту материалдарын жасақтаушылар осы құралдарды негiзге алуы қажет. Оқу құралдарын жасақтау ұзақ процесс. Оқу құралдарын жасақтау қашықтықтан оқыту формасының тиiмдiлiгiн арттырудың негiзгi көзi болып табылады.
Ақпараттық ортада жұмыс жасау үшін кез келген педагог өз ойын жүйелі түрде жеткізе алатындай, коммуникативті және ақпараттық мәдениеті дамыған, интерактивтік тақтаны пайдалана алатын, Он-лайн режимінде жұмыс жасау әдістерін меңгерген мұғалім болуы тиіс.
Баяндамамды қорытындылай келе төмендегідей ұсыныстарға тоқталамын:
- кәсіптік білім беретін оқу орындарын қазіргі заманға сай жаңа ақпараттық құрал-жабдықтармен жабдықтау, интерактивті тақталармен, мультимедиялық кабинеттермен және арнаулы пәндер бойынша да мультимедиялық кабинеттер, электрондық оқулықтармен қамтамасыз ету;
- кәсіптік білім саласында оқытудың жаңа ақпараттық технологияларын пайдалану бойынша білім жетілдіру курстарын жиі ұйымдастыру;
Ақпараттық құзіреттілікті қалыптастырудан күтілетін нәтиже жаңа заманға сай ақпараттық мәдениеті мен құзіреттілігі қалыптасқан, теориялық білімдерін іс жүзінде қолдана алатын, информатика пәнін басқа пәндермен байланыстыра алатын жеке тұлға қалыптастыру.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы
- “Болашақтың іргесін бірге қалаймыз” Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, 2011 жыл
- Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.
- “Информатика негіздері” журналы №1, 2010 жыл