Мұғалімнің білім жетілдіру жұмыс жүйесін қалыптастыру
Мұғалімнің білім жетілдіру жұмыс жүйесін қалыптастыру
Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекеттер қатарына қосылғаннан бері қоғамды ақпараттандырудан туындаған өзгерістер оның барлық салаларымен қатар мұғалімдік кәсіби қызметке де өз ықпалдарын тигізуде. Білім беру үдерісін бүгінгі күн талабына сай жаңаша ұйымдастыру ғалымдардан оның философиялық, педагогикалық-психологиялық негіздерін, теориясы мен тәжірибесін терең зерттеуді, заманауи талаптарына қарай білім беру технологиялары мен әдістерін, дүниетанымның ұстанымдарын қайта қарастыруды, рухани-адамгершілік құндылықтарға бетбұрыс жасауды талап етеді.
Демек, жаңаша білім беру – жаңа білім мен дағдыны меңгерген, шығармашылық қабілеті жоғары, дербес ізденіс нәтижесінде елеулі мәселелердің шешіміне қол жеткізетін, ойлау қабілетімен ерекшеленетін тұлғаны қалыптастыруды көздейді.
Білім – адам сапаларының өзгеруін басқаратын үрдіс болғандықтан, ол педагогикалық мамандықтың кәсіби біліктілік қабілеттерін дамытуға бағытталады. Сондықтан «адамды» өмір сүру барысында өзгеруге әлеуеті жететін ашық жүйе деп қарастырғанымыз жөн. Ол белгілі бір саладағы маман болғандықтан, «адамды» — маман тұрғысынан қарау «біліктілік» ұғымына шығарады. Біліктілік – бұл білімді меңгерудегі, тәжірбиедегі білімділікті, құндылықты бейнелейтін жалпы қабілеттілік. Бүгінгі күн мұғалімнің біліктілігін арттыруды жалпықоғамдық мәселе ретінде қарастыру қажеттігі туған кезең. Себебі білімді тереңдету, молайту, жетілдіру, арттыру жеке басы үшін ғана емес, қазіргі қоғамға қажет әрекет деп қабылдауымыз керек. Бұл мұғалімнің өз қызметінде табысқа жетуін ғана көздемейді, оның аясын одан әлдеқайда кеңірек қарастырған жөн.
Еліміздің бүгіні мен ертеңі өскелең ұрпақ еншісінде. Ал осы ұрпақты бүгінгі таңда жан–жақты, терең білімді, интеллектуалдық деңгейі жоғары өзбетімен ізденуге қабілетті етіп қалыптастырудың бірден-бір жолы – оқушыны шығармашылыққа жетелеу. Бұл мұғалімнен терең біліктілікті қажет етеді. Себебі шығармашыл ұстаз ғана шығармашыл тұлғаны қалыптастыра алады. Бүгінгі қазақстандық мектептерге қоғамның қарқынды дамуына ілесе алатын, заман талабына сай ойлайтын, ғылыми-әдістемелік білімі жеткілікті, педагогика мен психологияны терең меңгерген ізденімпаз мұғалім қажет. Бұл мұғалімнің кәсіби шеберлігінен көрінеді. Басқаша айтқанда, білім беру үдерісі мұғалімнің дайындық деңгейі мен мамандық сапасына үлкен талап қояды. Ол мұғалімнің өзін-өзі дамуына, өзіндік білім алуына және өздігінен шығармашылық түрде қызметтерін іске асыруға мүмкіндік береді. Мұғалім – бүгінгі оқушы – ертеңгі қоғамның, елдің тірегін өмірге дайындаушы. Мұғалім мамандығының құндылығы да осында деп түсінгеніміз дұрыс. Мұғалімнің кәсіби біліктілігі оның іс-әрекетінің тиімді болуының теориялық және жалпы әдіснамалық негізі болып табылады. Мұғалімнің кәсіби білігі оның практикалық қызметінде іске асырылады, сондықтан ол, оның жалпыпедагогикалық, әдістемелік біліктілігімен, дағдысымен тығыз байланысты. Біліктілікті арттыру курстары арқылы мұғалімдерді оқытуда оқытушы жетекшілік, бағыт берушілік, ұйымдастырушылық, түзетушілік әрекеттерді атқаруы керек. Оқытушының осындай әрекетіне білім алушы мұғалімнің өзі де бойындағы бар білімін көрсете байланыс жасағанда ғана сапалы нәтижеге жетуге болады деп ойлаймыз. Мұғалімдердің өз білімдерін жүйелі көтеріп отырулары – олардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне ықпал ететін негізгі фактор. Еліміздің білім беру саясатындағы көкейтесті мәселелердің бірі де осы мұғалімдердің біліктіліктерін жүйелі арттыру болып табылады. Креативтілік жеке тұлғаның бағыттылығынан (танымдық мотивацияның басым болуы, танымдық қызығушылық, танып-білуге ұмтылу, білімқұмарлық және т.б.); қабілеттерінен (стреотиптерді жеңе білу, проблеманы сезіну, ой жүйріктігі мен алғырлығы және т.б.); мінез-құлқынан (бірегейлік, бастамшылдық, шыдамдылық, зеректік және т.б.) танылатын, оның интегралды сапасы ретінде қарастырылады. Оның мұғалімнің кәсіби біліктілігін қалыптастыруда алатын орны ерекше. «Біліктілік» деп қандайда бір еңбектің түріне дайындалудың, дайындық дәрежесінің деңгейін айтады.Кез-келген қызметкер біліктілігін ұдайы жетілдіріп отыруы қажет.
Мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру екі бағытта жүргізілуі тиіс:
- Мұғалімнің кәсіптік жұмысының мәнін үйлесімді өзгерту, яғни басты қызметтік нұсқауды орындау емес, күтетін нәтижеге жету үшін оқу үрдісін шығармашылықпен үйлестіру.
- Білім беру барысында мұғалімнің зерттеушілік бағыттағы қызметін күшейтуге байланысты мұғалімнен кәсіптілікті кеңейтуді талап ету.
Біліктілікті арттырудың негізгі аспектілерінің ішінен мыналарды бөліп алуға болады.
- Қызметтік (Мақсаты,міндеті,жұмыс мазмұны, формасы, әдістер және нәтижесі).
- Мазмұндық (Әдістемелік,ғылыми-теориялық білімді практикада қолдана білуге
жағдай туғызу.)
- Басқарушылық (Талдау, жоспарлау, ұйымдастыру, бақылау, танып-білу.)
Осы 3 аспект бойынша біліктілігін жетілдірген маман өз қызметіне талап деңгейінде қарайтыны белгілі.
Педагогтардың кәсіби-педагогикалық қасиеттерін қалыптастыру, жетілдіру жұмысына сапалық серпіліс жасауға, оған шын мәнінде үздіксіз, біртұтастық сипат беруге, мектептен бастап, білім беру мекемелерінің, арнаулы, жоғары білім беретін оқу орындарының бірігіп ғылыми-практикалық және әдістемелік тұрғыда жұмыс жасауын қолға алуға, яғни үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесінің біртұтастық, бірізділік, икемді, динамикалық, т.б. қасиеттерге ие интегративті сапасын өмірде пайдалануға баса назар аудару бүгінгі күн талабы болып отыр.Қазіргі кезеңде жеке тұлғаға бағдарланған білім мәселесі 12 жылдық білім беруге көшу мен жаңа тұрпатты педагог қалыптастыру міндетін қойып отыр. Жоғарғы оқу орындары жаңа формация мұғалімдерін дайындауға енді ғана бағыт алып отыр. Осыған байланысты мектеп жағдайында жаңа формацияда ұстазды қалай қалыптастыруға болады деген сұраққа жауап іздеу әрбір мектеп басшыларының басты міндеті болмақ. Осы жауапты іздеу барысында мектепте педагогтың жеке біліктілігін арттыру картасы үлкен көмек болар еді.
Педагогтың жеке біліктілігін арттыру картасы. 1-таблица
№ | Әдіс және форма | Мектеп -к | Қал-қ | Обл-қ | Рес-қ |
1 | Сабақққа қатысу | ||||
2 | Ашық сабақ өткізу | ||||
3 | Әдістемелік жұмыстарға қатысу | ||||
4 | Семинарға қатысу, өткізу | ||||
5 | Біліктілікті арттыру курсынан өту | ||||
6 | Авторлық курстардан өту | ||||
7 | 12 жылдық білім беру | ||||
8 | Ақпараттық технология (Компьютер курстары) | ||||
9 | Пәндік білім беру бойынша курстар | ||||
10 | Іс–тәжірибені тарату (жеке ұжыммен) | ||||
11 | Шығармашылық жұмысы жинаққа ендіру | ||||
12 | Конференция, байқауларға қатысу | ||||
13 | Дидактикалық -әдістемелік құрал дайындау | ||||
14 | Басылымдарға мақала беру | ||||
15 | Ғылыми–ізденіс жұмысын жүргізу |
Мектеп басшылығының мұғалім біліктілігін арттыру жұмыстарында оның өзіндік ізденіс жұмыстарына (рефлексиялық толғанысқа келтіруге) әсер етуде сауалнамалар алудың маңызы зор. Сауалнама нәтижесіне мониторинг жасау мектептегі мұғалімдер деңгейін анықтауға, алдағы жұмыстардың болжауға, жоспарлауға әсері көп болады.
Жаңа формациядағы – ұстаз – ізденімпаз өзіне талап қоя білетін, кәсіби – құзырлылық және шеберлілік деңгейі жоғары, рухы биік, даралық сапалары жетілген, шығар тауы биік маман.
Осыған орай мұғалімдерді оқу-тәрбие жұмысын жүргізуде мынадай топтарға бөліп қарау артық емес:
Бірінші, бірқатар мұғалімдердің бірер пәнді оқытуды жақсы меңгеріп, сабақта ұтымды әдістер арқылы елеулі нәтижеге қолы жетіп жүрсе, бірқатары барлық пәндерден солай. Осылардың қайсысы да өз жұмысына сын көзбен қарап, оқығанын, білгенін, көргенін творчестволықпен дамыта, оқушы білімінің деңгейіне, даму дәрежесіне қарай жетілдіре қолданады.
Екінші, бір топ мұғалімдерге басыпасөзде жарияланып, баспалардан шығып жататын методикалық еңбектерді саралап, өз лабораториясында қорытып – қолдану белсенділігі жетіспейді олардың біразына жаңалыққа тосырқай қараушылық, кейде жете мән бермеушілік психологиясы тән.
Үшіншіден, мұғалімдердің енді бір тобы өздерінің жұмыстарына теориялық жағынан да, методикалық жағынан да талдау жасай білмегендіктен, өзінің де, өзгенің де творчестволық өсу деңгейін мөлшерлей алмайды. Мұғалімнің өз ізденісі, толғанысы, іштей ширығуы болмаған соң, бойдағы белсенділік келіп, тың пікір тумайды.
Мектеп мұғалімінің пәндік-теориялық және әдіснамалық білім негіздері жоғарғы оқу орнында қалыптасады, ал, әдістемелік және технологиялық білім-біліктері, көбінесе, педагогикалық тәжірибеде қалыптасады, сондықтан, бұл мәселені мектептің менеджменттік саясатымен айналысатын қызметкерлер көңілден тыс қалдырмауы керек. Г.Галилей : «Адамды бірнәрсені қайталауға үйреткеннен гөрі, оған жаңалық ашуға көмектескен жөн»- дегендей басшылық мұғалімге осы бағытта жұмыс істегенде ғана, мұғалім ойлау мен шығармашылық қабілеті қалыптасқан, құзырлы тұлға қалыптастыра алады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы
- “Егемен Қазақстан” Республикалық газеті» ААҚ, 2006.
- Б.А.Тұрғынбаева. Ұстаздық шығармашылығы. А-2007
- А.Ә. Жайтапова. Г.А, Шамина. «Әдіскер қызметінің мазмұны білім беруді жаңарту тұрғысынан» А-2007.
- Б.И.Иманбекова. Мектептегі ғылыми-әдістемелік жұмыс.