Ағылшын тілі сабақтарын ұйымдастыруда оқушылардың ұжымдық іс-әрекеттерін қалыптастырудың тиімді жолдары

 

Ағылшын тілі сабақтарын ұйымдастыруда оқушылардың ұжымдық іс-әрекеттерін қалыптастырудың тиімді жолдары

Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны игеру мұғалімнің танымдық, кәсіптік, берік қарым-қатынастық, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами қабілетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.

Жаңа педагогикалық технологиялар оқушының шығармашылық қабілеттерін арттыруға өз үлесін қосады. Бүгінгі таңдағы ұлттық мектеп белгілі білім мен дағдылар жиынтығын ғана меңгерген адамзаттар емес, ұлттық дүниетаным негізінде өз көзқарасы қалыптасқан, әлеуметтік белсенділігі жоғары, отаншыл, қандай ұлтпен болса да тең дәрежеде қатар тұратын тұлғаларды тәрбиелеп өсіруге бағытталған.

«Адамдар да өсімдік тәрізді, жақсы күтілмесе, жайқалып өспейді» деген Ш.Монтескьенің сөзі ойымызға оралады, яғни заман талабына сай жан-жақты, білімді, кез келген қоғамның ауыртпалықтарына төтеп бере алатын, өзінің ой тұжырымы бар, қарым-қатынас жасау қабілеті жоғары жастар өсіріп, тәрбиелеу үшін қолдау көрсетіп отыру қажет. Бұл мәселе мұғалімге үлкен жауапкершілікті жүктейді. Сол жаңашыл педагогтардың идеясымен жұмыс істей білу-әр педагогке қойылатын талаптардың бірі.

Жаңашылдықпен жұмыс істеу, оқыту ізгілендіру нәтижесінде мұғалім төмендегідей жетістіктерге жете алады:

  • Жан-жақты дамыған заман талабына сай адам тәрбиелеп шығару;
  • Оқыту, білім берудегі білім сапасын көтеруге қол жеткізу;
  • Оқушының дүниетанымдық қасиетін қалыптастыру;
  • Баланың кез келген жастағы адамдармен еркін тіл табысып, қарым-қатынас жасай алу қабілетін дамыту. [1;10]

Дегенмен соңғы жетістікті қазіргі сабақ барысында толығымен дамытып жатырмыз деп айту қиын. Себебі оқушылардың қарым-қатынас жасап, өз пікірін еркін жеткізу жағдайлары сирек кездеседі, әсіресе ағылшын тілі сабақтарында. 2002 жылдың қыркүйек айында қабылданған «Қазақстан Республикасы жалпы білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында» көрсетілген: Шет тілі оқу пәнін оқытудың басты мақсаттары- оқушыларға шетел тілінде қарым-қатынас жасауды базалық деңгейде игерту. Осыған сәйкес оқыту мазмұнына қарапайым коммуникативтік біліктілікті, яғни шетел тілін қажетті жағдаяттағы ауызша және жазбаша (сөз, тыңдап түсіну, оқу, жазу) өзара мәдени қарым-қатынас процесінде қолдана алу қабілеттілігі мен дайындығын қалыптастыруды қамтамасыз ететін тілдік, сөздік, әлеуметтік-мәдени білім, білік, дағдылар қажет. [2;22]

Ендеше барлық мұғалімдердің барынша күшті, қабілетті, барлығын жұмысқа тарта және қызықтыра білетін педагогикалық құралы-балалар ұжымы. Ол балаларды зорламайды, мәжбүр етпейді, оларды, атап айтқанда, іс-әрекетке қатыстырады. Сондықтан, сабақ-мұғалім мен балалардың ұжымдық еңбегі. Оқытудың ұжымдық мәні әрбір баланы оқытады, тәрбиелейді, ал әрбір бала жолдастарымен белсене қатысады.

Соңғы педагогикалық әдебиеттерде ұжымдық жұмыстарға көбінесе оқушылардың жаңа оқу материалдарына деген белсенді танымдық қатsнастарын және соның негізінде пайда болатын оқушылар арасындағы жақын қарым-қатынас, жалпы үлгерім бойынша жүргізілетін жұмыстар, танымдық құндылықтарымен алмасу мүмкіндіктері, салыстырулар жасалатын қарым-қатынастың зерделенетін объектілері тұрғысындағы әртүрлі қимыл бірлігі сияқты белгілері бар жұмыстарды жатқызады. Жалпы ұжымдық танымдық іс-әрекеттердің мәні мұғалімнің жетекшілігімен оқу процесін ынтымақтастықпен, қарым-қатынаспен байытуда. Ұжымдық жұмыстар-әлеуметтік тәжірибені игерудегі, өз мүмкіндіктерін, өзіндік танымдық қажеттіліктерін жүзеге асырудағы қиындықтарды жеңе отырып, тәжірибе жинақтау, бірлесе еңбек ету, қарым-қатынас жасау біліктеріне ие болу сияқты субъект позицияларын қалыптастыру мүмкіндігімен әрбір оқушыны қамтамасыз ететіндей мұғалім ұйымдастырған білімдік диалогтың барысындағы оқушылардың біріккен іс-әрекеті. Ұжымдық іс-әрекеттер барысында оқушыларда меңгерілетін материалдың көлемі артып, оларды терең түсінулеріне мүмкіндік жасалады. А.Синицкая зерттеулері жасөспірім балалармен жүргізілетін біріккен жұмыстардың сапасы жеке жүргізілетін жұмыстар барысында оқу материалының 60-70%-ы, ал оқушылардың өзара әрекеттесуі арқылы 89%-ы меңгертілетінін көрсетті. Мұндай тұжырымды Л.А.Ростовецкая өзі жүргізген эксперименттік жұмыстарының нәтижесінде жасаған. Зерттеушілер ұжымдық оқу іс-әрекеттерін ұйымдастырудың мүмкіндіктерін іске асырудың жоғары сатысы бірін-бірі оқыту екендігін айқындады, өйткені ол оқушыларға оқу барысында белсенділік және ізденімпаздық танытуға мүмкіндік береді. Оқушылардың күштерін біріктіру ұғымдарды, біліктерді, дағдыларды қалыптастыруға оқу уақыты аз жұмсалады. Балалардың  өзара әрекеттестігін ұйымдастыру нәтижесінде дәстүрлі оқыту барысында кездесетін кейбір қиыншылықтар азаюда. Бұл сабақ үстінде жұмыс істемейтіндердің, үй тапсырмасын орындамайтындардың азаюымен және керісінше оқушылардың танымдық белсенділіктерінің, шығармашылық ізденімпаздықтарының артуынан байқалады.[3;245]

Ұжымдық жұмыстарды ұйымдастыру оқытудың тәрбиелеу жағына тиімділігін арттырады. Тұлға аралық қатынастарды қалыптастыруға оң әсер етеді, сыныпта қолайлы жағдай орнатуға және ұжымдық психологияның қалыптасуына көмектеседі. Оқушыларда ұжымдық жұмыстар барысында жолдастық, достық және ұжымдық сезімдер қалыптасады. Сабақтарда ұжыммен орындалатын жұмыстарды жүргізу адамгершілікті оңды қатынастар бойынша тәжірибе жинақтауға мүмкіндік жасап, қоғамдық бағыттылық пен шығармашылық даралаудың бірлігінде оларды қалыптастыруға мүмкіндік жасайды.

Оқушылардың ұжымдық танымдық  іс-әрекеттерінің   мүмкіндіктерін олардың жеке ғана емес,  ұжымдық жетістіктерге жетуге ұмтылу тұрғысында ұжымдық оқу еңбегінің біліктерін  меңгертуде, жаңа құлықтық позицияны құруда байқалады, оқудың құлықтық мағынасын тереңдетеді, оқуға деген жауапкершілік қатынасты қалыптастырады. Бұл оқушылардың ұжымдық танымдық іс-әрекеттерінің мүмкіндіктерінің ауқымының кеңдігін көрсетеді. Сабақ барысында оқу жұмыстарын осылайша ұйымдастыру оқушыларды  бір-бірімен арласуына жағдай жасайды, оқушылардың оқу еңбектерінің өнімділігін арттырады, ұжымның және ондағы әрбір оқушылардың субъекті позициясының қалыптасуына көмектеседі.

Оқу-танымдық іс-әрекеттердің ерекшеліктерін ескере отырып, төмендегідей ұжымдық-танымдық іс-әрекеттің, өзіндік және біріккен іс-әрекеттердің төмендегідей белгілерін көрсетуге болады:

-бірыңғай мақсаттың, жалпы мотивтің болуы, оқушының қоғамдық маңызды мақсатқа  жету үшін ұжым мүшелері барлығының күшінің біріктірілуінің қажеттігін түсіну;

-ұжымның әрбір мүшесінің білімді, білікті және дағдыларды меңгерулерін қамтамасыз ететін жұмыстар мен қызметтерді оқушыларға тиімді бөлініп берілуі;

-іс-әрекеттер барысында оқушылар арасында өзара жауапкершіліктің және тәуелділіктің пайда болуы;

-бірігіп жұмыс істеу барысында оқушылардың іс-әрекеттерін басқарудың, оқушылардың, ұжым мүшелерінің өздерінің де кей жағдайда бақылау жасауларының қажеттігі;

-бірыңғай кеңістіктің болуы және ұжымның барлық мүшелерінің жеке іс-әрекеттерінің бір уақытта жүзеге асырылуы;

-жалпы нәтижелердің болуы.

Енді ұжымдық іс-әрекетердің ұйымдастырылуы, тиімділігіне көз жеткізсек, ағылшын тілі сабақтарында мұндай іс-әрекеттерді қалай ұйымдастыруға болады? деген сұраққа көшемін.

Топтарда жұмыс жасаудағы ең көп қолданылатын жұмыс түрі-пікірталас. Тілді дамытуда ол 3 фазадан тұрады: 1. Түсіну. Тыңдау мен оқу арқылы жүзеге асады. 2. Еске түсіру. Үйренушінің тәжірибесінен өткен білім арқылы оқыту; 3. Ұсыну. Оқушы жаңа білімді сөйлеу мен жазу арқылы алады. Пікірталасты Д.Шитрапу тәжірибесінен көрелік. [4; 9,40] Ол сыныптағы пікірталасты ұйымдастыруда әралуан рөлдерді ойнауға кеңес береді: бастаушы, түсіндіруші, жинақтаушы, қорытушы, бағалаушы-бақылаушы. Әр оқушы бұлардың қызметін біліп, орындау арқылы сынып ішіндегі өзінің рөлін түсінеді. Дэви  бес адамнан тұратын топтарды ұсынады. Себебі үш адамның талқылау жұмыстарын жүргізу үшін қажетті пікірлері мен ұсыныстары жеткіліксіз, төрт және алты адамнан құрылған топтарда жіктелу пайда болады, ал жеті адамнан тұратын топта әрбір оқушының өз пікірін айтуына мүмкіндік болмайды, уақыт жетпейді. Ұжымда орындалатын жұмысты ұтымды ұйымдастыру үшін оқушыларды орналастыру да маңызды мәселелердің бірі. Тіпті қарапайым кеңістікке орналастыруда оқушылардың өзін-өзі тануларына, олардың өзіндік қасиеттерін қалыптастыруға әсер етеді. Жекелеп алғанда, бір-бірімен қатар отырған оқушыларға қарағанда бір-біріне қарама-қарсы отырған оқушылардың арасында барынша белсенді байланыс орнайтындығына көз жеткізіледі. Оқушылар рөлдерді өздері таңдап алады. Әр топ берілген сұрақты не тапсырманы талдайды. Әр рөлдегі оқушы өз міндетін атқарады. Мысалы: бастаушы өзінің тобы талқылағысы келетін әңгімелер тақырыбын жасайды, тобын ұйымдастырады.  Түсіндіруші әңгімедегі оқиғалар, кейіпкерлер жөнінде айтады. Басқа топтың көмегін пайдаланып әңгіменің негізгі  ойын ашып береді. Жинақтаушы пікірталаста қозғалған пікірлерді, көзқарастарды жазып отырады. Қорытушы өмірмен байланыстырып, нақты дәлелемен өз позицияларын қорғап, тоқтамдарын қорытындылайды. Бақылаушы-бағалаушы әрбір  оқушының сөйлеу ерекшеліктерін, ұтымды тұстарын басқарып, бағасын анықтайды. Сыныптағы сабақ беру үрдісін өзгертіп, топқа бөлу арқылы пікірталас жүргіземін деген мұғалімдерге негізгі жаттығулар түрлері төмендегіше болып келеді:

  1. Тапсырма бүкіл сыныпқа берілмес бұрын біршама уақытқа кішкене топтарда талқыланады.
  2. Бақылаушы-бағалаушы сұраққа бағыт береді немесе жинақтаушы, қорытушылармен сұхбаттасуы мүмкін.
  3. Үлкен шеңберді айнала топ мүшелері отырады. Шеңбер ортасында сұрақты алдын-ала білетін үш оқушы талқылауды бастайды. Олар пікірлесе отырып, басқа оқушылардың көзқарасын тыңдайды. Жан-жағында отырған оқушылар қатысуға дайын болғанда, орын ауыстырады.
  4. Сынып он адамды топтарға бөлінеді. Қолдарына үрленген шар ұстап, таңдап алынған тақырып бойынша сөйлейді. Сөйлеуші бітірген соң, шарды келесі сөйлеушіге береді. Осылайша шарды қанша рет ұстағанына қарап, кім көп, кім аз сөйлегенін білуге болады, осылайша әр оқушы шарды көбірек алуға тырысып, қомақты пікір білдіреді.
  5. Сынып екі топқа бөлініп, екі шеңбер жасап орналасады. Сыртқы шеңбердегі оқушылар ішке қарап, ішкі шеңбердегілер сыртқа қарап, қарама-қарсы отырып, әр оқушы жұп табады. Әңгімелесуді бастап, ол қызған кезде сыртқы шеңбердегі оқушылар бір оырнға жылжиды, сонда оларда әңгімені жалғастыру үшін жаңа жұп пайда болады.
  6. Сынып бөлмесінде барлық оқушылар ары-бері еркін жүру арқылы бір-бірімен әңгімелеседі.

Бұл жұмыс түрлері оқушының сабақтағы материалды меңгеруде қызығушылығын оятатын, ұйымдастырушылық жағынан да, әдеби тілін жетілдіріп, шет тілін тез үйрену тұрғысынан да таптырмайтын құрал болып табылады.

Ағылшын тілі сабақтарында оқушылардың ұжымдық дағдыларын қалыптастыратын, өз сабақтарымда кеңінен қолданылатын әдіс-тәсілдерімді ұсынғым келеді:

1.Оқушыларға тақтаның алдына келулері және олардың туған күндерінің реті бойынша тұрулары сұралады. Оқушылар осы тапсырманы орындау үшін бір-бірінен туған күндерін сұрау арқылы араласады. Тапсырманы түрлендіріп беруге болады.

  1. Бір оқушы топ ішінен шығып, белгілі бір уақыт ішінде өзі туралы айтып беруі керек. Бұл момын, ұялшақ, үндемейтін оқушыларды сөйлетуде тиімді. Ондай оқушылар ортаға шығу арқылы өзінің топ үшін маңыздылығын түсінеді. Мүлдем сөйлемей жатса, интервью әдісін қолдануға болады. Барлық оқушыларға олар сұрай алатын сұрақтар тізімін дайындап келу тапсырылады, сол сұрақтарын оқушыға қояды. Жауап бере алмаайтын сұрақтарға «мен қалдырамын» немесе «келесі» деп айтуға болады.

Ұжымдық оқытудың бірнеше түрлері бар: 1. Командалық оқыту (Team-teaching); 2. Джиксо (Jigso) әдісі ағылшын ғалымы Э.Аронсонның атымен тығыз байланысты. 3. Бірге оқимыз (Learning together) әдісі 1987 жылы Миннесота университетінде ойлап табылған. [6;43] Бұл әдістер ұжымдық жұмыстарда кездесетін кейбір кемшіліктерді, мысалы баға әділетсіздігі, практикалық жұмыстың және уақыттың  жеткіліксіздігі, класс ішіндегі тәртіпсіздікті жоюға көмектесетін бірден-бір тамаша әдістер.

 

.

Мұғалімнің ұжымдық іс-әрекетті ұйымдастыру шартына мыналар жатады:

-оқушыларды өздігінен жұмыс жасауға үйрету;

-жолдастарымен ақылдасуға үйрету;

-оқушылардың жекелеген топтарына оқу тапсырмалары  жүйесінің нақты болуы;

-тапсырмаларды оқушылардың жекелеген топтарына үйлестіру іскерлігінің болуы. [5;58]

Ұжымдық оқыту жеке оқытудан гөрі жас, пән ерекшеліктерін, топтың барлық түрін қамти отырып жоғары даму үстінде. Біз мектебімізде жеке жұмыс элементтері қолданылған сабақтар мен компьютерлік жолмен, дебат, пирамидалық әңгіме тәрізді топтық жұмыстар әдістері қолданылған сабақтарды өткізіп, нәтижесін зерттедік. Әрине, соңғысы тиімді болды. Оны оқушылардың берген пікірлерінен байқауға болады:

1-оқушы: Біз бүгін ең қиын тақырыптардың бірін мұғаліммен бірге талқылаған кезде пікірталасқа қатысу үшін мен көбірек сөйледім, себебі мен қате жіберуден еш қорықпадым. Мен топта жұмыс жасаған кезде қорқыныш, үрей деген сезімдер мүлде жоғалды. Егер мен қателессем, мұғалім оны естімейтін сияқты, оны жөндеуге досым көмектеседі. Мен өз пікірімді анық және еркін айта аламын.

2-оқушы: Мен топта жұмыс жасағанда, әлдеқайда жоғары дәрежеде білім аламын, себебі мен басқа да оқушылармен сөйлесіп, тақырып төңірегінде басқалардың пікірін тыңдай аламын. Әрі жылдам. Мен сабақта өзімді ерекеше сезіндім, әр нәрсеге байыппен қарайтын болдым.

3-оқушы: Мен топбасшы болуға мүмкіндік алдым. Мәселені шешу үшін шын мәнінде ойланып, пікір алмаса аламыз. Айтып жатқанымды басқалар тыңдап, пікіріме құрметпен қарайды. Сабақ әрі өте көңілді.

Жоғарыда аталған процестің барлығы құзыреттілік ұғымымен ұштасып жатыр, яғни құзыреттілік оқу мен өмір жағдаяттарын шешу кезінде білім алушының білімді, іскерлікті, дағдыны және қызметтің әмбебап тәсілдерін меңгеруде көрінетін білім берудің нәтижесі. Білім беру мазмұны әрбір білім алушының стандартпен айқындалған мынадай түйінді құзыреттіліктер түріндегі білім беру нәтижелеріне қол жеткізуіне бағытталған:

  • мәселенің шешімін табу құзыреттілігі;
  • ақпараттық құзыреттілік;

қарым-қатынастық құзыреттілік. Мұның ішінде өз тақырыбымның шешімі болып табылатын   қарым-қатынастық құзыреттілігі нақты өмір жағдайларында өз міндетін шешу үшін қазақ және басқа тілдерде ауызша және жазбаша коммуникациялық түрлі құралдарды қолдануға, коммуникативтік міндеттерді шешуге сәйкес келетін стильдер мен жанрларды таңдауға, оны қолдануға, әдептілік нормаларына сәйкес өзіндік пікірін білдіруге, нәтижелі өзара іс-әрекетті шиеленісті шешу және жалпы нәтижеге қол жеткізу үшін түрлі көзқарастағы адамдар тобында қатынас құруға мүмкіндік береді. Демек қай құзыреттілікті алсақ та, қазіргі таңда оны жүйелі қалыптастыру оқушы үшін де, мұғалім, тіпті ата-ана үшін де маңызды. Өзім сөз еткен ұжымдық оқыту — қарым-қатынастық құзыреттілікті дамытатын бірден-бір тиімді жол. Бұл жолды тек ағылшын тілі сабақтарында ғана емес, басқа пәндерде де қолдану өз жемісін береді деп ойлаймын, әрине мұғалім барлығын жоспарлы түрде ұйымдастырып, оқу материалына ыңғайлап, мақсат, міндетті дәл айқындай білсе. Осы орайда А.Дистервергтің «Сен маған шәкіртіңді көрсет, мен сені танимын» деген сөзі оралады. Ендеше өз қырларыңды одан көре алатын шәкірт тәрбиелейік демекпін. Тәуелсіз Қазақстанның келешегі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақ – ұлттың ұлт болып қалуының кепілі..

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. 1. Мектеп директоры 2003-№6 А.Байғабұлова. Жаңа технология-өмір талабы. Ж: 36 б.
  2. Қазақстан мектептеріндегі шетел тілдері 2003- №4 Ж: 42 б.
  3. Педагогика Дәріс курсы. Хмель Н.Д., Хайруллин Т. Алматы «Нұрлы әлем» 2003 Мұқанова Б.Ы., Төлеубекова Р.К. Оқушылардың ұжымдық танымдық іс-әрекеттерінің ұйымдастырушылық-педагогикалық негіздері. Ж: 560 б.
  4. Keep talking Communicative fluency activities for language teaching F.Klippel. Cambridge University Press-19847
  5. Иностарынные языки в школе 2001-№1 В:60с. Куклина С.С. Коллективная учебная деятельность в группе на завершающих этапах овладения иноязычным общением.
  6. Aronson K. The jigsaw rouge to learning and liking. Psychology Today 1985-№8