“Тәрбие отбасынан басталады”.
Тақырыбы: “Тәрбие отбасынан басталады”.
Адамзат баласына осы өмірдің сынағына түсуге бір-ақ рет мүмкіндік беріледі. Өкінішке орай, соны білсек те, күндегі күйбең тіршілікпен көңіл бөле бермейміз. Кей күндері жұмыстан шаршап келіп, өз баламызға қажетінше бөлетін уақытымыз да өте аз болып жатады. Осындай қылықтар тамшыдан тамшы құралып, ақырында көп болып кетуі мүмкін емес пе? “Көйлегі көк, тамағы тоқ” деп алаңсыз жүре берсек, “баламның сабағы, яки тәртібі қалай екен” деп, бара-бара сұраудан да қалуымыз ғажап емес. Балабақшада тәрбиешіге, уақыт өте мектеп мұғалімдеріне тапсырамыз. Ал бос уақытта бала немен айналысады? Кіммен ойнайды? Достары кім? Міне, осындай сұрақтар өте маңызды. Себебі, баланың қоршаған ортасы, айналасындағы достары оның ой-санасының дамуында үлкен роль атқарады.
Кішкене кезінен атыс-шабыс, қан төгіп, кісі өлтіріп жатқан компьютерлік ойындардың өзі баланың ой-санасын улап жатқан жоқ па? Міне, жүйкесі тозған, қатыгез баланы өзіміз осылай тәрбиелеп жатқандаймыз. Ертең ол басқаның өміріне қауіп төнгізбесіне кім кепіл?
Болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен денсаулығына мектеп мұғалімдері емес, ең бірінші отбасындағы ата-ана қарауы тиіс. Келешекті ойлап, заманның азығының жақсы жағын қабылдап, жаман жағынан бойымызды аулақ ұстауға балаларымызды үйретуіміз қажет. Баланың жақсы болуы-ата-ананың үйдегі берген тәрбиесіне байланысты. Сондықтан, “не ексең, соны орасың ”,“ұлдың ұяты-әкеге, қыздың ұяты-шешеге ” , “қыз күнінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады” , “әкеге қарап, ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер” деген халқымыздың даналық сөздерін естен шығармай, ұл-қызымызды дұрыс тәрбиелей білейік.
Қазіргі таңда жастардың имандылыққа бет бұрып, мұсылмандық шарттарын орындауы, мешітке барып, намаз оқып, жаман нәрселерден аулақ жүруі, әрине, қуанарлық, құптарлық жайт. Бірақ, оған да сын көзбен қарау керек. Себебі, мұсылмандыққа бет бұрамын деп, өзге діннің шырмауында кетіп жатқан жастарымыз да аз емес. Сондықтан әрбір ата – ана баласының әр басқан қадамына үлкен жауапкершілікпен қарауы қажет.
Баланың киім киюі, тазалығы, сөйлеу мәнері – бәрі ата – ана назарында болуы тиіс.Үлкенді сыйлау, кішіге мейірімді болу,сыпайы сөйлеу, әр нәрсеге ойлы көз жүгіртіп қарау – отбасындағы тәрбиеге байланысты.
Балаға тәрбие беру үшін ата – ана өзі тәрбиелі болуы тиіс. Отбасындағы жақсылық істер баланың жақсы болып өсуінекөп әсер етеді. Ата – ананың мінезінің дұрыс болмауы, отбасындағы ұрыс – керіс, жанжал, ауызбірліктің жоқтығы – бала жүйкесіне әсер етеді. Сондықтан ата – ана алдымен өз арасындағы қарым – қатынасты дұрыс жолға қою керек. Күнде ақыл айтып, ұрса бергеннен бала түзелмейді. Сабырмен, ақылмен, іс жүзінде көрсете отырып тәрбиелеу керек. Балаға еңбек етуді, адалдықты, достарымен тату болуды, дұрыс, адал жүруді үйрету қажет. “Тәрбие басы – тал бесік” деп аталарымыз айтқандай отбасымыз тәрбиелі, берекелі болса, одан өнген ұрпақтарымыз да тәрбиелі азамат болады деп айта аламыз.