Бала тәрбиесіндегі ата-ана мен мектептің атқаратын рөлі

 

Бала тәрбиесіндегі ата-ана мен мектептің атқаратын рөлі

 

            Қоғамымыздың ілгері дамуының өзі ғылым мен білімге тікелей байланысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім мен ғылым қызметкерлерінің екінші съезінде «Болашақта еңбек етіп өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан жүктелген міндет өте ауыр», — деген болатын. Осы ғылым-білімнің негізін тереңдету нәтижесінде ғана еліміз өзінің елдігін басқа елдер алдында көрсете алады.

 

Еліміз егемендігін алып, тәуелсіздік туы биікке көтерілген қазіргі кезеңде бүгінгі ұрпақтың қоғамымыздағы жаңару процесін жүзеге асырудағы жүргізген жұмысы ұшан теңіз. Жеке ел болып дербес даму жолына түскен осы бастамамызды баянды етіп, нығайта түсуде жеткіншектерге жүктелер міндет те ерекше үлкен. Ал еңсе тіктеген Қазақстандай жас мемлекет үшін бұл міндет ауқымдала түспек. Өйткені Отанымыздың, қоғамымыздың келешектегі шын жанашыры да, арқа сүйері де осынау жас ұрпақ арасынан шықпақ. Демек, оларды лайықты ізбасар етіп дайындау, тәрбиелеп шығару үшін білім ордаларындағы білім, тәрбие жұмыстарын күшейтіп, ұлттық ұлағаттылыққа баулып өсіру міндеті алда тұр.

Адамзатты тәрбиелеу өте ұзақ және күрделі процесс. Жеке бастың қалыптасуы, оның рухани жағынан дамуы бала кезден бастау алады. Жас шыбық иілуге қандай икем болса, бала да тәрбиені қабылдауға сондай бейім.

Соңғы жылдары жалпы білім беретін мектеп пен жалпыға бірдей орта білім беру ісін дамыту, жаңарту проблемаларының ауқымдылығы соншалық, оған жас ұрпаққа білім беру саласында жүрген азаматтармен қатар, ұлт тәрбиесіне бей-жай қарамайтын әрбір адам өз үлесін қосуда.

Өзім қызмет ететін Алға қаласындағы «Жастық жігер» мектептен тыс аула клубының оқытушылар ұжымы жас жеткіншектерімізге тиянақты білім, кәсіптік бағдар, рухани, идеялық тәрбие беруде, алда тұрған көптеген проблемаларға дұрыс шешім табуды жүзеге асырып келеді.

Аула клубы 2009-10 оқу жылында құрылып, қазіргі таңда шахмат, бейнелеу өнері, алғашқы конструкциялық моделдеу, техникалық конструкциялау, мерген-атқыш  үйірмелері бойынша 150 бала тәрбиеленіп жатыр.

Қазіргі заман талабына сай оқу-тәрбие жұмысының түрлері, сонымен қатар оларды өткізу іс-шаралары үнемі өзгеріп, жаңарып дамып отыр.

Бүгінгі күннің жас жеткіншектеріне терең білім беріп қана қоймай, рухани байлығын арттырып, оларды пысықтыққа, ширақтыққа, түрлі өнерге, шеберлікке үйрету қажет.

Осы орайда біздің мекеме ұжымы қажымай, талмай еңбектеніп келеді.

Атап айтсақ, Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай ұйымдастырылған «Желбіре, Жеңіс алауы!» атты патриоттық әндер байқауына белсене қатысқаны үшін алғыс хатпен, осы аталған мейрамға сәйкес өткізілген аудандық қолөнер көрмесінде 1 орынды жеңіп алғаны үшін дипломмен мадақталды. Наурыз мейрамына арналған «Жасөспірімдер шығармашылығы — 2010» Ақтөбе қалалық техникалық шығармашылық орталығының көрмесіне белсене қатысқаны үшін мақтау қағазымен марапатталды, «Әлем қағаздан»  атты  ғарыштық модельдеуден Ақтөбе қалалық байқауында «Жастық жігер» аула клубы команда бойынша 1-ші дәрежелі дипломмен марапатталды. Балалар күніне арналған аудандық «Денсаулық фестивалінде» асфальтқа сурет салудан жақсы өнер көрсеткені үшін  «Жастық жігер» аула клубы марапатталды.  «Жасөспірімдер шығармашылығы-2011» облыстық көрмесінде командалық есеп бойынша ІІI дәрежелі дипломмен марапатталды. 12-сәуір Адамның тұңғыш ғарышқа ұшуына 50 жыл толуына орай өткізілген «Жұлдызды 50 жыл» атты қолөнер сайысынан жүлделі 1 орын,  Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналып өткізілген «Ақбозат» шахмат турнирінің  облыстық жарысында «Жастық жігер» аула клубы 2-ші дәрежелі дипломмен марапатталды.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты аула клубыішілік жарыстар ұйымдастырылып, оған тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойына «Жастық жігер» аула клубының атынан арнайы дайындалған   алтын, күміс, қола медальдары, мақтау қағаздары әр айдың 20 жұлдызында өткізілетін сайыстарда жеңімпаз оқушыларға табысталады.

« Бітер істің басына

Жақсы келер қасына»,- демекші жас ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, іскер басшының жетекшілік етуімен ата-ана мен мектеп бірігіп, ынтымақтаса отырып, мектептегі тәрбие үйде жалғасын табатындай етіп ұйымдастыра білгеніміз жөн.

Бұл жұмыстарды тиянақты атқаруда білім беру  ұжымы өзіне мынадай міндеттер алып отыр:

  • Қазіргі білім беру, икем, дағды деңгейіне қойылатын талаптар негізінде мемлекеттік қалыпта жоғары білім беру;
  • Мұғалім, қосымша білім беруші педагогтар психологиялық және білім берудің барлық мәселелерінің жеке шешімін табуды қамтамасыз ету;
  • Санитарлық-гигиеналық қалыпты ескере отырып, белгіленген деңгейде білім берудің қажетті жағдайларын жасау;
  • Оқушылардың білім сапасын көтеру, жеке қабілетін дамыту, жеке қызығушылық деңгейін көтеруде кең көлемде қосымша қызмет түрлерін таңдау мүмкіндігін қамтамасыз ету, тағы сол сияқты міндеттерді қоя отырып, жұмыс істеу.

Бірақ тәрбие біржақты болса, онда нәтиже күткендегідей болмауы мүмкін.

Қазіргі заманымыз жақсарып, халықтың әл-аухаты артып келеді. Дегенмен де әртүрлі діни көзқарастағы адамдардың үгіт-насихатына балалардың еріп кетпеуін қадағалағанымыз жөн.

Ата-аналар балаларды мүмкіндігінше көп уақыт уйде жалғыз қалдырмауға, немен шұғылданатынын, мектепке қалай барып келуін, күнде қанша сабақ болып, қаншада қайтатынын біліп отырулары керек.

Баланың сабақтан тыс уақытын қалай ұйымдастыру керек? Олардың  кітап оқуына, мәдени тынығуына жағдай жасап көмектесу қажет. Осы орайда қаламыздағы мектептен тыс қосымша білім беру мекемелерінің алар орны ерекше екенін атап өткім келеді.

«Тәрбие отбасынан басталады» десек те, күйбең тіршілікке алданып жүріп, отбасындағы әрбір баланың әрекетін, қылықтарын бағалап, бағыт-бағдар беруге көңіл кейде аз бөлінеді. Әрбір ата-ана баласының ынтасын, қызығушылығын байқап, оның өзін-өзі дамыту үшін жағдай жасап, ықпал етуі керек.

Мектеп пен ата-ана ынтымақтаса жұмыс жүргізсе, балаға тиісті көңіл бөле білсе, олармен санаса білсе, келешектің шын жанашыры, елдің арқа сүйер азаматтары тәрбиеленіп шығары сөзсіз.

Бала – Отанымыздың келешегі, біздің жалғасымыз. Сондықтан бала тәрбиесі – баршамызға ортақ іс. Әр ата-ана өз баласын еліне, халқына шын берілген, халқын құрметтей алатын, дені сау, білімді, еңбексүйгіш, жан-жақты жетілген азамат етіп тәрбиелеуді борышым деп есептеуі керек.