Ана – бәйтерегі өмірдің.
Құрметті әріптестер!
Сіздерді көктемнің алғашқы мейрамы, Халықаралық әйелдер күні – 8 Наурыз мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймыз!
Білім беру саласында ұстаздық асыл қасиеттеріңізді жас өркендер бойына дарытып, білім мен тәрбие беруде аянбай атқарып жатқан еңбектеріңізге табыс, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, бақ-береке тілейміз!
Ана – бәйтерегі өмірдің.
Қар астынан қылтиып бәйшешек бой көтергенге көктемнің алғашқы хабаршысындай болып Аналар мерекесі келді. Бәйшешек нәзіктігіне қарамастан, қалың қардың астынан бүршік жарса, біздің асыл аналарымыз да, соншалықты нәзіктігіне қарамастан барлық қиындық атаулыға төзімді.
Ана! Жалғыз ғана сөз. Әйткенімен жарық жалғанда кез келген адам баласына осы сөзден артық, осы сөзден ыстық сөз жоқ шығар. Осы орайда орыстың ұлы жазушысы М.Горькийдің «…Дүниеде не жақсылық болса, соның бәрі Ананың ақ сүті мен күннің нұрынан жаралған» деген сөзіне еріксіз иланасың. Тіпті, көк аспан да Ана жәйлі терең ойға батып, үнсіз мөлдіреп тұрғандай сезіледі.
Ана – үйдің берекесі, қыз баланың өнегесі. Ананың көзінен нұр төгіліп, жан-жағына шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл Ананың құшағында мейір алып жүрген біз – алтын Ананы мәңгі қастерлеп, еңбегін бағалап өтейікші.
Ана-сарқылмайтын күш иесі. Әлемдегі ең кешірімді,ең мейірімді жан-ана.Ана баласы қандай қателік жасаса да ол кешіреді.Оның мейірімділігінде шек жоқ.Ана-үнемі баласы қайда жүрсе де уайымдап жүреді.Ана махаббатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.Ана туралы қаншама өлең жолдары,жырлар жазылған.
Өмірде ана алақанының қызуы мен әке-шеше мейірімін тоя жеген тамақ та, шипасы күшті дәрі де алмастыра алмайды.
Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистерінде де ең алдымен ананы құрметтеу парыз екені айтылады. “Әуелі анаңа, тағы да анаңа, содан соң әкеңе жақсылық жаса” делінген онда.
“Егер атаң мен анаң бір мезгілде үн қатып қалса, әуелі анаңа жауап бер” деген ұлағатты сөз бар.
Халықаралық әйелдер күні әлемнің көптеген елдерінде тойланады. Тіпті кейбір жерлерде ол ұлттық мереке болып табылады.
Бұл күні жер бетінің әйелдері ұлтына, тіліне, этникалық жағдайына қарамастан бірігіп, өздерінің қаншалықты құрмет пен сыйға лайық екендіктерін іс жүзінде мойындатады. Түрлі экономикалық, әлеуметтік жағдайларда өмір сүріп жатқан нәзік жандар қазіргі кезде өздерінің білімімен, мәдениетімен, жасампаздығымен, мықты күш-жігерлерімен әлемді мойындатып отырғандықтары ақиқат. Олар теңдік пен бауырмалдықты, достық пен сүйіспеншілікті, бейбітшілік пен өзара түсіністікті ту етіп ұстауда.
Жалпы,Шығыс халқының, соның ішінде біздің қазақтың менталитеті тұрғысынан әйел –мейірімді ана, отбасының отанасы, ажары. Мәдениетіміз Ана – әйелді сыйлауға бейімделген. Содан да Жерді, Отанды Анаға балаймыз. Құранда да «үш рет Меккеге арқалап барсаң да, ана алдындағы парызыңды өтей алмайсың» деп айтылған ғой. Ана алдындағы парызымызды мереке санын көбейтумен, әрине, өтей алмаймыз. Дегенмен, аналарымызды құрметтеп, қуаныш сыйлау мүмкіндіктері болса, оны көпсінбейік, қуантайық, өзіміз де анамызбен бірге қуанайық. Тіпті, ол күннің демалыс болуы міндетті емес. Есесіне, аналар құшағын гүлге, жүрегін перзенттік махаббатымызға бөлеп, қуаныш арнасынан асып төгіліп жатса, ана үшін одан үлкен сый болмайды.
1857 жылдың 8 наурызынан бастап әлемдегі күллі еркектер бұл күні әйелдерге ерекше көңіл бөледі. Ежелгі римдіктер көктемнің алғашқы айын әйелдер мейрамы деп таңдап алды. Бұл күні әйелдер қауымы сүйіктілерінен сыйлық алып, мәре-сәре болып жатады.
Мереке күні әр жерде демалыс жарияланып келеді. Бірақ көпшілік бұл мейрамның қашан және қайдан келгенін біле бермейді.
Бұл мереке тарих сахнасына әйелдер құқығы үшін күресу күні ретінде шыққан еді. 1857 жылы 8 наурыз күні Нью-Йоркта жұмысшы әйелдері манифестке жиналады. Олар 10 сағаттық жұмыс күнін, жарық әрі құрғақ жұмыс орындарын, ер адамдармен бірдей жалақы мөлшерін талап еткен еді. Әйелдер сол кездері 16 сағат тер төккен еңбектеріне өте аз жалақы алатын еді. Сөйтіп, 1857 жылы 8 наурыз күнінен бастап кәсіподақ мүшелігіне әйелдер де кіре бастады. Бұл күні бірнеше қалаларда да әйелдер сайлау құқығын талап етіп, шеруге шығады. 1910 жылы Копенгагенде өткен халықаралық конференцияда Клара Цеткин 8 наурыз күнін халықаралық әйелдер күні ретінде атап өту туралы ұсыныс жасайды. Бұл әлемнің төрт бұрышындағы әйелдерге өз құқықтары үшін күресу үндеуі еді. Сонымен қатар әйелдерді кедейшілікке қарсы, еңбекті бағалау, ар-ожданды қадірлеу, бейбітшілік үшін күресуге шақырады. Бұл мейрам 1911 жылы 19 наурызда Австрия, Дания, Германия, Швейцария елдерінде аталып өтті. Кеңес Үкіметі кезінде 8 наурыз мемлекеттік мейрам дәрежесіне көтеріледі. Уақыт өте бұл мейрам саяси көрінісін жоғалта бастайды. Кеңес Үкіметі тарағаннан кейін де 8 наурыз мейрамы ТМД елдері арасында әлі де тойланып келеді. |
Құрметті аналар, апайлар – әйел азаматшалар!
Сіздерді көктемнің жарқын мерекесі – Халықаралық әйелдер күні 8 Наурызбен шын жүректен құттықтаймыз! 8 Наурыз – өмірде болып жатқан тарихи, саяси, әлеуметтік өзгерістерге ұшырамаған ерекше мереке.
Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке-бірлік, еңбектеріңізге жеміс тілейміз, Қазақстанымыз көркейе берсін!