Адамгершілікке тәрбиелеудің маңызы
Баяндама
Адамгершілікке тәрбиелеудің маңызы
«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды, естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді, тәрбиелі болады», деп, Абай айтқандай, оқу процесі кезінде адамгершілікке тәрбиелеу мақсаты әр уақытта күні бүгінге дейін күн тәртібінен түскен емес. Сол адамгершілік тәрбиені беруде мұғалім бала жанының бағбаны болса, сол адамгершіліктің дәнін қалай сеуіп, одан қандай өнім алып келеміз?
Егер мұғалім өзін адамгершілік тәрбие беру арқылы адам қалыптастыру міндетін өз дәрежесінде атқарып келе жатса, қоғамдағы жат қылықтар қайдан шығып жатыр деген сауал туындауы мүмкін. Мысалы, оқушы мектепке келген кезінде тіл алғыш, жүрегі таза, сезімі пәк болып, өсе не жоғарғы буынға келгенде өзгеріп сала береді. Сол кезде мына бала қандай еді, қалай өзгеріп кетті, мынадай жаман әдеттерді қайдан үйреніп ала қойды, неге озбырлық жасауға бейім болып алды деген сұрақтар мазалайды. Әрине, оның себептерін жан-жақты іздеуге болады. Бала тәрбиесіне ата-анасы мен жүрген ортасына мұғалімнің де қатысы бар. Баланың қалыптасуына ықпал етіп, дамуына үлес қосатын мұғалімнің есте ұстар жағдайлары аз емес. Солардың ішінде ең негізгісі – балаға деген жүрек жылуы. Ол қашан да қажет және ешқашан артық болмайды.
Мұғалімін тек жақсы қырынан таныған оқушы үшін оның айтқаны анық, дегені дәл болып көрінеді. Қазіргі жағдайда тәрбиенің жалпы негізі адамгершілік құндылықтар болуы керек. Адамгершілік құндылықтар үлкен мен кішінің арасындағы шынайы қарым-қатынас кезінде бала бойына дариды. Ал мұғалімнің басты мақсаты — өзіндік адамгершілік құндылықтарын оқушы бойына дарыта отырып, оның жүрек түкпіріндегі рухани қазынасын жарыққа шығару, әрбір баланы жеке тұлға ретінде жетілдіру үшін оның бойындағы бар құндылықтарды дамыту. Мектептегі, сабақтан тыс уақыттағы біздің ісімізді жалғастыратын жеке тұлға болып табылатын оқушыларды адамгершілікке, гуманистік жүйеге тоғыстыру. Мектеп қабырғасында жақсы тәрбиеленген, саналы білім алған шәкірт өмірде өз орнын табады. Ол үшін ең әуелі ұрпағымызды бала кезінен-ақ ұлттық тәлім-тәрбиеге, адамгершілік әдетке, рухани мәдениетке баулу керек. Сонда жас ұрпақ елі үшін елең қағар азамат, имандылық қасиеттерді жақсы білетін азамат болып қалыптасады.
Қазір қоғам жан-жақты үйлесімді жетілген жаңа ұрпақты – жаңа адамды тәрбиелеуді талап етеді. Қоғам талабы – заман талабы. Өйткені «Әр адам — өз заманының баласы». Сол себепті адамды заман билейді, заманына сай заңы туындайды.
Оқушының жасын, жеке ерекшелігін, психикалық процестерін ескере отырып, жетілген ұрпақ тәрбиелеу үшін мынадай міндеттерді орындауымыз керек:
- Еңбексүйгіштікке, еңбекті қажетсінуге баулы, күнделікті өмірін мәнді ұйымдастыру, тұрмыстағы, үй шаруашылығындағы еңбекке құлшынысын арттыру. Өзіне-өзі қызмет ету дағдыларына үйрету.
- Отбасы мүшелерімен өзара дұрыс қарым-қатынасын, тіл табысып, түсінісуін, бірін-бірі тыңдап, ата-ананы, туыстарын, жасы үлкендерді сыйлап, құрмет тұтуға үйрету.
Бала тәрбиесіндегі негізгі де маңызды роль ата-аналарда. Ата-ана отбасында өздерінің күнделікті жұмысы, тындырған ісі туралы бала-шағасының алдында айтып, әңгіме-дүкен құрады. Бірте-бірте балалары да өз жаңалықтарын ортаға салып, айта бастайды. Осылайша жанұя мүшелерімен сенімі, сүйіспеншілігі, достық қатынастары нығая түседі. «Жанұяға қарап бала өседі, қарағайға қарап тал өседі» деп тегін айтылмаған болса керек. Ата-ана баламен тілдесуде, пікірлесуде бейпіл, бейауыз сөздерді қолданбай, дөрекілікпен жеке басын қорғамай, мейірімді, табиғи, жылы, ақылды сөздер айтып өнеге бола білсе, тәрбиеде табысқа жетеді. Өйткені «Жақсы сөз жан семіртеді». Кейбір ата-аналар өте қатал, айтқанын орындатады. Мұндайда бала қорыққанынан уақытша тыңдайды. Бірақ ата-анасының уысынан шыққаннан соң, өзін-өзі ұстай алмайтын жағдайға жетуі мүмкін. Сондықтан мұғалім ата-ана ескермеген тәрбиенің тиімді сәттерін пайдалану қажет. Мұғалім оқушыға материалдық жағдай жасамағанмен, оның өміріне азық болар ең қымбат асыл қасиеттер – адамгершілік құндылықтармен қамтамасыз етеді. Әрбір оқушының жеке басын тәрбиелеудің стратегиясын білу үшін тек оның күшті және әлсіз жақтарын біліп қоймай, сонымен қатар оның оқитын, тұратын, қарым-қатынас жасайтын жағдайларын білуіміз керек. Ол үшін олардың ата-аналарымен тығыз байланыста болу қажет. Адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіріп жетілген тұлғаның бойындағы әдептілік сипаттар мынадай болуы тиіс:
- Өзгелердің мүддесін өз мүддесінен жоғары қойып, кеңпейіл болу, тәкаппарлыққа жол бермеу.
- Достарының, отбасының сенімін ақтау.
- Жанашырлық таныту — өзгелердің мұң-мұқтажыдығына ортақтаса білу, оларға көмек көрсету.
- Кешірімді болу – ренішке, өшпенділікке жол бермеу, ол үшін кек алудан аулақ болу.
- Рақымды, мейірімді болу, адамның көңіл-күйін алдын-ала сезе білу.
- Жауапкершілік таныту – адал болу, жалғандық пен алдап-арбаудан аулақ болу.
- Өзін-өзі бір қалыпта ұстай білу — өз ойын, сезімін, тілегін, іс-қылықтарын ұстай білу.
- Ұқыптылық – қандай іс атқарса да ұқыптылық таныту, еңбек ете білу.
Қорыта келгенде, халықтық педагогикадан бастау алып, осы дәлелденген нәтижелерге сүйенсек, тәрбие құралдары мен әдістері дұрыс таңдалып жүргізілсе, ізгілікті тәрбиенің негізі қаланбақ. Сондықтан тәрбиеленуші жас ұрпақ ескінің көзіндей, жаңаның өзіндей болып, қоғамдағы кемшілікті білетін, бүгінгіні түсінетін, ертеңіне сенетін, адамгершілік асыл қасиеттерді жоғары бағалайтын иманды, алдына қойған мақсат жолында барлық күштерін жұмсайтын, рухани дүниесі бай болуы шарт.