Жаңа ақпараттық технологияның шығармашылық қабілет дамытудағы рөлі
Жаңа ақпараттық технологияның шығармашылық қабілет дамытудағы рөлі
Ғылым мен техниканың жылдан-жылға кең өріс алып, жедел қарқынмен дамуы білімнің негізі болып табылатын – бастауыш мектепке де өз әсерін тигізуде.
Соған сәйкес бүгінгі танда бастауыш мектеп оқушыларының өз бетімен жұмысын арттыру мен шығармашылық қабілеттерін дамытуда жаңа ақпараттық технологияны пайдалану және оның тиімді әдістемесін ұсыну өзекті проблемаға айналып отыр.
Жаңа ақпараттық технологияның басты тиімділігі-бұл мұғалімге бастауыштағы оқу үрдісінің құрылымын түбегейлі өзгертуге , оқудағы пәнаралық байланысты күшейте отырып, оқушылардың дүниетанымдарын кеңейтуге және жеке қабілеттерін көре біліп, оны дамытуға толық жағдай жасауы.
Сонымен қатар жаңа ақпараттық технологияның негізгі ерекшелігі- бұл оқушыларға өз бетімен немесе бірлескен түрде шығармашылық жұмыспен шұғылдануға , ізденуге,өз жұмысының нәтижесін көріп,өз-өзіне сын көзбен қарауына және жетістігінен ләззат алуға мүмкіндік беруі.
Аталған проблеманы шешу ең алдымен, шығармашылық қабілет дегеніміз не, ол қандай өзіндік қасиеттерімен ерекшеленеді және оны компьютердің көмегімен тиімді дамыта аламыз ба деген мәселерді шешуді талап етеді.
И.Д. Левитовтың пікірінше, оқушылардың шығармашылық қабілеттері деп іс-әрекет қорытындысында жаңа бір нәрсені үйренулері және оқушылардың даралық бейімділіктерінің, қабілеттерінің, тәжірибелерінің көрінуі болып табылады.
Көптеген психологтар оқушылардың жасы өскен сайын нерв жүйелерінің мүмкіндіктері кеңейіп, қалыптасып отырғандығын, бірақ оқушының дамуы үшін ең қажетті құнды қасиеттердің біртіндеп жоғалып отырғандығымен түсіндіре отырып, бала қабілеттерінің дамуы үшін ең қымбатты кезеңді тиімді пайдаланып қалуға асығу керектігін ескертеді. Мектепке дейінгі балалардың және бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне сай қабілет олардың белгілі бір іс — әрекетке беімділігі арқылы көрінеді.
Бейімділік- бұл адамның белгілі бір іс-әрекетпен айналысуға бет бұрысы, оған көңілінің аууы, оянып келе жатқан қабілеттерінің алғашқы белгісі.Сондықтан да біздіңше, балалық кезде ерекше көзге түсетін бейімділіктердің келешекте олардың қабілеттерінің көрсеткіштері екенін ескеріп, оқушылардың бейімділіктерін дер кезінде көре біліп, оларда соған сәйкес келетін қабілеттерді дамыту біздің міндетті борышымыз екенін ұмытпауымыз керек.Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамыту жөнінде И.П.Волковтың айтқан пікірі өте құнды.Сондықтан да біз өз зерттеуімізде автордың пікіріне қосыла, бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін олардың өз беттерімен меңгерген білімдерін, іскерліктерін , дағдыларын пайдалана отырып, өздеріне бұрынан белгісіз жаңадан бір нәтиже алу деп түсінеміз.Автор оқушылардың жаңадан бір нәтиже алуы жалпы білімдерімен қатар олардың осы нәтиже алу жолында пайдалынатын әдіс-тәсілдердің тиімдісін таңдай алынуына, тапқырлықтарына және т.б. себептерге байланысты болатындығын айтады.
Оқушылар жалпы шығармашылық қабілеттерінің құрамдас компонеттерін анықтауға бағытталған еңбектер де жеткілікті, атап айтсақ, И.Л.Лернердің, А.Н.Луктың, В.И.Андреевтің,А.Л.Яковлевтің ,Д.Б.Богоявленскаяның еңбектері.Біздің ойымызша, осы аталған еңбектердің ішінде И.Л.Лернер мен А.Н.Луктың еңбектері ерекше назар аударарлық.
А.Н.Лук шығармашылық қабілеттердің компонеттерінің құрамына басқа көзқарас тұрғысынан келе отырып, шығармашылық қабілеттерді 3 негізгі топқа бөліп қарастырады:
1) ынтамен байланысты қабілеттер (қызығушылықтармен икемділіктер)
2) темпераментпен байланысты қабілеттер (көңіл-күй)
3) ақыл-ой қабілеттері
Біздің пікірімізше, А.НЛуктың оқушылардың шығармашылық қабілеттерінің компонеттері құрамына қатысты айтқан пікірі құнды және оны төмендегі себептерге сәйкес түсіндіре аламыз:
- Оқушы кез келген іс-әрекет нәтижесінде жақсы нәтиже алу немесе белгілі қабілет түрін дамыту үшін алдымен, осы іс-әрекетке, қабілетке деген оның қызығушылығы, ынтасы болмаса оның нәтижесінің де төмен болатыны сөзсіз.
- Көңіл-күй – бұл кез келген істі орындауда негізгі қажетті көрсеткіш деуімізге болады. Сондықтан да бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамытуда олардың осы бағыттағы іс-әрекетке деген көңіл-күй деңгейі маңызды, сондай-ақ ол олардың жұмыстарының нәтижелілігіне әсер ететіні белгілі.
- Кез келген іс-әрекетті біз ақыл-ой қабілеттері негізінде ғана іске асыра аламыз. Сондықтан да оқушылардың шығармашылық бағытта жұмыс істеулері де алдымен істейтін әрекеттерін алдымен осы ақыл-ой қабілеттері арқылы жоспарлап алып, оны практика жүзінде іске асыруларын талап етеді.
Я.А.Пономарев кез келген шығармашылық бағыттағы іс-әрекеттің негізгі, бастысы – шығармашылық ойлау дей отырып, оның даму критериясы ретінде іштей жоспарлау әрекетін немесе «ойша» әрекеттену қабілетін алады.
Біз де толықтай автордың пікіріне қосыламыз, себебі ешбір іс-әрекеттің, соның ішінде шығармашылық бағыттағы іс-әрекеттің «ойша» әрекеттенусіз іске аспайтыны анық. Сондай-ақ адамның «ойша» әрекеттенуі, яғни ойша санауы, талқылауы, жоспарлауы және т.б. – бұл адам интеллектісінің айрықша көрсеткіші болып табылады.
Біріншіден , адам «ойша» әрекеттене отырып, нәтижесінде не алатындығын,яғни болашақта алатын нәтижесінің бейнесін көз алдына елестете алады;
Екіншіден, қойылған мақсатқа жету жолын жоспарлап алынбақшы нәтижеге жету тәсілін ойша құрастыра алатындығын көреміз.
Психологиялық зерттеулерге қарағанда оқушылардың «ойша» әрекеттену қабілеттері әсіресе,бастауыш мектеп жасында,яғни негізгі ой оқу іс- әрекеті, дағдылары қалыптасқанда үздіксіз дамиды және сондай-ақ олардың шығармашылықпен өзін өзі көрсете білу қажеттігі басым.Бұл оның жеке тұлғасының анықталуына , өз қабілеттерін жүзеге асыруға және оның қанағаттандырылуы оқушыға әрқашан қуаныш сезімін тудырады.
В.В.Давыдов оқушыларды осы кезеңде байқалатын психологиялық жаңа сапалық қасиеттерді сипаттай отырып былай дейді: «Оқушы өз әрекетінде барынша көп қадам жасаған сайын ол тапсырманың түрлі варианттарын салыстыра алады және есептің шешуін бақылай алады.»
Оқу іс әрекетінде қажетті бақылау , өзін өзі бақылау, сондай ақ есептің шешуін ауызша түсіндіруді талап ету, бағалау қажеттігі бастауыш сынып оқушыларында ішкі жоспар әрекеттенуге және ойша жоспар құруға қолайлы жағдай туғызады.
Жүргізілген зерттеу жұмыстары бастауыш мектеп оқушыларының шығармашылық әлеуеті әсіресе , ән күйде, оның үстінде, техника саласында жаңа бір нәрсені ашумен ,құрастырумен , білумен байланысты көрінеді.
Сондықтан да менің ойымша , бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін біз компьютердің және соған сәйкес компьютерлік ойындарды (үйрету, жаттықтыру,дамытушы) пайдалану арқылы толықтай қалыптастыра аламыз.
Оған жоғарыда айтылған психологтардың , педагогтардың зерттеулері , бұл жастағы оқушылардың компьютерге , компьютерлік ойындарға деген ынталары, қызығушылықтары,сондай- ақ компьютерлік технологияның орасан зор мүмкіндіктері және бастауышта дамытушы компьютерлік ойындардың дидактикалық мүмкіндіктерін зерттеуге арналған ғылыми –зерттеу дәлел бола алады.