Педагогикалық технология әдіс-тәсілдерінің іс-тәжірибеде жүзеге асуы
Педагогикалық технология әдіс-тәсілдерінің іс-тәжірибеде жүзеге асуы
Республика ұстаздарының негізгі мақсаты – қоғам дамуының қазіргі кезеңіне сай жастардың саналы ойлауын қалыптастыру, шығармашыл, өз мамандығын дұрыс таңдаған, ой-өрісі жоғары жеке тұлға дайындау.
Қоғамның дамып-өркендеуі, оның әлеуметтік-мәдени этностық ерекшеліктерін толық меңгеріп, өзгерістер, жаңалықтар, ұғымдар туралы болып жатқан барлық мәселелерге мән бере отырып, салауатты өмір салтын құруда, білім беру саласындағы инновацияны меңгеруде, қоғамымызды ізгілендіруде мұғалімдерге, олардың кәсіптік сапаларына, білімділігі, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге қабілеттілігі, мәдениеті, парасаттылығы, т.б. қасиеттеріне байланысты екендігін, мұғалімдік мамандықтың жан-жақты білімді, шынайы сезімтал болуды, шәкірттеріне шексіз сүйіспеншілікті беруді талап ететінін, еңбегінің нәтижесі әр күн сайын балаларға қуаныш әкелгенде ғана жемісті болатынын ұғындыру.
Бүгінгі таңда ғасырлар қойнауында жатқан ұлттық тәрбиенің озық әрі өнегелі дәстүрлерін, асыл қасиеттерін оқушылардың бойында қалыптастыру, этнопедагогика материалдарын ұтымды пайдалану – аса маңызды міндеттердің бірі. ХХІ ғасыр – қатаң бәсеке ғасыры. Еліміздің білім беру жүйесі әлемдік білім беру кеңістігіне бағыт алуда. Бүгінгі күні қазақ халқының ұлттық мәдениетінің қайта өркендеу жағдайында жеткіншек ұрпақты ұлттық дәстүрлерде тәрбиелеудің заңды объективті қажеттігі туды. Қай заманда болсын жас ұрпақтың өнеге тұтар өзіндік ұлттық тәлім-тәрбиесі болатындығы белгілі. Егеменді Қазақстан Республикасының болашақ ұрпақтарының сана-сезімін, ұлттық психологиясын, оның ерте замандағы ата-бабалар салт-дәстүрімен сабақтастыра тәрбиелеу қазіргі күннің ең өзекті мәселесі екендігін өмірдің өзі көрсетіп отыр.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау;… оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» делінген. Қазіргі мектеп жағдайындағы білім берудің ұлттық моделіне оқыту мен тәрбие берудің соңғы әдіс-тәсілдерін, инновациялық технологияны игерген, психологиялық, педагогикалық жұмыста қалыптасқан, ескі сүрлеуден тез арада арылуға қабілетті және нақты тәжірибелік іс-әрекет үстінде өзіндік даңғыл жолын салуға икемді, шығармашылық педагогикалық зерттеуші болуды талап етеді.
Қазіргі заман ағымына байланысты оқушылардың білімге қызығуын арттыру үшін мұғалімдерге жаңа талаптар қойылуда. Сол себепті оқытудың әр түрлі технологиялары жасалып, мектеп тәжірибесіне енгізілуде. Жан-жақты ізденістің нәтижесінде білім беру саласында жаңа педагогикалық технологиялардың саны да, сапасы да өсіп келеді. Технология – белгілі бір істегі адамның әдісі, шеберлігі. Осы шеберлік арқылы мұғалімнің өз сабағын оқушыға жоғары сатыда жеткізуіне мүмкіндік береді. Мұғалім үнемі шығармашылықпен, ізденіспен жұмыс жасап отырса жаңашылдыққа жақын болғаны. Өзгелердің үлгісін өз ісінде пайдалана білсе, оған өзіндік қолтаңбасын қосып отырса – оқушы тәрбиелеу мен білім берудегі жетістігі сол болмақ. Қазіргі педагогикалық әдебиеттерден 50-ден астам оқыту технологиялары қолданысқа енгізілгені белгілі болып отыр.
Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, жаңаша құрылымы бар демократиялық қоғам құруға кіріскеніне біршама уақыт өтті. Еліміздің болашағын жасайтын жастар білімімен қатар шығармашылық қасиеті жоғары, өзіндік көзқарасы бар, елге тұлға болатын азаматтар болуы керек. Ал ол азаматтарды оқытып, тәрбиелеп шығаратын негізгі орта – мектеп. Сондықтан қазіргі мектеп ішінара қайта құруларға жол беріп, көп істерде оң өзгерістерге қол жеткізуде.
Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыруға белсене қатысатындар, кең байтақ Қазақстанның байлығына ие болатындар, сол байлықты өз иелігіне жұмсайтындар, сөз жоқ, қазіргі мектеп қабырғасында жүрген біздің оқушыларымыз екеніне ешкім күмән келтіре алмайды. Менің де мұғалім ретінде алдыма қойған мақсатым – оқушыларға ұлттық педагогикалық тәрбие мен білім берумен қатар олардың шығармашылық қабілеттерін арттыру. Сол себепті сабақты идеялық жағынан ғылыми негізде, өмірмен байланысты ұйымдастыру оқушының қызығуын, білім құмарлығын таныту, әр сабақта оқушыларды ойлануға, өздігінен ізденіс жасауға баулып, ойын ауызша, жазбаша жинақтап баяндай білуге, мәдениетті сөйлеуге үйрету арқылы ұлттық әдет-ғұрыпты бойына сіңіруге дағдыландыру — әрбір ұстаздың абыройлы борышы. Бұл ретте ғасырлар бойы қолданылып, сұрыпталып, тұрмыс пен өмір тәжірибесі сынынан өткен салт-дәстүріміз педагогикалық әдіс-тәсіл ретінде пайдаланылады.
Тарих пәні мұғалімдерінің міндеті – мәдениетті түрде білімді, іскер, жеке тұлғаны дамыту, ұлтымыздың рухын көтеру, осы мақсатқа жететіндей тиімді жол іздеу. Педагогикалық психология бойынша оқушының мәдениетін білім, білік, дағды арқылы дамыту керек. Әр оқушының жек жұмыс қабілетін ескеру, сынып тапсырмаларын, үй жұмысын баланың ерекшеліктерін ескере отырып беру қажет. Мектептің оқу үрдісіне енгізіліп жүрген технологиялар теориялық тұрғыдан дәлелденіп, тәжірибеде жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Модульдік оқыту – оқытуды оңтайландыру, тұлғаның мүмкіндігіне даярлық деңгейін бейімдеу болса, дамыта оқыту – оқушының жеке тұлғасын, оның біліктерін дамыту. Ал жекелеп (даралап) оқыту – бұл қабілеттері мен мүмкіндіктерін ашуға, дамытуға жағдай туғызу, белсенді оқыту – танымдық белсенділігін, шығармашылығын ұйымдастыру. Сондай-ақ қазақ халқы өзінің мыңдаған жылғы өмір сүру тәжірибесіне сүйене отырып, мағынасы терең нақыл сөздер, мақал-мәтелдер және тұрмыстық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын қалдырған. Ал оны күнделікті өтілетін сабақ барысында қалай пайдалануға болады? Алдымен сабақтың тәрбиелік жағын ерекше ескеріп, оқушылардың өз халқына деген сүйіспеншілігін арттыру және оны қалыптастыру үшін мүмкіндігінше халықтық педагогика элементтерін көбірек пайдалану жағын қарастырамыз. Ол үшін бағдарламада көрсетілген материалды жоспарлағанда сол тақырыпқа сай халықтық педагогика элементтерінің қандай түрін пайдалануға болатындығын қоса жоспарлау қажет. Мұның өзі сабаққа пайдалануға болатын материалдарды алдын ала дайындауға мүмкіншілік береді. Сондықтан мұғалімнің мұндай мәліметтерді жинауы үшін шығармашылықпен жұмыс істеп, үнемі ізденіс үстінде болуына тура келеді.
Сонымен қатар сабақта халықтық педагогиканы пайдалану үшін әдет-ғұрып, салт-дәстүр және мақал-мәтел секілді үш бағыт бойынша сабақты өткізудің жаңа әдістерін жетілдіре түсуге болады:
Біріншіден, дәстүрлі емес сабақтарды өту арқылы оқушылардың ой толғауын, білімін, қабілетін кеңейтуге болады. Білімді даяр күйінде бермей, оқушылардың алдына белгілі бір мәселені міндет етіп қойып, оны олар халқымыздың озық салт-дәстүрін пайдалана отырып ізденіп шешуі тиіс. Бұл арқылы олар проблемалық жағдай туған кезде оны дұрыс шеше білу тәсілдерін үйренеді. Мұның нәтижесінде өз бетінше өмір сүре алатын шығармашыл азаматтар тәрбиелейміз.
Екіншіден, оқушыларға қазіргі заман талабына сай жоғары дәрежеде сапалы білім мен тәрбие беруде халықтық педагогиканы пайдаланып оқыту – бүгінгі күн талабы. Дамыта оқытуда баланың ізденушілік-зерттеушілік әрекетін ұйымдастыру басты назарда ұсталады. Ол үшін бала өзінің бұған дейін білетін амалдарының, тәсілдерінің жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін сезетіндей жағдайға жетуі керек. Содан кейін барып оның білім алуға деген ынта-ықыласы артады, білім алуға әрекеттенеді.
Үшіншіден, қазіргі таңдағы талаптарға сай білімді, әсіресе білгенін өмірде пайдалана білетін жастарды тәрбиелеу мақсатында оқытудың жаңа әдістерінің ішіндегі ең маңыздысының бірі – ынтымақтастықта оқыту технологиясына ұлттық педагогиканы енгізу.
Оның негізгі ерекшеліктері:
- Топтар алдын ала мұғалім басшылығымен жасақталады;
- Көбіне топтар тең шамалас, әртектес болады;
- Топтық тапсырманың әр мүшесі әр бағытын орындайды;
- Жеке оқушының емес, топтың жұмысы бағаланады;
- Топ атынан сөйлейтін оқушыны өзге топ не мұғалім таңдайды;
- Жеке білімді тексеру бөлек жүргізіледі.
Біз өз тәжірибемізде педагогика ғылымының докторы, профессор Ж.Қараевтың «деңгейлік оқыту» жүйесіне, «сын тұрғысынан ойлау» стратегиясына, Шаталовтың «тірек сигналдары арқылы оқыту» жүйесіне және қосымша электронды оқулықтарға сүйеніп сабақ жүргіземіз. Жаңаша әдіс-тәсілдер арқылы оқушының нені білетінін, нені меңгергенін, нені ұға алмағанын білуге болады. Жаңа әрі пайдалы ізденістердің бірі әлемнің 18 елінде сынақтан өткен «оқу мен жазуды сын тұрғысынан ойлауды дамыту» бағдарламасының стратегияларын сабақта қолдану барысында көрсеткен нәтиже: оқушының оқуға қызығушылығы артады, іскерлік дағдысы, ойлау белсенділігі, тапқырлығы, өзіне деген сенімі қалыптасады, пікір таластыра білуді, ойын жүйелі түрде жеткізуді, эссе, өлең жолдарын құрастыруды, қиялдауды үйренеді. Баланың жеке қасиеттерін ашу арқылы тәрбиелей отырып, танымдық күшін қалыптастыру және оқушының шығармашылық қабілетін дамытуда «Бетпе-бет», «Жұлдызды сәт» сияқты ойын түрлері, топтастыру, сәйкестендіру, толықтыру стратегиялары, тарихи басқатырғыш, сергіту жаттығулары, электронды оқулықтар кеңінен қолданылады.
«Сын тұрғысынан ойлау» бағдарламасы әдістерін халықтық педагогикамен байланыстыра отырып, 8-сыныпта өткізген «Абылайдың хандығы» тақырыбындағы сабақта қазақтың аты шыққан ханы Абылайдың тарихтағы орнын көрсетуді, Абылай ханның балалық шағын, қоғам қайраткері ретінде қалыптасуын қазақ халқының бастан өткізген ауыр кездерімен байланыстыра отырып түсіндіруді мақсат етіп қойдым. «Абылай кім?» деген сұраққа ассоциация жасау арқылы оқушылардың қызығушылығын ояту мақсатында сабақ жоспарын үш тақырыпшаға бөлеміз:
- Абылайдың балалық шағы, ата тегі.
- Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі батырлар.
- Үш жүздің ханы – Абылай.
Оқушылар әр тақырыпшаға тірек сызбасын дайындайды. Бірінші тақырыпша бойынша Әбілмансұр – Сабалақ – Абылай тірек сызбасын құру, балалық шағын, ата тегін айту. Қосымша қазақтың мақал-мәтел, нақыл сөздерін пайдалану арқылы әрбір оқушы ой-толғаныс арқылы жетілдіре түседі. Мысалы, «Тегін білмеген тексіз», «Жеті атасын білмеген жетесіз», «Өлі риза болмай, тірі байымас», т.б. Екінші тақырыпша бойынша тірек сызбасы Абылай – батыр – шешен – қоғам қайраткері секілді үлгіде құрылады. Бұл жерде Абылайдың жоңғарларға тұтқынға түсуі, одан өзінің ақылдылығы, шешендігі арқылы босап шығуы туралы баяндалады. Пайдаланылған мақал-мәтелдің мазмұны айтылады. Үшінші тақырыпша бойынша Абылай – саясаткер – үш жүздің ханы – ұлы тұлға деп құрылады. Мұнда да оқушылар мақалдарды пайдалана отырып, Абылай ханның үш жүзді біріктіру арқылы жоңғарларды жеңуі, хан болып сайлануы баяндалады. Осылайша әр тақырыпша бойынша мақал-мәтелдерді пайдалану арқылы оқушы ойын толықтырады. Осы үш тақырыпшаға арналған көріністер көрсетуге болады. Сонымен қатар оқушыларға проблемалық сұрақтарды қазақтың салт-дәстүрімен байланыстыру арқылы қою оқушылардың қисынды ойлауын дамытады. Жалпы ата-баба дәстүрін сәби шақтан бойға сіңірген, түйсінген, ізденімпаз, шығармашылықпен жұмыс істейтін оқушы халық ұлағатын қанына сіңіре отырып болашақта еліміздің білімді, білікті азаматы болсын десек, халықтық педагогиканы әрбір сабақта жаңа технология әдістерімен байланыстыра білуіміз керек.
Өмір бір орында тұрып қалмай, әрдайым жаңалықтармен толықтырылып отырады. Сондықтан өмірдің жаңалықтарына бет бұрып, жаңаша білім беру тәсілдерін ойлап табу — әр пән мұғалімінің негізгі мақсаты. Білім беру саласының дербестігін кеңейту, білім беру ісін басқаруды демократияландыру еліміздің мектептерінде оқытудың белсенді және инновациялық әдістері мен педагогикалық технологияларды тиімді пайдалануды қажет етеді. Бүгінгі таңда біздің мектеп ұжымы бір кісідей проблемалық оқыту технологиясына бет бұруда. Бұл технологияның ерекшелігі – оқушының танымдық белсенділігін, ізденімпаздығын қалыптастыра білу. Оқыту үрдісін жаңаша ұйымдастыру мұғалімнің оқушының өзін-өзі дамытуына қолайлы жағдай жасай отырып, оның шығармашылығының өздігінен іс-әрекет ету даралық қабілеттерінің артуына себін тигізеді. Мұндай жаңа технологияларды пайдаланып оқыту барысында оқытушыға қойылатын негізгі талап оқушының берген жауабын түзету, берілген тапсырманы орындау жолдарын көрсету, оқушыға өз ойын рет-ретімен толық жеткізуді үйрету болып табылады. Балаға өз ойын қысылмастан айтуға мүмкіндік беру, оған пікір еркіндігін сездіру оқушының сол сабаққа деген қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар сабақ барысында техникалық жабдықтарға, көрнекіліктерге жүгіну оқытушыға уақытты үнемдеуге, аз уақыттың ішінде бірнеше оқушының білімін бағалауға, бағдарламадағы материалды қай дәрежеде меңгергенін айқындауға мүмкіндік береді, бұл оқушының білім деңгейін қадағалаудың ең тиімді тәсілі. Себебі, оқушының білімін тексеру, оның мүмкіндіктерін айқындау – оқыту кезеңінің ең маңызды бөлігі.
Бүгінгі таңда Қазақстан тәуелсіздік шыңынан орын алып, халық санасы жаңарған мезгілде оқушыға білім беру, соның ішінде тарихты оқыту талаптары түбегейлі өзгерді. Тарих мұғалімінің алдында үлкен жауапкершілік бар. Өйткені тарихты оқыту – отансүйгіш азаматтарды тәрбиелеп өсіру деген сөз. Тәуелсіз Қазақстан тарихын оқушы өзін сол оқиғалар арасында жүргендей қызықты өткізу оқытушыдан ерекше шеберлікті талап етеді. Ал бұл талапты орындау үшін мұғалім көп ізденіп, заман талаптарына сай білімге ие болып, әлем жаңалықтарымен де таныс болуы керек.
Өткен тарих бұрмаланып, тым саясиланып оқытылған болса, 1990 жылдардан бастап тарихты оқыту жаңа бетбұрыс алды. Қазіргі уақытта тәуелсіз Қазақстан тарихын тарихи деректер негізінде оқушыға жеткізу, сабақ барысында жаңа әдістерді тиімді қолдану, жаңа технологияларға жүгініп, оқытудың жаңа тәсілдерін ойлап табу тарих пәні мұғалімдерінің өзекті мәселесіне айналды.
Жаңа технологияны білім беру саласында тиімді пайдалану оқушылардың өзіндік жұмысының сапасын арттыруға көмектеседі. Тәуелсіз Қазақстанның келешегі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақ – ұлттың ұлт болып қалуының кепілі.