Отбасы — мектеп, отбасы, жұртшылық бірлескен жұмысын ұйымдастырушы орталық

   Отбасы — мектеп, отбасы, жұртшылық  бірлескен жұмысын ұйымдастырушы орталық

 

Мектептің ұйымдастырушы тәртіп орталығы ретіндегі қызметінің ең маңызды бағыттарының бірі-мектептің, отбасының және жұртшылықтың күшін біріктіру. Бұл жұмыстың мазмұны, әдістері мен түрлеріне қарай өзіндік ерекшелігі болады. Ол әрекеттің өзіндік ерекшелігі бірқатар факторларға байланысты.

Мектеп отбасының тәрбиелік мүмкіндіктерін кеңітеді және дамытады, осы бағыттта педагогикалық ағарту жұмыстарын жүргізеді, қоғамдық және мектептен тыс ұйымдардың мектеп пен отбасына белсенді түрде көмек көрсетуін ұйымдастырады және бағыттайды, олардың әрекеттерін үйлестіреді. Мектеп басшысының, сынып жетекшісінің жұмыс жүйесі ең тиімді түрлер мен әдістер таңдап алу арқылы ұзақ жылдар барысында қалыптасады. Ол жүйе жұмыстың нәтижелігін қамтамасыз ететіндей талаптарға жауап беруі тиіс.

Ең бірінші талап — бүкіл педагогикалық ұжым әрекетінің мақсаттылығы. Ата-аналармен жұмыс деген мүлде жалпы ұғым. Оның орнына нақты педагогикалық проблемаларды шешу үшін ата-аналар жиналысын өткізу, лекция оқу, ата-анаға, отбасына жекелеп ықпал жасау қажет.

Екінші талап — мұғалімнің кәсіптік біліктілігін, педагогикалық мәдениетін көтеру. Оның жолдары әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы: сынып жетекшілері секциясының жұмысы, »Отбасылық педагогика» немесе »Отбасы тәрбиесін жетілдіру» сияқты тұрақты педагогикалық семинар жұмысы; мектеп тәжі-рибесінде анықталған формалды емес жасөспірімдер тобының ерекшеліктерін есепке алу, қолайсыз отбасылар мен педагогикалық тұрғыдан бетімен жіберілген балаларды есепке алу, ата-аналардың жүргізген жұмыстарының тиімділігін анықтау, олардың озық тәжірибелеріне педагогикалық талдау жасау.

Үшінші талап — педагогикалық ұжымның сынып жетекшісі мен мұғалімдердің ата-аналармен жүргізетін жұмыстарына бірыңғай талап жүйесін жасау. Бұл талап негізді, әдепті, заңды болуы тиіс. Асығыстық, талапты бұрмалаушылық ата-аналармен келіспеушілікке апарып соғады.

Төртінші талап — ықпалды қоғамдық ата-аналар ұйымын қалыптастыру.

Социология ғылымы отбасын тұтас қоғамдық организмнің бөлігі, әлеуметтік тәрбие беретін ұжым ретінде қарастырады. Қоғамның әлеуметтік-экономикалық салада орын алған өзгерістерді міндетті түрде отбасының өмірінен көрініс табады. Отбасының қоғамға қатысты негізгі қызметтері мыналар:

ұрпақтар алмасуын қамтамасыз ететін бала туу, өсіру қызметі;

білім, дағды, шеберлік, рухани құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізетін тәрбиелік қызмет; өндірістік — шаруашылық қызметі;отбасының жұмыстан, оқудан бос уақытын ұйымдастыру қызметі;

Отбасының адамға қатысты қызметі мыналар;

Жұбайлық қызметі. Жұбайлар ең жақын адамдар.

Ата-аналық қызметі- отбасының үйлесімді өмірін, олардың зейнет жасындағы игілігін қамтамасыз етеді;

Тұрмысты ұйымдастыру қызметі. Отбасы тұрмысы психологиялық тұрғыдан алғанда ең жайлы тұрмыс болып есептеледі.

Отбасының қызметін, оның көп түрлілігі мен байланыстарын ескере отырып, қазіргі отбасы дамуының бағыттары мен бірқатар ерекшеліктеріне тоқталған жөн. Оларды тани білу және ескеріп отыру мұғалімдер мен ата-аналардың отбасының тәрбиелік қызметін іске асыруына көмектеседі.

Кейде бір отбасында ата мен әженің және жас ата-аналардың тәрбие жүйесі қақтығысып қалады. Отбасы тәрбиесіне ден қойған мұғалім бұл жағдайды естен шығармауы тиіс.

Отбасында балаларға отбасылық бюджеттің 25-50% жұмсалады. Материалдық кірісі мол отбасыларда педагогикалық көрсоқырлық тойынғандық (шамадан тыс еркелету, көңілін жықпау, мейманасы тасығандық) жағдайда алып барады. Тойынғандық дегеніміз- өмірге, өмірдегі материалдық және рухани құндылықтарға деген жек-көрінішті, немкетті қатынас. Жастайынан осындай ортада өскен балалардың арасынан торығушылар, қаңғыбастар, »қызықты» әсерді іздеушілер өсіп шығады.

Қазіргі кезде отбасының ‘‘уақталу» процесі жүруде. Ол дегеніміз — жас ата-аналардан тұратын әжесіз, атасыз отбасылар. Бұл отбасының беріктігін нығайтып, дербес ұжымды қалыптастырады. Бір балалы отбасы көпшілікпен араласу, ұжымдық қызмет тәжірибесін игеру жағынан баланы қиын жағдайға қалдырады. Кейінгі кезде немере, шөбере туыстарды айтпағанның өзінде бірге туған бауырлардың да туыстық қатынастары салқындай бастағандығы аңғарылады. Көп балалы отбасының балалары ауылда, мектепте, ұжымда, қатар құрбылары арасында тез сіңісіп кетеді, өйткені олар отбасында бір-біріне қамқорлық, құрмет жасауды көріп өседі. Ал бір баламен шектелген отбасылардың бұқаралық сипат алуы балалар арасында жатырқау, тасбауырлық сезімдердің нығая түсуіне негіз қалайды.

Бірінші ереже. Мектеп пен сынып жетекшісінің отбасымен және жұртшылықпен жүргізетін жұмысының негізі ата-аналардың беделін көтеру және нығайтуға бағытталуы тиіс. Ата- аналардың көпшілігі өз міндеттерін  жап- жақсы түсінеді, бірақ тәрбие практикасында өз білгенін көңілдегідей қолдана алмауы мүмкін. Сондықтан оларға не істеу керек екендігімен бірге қалай істеу керектілігін білу де маңызды. Мұғалім мен ата-ананың арасындағы бірден-бір дұрыс норма — ол бірін-бірі құрметтеу. Осындай жағдайда бала тәрбиесін қадағалау, тәжі-рибе алмасу, ақыл-кеңес, бірлесе шешім қабылдау сияқты екі жақты да қанағаттандыратын формаға ауысады. Бұндай қатынастың маңыздылығы сол — мұғалім мен ата-аналарда жеке жауапкершілік, азаматтық парыз, өзіне деген талапшылдық дамып нығаятын болады.

Екінші ереже. Ата-ананың тәрбиелік мүмкіндіктеріне сенім арту, олардың педагогикалық мәдениетінің деңгейін көтеру тәрбиелік белсенділігін  арт-тыру. Ата-аналар психологиялық жағынан мектептің барлық бастамалары мен талаптарын қолдауға дайын. Тіпті педагогикалық дайындығы, жоғары білімі  жоқ  ата-аналардың өзі бала тәрбиесіне терең түсіністікпен және жауапкершілікпен қарайды.

Үшінші ереже. Отбасының өміріне орынсыз араласуға жол бермейтін педа-гогикалық әдеп. Сынып жетекшсі  ресми тұлға. Ол өз қызметі аясында көп жағдайда қаласа да қаламаса да отбасының өзгелерден »жасыратын» құпия сырларына куә болуы мүмкін. Жақсы сынып жетекшісі отбасы үшін бөтен емес, қайта ата-аналар одан көмек күтіп сеніп сыр айтады, ақылдасады. Сондықтан отбасы қандай болса да, ата-аналар қандай тәрбиеші болса да мұғалім барынша әдепті болуы тиіс. Ол отбасы туралы барлық білімін ата-аналардың тәрбие ісіне көмектесуге, ізгі ниетті орнықтыруға жұмсауы керек.

Төртінші ереже. Тәрбие мәселелерін шешуге өмірге құштар, көтеріңкі көңіл күйді басшылыққа алу, жеке тұлғаның табысты дамуына бағыт ұстау, баланың жағымды қасиеттеріне, отбасы тәрбиесінің күшті жақтарына сүйену.

Ата-аналармен, оқушы отбасымен байланыс орнату мұғалімнің ең басты міндеті. Отбасында болу, шақыру арқылы іске асқаны жөн. Статистикалық мәліметтер бойынша балалардың 80 пайыздан астамы әкесі де, шешесі де жұмыс істейтін отбасыларда тәрбиеленеді. Демек кез келген уақыт мұғалім үшін қолайлы бола бермейді. Мұғалімнің кенеттен үйге келуі ата-аналарды жұмыстан қалдыруы, күн тәртібін бұзуы, алаңдатуы мүмкін. Шақыру бойынша отбасында болу ата-ананы да, мұғалімді де қолайсыздықтан құтқарады. Отбасында болуға мұғалім дайындалуы тиіс.  Отбасымен, ата-аналармен байланыс орнату  отбасы тәрбиесін насихаттауға ықпал жасайды.

Тапсырманың бірінші түрі — Белсенді тәрбиелік позиция, балалармен тікелей жұмыс жасаудан туындайды. Олар: қызығушылықтар бойынша құрылған үйірмелерге жетекшілік жасау, дербес қамқорлыққа алу, тәлімгерлік және т.б.

Тапсырманың келесі түрі — мұғалімге, тәрбиешіге ұйымдастырушылық көмек көрсетуден туындайды. Олар: саяхат ұйымдастыруға ықпал жасау, қызықты адамдармен  кездесулер ұйымдастыру, сынып  кітапханасын жабдықтау, кітапқұмар клубын ұйымдастыру.

Ендігі тапсырмалар мектептің материалдық базасын дамыту және нығайтуға қатысудан туындайды. Олар — кабинетті безендіру, құралдар, приборлар дайындау, мектепті көгалдандыру, жөндеу жұмыстарына қатысу.

Бұл аталғандар қоғамдық жұмыстар мен тапсырмалардың бір бөлігі ғана. Қоғамдық жұмысқа тартуда ата-аналардың немен айналысқысы келетіндігін анықтау үшін сынып жиналысында олардың өз ұсыныстарын жазбаша беруін өтінуден бастау дұрыс болады.

 

Әдебиеттер

 

1.Ақназарова Б. Класс жетекшісі. -А., Мектеп, 1973.

2.Әбенбаев С. Оқушы жастарға эстетикалық тәрбие беруді жетілдіру. -А., 1992.

3.Әбенбаев С. Мектептегі тәрбие жұмысының әдістемесі. -А., 1999.

4.Әтемова Қ. Ата-аналар жиналысының мәні. Қаз. мем. 1-1996.

5.Болдырев Н. Мектептегі тәрбие жұмысының методикасы. -Алматы, 1987.       тарау.

  1. Болдырев Н. Класс жетекшісі. -А., Мектеп, 1980.

7.Бержанов Қ. Тәрбие мен оқытудың бірлігі. -Алматы, 1973.

8.Егембердиев Ж. Мектеп жұмыстарын жоспарлау /Методикалық ұсыныстар. А.,Мектеп, 1975.

9.Капралов Р. Класс жетекшісінің жұмысы. -А., 1983.