Сыр елінің бәйтерегі

Баяндама тақырыбы: Сыр елінің бәйтерегі

 

Қоғам және мемлекет қайраткері, Сырдың сүйікті перзенті Исатай Әбдікәрімов күллі түркі жұрты төре тұлға деп таныған, ардақты азамат болатын. Ежелгі Сейхундария өзені бойындағы Өзгент шаһарында 1923 жылы туған асыл азаматтың КСРО көлемінде, ерен еліне жасаған жақсылығын жалпақ жұрты жадынан шығармасы анық. Ақыл — парасатпен туған Отанына адал еңбегін арнаған Исатай қиын қыстаудың салмағын көрсе де еліне келгенде бүкіл борышын бөлген кең жүректі дана даралығы еді. Облыста комсомол, Кеңес және партия органдарында жетекшілік жасап, саналы ғұмырының 33 жылын Сырдың гүлденуіне, өркендеуіне арнады. Үш бірдей ауданда партия ұйымын басқарып, 6 жыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде болды. Ел алдындағы ерен еңбегі, іскерлік ірілігі үшін 1971 жылы Социалистік Еңбек Ері атағымен жоғары бағаланды. Мұнан кейінгі уақыттарда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы – КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары болып сайлануы Исатайдың мемлекеттік дәрежедегі қайраткерлігін білдіреді. Қоғам өміріндегі теңдессіз тарихи қызметі, жақсылығы мен жайсаңдығы талай тағдырдың тұғырлы тірегі, демеуі мен сүйеуі ретінде халық санасында әлі есте.

Әділдік пен адалдық жолында төккен тері заяға кеткен жоқ. Екі мәрте Ленин, «Қазан Революциясы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен наградталуы соның айғағы. СОКП – ның, Қазақстан Компартиясы съездердің делегаты, Жоғарғы Кеңес депутаты болып сайлануы халық сенімінің белгісі болып қаланды.

Сыр бойы осындай асыл азаматтарымен мақтана алады. Жақсының артында қалған өнегесі мен өсиеті, ізгілікті ісі ұрпаққа мұра. [2]

Қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Әбдікәрімов Исатай 1923 жылы Жаңақорған ауданы, Өзгент ауылында туылған. Қызылорда педагогикалық институтын 1952 жылы, СОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін 1954 жылы бітірген. Еңбек жолын 1940 жылы Жаңақорған ауданы «Екпінді» газетінде әдеби қызметкер болып бастаған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 1946-48 жылдары Жаңақорған аудандық комсомол комитетінің екінші, Қармақшы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1949 жылдан облыстық партия комитетінің аппаратында нұсқаушы, меңгерушісі, облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. 1953-55 жылдары ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, облыстық кеңес аткомының хатшысы болды. 1955-72 жылдры Шиелі аудандық партия комитетінің МТС аймағы бойынша хатшысы, Шиелі аудандық партия комитетінің Қармақшы өндірістік басқармасы партия комитетінің бірінші хатшысы, Жалағаш аудандық партия комитетінің 1972-78 жылдардағы Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1978-79 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы қызметтерін атқарған. Екі мәрте Ленин Орденімен, Октябрь Революциясы, «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. 1993жылы «Көп екен көргенімнен көрмегенім» атты естелік кітабы жарық көрген. [3]

Исатай Әбдікәрімов облыста бірінші хатшы болған кезінде кейінгілерге үлгі боларлықтай игілікті дәстүр дүниеге келді. Ол Қызылорда облысы еңбекшілерімен Қарақалпақстан республикасының арасындағы достық, туысқандық қарым-қатынастардың орнауы, қалыптасуы еді. Қарақалпақстан автономиялы облыс есебінде бір кездері Қазақстанның қарамағында болғаны белгілі. Сол жылдары салынған Қызылорда – Шымбай атанған қасқа жолдың сүрлеуі әлі бар.

Кейін 1936 жылы Қарақалпақстан Өзбекстан құрамына қосылып кеткеннен кейін туысқан екі халықтың арасы суысыңқырап кеткен еді. Көрші жатқан екі елдің байланысын қалпына келтіруге екі жақтың бірінші басшылары Қалыбек Камалов пен Исатай Әбдікәрімов құлшына кірісті. Сыр диқандары өз бауырларына күріш өсірудің қыр — сырын үйретсе, қарақалпақ  туыстар оларға жүгеріден мол өнім алудың кілтін ашты. Қызылқұмның төсінде, Қазалы жерінде екі облыстың қыз алысып, қыз беріскен шопандары бас қосып, тәжірибе алмасып, аяғын той – думанға, ән – жырға айналдырды. Облыс қарақалпақ күрішшілеріне жыл сайын комбайннен, жаткіден көмек беріп тұрды. Көршілер арасындағы әдеби – мәдени байланыстар да барынша дамыды. Осындай қарым – қатынас барлық салада орнады. Бас қосыла қалғанда қазір жұрт саясат айтса, ол жылдардағы әңгіменің үлкені екі елдің арасындағы қарым – қатынас, барыс – келіс болатын. Әттең, осы қатынас 1992 жылы бір жылт етті де, қайтадан өшіп қалды. Бұған заман тапшылығы да мұрсат бермей жатқанын білеміз. Алайда қандай қиыншылық болса да бауырлардың бір – бірінен қол үзбегеніне не жетсін. [4]

Қаллыбек Камалов Қарақалпақстан елін ұзақ жыл басқарған. Ежелден екі елдің арасына алтын көпір салған Исатай Әбдікәрімовпен бүгінгі елі, жері араласып жатқан Сырдария мен Әмудария аймағындағы қазақ пен қарақалпақтың терең тамырластығына дәнекер болған жан.

Әрбір бақытты адамның ерекше құрмет тұтып, шынайы ықыласпен құлай сүйетін, қуанышта бірге күліп, реніште бірге күйетін, қиын-қыстау сәттерде иық қосып ауыр жүгін бөлісетін, ағайындай араласып, туыстай барысып-келісетін, бір-бірінен барын аямай, өмірін қиюға да дайын тұратын сенімді де адал санаулы достары болады. Осындай достары бар адамдар меніңше, дүниедегі ең бақытты жандар. Демек, Қаллыбекте бақытты адамдардың бірі. Өйткені, ол ұзақ жылдар көршілес Қызылорда облысында аудан, кейін ала облысқа жетекшілік етіп, соңынан Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болған асылдың сынығындай ардақты азамат Исатай Әбдікәрімовпен жақын араласып, дос болды.

Исатай аудандық партия комитетінде бірінші хатшы болып істеп жүргенде – ақ, ол жетекшілік ететін аудан күріштен мол өнім жинаумен аты шыға бастады. Ұзақ жылдар тұрақты түрде жоғары көрсеткіштерге еріскен аудан еңбекшілерінің есіл еңбегі үкімет тарапынан бағаланбай қалмады. Бірнеше күрішшілермен бірге Исатай Әбдікәрімовке де Еңбек Ері атағы берілді.

Қаллыбек Исатаймен тоғызыншы шақырылған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланғаннан кейін Мәскеуде танысты. Исатай өте қарапайым, кішіпейіл де ақкөңіл, кездескен адамның есінде ұзақ сақталатын ерекше елгезек жан еді. Қарапайымдылығы, мәдениеттілігі, адамдармен шүйіркелесе араласып кете беретін бауырмалдығы мен елгезектігі, басқа да жайдары мінез – құлқы жайында біраз нәрселер айтуға болады. Исатай Қызылорда облысында бірінші хатшы боп тұрғанда Қарақалпақстанға үш рет барды.

Ең алғаш, 1974 жылы Қарақалпақстанның 50 жылдығы тойланған кезде Қазақстанның ресми делегациясын басқарып барды. Онда 4-5 күн болып, Министрлер кеңесі, «ККирсовхозстрой», «ККводстрой» бірлестігінің дачаларында қонақта болды. Жеңгеймен бірге ел аралап, халқының тыныс – тіршілігін, атқарылып жатқан игі істер мен ұнамды өзгерістерді көріп көңілі тасып, аса қуанышпен қайтты.

Бұл – достық қарым – қатынастардың басталуы еді.

Осыдан кейін Исатайдың бастамасымен Қызылорда облысы Қарақалпақстанға үлкен делегация жіберді. Мақсат – ондағы диқаншылық тәжірибелерін үйрену, оның озат үлгілерін өзімізде пайдалану. Делегацияның құрамында барлық аудандардың басшылары, шаруашылық жетекшілері мен бас мамандары бар. Қаллыбек Камалов оларды қабылдап, соңынан республиканың аудандары мен шаруашылықтарын аралатты. Делегация өкілдері Шымбайдағы Диқаншылық ғылыми – зерттеу институтын көргенде таңқалысты.

Өйткені, ондағы диқаншылық мәдениеті біздегіден анағұрлым дамыған, анағұрлым жоғары екен. Олар бізге жерді егіске дайындау бойынша көргізбелі кеңес ұйымдастырды.       Делегация өкілдері Төрткүл ауданындағы «Намуна», «Абажан Дурдиев» атындағы шаруашылықтарды аралап жүргенде егіс жұмыстарын көріп, сол ауданның бірінші хатшысы, білікті басшы Қасым Нұрымбетовтен бір механизатор сұраған. Қасым үш дөңгелекті бір тракторлы сеялка культиваторымен қосып, машинаға тиеп сұраған мамандарымен қоса жіберді. Сөйтіп, сол жылы Қарақалпақтың екі жігіті Қызылордаға келіп жеке жүгері егіп, одан мол өнім алып, жеңіл машина мініп қайтып еді.

Науаидың: «Өзі білмегенін үйренген – ғалым, үйренбеген – өзіне залым» деген бір хикметті сөзі бар. Мен Исатайдың диқаншылыққа үлкен мән беріп, облыстың барлық басшылары мен мамандарын қарақалпақтардың озық тәжірибелерін үйреніп, өзімізде қолдануға үндегенін нағыз ел басшыларына тән ұлы қасиет деп ұғынамын. Қарақалпақтар да күріш өсірудің қыр – сырларын қызылордалық әріптестерінен үйрене келе әр гектардан алынатын биологиялық өнімділікті 55-60 центнерге дейін жеткізді. Бірақ, оларда комбайн, комбайнерлер жоқ еді. Осы тұста Исатай  көп көмек көрсетіп, туысқандық жәрдем қолын созды. Әсіресе, 1972-73 жылдары жүздеген комбайн, бірнеше жүз комбайнерлер жіберіп, күрішшілерінің қажырлы еңбегімен өндірілген өнімінің қар астында қалмай, Отан қоймасына құйылуына Исатай  мен бүкіл қызылордалық бауырларымыздың туысқандық көмегі өте жоғары болды. Олар да ризашылығының белгісі ретінде барлық комбайнерлерге костюм – шалбар кигізіп, қалы кілем сыйлап жіберді. «Орамал тон болмайды, жол болады» дегендей, бұл да өз кезегінде еншісі бөлінбеген екі ел арасындағы туысқандық қарым – қатынас пен достық, сүйіспеншілік сезімдердің артуына ұнамды әсер еткендігі сөзсіз.

Тағы бір есте қаларлық кездесу, екі ел азаматтарының ұшырасуы Қызылорда жайлауында, Қазақстан мен Қарақалпақстан шекарасында, Тақтакөпір ауданының атақты шопаны Қаршыға Кенжебаевтың отарында өтті. Бұл негізінен қой өсірудегі озат тәжірибелерді үйренуге байланысты ұйымдастырылған көргізбелі кеңес еді. Онда да Исатайдың өскелең ұрпаққа өнеге боларлықтай мазмұнды әңгімелері мен бауырмал, жарқын мінезіне, адал көңіліне бәріміз тәнті болғанбыз. Бұл да бір жағынан туысқан халықтар күнкөрісінің негізі, төрт түліктің бірі болған – қойшылықты дамытуға бағытталған болса, екінші жағынан «Бармасаң, келмесең – жат боларсың» дегендей, ауылы аралас, қойы қоралас отырған халықтардың алыс – берісімен барыс – келісін нығайтуға да оң ықпал ететіндігін бағаламауға болмайды.

Бұдан да Исатай ағаның бойындағы бауырмалдық қасиет пен ұйымдастырушылық ұқыптың жоғары екенін сезіну қиын емес.

Үшінші рет Исатай Қарақалпақстанға 1978 жылы қыс айында, Қызылорда облысының Қарақалпақстандағы Мәдениет күндері кезінде барды. Салтанатты ашылудан соң қазақстандық өнер қайраткерлерінің үлкен концерті болды. Қонақтардың құрметіне кешкі ас берілді. Ол аяқтала бергенде Алматыдан Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың көмекшісі қоңырау соғып, Истатайдың таңертеңгі сағат 10 – да М.А.Сусловтың қабылдауында болуы қажеттігін айтты. Осылай, Исатай Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің  төрағасы болып сайланды.

Исатайдың Қазақстанды Қазақстан еткен, оның мәдени, әлеуметтік – экономикалық дамуында үлкен роль атқарып  дүниеге танытқан үш рет Еңбек Ері атақ – даңқы әлемге жайылған қазақ халқының біртуар кемеңгер қайраткері Дінмұхамед Қонаевпен бірге істесіп, қатар тұруы, осындай ұлы адамның сеніміне ерісіп, назарына түскен адамгершілігі, азаматтығы, білімі мен біліктілігінің өзі біз үшін үлкен мақтаныш!

Әрине, бұл атақ – абырой, ел – халықтың құрметі, басшылық жұмыстардағы табыстар Исатайға өз – өзінен келмегені белгілі. Ол кісі өмірдің көп басқышты мектебінен өткен бай тәжірибеге ие. Аудандық  комсомол, партия комитеттерінде, облыстық атқару комитетінде істеп, тәжірибе жинаған ол облысты да жемісті басқарды.

Исекең  ұрпақ тәрбиесіне де аса көңіл бөлген азамат. Қызылордада Бірінші хатшы болған Хасен Шаяхметович Бектұрғанов Исатайдың құдасы еді. Ол Брежневті доминодан ұтқан. Әрине, әңгіме онда емес. Елге, халыққа басшылық еткен ұлы адамдардың достығы халықтар достығын нығайтып, шыңға көтереді, ұлтаралық татулықтың артуына қызмет етеді..

Қыздарының бәрі орынды жерге келін боп түсіп, ата – анасының абыройын асырғаны да үлкен бақыт. Ақсақалдың бір қызы әлемге әйгілі басшы, Европа мен Әлем чемпионы Серік Қонақбаевтың келіншегі. Бұл жерде жеңгеміздің де балаларын ел сүйетін, халық сүйетіндей перзент етіп тәрбиелеп, үлкен адамдардың босағасына келін боп түсіп, соған жараса қызмет ететіндей әдепті, ибалы етіп өсіруі – ата-аналық борышқа асқан жауаптылықпен қараған азаматтық қасиет, үлкен бақыт, жоғары мәртебе екендігін де айта кеткеніміз орынды болар.

1993 жылы Исатай ағаның 70 жылдығы болды. Қарақалпақстаннан арнайы рейспен самолетте төрт сағат ұшып бір  топ делегация келді. Оның құрамында республика, аудан басшылары, марқұмдар Д.Н. Шәмшетов, Ч. Әбдиров, министрлерден                          С. Құттымұратов, А. Жұманиязов және басқалар болды. Оларды Исатайдың өзі күтіп алды. Ақсақалдың үйіне барып, жеңгейге сәлем беріп, құтты болсын айтып дәм татты. Біраздан соң үлкен мейрамханада тойдың негізгі салтанаты басталды. Төрт жүзден астам адам жиналған екен. Қаллыбекке екенші болып сөз берді. Ол сол жерде жүрегінен шыққан барлық жылы сөздерін айтты. Исатай ата – бабадан келе жатқан қимас достар арасындағы ежелгі салт бойынша оған ат мінгізді. Ол да өзінің 70 жылдық тойына барғанда  Исатайға ат мінгізді.

Исатайға мінгізген сол атты Орынбасар Көккөзовтен алып еді. Ол  Хорезм, Ташауыз, Қарақалпақстан аймағында үнемі біріншілікті алып жүрген жүйрік ат болатын. Соны: «аталастың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дегендей, ең жақын досы, ақылшы ағасы, туысқан бауырындай болып кеткен Исатайға бәйгеге қосып, үнемі бас жүлдені жеңіп алып, көңілі көтеріңкі жүрсін деген ниетпен қадірменді ақсақалға арнайы тарту етті.

Исатай – қазақтың қожасы еді. «Біз – пайғамбарлар тұқымының жиырма сегізінші әулетіміз дейтін»,-дейтін ол кейде. Демек, о бастан қанында тазалықтың, ұлылықтың, руханилықтың қастерлі қасиеттері бар екен. Сол қасиеттер бетінен қандай тамып, қызыл шырай беріп көрініп тұратын. Ол қуанып күлген кезінде әбден шарапатты көрінетін иманды адам еді.

Менің түсінігімше, ел бірлігі ел ағаларының достығынан, олардың арасындағы жақсы қарым – қатынастардан бастау алады. Сөйтіп, ол төмен қарай тереңге тамыр жаяды.       Исатай Әбдікәрімов осындай келбетімен есімізде қалды, Сыр елінің бәйтерегіндей бір тамаша азамат еді.

«Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер, ретімен туылып, кезегімен өлінер» дегендей өмір заңы емес пе, Аллаға аманатын тапсырып, Исатай аға да бұл дүниеден өтті. Иншалла, жай жәннатта, жатқан жері жарық, мәңгі ұйқысы тыныш болғай! Ел есінде есімі мәңгі сақталатын Исатай ағадай абзал азаматтың екі елдің достығын, алыс – беріс, барыс – келісін нығайту жолындағы игі істерінің ізі үзілмей, ұрпақтан – ұрпаққа жалғаса береді деп сенемін.  [5]

Ұзақ жылдар Шиелі ауданында партия комитетінің бірінші хатшысы болған Исатайдың шиеліліктер үшін атқарған қызметтері ауқымды, еңбектері орасан зор. Сырдың сырбаз, елдің сүйікті, халықтың қадірлі асыл азаматы Исатай Әбдікәрімовтың көктем шуағындай жарқын бейнесі шиелілік жерлестері жүрегінде мәңгі сақталады. [7] Дей келе Исатай Әбдікәрімов мұраларын жинастыру ісін одан әрі жалғастыруды және оның есімін мәңгі есте қалдыру үшін көше атын беруді ұсынамын.

 

 

 

 

 

 

 

П А Й Д А Л А Н Ы Л Ғ А Н  Ә Д Е Б И Е Т Т Е Р

  1. Баязид Ж. Алаш ардақтысына: Исатай Әбдікәрімовке арналған өлең

// Сыр бойы – 2006 – 30 наурыз

  1. Әбдуов Қ. Парасатты ғұмыр // Сыр бойы – 2002 – 28 наурыз
  2. «Сыр елі» Қызылорда облыстық энциклопедия
  3. Қапаева А. Есімін ел таныған «Исатай Әбдікәрімов»: / Атамұра баспасынан 1999 жылы басылып шыққан кітап.
  4. Камалов Қ. «Сыр елінің бәйтерегі» // Сыр бойы – 2002 – 16 ақпан
  5. Тәжібаев Ә. Арнау // Сыр бойы – 2006 – 30 наурыз
  6. // Өскен өңір – 2000 жыл.
  7. Абдоллаев Ш. Шуақты күннің шарапаты // Сыр бойы – 2002 – 25 шілде
  8. Әбдікәрімов И. Көп екен көргеніңнен көрмегенің: Естелік. Алматы: Атамұра, 1993 жыл
  9. Данабаев Қ. Адамгершіліктің асқар шыңы. // Сыр бойы – 2006 – 5 сәуір
  10. Данабаев Қ. Еменнің иір бұтағы // Сыр бойы – 2000 – 6 сәуір
  11. Көштаев Б. Өз заманының бәйтерегі. // Сыр бойы – 2006 – 5 сәуір
  12. Сейітов Қ. Халық перзентіне құрмет жасады. // Сыр бойы – 2006 – 8 сәуір
  13. Уәлиұлы Н. Ақжайлау аға. // Сыр бойы – 2001 – 12 шілде
  14. Шежірелі Шиелі