ТАНЫМДЫҚ БЕЛСЕНДІЛІК ЖӘНЕ ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛЫҚ ҚАСИЕТ

ТАНЫМДЫҚ БЕЛСЕНДІЛІК ЖӘНЕ ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛЫҚ ҚАСИЕТ

 

Танымдық белсенділік деп оқушылардың жеке және жас ерекшеліктерін есепке ала отырып ұйымдастырылған таным үрдісінде пайда болатын, бекітілетін, дамитын жеке тұлғалық қасиет ретінде анықтауға болады.

Танымдық белсенділіктің көрсеткіштеріне тұрақтылық, оқу саналығы, шығармашылық қабілеттері, дәстүрден тыс оқу жағдайларындағы тәртібі, оқу міндеттерін шешудегі өз беттілігі, т.б.  жатады.

Оқушылардың оқу үрдісіне кірісу деңгейі мен танымдық белсенділігінің байқалуы – нөлдік көрсеткіштен ең жоғарыға дейін өзгеретін динамикалық көрсеткіш. Белсенділігі әртүрлі деңгейдегі оқушылардың психологиялық және педагогикалық ерекшеліктерін талдап әрі олармен  өзара оқу әрекетін ұйымдастыру стратегиясын анықтап көрелік. Оқытушының тактикалық әрекеті оқу-тәрбие үрдісінің міндеттерін күнделікті шешуге бағыттаса, стратегиясы оқу үрдісін оңтайландыруға бағытталады.

Олардың белсенділік деңгейлері:

Нөлдік деңгейдегі белсенділік. Бұл деңгейдегі оқушылар белсенділігі өте төмен, оқу жұмысына әрең кіріседі, жоғары бағалары жоқ, әуел баста оқуға ынтасы жоқ оқушылар.

Олар тез арада жұмысқа кірісе алмайды., алайда өз белсенділігін бірте-бірте көтеруге қабілетті.

Оқытушы бір қызметтен екінші түріне тез ауысуды қажет ететін тапсырмаларды ұсынбауы керек, олардан тез арада жауап беруді талап етпеу керек, жауап беріп жатқан кезде ойын бөлуге, тосыннан сұрақ қоюға болмайды.

Оқытушы олармен жақсы қарым-қатынаста болуы қажет. Бұл тактикалық кезең, ал стратегиялық жағынан қарасақ, оқытушы әртүрлі педагогикалық әрекеттер жасау арқылы оқушыларды нөлдік белсенділіктен жағдаяттық деңгейге көшіруі керек.

Жағдаяттық деңгейдегі белсенділік. Бұл деңгейдегі оқушылар көңіл-күй ықпалына тәуелді. Оларды сабақтың жаңашылдығы, сабақ беру әдіс-тәсілдерінің өзгешелігі қызықтырады. Сабақ кезінде мұндай оқушылар  жұмыстың жаңа түріне оңай кіріседі, ал қиыншылық көрсе, сабаққа деген қызығушылығы күрт төмендеп  кетеді.

Оқушыларға қатысты педагогтің тактикасы олардың көңіл күй белсенділігін құптау керек. Бұл топ басқаларға қарағанда жауап жоспарын, алгоритмді, тірек сигналдарын пайдалана білуді қажет етеді.

Орындаушылық деңгейдегі белсенділік. Бұл деңгейдегі оқушылар үнемі үй тапсырмасын орындап келеді. Кез келген жұмысқа дайын тұрады. Оқытушы жаңа тақырыпты түсіндіруде осы оқушыларға сүйенеді. Олар тұрақтылықпен ерекшеленеді. Олардың білімдері берік. Дегенмен оқушыларды тірек, сүйеніш ретінде пайдалану педагогикалық қателік деп саналуы керек.  Егер материал өте жеңіл болса, оқытушы үлгірімі төмен оқушыларға ғана көңіл бөлсе, бұл оқушылар сабақта іші пысып отырады. Сондықтан осы деңгейдегі оқушылардың танымдық белсенділіктерін арттыру өзекті мәселе болып саналады.  Оларға проблемалық, ізденіс және эвристикалық жағдаяттар ұсынуға болады. Түрлі пікірталастарға, дебаттар, сот отырыстарына т.б. енгізуге болады.

Шығармашылық деңгейдегі белсенділік.  Бұл деңгейдегі оқушыларға дәстүрден тыс шешімді қажет ететін  ізденіс тапсырмаларын беру ұсынылады. Олар құбылыстың мәнін, олардың өзара байланысын түсінуге талпынады. Түрлі проблемалардың шешімінің жаңа жолдарын табуға тырысады.

Шығармашылық қабілетті әртүрлі оқушылар көрсете алатынын педагогтер ұмытпауы тиіс. Мұны ескере отырып оқытушы кез келген міндеттерді қабылдауында және интерпретациясындағы дәстүрден тыс қабілеттерін көрсету үшін жағдай жасауы керек.белсенділігі әртүрлі деңгейдегі оқушылары бар топпен сабақты қалай ұйымдастырып жүргізуге болатынына тоқталайық. Осындай сабақтың құрылымы үш негізгі моделді қарастырады:

  • өзара оқу әрекеттері іске асырылады: педагогтыңоқушыларды әрбір жеке топпен біртіндеп жүргізілген жұмысы;
  • сабақ оқудың міндеттеріне байланысты сол немесе басқа топтың оқу қызметіне кірістіруді болжайтын мозаика түріндегі өзара әрекетте құрылуы мүмкін;
  • сабақ белсенді- рөлдік болуы мүмкін, өзара оқу әрекетінде басқаларды оқыту үшін басты рөл белсенділігі жоғары деңгейдегі оқушыларға беріледі.

Оқытушыларға тағы бір кеңес. Оқушыға жаңа ойын, тапсырма, жаттығу, жағдаят ұсынбас бұрын, ең алдымен, өзіңізге- өзіңіз сынатып алыңыз. Сонда, бір жағынан, шарттың дұрыс- бұрыстығы көрінеді, екінші жағынан, бақылау жұмысының, берілген жағдайдың шығармашылық түзету жолы анықталады.

Кез келген педагогикалық технология оқушылардың белсенділігін арттыру құралдарына ие, кейбір технологияларда бұл құралдар басты идеяны және нәтиженің тиімділігінің негізін құрайды. Оларға перспективті оқыту (С.Лысенкова), ойын, проблемалық, деңгейлеп оқыту (Ж.Қараев), компьютерлік, жеке оқыту, жалпы білімдік іскелігін жетілдіру (А.Зайцев) технологияларын жатқызуға болады.

Оқушы белсенділігін арттыратын технологиялардың бірі — деңгейлеп саралап оқыту (ДСО) педагогикалық технологиясы, авторы –профессор Ж.Қараев.

Заман талабына сай оқытудың осы технологиясын оқу-тәрбие үрдісіне оқытудың жаңартылған жобасының ретінде енгізетін болсақ, онда: білімді демократияландыруға және ізгілендіруге; оқыту сапасын арттыруға; басқару тиімділігін жетілдіруге; оқушылардың дамуына бақылау жасауға; оған сәйкес бағалауға болатыны дәлелденіп отыр.

Деңгейлеп оқытудың ерекшелігі – оқушылардың сабақ барысында бірнеше жұмыс жасай алатындығында, сонымен бірге қазіргі жаңа технологиямен оқыту барысында компьютерлер мен оларды басқарушы алгоритмдер біздің қоғамымызды маңызды бөлігіне айналды. Олай дейтініміз, бүгінгі таңдағы жаңадан шығып жатқан электрондық оқулықтар оқушыларды жаңаша оқытуды, жаңа оқу әдістерін, жаңа мазмұнды қажет етеді.

Оқушыларды деңгейге бөліп оқытуға бола ма, оның қандай тиімділігі бар, деңгейге бөліп оқытудың өзіндік ерекшелігі қандай, жеке тұлға тәрбиелеуде қандай көмегі бар деген сауалдарға тоқталсақ, деңгейге бөлін оқыту кезінде оқушылардың тәжірибелік-теориялық дайындығын, оқуға деген ынтасын, дара қасиетін, әлеуметтік психологиялық танымын, сұранымын ескеру талап етіледі.

Деңгейлік тапсырманың ауқымы өте кең: оқулықтағы жаттығулар, өткен ережелер бойынша қайталау, пысықтау, бекіту жұмыстарына арналған тілдік, грамматикалық жұмыстар жүйесі.

Оқушыны деңгейге бөліп оқыту үшін сабақ жаңаша жоспарланады. Оқушыларға деңгейлік тапсырмалар беру арқылы сан түрлі жұмыс жүргізіледі. Оқушының алған білімін жүзеге асыра алатындығы тексеріледі. Өз бетімен жұмысты орындауға, бейімділігі бақылауға алынады. Қорытындысында деңгейлік тапсырмалар арқылы жұмыс жасаудың тиімділігі байқалады. Оқушының белсенділігі мен іскерлігі артып, шығармашылыққа ұмтылады. Деңгейлік оқыту барысында біліктілікке жетеді.

Деңгейлеп оқыту оқылатын ақпараттың азаюы арқылы емес, оқушыларға талаптардың әртүрлілігі арқылы жүзеге асырылады.

Деңгейлеп оқыту технологиясының мақсаты — әрбір оқушы өзінің даму деңгейінде оқу материалын меңгеруін қамтамасыз ету.

«Деңгейлеп саралап оқыту» технологиясы оқушының да, мұғалімнің де белсенді шығармашылық қызметін дамытуға бағыттайды. Деңгейлеп тапсырмалар 4 деңгейде беріледі.

I деңгейдегі тапсырмаларды орындау барысында «танып-білу» және үлгі бойынша «қолдану» арқылы орындалады.

II  деңгейдегі тапсырмалар өзгертілген жағдайда немесе өткен сабаққа арналған тапсырмалар бойынша, III деңгейдегі тапсырмаларына талдау, жинақтау, қорыту барысында есептер беріледі.  IV деңгейлік тапсырмалар оқушының шығармашылықпен жұмыс істей алатындай, ойын дәлелдей алатындай қабілетті оқушыларға орындау үшін беруге болады және ол мұғалімнің тәжірибесіне де байланысты.

Осы оқытудың педагогикалық технологиясы талап етіп отырған мақсатты деңгейлер тізбегін құру, яғни ол диагностика түрінде анықталады.

Деңгейлік тапсырмалар бойынша бағалау «ұпайлық» жүйемен жүзеге асырылады. I деңгейді орындаған бала 5 ұпай жинаса «3» алады. ІІ деңгейге 4 ұпай жинаса «4» алады. ІІІ деңгейден 3 ұпай жинаса 5 бағасы қойылады. 3 деңгейде 12 ұпай болса, беске бағаланады.

Ж.Қараев технологиясының тиімді жақтары:

  1. Әр оқушы өздігінен жұмыс істеуге дағдыланады.
  2. Оқушының қабілеті анықталады.
  3. Талпынысы, ұмтылысы байқалады.
  4. Күрделі тапсырмаға байланысты оқушының ойлау қабілеті артады.
  5. Оқушылар деңгейлік тапсырмаларды орындап болған соң, жинаған ұпайы бойынша әр баланың деңгейі қабілетіне қарай бағаланады. Демек, әділ баға қойылады.

Әр мұғалім алдына қойған мақсатқа жету үшін тобының деңгейін, білімдерін көтеруге, шыңдауға тырысады.

Қазір оқыту әдістемесінде сабақты оқушыға меңгертуде, оқушылардың білімін тексеруде, өздігінен орындайтын жұмыстарда оқушылардың қабілеттерін жеке-жеке есепке ала отырып, саралау кеңінен қолданылуда.

Сабақта оқушы белсенділігін, қызығуын арттыруды назарда ұстап, жаңа тәсілдерді алдымен өзім меңгеріп білуді басты назарда ұстаймын. Осы үрдісті тәжірибеге енгізбей, мұғалімнің жақсы нәтижеге  жетуі мүмкін емес.

Жалпы педагогика ғылымында баланы оқыту мен тәрбиелеудің мақсаты жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылатындықтан, бұл жерде де жаңа технология бойынша әдістемелік жүйенің басты бөлігі – оқыту мақсаты болып табылады.

Аталған жұмыс профессор Қараев Жауынбайдың тұжырымдамасы негізінде өтіп жатқан тәжірибелерде жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Өзім сабақ беретін сыныптарда деңгейлік тапсырмалар арқылы дамыта оқытудың ерекшелігін талдап, сабақта пайдалану жолдарына бағдарламалар жасадым. Әсіресе, өз сабағымда оқушылардың ойлау қабілетін жетілдіруге ерекше назар аударамын. Әр оқушы үшін оны есепке алып дамыту жолын таба білдім. Тақырып, тарау бойынша жасақталған деңгейлік тапсырмалар жүйесі дамыта оқыту идеасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Себебі, ол оқушының ойлауын, есте сақтау, белсенділік дағдысын, білім сапасының дамуын қамтамасыз етеді. Деңгейлік саралау арқылы мұғалім оқушы білімін жаңа әдіспен бағалауға мүмкіндік алады. Оқушылардың өздігінен жұмыс істеуін, қиындықты жеңуін, табандылығын үнемі назарда ұстап, олардың білімінен байқалған олқылықтарды сипатына қарай топтап, деңгейлік тапсырмалармен жұмыс жүргізгеннен кейін сынып оқушыларын шартты түрде 4 деңгейге бөлемін.

І – оқуға «өте жақсы» қабілеті барлар.

ІІ – оқуға «жақсы» қабілеті барлар.

ІІІ – оқуға «орташа» қабілеті барлар.

ІУ – оқуға «шамалы» қабілеті барлар.

Ол үшін деңгейлік тапсырмаларды орындау барысында әр оқушы мұғалімнің бақылауында болып, дұрыс орындалған тапсырмаға «+» белгісі мен өз алдындағы картасына белгілеп алады.

Барлық оқушылар өз қызметін ең төменгі І деңгей тапсырмасын орындауда бастайды да, оларды толық орындап болғаннан кейін мұғалімнің рұқсатымен келесі деңгейге көшіп отырады. Бұл оқушылар арасында жарыс туғызады және әр оқушының білім алуына кепілдік береді. Сонымен қатар әр оқушының өз қабілетіне қарай (2-3 деңгей) көтерілуіне жағдай жасайды. Сабақтың соңында жинаған ұпайларына сәйкес оқушылар өз білімдерін бағалайды. Ол карталарды тексеріп болған соң сынып журналына түсіремін. Оқушы білімін тексеруде олардың өз пікірін жеткізе білуі мен есте сақтау қабілеттерінің біркелкі болмайтынын ескеремін. Қабілетті оқушылар негізгі сұраққа  ғана емес, қосымша сұрақтарға да жауап бере алады. Ал қабілеті орташа дәрежедегілер тек негізгі сұрақтарға ғана жауап бере алады. Сыныпта өзінің жалпы ой-өрісі мен баяу ойлануына сәйкес, оқып-үйренетін объектілердің, оқиғалар мен құбылыстардың ұқсастығын, айырмашылығын әртүрлі карталарда оқып, өз бетінше салыстыра алмайтын оқушылар тобы кездеседі. Олар ерекшк қарым–қатынасты қажет етеді. Бұндай оқушылар табыстары елеулі болмаса да мақтауды қажет етеді. Осындай мақтау баланың пәнге деген қызығушылығын арттырады.

Оқушыларға жеке тұлға ретінде қарап, оның өзіне тән сапасы, қабілетін ашуға диагностикалық әдістерді 7-9 сыныптарда қолдануды тәжірибеге айналдырып жүрмін. Диагностика қорытындысын әр тарау бойынша шығарып, бағалап отырамын. Нәтижесінде жеке оқушының барлық білім сапасы қандай дәрежеде екендігі анықталады. Білім сапасының жоғарылауына, сабақта берілген білімнің оқушы жадында сақталуына диагностикалық тексерудің маңызы зор.

Диагностикалық зерттеу мұғалім мен оқушыны ынталандыра түсіп, олардың қабілетін арттырады.

Өркениетті 50 елдің қатарына енуіді мақсат етіп отырған еліміз жан-жақты дамыған мәдениетті тұлғаны тәрбиелеп шығару арқылы ғана көздегеніне қол жеткізе алады. Ол үшін әр мұғалім ХХІ ғасыр мұғалімінің моделін, өз бойындағы қасиеттерді жетік меңгеруі керек.

ХХІ ғасыр мектебіндегі ізгілікті-тұлғалық педагогиканың және оның тәжірибелік маңызының тамыры ретінде кейінгі кезде Ж. Қараевтың  технологиясы мектеп тәжірибелеріне енгізіліп отыр:

— Оқушыларымызды бүкіладамзаттық даму үрдісінің, білім мен ғылымның технологиялық даму бағыттарына бағдарлап, соларға лайықтау;

— Маңызды әдістер мен ақпараттар алып үйрену;

— Жоғарғы дәрежедегі білім деңгейіне жету.

Бұл технологияны өз тәжірибесіне енгізген кез келген пән мұғалімі осы мақсатта жұмыс істейді. Сонында оқушы мұғалімнің баяндауын қажет етпей, өз бетімен сенімді түрде оқулықты негізге ала отырып, жұмыс істей алатын дәрежеге жетеді.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. А. К. Колеченко. Энциклопедия педагогических технологий. КАРО, 2001.
  2. Л. С. Николаева, Л. И. Лесных. Использование нетрадиционных форм занятий. // «Специалист», №2, 1992. 5-6-б.