Қаламгер Әбіш.

 

Тақырыбы:    Қаламгер Әбіш.

 

Әбіш   Кекілбаев…    XX  ғасырдағы  қазақ  қауымының, түркі  әлемінің  заңғар жазушысы ,  кешегі  Мұхтар , Сәбит , Ғабит сияқты  алдыңғы  толқын ағаларымыздың мұрагерлерінің  бірі, бұл  күнгі  қазақ  әдебиетінің туын  ұстаушылардың бірі, бірі болса бірегейі.

Жұмекен  Нәжімеденов 1968 жылы-ақ  Әбіш туралы: «Ол – ақылдың,  мол білімнің, терең  сезімнің  тұнбасы. Тұнба  қашан да салмақты, қашан да  баяу. Ол ақса ырғып ақпай- ды, ырғалып ағады, көпірудің  орнына  тұңғиықтана түседі. Алыстан орман ғып көрсетіп, жетіп  келсең, бес  түп  ши тұратын  сағым  мінез оның талантына жат. Онда  жалтылдап  көрінетін  жез  –  құбылмалылық  жоқ. Ол  көңілді  арбайды, бірақ  көзді алдамайды, ал шынайы  өнердің  асыл мұраты – сол, кімді  де  болса алдамау ғой. Алдамаған жерде ақиқат та бар»  деген.

Бастауын  өлеңнен, жыр  жинақтарынан  бастаған  Кекілбаев  өз  өмірінде сын кітаптарын,  әңгімелер  мен  хикаяттар  жазды, тарихи  романдары  жарық  көрді. «Үркер» мен  «Елең-алаң » оқырмандардан  өз  бағасын алды.  Жасырақ  кезінде  аударма саласын- да да өнімді  еңбектенді.  Мопассан, Шекспир,  Ибсен,  Карло  Гоцци,  Макс  Фриштермен қатар Толстой,  Бунин, Мұстай  Кәрім,  Шыңғыс Айтматовтарды қазақша сөйлетті.

Рухани  жаңа кезең  – 60-жылдарда  әлемдік әдебиет үлгілеріне  көз  тіге отырып, ұлттық  мүдделі  шығармашылық  өмірлерінің  күретамыры  етіп  ұстанған  талантты да сауатты  жазушылардың  алғы   шебінде  Әбіш Кекілбаев болды.
Оның  алғашқы  туындыларының  ішінде  «Ханша дария хикаясы», «Шыңырау» повестері  тарихи,  рухани  мәселелерді  философиялық  деңгейге  көтере  алуымен, характер  жасау,  өмірді  реалистік  сипатта  суреттеудегі  шеберлерімен  көзге түсіп, қазақ әдебиетінде  таңдаулы  прозаның  қатарына  қосылды. Әсіресе,  «Шыңырау»  повесінің тақырыптық  ерекшелігі,  өмірдің  әлеуметтік  көрінісі,  бәсеке  заңына  тәуелді  адам баласының  қиын да  күрделі  тағдыры, кейіпкердің   ішкі,  сыртқы  әлемін  суреттеудегі дәлдік  пен  бейнелілік,  шынайылық  жазушы  шеберлігінің  кемелденгенін  көрсетеді.
Алайда Әбіштің әдебиеттегі өзіне тән қолтаңбасы «Күй» повесінен басталады деп айтуға  болатын  шығар. Тас  жүректі  талқандайтын  күй құдіреті, рахым  мен қатыгездік, сағым  басқан  басқан сар  далада  өмір  сүрудің шартына  айналған  бітімі жоқ жауластық,   береке  бірлікке  шақырған  мұңды  күй – осының  бәрі  сыртқы  өмірден  гөрі адамның ішкі  жан  сарайында  өтіп  жатқан  оқиғадай  әсер береді.  Терең психологиялық суреттер- ге негізделген  хикаят  әдеби қауымды бірден өзіне қаратқан еді.

Тұтас  бір  халықтың  тарихы  мен тағдыры, заман  келбеті, саяси  әлеуметтік жағдай, алапат  қырғын  соғыстар, әдет-ғұрып,  салт-сана, тақ  таласы  мен бақ таласы, қызғаныш  пен күндестік, бірлік  пен  дүрдараздық,  достық  пен жауластық, сан түрлі, сан мінезді  қаптаған  кейіпкер  – осының  бәрін  бір  адамның ғана  жан  дүниесі  арқылы беру мүмкін бе?  Әбіш  романдарының  күрделілігі, мұның  сыртында, өзі  өмір сүріп отырған заманның  саяси  ғұрпы  мен халықтың сан  қилы тағдырына  келіп  тіреледі. Ақыл жүрген жерде  сабыр  да жүреді. Ерлікке  қанша  қайрат қажет  болса, сабырға да сонша қайрат қажет.

«Өзге  замандас  жазушылары  секілді, Әбіш Кекілбаев та өз халқының  ежелгі  әдет-ғұрып,  дәстүр-тағлымдарын   егжей-тегжейлі, кейде қызыға  суреттеуге құмбыл, ол  көшпенділер  өмірінің  қазір  ұмытыла  бастаған  этнографиялық  детальдарына е рекше мән береді, бірақ  арзанқол экзотика  жетегінде кетпейді, сол  детальдардың әлеуметтік- философиялық  мән-мағынасына  үңіліп, халық өмірін, адам  жанының ішкі иірімдерін ашуға  тырысады.

Ол  қазақ  жерінің  өзге аймақтарына ұқсай қоймайтын осы түбектегі өмір, тірлік, салт-сана  туралы,  ежелгі  аңыз-әңгімелер, ата-бабалар тағдыры жайында, даланың қым-қуыт бояулары төңірегінде қызыға, қызына әңгімелейтін, сол сәтте бізге ол туған жерінің шежірешісі  секілді көрінетін-ді. Ол  кезде Әбіштің  баспадан  алғашқы өлеңдер жинағы шығып,  баспасөзде алғашқы  мақалалары  жарияланып жатса да, мұны  білетіндер келешекте  әдебиетте ол өзіне тиісті сөзін айтады ғой деп сенер еді,» – деген болатын   Әбекеңнің  замандасы  әдебиетші Герольд  Бельгер.

Болашақ  жазушының  сәби санасына  жарық дүниенің  сәулесі түсе бастаған тұс кешегі сұрапыл  соғыстан соңғы жылдар еді.  Оның  бүкіл  өмірлік  материалдарының эмоциялық  негізі, пілтабан  іргетасы сол  кезде жатыр десек те, шындықтан онша  аулақ кетпеспіз. Шыбықты ат қып мініп шауып жүрген  бала кешегі көшпелі елдің әлі қаймағы бұзылып  үлгермеген  жалпақ  тілін  құлағына  құйды. Ескі ауылдың  өзін көрмесе де, әлі өшіп,   жойылып  үлгірмеген  жұрнағын көрді. Қыз  ұзатып,  бала  үйлендірген;  өлік жөнелтіп, шілдехана  жасаған,  той-тойлап,  ас берген  елдің қалың ортасында жүрді. Болашақ   жазушысын ел ішінің алтын бесігі осылай  асықпай тербете  берді. Ал ол болса домбырадан  дыбыс  сауып, үн  сауылдатқан  бір тума күйшілер  Мұрат, Шамұғұлдардың перне   қуалап,  шанақ  бетінде  ыршыған  сері  саусақтарына  кірпік  қақпай  қадала отырып,  ыңыранған, сыңсыған  күй  астарынан  қадым  заман  қойнауынан  жеткен баба- лардың  шерменде  сырын  тыңдай берді, тыңдай берді.  Сол зор күрсініс шым-шымдап бойға тарап,  шымырлап  жүрегін  торлады. Содан  барып  шығармаларына  халық  дәс- түрінің  тағылымды  тұстарын  көптеп  арқау  ете  бастады.

Әбіш  Кекілбаев  шығармашылығынан  осы  мақаланы  жазу  барысында, әрине,    ең  бірінші  оның  еңбектерін  оқып  шықтым.  Жазушы еңбектерін  оқи  отырып,  оның  суреткерлік   шеберлігіне  таң  қалмасқа  шараң  жоқ. (Әрине,  жазушының  керемет  суреткерлік  қыры  туралы  өте  көп  айтуға   болар   еді…) Таң  қала  отырып,  шығарма- ларына негіз  болған  ұлттық  үрдістер, салт-дәстүр  мен әдет-ғұрыптардан  мол  тәлім – тәрбие аласыз.  Қарымды  қаламгер  Әбіш Кекілбаевтың  қай  шығармасын  алсаңыз да  халық   дәстүрлері  кең  көрініс тапқан.  Жазушы  шығармалары  қазақ  халқының  салт –дәстүрлерін  молынан  дәріптеген. Әр  оқырман  жазушы  туындылардын  оқи  отырып , халық  дәстүрлерінен  мол сабақ  ала  алады.   Атап  айтар  болсақ,  мысал  үшін  жазушы- ның   «Бір шоқ жиде»  хикаятында  ата-бабаларымыз  ұстанған   салт —  дәстүр , ұлттық  үрдіс,  әдет – ғұрыптарды   өмір  шындығымен нақты  байланыстыра  отырып  нанымды  да  әдемі  суреттей  білген . Хикаятты  оқи  отырып  қазақ  деген  халықтың  тек  өзіне ғана тән  қызықты  да,  күрделі  ұлттық  дәстүрлеріне  қызығып, таң  қалмасқа шараң  жоқ.  Шығармада  жас  сәбидің  дүниеге  келгенде  орындалатын  жөн — жоралғыларымен  қатар, жеңгенің  қайын  сіңлісі, қайнысына  ат  қою,  жыл  санау,  өлген адамды  соңғы  сапарға шығарып  салу  дәстүрлері  де  сөз болады.

Хикаят  мұсылман қауымының  соның  ішіндегі қазақ  деген халықтың  зират  басындағы өлген адамды  соңғы  сапарға шығарып  салу кәделерін сөз етумен  басталады.

Жазуды  сызуды  білмеген жасы  үлкен  қариялар  өздерінің , жақын- жуықтары- ның   жасын  тек  туған  жылы  қай  жыл екендігімен,  яғни  қазақ  халқындағы  жыл санау  мүшел  жаспен  есептеген.   Бұл  жайтты  «Бір  шоқ  жиде»  хикаятынының  мына  жол- дарынан айқын  көреміз.

… «Он  үш – бір мүшел,  жиырма бес – екі мүшел, отыз  жеті – үш мүшел, қырық  тоғыз  – төрт мүшел, алпыс  бір  – бес  мүшел, жетпіс  үш – алты  мүшел, доңыз –бір, тышқан – екі, сиыр – үш, барыс – төрт,қоян – бес…

Жарықтық  Тілекең биыл жетпістің  сегізіне  қарап  тұр екен.  Күні  кешеге  дейін  қозының  торсығындай кішкене  көрігін  басып, сексеуілдің  шоғына  маңдайы  шып-шып  терлеп, тық-тық  темір соғып  отырушы  еді…» («Дала балладалары» 164-бет)

Қазақ  халқында  көп  тараған  бата –тілек сөздер де  шығарманың шырайын ашуда  үлкен  қызмет  атқарып  тұрғанына  төмендегі  жолдар  куә.   … «Құлағына  жастайынан  естіп  келе  жатқан  үйреншікті  дауыстар  келеді:  «Бағың жансын», «Есесі  алладан қайтсын», «Дегеніңе  жет», «Үбірлі- шүбірлі  бол»,…  Сонау  қара құманға  әлі  жетіп, үлкендердің  қолына  су  құйғалы  естіп  келе жатқаны  осы… («Дала балладалары» 168 -бет)  Осылайша  жалғасқан  шығармада  бұдан  басқа  халқымыздың  дәстүр  салтын  әдемі  көрсететін  тұстары  да аз  емес.  Ата- бабамыздың  қонақжайлылық  қасиеті  барша  әлемге  аян, осындай  жақсы  қасиеттерді   айта  отырып,  қонақ  күту, оны  сыйлау  сияқты  асыл  қасиеттерді  дәріптеп, қай  қонаққа  қандай  сый- сияпат, қандай  жілік  ұсыну  керектігі  де   жазушы  шығармасында  айшықты  бейнеленген.

…. « Айналайын  ата-бабаңның  он екі жілік,  отыз  омыртқа, қырық  қабырғаны тап осынша  тәптештеп  мүшелейтіні  де  тегіннен — тегін  еместі.  Артындағы  ұрпақ бір-біріне көз  алартпасын  деп, әрқайсысына  бір-бір  сүйек еншілеп кеткен. Ұшарын  жел қонарын сай  білетін  көшпелі  елдің  перзенті  қай қара қазанда  да өз сыбағам бар деп ойлайды. Сонда  сыбағалы  жілігі  бұйырмаса,  атасын  атып  өлтіргеннен  аз  тұлданбай- ды. Ер бала бес  жаста  құман  ұстап  қонақтардың  қолына  су  құяды, он  жастан  бастап  пышақ ұстап ет  турайды,  он бес жастан  бастап  табақ  тартады, жиырмасында кездігін жалаңдатып табақ  жасайды. Сонда  ықылым  заманнан  келе жатқан  үрдісті  бұзып,  жілік шатыстырсаң   маңдайыңнан  бұзау  тіс  қамшымен  бір-ақ тартып  айдап шығады.  Бетіне таңба  түскені  ештеңе  емес, сені  тапқан  ата-ана  тірілей  жерге  кіреді. Қара пышақтан  қаусай  жығылып  жатқан  бұл  он екі   жілік, отыз  омыртқа  мен қырық  қабырға жөнін тапса, ала  көз  ағайынның  көңілін   бүтіндеп  ел  етеді, жөнін таппасаң,  жүректеріне  сүңгі  сұққандай  атыстырып –шабыстырып кетеді.

Баласына  ағайыншылықтың  жолын  ат  ұстап, табақ  тартқаннан  бастап үйрететін  көнекөз  кәрілер  қақсап  бағушы еді:  «Ең  сый жілік – жамбас, одан соң –жауырын,  одан соң – кәрі  жілік,  одан  соң – ортан жілік, одан соң – тоқпан жілік,  одан соң – асық жілік.  Басты  ең  жоғарғы табаққа саласың.  Құйрық  май мен бауырды  қиялап турап  бар  табаққа  жеткізесің. Он  сүбе  қабырғаны  жоғарғы  төрт  табаққа,  алтауын екі жауырынға  төртеуін   екі асық  жілікке үстейсің,  қалған  сегіз  жілікке  екі-екіден  бұғана қабырға  қосасың.  Төстікті –  күйеуге,  құйымшақты –  қызға,  көтен-мойынды –қойшыға, ішек-қарын,  талақ, бүйрек, сирақты – қатын-қалаш,  бала-шағаға  ұстатасың…    («Дала балладалары» 186-бет)

Міне,  бұл  жолдардың  өзі  тұнып  тұрған  жастарға  берер  тәлім –тәрбие , ақыл – кеңес  емес пе?  Бұл  жолдарды  оқырманның  қызықпай  оқуы  мүмкін   емес                 Жоғарыда  айтып  өткеніміздей,  Әбіштің   «Бір  шоқ  жиде»  хикаяты  тұнып  тұрған  салт –дәстүр.   Бұл  шығармада  қазақ  халқында  нәресте  өмірге   келгенде  жасалар  әдемі  әдет – ғұрыптар  мол  суреттелген.  Сәби  туылғанда  құлағына  айғайлап азан  шақырып  ат  қою,  жаңа  туған  балаға  көрімдік  беру,  бала  қырқынан  шыққанда  қарын  шашын  алдыру, ит көйлек  жүгірту  сияқты   дәстүрлерді  оқи отырып,  халқымыз- дың   осы  жайттарға  немқұрайлы  қарамай,  үлкен  ынтамен  атқарғанын    көреміз.

Сонымен  қатар,  бұл  шығармада  адамы  өлген  қаралы  үйге  көңіл  айту, дауыс  салып  жоқтау  салты  да  көрінеді.

Әбіш  Кекілбаев  шығармашылығындағы  ұлттық  әдет – ғұрыптардың  кең  көрініс тауып, қызықты  суреттелген  тағы бір  хикаясы  бұл – «Бәсеке»  повесі. «Бәсеке» хикаяты  қазақ  халқының  бір  кездері  кең  етек  жайған,  кейін  ұмытыла  жаздап,  бұл  күндері қайтадан  жаңғырып  дәстүрге  енген  қызы  бар   үйге құда  түсу , қыз  айттыра  бару  дәстүрін  қызық та,  тартымды   бейнелеген.

Жазушы  өз  шығармасында  қыз  айттыра  келген  құдаларды  күтіп  алу салтынан  бастап, ертедегі  ел  ақсүйектерінің  қызын  қалай  ұзататынына  дейін  керемет  әңгімелеп  берген.   Бұрындары  жағдайы  бар  байлар  қыздарының  жасауын  алтынмен  аптап,  күміспен  күптеп, тіпті алдына  жеке  бірнеше  қанат  үй  тігіп, сансыз мал, дүние –мүлік  беріп  ұзатқаны  бізге белгілі.

… «Бүгін кешке қызының жасауын тағы бір көріп шықпақ. Оны үстіне үй тігіп, бөлек көш қылып жөнелтпек. Қызға берілетін дүние, мал әлдеқашан іріктелген. Енді соны ақырғы  рет  қапысыз қарап алмақ. Болғалы тұрған  тойдың ең үлкен қызығы, той тарқатар салтанаты – қызының көші. Әр түйенің омырау құйысқанына асыл алқа, күміс жүзік, моншақ тағылады, бұйдасы жібектен есіледі. Шаңырақ артқан түйеден басқаның бәріне бір-бір қалы кілем жабылмақ. Сондай сылдыраған-сыңғыраған сәнді көшті тарта жөнелгенде қыздың жаңғыз жеңгесі Жазыл жетектейді. Келіні басына үкілі сәукеле киіп, астына ақ шақан жорға мініп,күлтелі көштіжөнелгенде қыздың қасына еріп баратын қалың нөкер қапталдан жүре сыңсып жөнеле береді. Көшен ақын бөтен ауыл, жат босағаға аттанып бара жатқан қалыңдық пен артында жылап қалған ата-анасына термелеп басу айтады,  сол  арада  Балпан  ауылының  адамдары  ақын  жігіттің  қанжығасына екі өркеші баладай  буаз  ақ  інгенді бұйдасынан байлайды. Ақын  табан  астында Балпанның осынша жомарттығына,  көл-көсір  тойына  мақтап  өлең шығарады.  Ол  тойға  жиналғандардың бәрініңде  құлағында   қалады. Сосын  Көшен ақын  қыз  барған  ауылдағы  тойға бәйгеге түсетін  жүйрік  аттар мен ортаға шығатын  әнші-күйші,  палуандарды  бастап бір шоғыр боп  бөлек аттанады.» («Дала балладалары» 22-бет)

Міне, осындай  тамаша, көл-көсір салт- дәстүр  хикаятта  әдемі  бейнеленген. Бұл  да  болса  қаймағы  бұзылмаған  ұлттық үрдісіміздің тағы  бір  қайталанбас  қыры  деп  айтуымызға  толық  негіз  бар.  Осылармен  қатар  бұл  шығармада  халқымыздың  дархан  көңілі  қонақжайлылығы  көрінеді. Суреткер  қазақтың  тойында  болатын  жөн-жоралғы- лар,  қызықты  ұлттық  ойындар,  бәйге  жарысы,  палуан  күресі,  өнерпаз  жігіттердің  айтысы  сияқты ұлттық  үрдісімізге  тән   жайттарды  тамаша  суреттеген. Бұлардың  барлығы  біздің  жанымызға  жақын,  ұлттық  болмысымызға  тән  әдемі  суреттер, оқырманға берері  мол  рухани  азық.

Әрине, «Дәстүрдің  озығы   мен  тозығы  бар  десек  те, жоғарыдағы  аталған

салт-дәстүрлеріміздің  біз  үшін  орны  ерекше  екені  даусыз. Айшықты тіл  иесі  Әбіш  Кекілбаевтың  осындай  жас  ұрпаққа  тәлім  берер, әдет- ғұрыптарды  дәріптеген  тамаша  шығармаларын мектеп  бағдарламасына  енгізіп, жас  ұрпақ  оқып  өссе  қандай  ғанибет!

Пайдаланылған  әдебиеттер

1.Әбіш Кекілбайұлы «Дала балладалары» І-ІІ том  Алматы, «Жазушы», 2002

2.Төлен Әбдікұлы Азамат.Қаламгер. Қайраткер.«Егемен Қазақстан №265-266 03.12.1999ж.

  1. Аққұштап Бақтыгереева «Ата-ана қарызы,перзент парызы». «Егемен Қазақстан» № 354

4..Ермек Аманшаев «Қазақ елінің  таңдайы!» «Жас Алаш» №145 04.12.1999ж.

  1. Мырзагелді Кемел «Сөз -құдірет» «Жас Алаш» № 312. 6.Герольд  Бельгер « Дала балладалары»  «Жас Алаш» №285