ЖЕЛІЛІК ҚОҒАМДАСТЫҚТЫҢ МҰҒАЛІМДЕР КӨШБАСШЫЛЫҒЫ МЕН КӘСІБИ ДАМУЫНДАҒЫ РӨЛІ
ЖЕЛІЛІК ҚОҒАМДАСТЫҚТЫҢ МҰҒАЛІМДЕР КӨШБАСШЫЛЫҒЫ МЕН КӘСІБИ ДАМУЫНДАҒЫ РӨЛІ
Бүгінде еліміздің білім беру саласының дамуына жаңа мүмкіндік берудің жолдары жан-жақты қарастырылуда. Өйткені бүгінгі білім жүйесі мектепке ойшыл, зерттеуші, тәжірибелік қызметте педагогикалық үйлестіруді шебер меңгерген іскер мұғалімді қажет етеді. Осы қажеттілік барысында «Назарбаев Зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымына қарасты Педагогикалық шеберлік орталығы Кембридж университетінің білім беру факультетімен бірлесіп әзірлеген Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курсының деңгейлі бағдарламасы бойынша үш деңгейде мұғалімдерді дайындауда. Бұл деңгейлі курстан өткен мұғалімдер халықаралық білім беру жүйесімен танысады, сондықтан өз мектептерінің сапасын көтеруге қызмет жасайды. Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне өз мектептерін жеткізу жолында еңбек етеді.
Елбасының «Егеменді елдің, келер ұрпақтың болашағы, келешегі білімде жатыр, ол үшін білімді, білікті ұстаздар керек…» деген сөздері мектептегі әр ұстазға үлкен жауапкершілік жүктейді. Деңгейлі курсты аяқтап, мектебіне оралған әр ұстаздың мақсаты – бағдарламаның негізгі идеялары мен 7 модульді ықпалдастыра отырып, мұғалімдердің педагогикалық тәжірибесіне өзгеріс енгізу. Бұл бағытта бірінші ілгері деңгейді бітірген мұғалімдер мектепішілік, аудандық түрлі тақырыптарда коучинг өткізіп, бірнеше мұғалімдерге тәлімгерлік жасап, білім беру саласына өзгеріс жасауға ықпал етуде. Өз жұмысы туралы рефлексия жасап, мониторинг жүргізу арқылы жұмыстарын қорытындылап отырады. Яғни өткізген тақырыптары бойынша әдістер мен тәсілдерді бірнеше мұғалім сабақтарында пайдаланды, ол сабақ туралы оқушының, ата-ананың пікірін де біледі. Мұғалімдер арасында өткізілген түрлі тақырыптардағы коучингтер бұған дейін өз жұмысын өзі жеке атқарып жүрген әріптестердің арасында ынтымақтастық орнатып, педагогикалық ұжымның ахуалын жақсартып келеді.
Құрық орта мектеп-гимназиясында қазіргі таңда 3 мұғалім І (ілгері) деңгей, 2 мұғалім ІІ(негізгі) деңгей, 11мұғалім ІІІ (базалық) деңгей бағдарламасын игеріп, өздерінің кәсіби біліктілігін дамытып, жаңа бағытта шығармашылықпен жұмыстануда. Құрық орта мектеп-гимназиясының директоры К.Т.Даурбаев мектеп басшыларына арналған деңгейлік бағдарлама курсын тәмамдап, мектепте, аудан мектептері арасында желілік қоғамдастықты дамытуда еңбек етуде. Мектептегі 16 педагог қызметкер (18,18 пайыз) жаңа форматтағы сабақтар өткізіп, желілік қоғамдастықты дамыту бағытында көптеген жұмыстар жасап өздерінің кәсіби шеберліктерін арттыруда. Мектептің материалдық-техникалық базасы жақсы жабдықталғандықтан, аудан орталығындағы үлкен мектептің бірі болғандықтан біздің мектебіміз облыстағы 16 жетекші мектептің бірі, ресурстық қолдау орталығы болып тағайындалды. Мектеп өткен оқу жылында РҚО-ның жоспарын жасақтап, мектеп көшбасшылары өз жұмыстарын бастап кеткен болатын.
Аудандағы мектеп басшыларына арналған деңгейлік бағдарламаның мазмұнын ашатын аудандық семинар 2014 жылдың 28 ақпаны күні біздің мектепте өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. «XXI ғасыр мектептеріндегі көшбасшылықты дамыту» тақырыбындағы семинарға 26 мектеп басшылары мен әдіскерлер, деңгейлік курстан өткен мұғалімдер қатыстырылды. Осы семинарда біз мектебіміздегі мұғалімдердің бойында көшбасшылық қасиеттерін анық байқадық. Атап айтқанда ІІІ деңгей мұғалімі Исмағанбетова Анара мектеп басшыларына «Сыни тұрғыдан ойлау» тақырыбына шеберлік сынып өткізсе, І деңгей мұғалімі Атағараева Ұлданай «Көшбасшы, көшбасшының түрлері» тақырыбына коучинг өткізіп, көшбасшылық пен басқарушылықтың екі түрлі ұғым екендігін ашып берді. Мектептің І деңгей мұғалімі Жаксигулова Самал мен ІІ деңгей мұғалімі Кунасова Райса семинардың бағдарламасын жасақтап, ұйымдастыруда белсенділік танытты. Осы семинардың қорытындысында әрбір мұғалімнің шығармашылықпен жұмыстануға, өздерінің кәсіби біліктілігін арттыруға қабілетті екендігі белгілі болды. Мұғалімдерге кәсіби дамуына бағыт беруде деңгейлік бағдарламаның маңызы зор екендігіне көз жеткіздік. Ресурстық қолдау орталығының жоспарына сәйкес аудандық, мектепішілік, мектепаралық семинарларды өткізу барысында біз мұғалімдер бойындағы өз мамандығына деген қызығушылық пен жаңалыққа деген құлшыныстарын көріп, бағдарлама аясында жұмыстануға болатынын аңғардық.
Оқу сияқты, көшбасшылық та адамның басты, бірақ, аса күрделі әлеуеттерінің бірі болып табылады. Өзгеріс енгізу үдерісін басқару оңай емес әрине, өйткені оның барысында жұмыста әртүрлі қиындықтар мен келіспеушіліктер туындап жатуы ықтимал. Бірінші деңгей бағдарламасын игерген мұғалімдердің негізгі функциясы – оқыту мен оқу тәжірибесіне жаңа тәсілдерді енгізу мақсатында өз мектептерінің дамыту бағдарламасын әзірлеу болып табылады. Мұғалім ретінде біз өзімізге әрекет етуге, басқаруға, шешім қабылдауға жеткілікті билік пен өкілеттіктер берілмегендігін түсінеміз. Алайда, тәжірибе көрсетіп отырғандай, басшы қызметін атқармастан-ақ, бірінші деңгейді меңгерген мұғалім ретінде өзіміздің кәсіби беделімізге және жеке тұлға ретінде моральдық беделімізге сүйене отырып, оқыту мен оқу тәжірибесіне өзгеріс енгізуге ықпал ете аламыз. Адамзат баласының өз ұрпағын оқыту мен тәрбиелеудегі ең озық тиімді ізденістерін, тәжірибелерін жалғастырып, тың жолдар іздеу педагогиканың озық үлгілерін жаңашылдықпен дамыту жалғаса бермек.
Мұғалімнің кәсіби дамуын қамтамасыз ету моделінің бірі – мектепте және мектептер арасында желілік қоғамдастық құру. Желілік қоғамдастық виртуалды түрде және ресурстық орталықтар арқылы құрылуы мүмкін. Мұғалімнің желілік қоғамдастықтағы қызметін ұсынылған бөлімдер бойынша бағалауға болады. Олар – тіркелгені, ресурстық қорға үлесі, ресурстардың мүмкіндіктерін пайдалану, қарым-қатынас мәдениеті деңгейі және тақырыпқа сай жұмыстану белсенділігі.
Мұғалім бірінші кезекте өзін-өзі бағалайды, ол өз кезегінде мұғалімнің кәсіби өсу деңгейіне жүйелі түрде мониторинг жүргізіп отыруға мүмкіндіктер береді. Желілік қоғамдастықтардың пәндік бірлестіктерден гөрі атқаратын қызметі ауқымды, қамтитын көлемі кең.
Желілік қоғамдастық алдыңғы кезекте мұғалімдердің кәсіби өсіп, қалыптасуын қамтамасыз етеді және қоғамдастық жұмыс аясын кеңейте отырып басқа мектептермен байланысқа шыға алады. Мектептегі желілік қоғамдастықты І (ілгері) деңгей мұғалімдері ғана құрып, дамыта алатынын біз күнделікті тәжірибеден көріп жүрміз.
Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының бірінші деңгей бағдарламасының мақсаты- мектептегі еңбек тәжірибесі әртүрлі мұғалімдерді қатыстыру арқылы мұғалімдерге мектеп жүйесін жан-жақты дамыту үшін қажетті білімдер мен дағдыларды беру болып табылады. Бұл мақсат күрделі болуымен қатар, көп еңбек етуді қажет етеді, алайда дұрыс тәсілдер қолданған жағдайда бүкіл мектеп шеңберінде өзгеріс жүргізілуіне ықпал ете алатынын байқадық. Мектептің басшыларының осы бағдарламаны игеруі мен ұйымдастыру қабілетінің жоғары болуы да маңызды. Ал осы мақсатты орындауда желіні дамытудың маңызды екендігін біліп, 2013-2014 оқу жылының қаңтар айында «Жаңашыл» тобы ІІ жартыжылдыққа арналған мектептің дамыту жоспарын жасақтадық. Мектепті дамыту жоспары 4 бөлімнен тұрады: ұйымдастыру, желілік, коучингтер және «сабақты зерттеу». Осы күнге дейін жоспар бойынша жоспарланған іс-шаралар өзінің уақытында жоғары дәрежеде өткізілуде.
Тиімді желінің ең басты ерекшелігі сенімділік болып табылады. Тиімді мектепаралық желілер ересек адамдарды оқытуда жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Желілік қызмет білім алуға және әртүрлі мектептерде жүріп жатқан үдерістерді біліп отыруға, сондай-ақ оқыту жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді. Біздің мектебіміз ресурстық қолдау орталығы болғандықтан біз жұмыс барысында әрбір мектептегі деңгейлік бағдарлама игерген мектептердің қандай жұмыстар жасап жатқанын біліп қана қойған жоқпыз, сол мектептердің психологиялық ахуалын, көшбасшы мұғалімдерін, олардың атқарып жүрген жұмыстары туралы біліп, тәжірибе алмастық. Атап айтқанда көрші №1 орта мектептің І деңгей мұғалімі Абдынасырұлы Садуақастың «Жаңашылдар жаршысы» газетін шығарып, мектепішілік желіні дамытуда көп еңбектеніп жүргенін білеміз, сол секілді мектеп басшылары деңгейлік курсты оқымағандықтан немесе І,ІІ деңгей курсынан мұғалімдері оқымағандықтан сол мектептердің ІІІ деңгей мұғалімдерінің қолдау таба алмай, ауданда ашылған «Өркен» желілік қоғамдастығы мен біздің ресурстық қолдау орталығынан көмек пен қолдау табуда. Олар өздерінің біздің ұйымдастырған семинарлар мен дөңгелек үстелдерге қатысқанда, желі арқылы байланысқа түскенде қолдау тауып, жұмыстарына құлшыныспен кірісетіндерін айтып ой бөліседі. Кез-келген жағдайда сенім артудың маңызды екендігін, сенім арту мұғалім көшбасшылардың өз ісіне деген жауапкершіліктерін арттыратынын білдік.
Мұғалім көшбасшылығы жолындағы ұйымдастырушылық және кәсіптік кедергілер кездесетіні анық. Күн сайын бірге жұмыс істейтін адамдардың арасындағы қарым-қатынас деңгейі бұл ұйымның ахуалының ең жақсы көрсеткіші болып табылатыны дәлелденген болса, мектептегі көшбасшылар мен І деңгей мұғалімдерінің басқа мұғалімдермен қарым-қатынас мәдениеті жоғары болуды, мол тәжірибені қажет ететіні анық.
Өткен оқу жылында жасалған жұмыстарды саралай отырып, сәтті және сәтсіз тұстарын анықтау арқылы жаңа оқу жылына мектепті дамыту жоспарын қайта жасақтадық. Мектептегі проблемаларды анықтау мақсатында ата-аналардан, оқушылардан, мұғалімдерден сауалнамалар алынды. Біз қазір жоспар құруда проблемаларды анықтау арқылы, шешу жолдарын ойластырып табудың мектепті дамытуда тиімді екендігіне көз жеткіздік.
Биылғы 2014-2015 оқу жылында біздің мектептің деңгейлік бағдарламаны игерген мұғалімдер санының артуымен қатар, мектептегі өзгерістердің дамуына қарай, табысты желілер реформа жүргізу жөніндегі көптеген жұмыс топтарын құру арқылы жүзеге асатындығын ескере отырып, мектепте төмендегідей жұмыс топтары құрылды.
- Ұйымдастырушы (басшылық етуші) топтардеңгейлік бағдарламаны дамыту бағытында орындалатын жұмыстарды бағыттайды және бақылайды. Желіні жақсарту жөнінде жоспар құруға жауапты болады. Желілік қорлардың бөлінуін және пайдаланылуын бақылайды әрі мүдделі адамдарды тартады. Құрамына мектеп басшысы мен мектеп әкімшілігі, І (ілгері) деңгей мұғалімдері енеді.
- Үйлестіруші топтар желінің әртүрлі бөлімдері арасындағы қызметті реттейді Үйлестіруші топтар мектептер арасындағы және желі ішіндегі бірлесіп өткізілетін іс-шараларға қатысты шешім қабылдайды. Құрамына мектеп директорының орынбасарлары мен пән бірлестік жетекшілері, ІІ деңгей мұғалімдері енеді.
- Дамытушы топтаржелінің даму жоспарында басым сала ретінде белгіленген салаларда оқыту мен оқу үдерістерін жетілдіру әдістеріне назар аударады. Дамытушы топтар оқу бағдарламаларын әзірлеп, оқытудың жаңа стратегияларының қабылдануына қолдау көрсету арқылы желіні дамытуға өз үлестерін қосады. Құрамына мектептің жалпы мұғалімдері, ІІІ деңгей мұғалімдері енеді.
Мұғалімдердің кәсіби дамуындағы педагогикалық қоғамдастық және көшбасшылықтың маңызы зор.Аз ғана уақытта, біз бағдарлама аясында жұмыстану барысында төмендегідей нәтижеге қол жеткіздік.
Біріншіден, бұрын мұғалімдер қауымы жоғарыдан нұсқау күтіп, соны орындау арқылы ғана жұмыстанып, жетістіктерге жетсе, қазір өз бетімен, шығармашылықпен жұмыстану арқылы жетістікке жетуде;
Екіншіден, бағдарламаны дамытуда, өз іс-тәжірибесін таратуда БАҚ мен желінің маңызын түсініп, өз іс-тәжірибелерін таратып, тәжірибе алмасуда;
Үшіншіден, жаңа форматтағы сабақтар өткізуде жеті модульді пайдаланып, кәсіби дамуда.
Өзгеріс-күрделі үдеріс екендігі белгілі.Дегенмен, біз, өз жұмысымыздың табысты нәтижесін көріп, бағдарламаның жан-жақты қолдау табатынына сенімдіміз. Осы мақаламды ұлы Абайдың мына бір сөзімен аяқтағым келеді, «Өзгеріс керегіне сену керек, қиынды тек жігермен жеңу керек!».
Секциялық бағыты:
Мұғалімнің кәсіби дамуындағы педагогикалық қоғамдастық және көшбасшылық