География пәнін оқытудың ерекшеліктері мен қолданылатын әдіс-тәсілдері.

 

География пәнін оқытудың ерекшеліктері мен қолданылатын әдіс-тәсілдері.

Мектептің білім беру жүйесінде жас ұрпақты жан-жақты дамыту мен тәрбиелеуде, олардың жалпы мәдениетін қалыптастыруда тұлғаны шығармашылыққа тәрбиелеуде, табиғат пен қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуде, Жер бетінде тіршілікті сақтауда география пәнінің ролі өте зор!

География ғылымдарының жетістіктері мен қоршаған ортада болып жатқан өзгерістерді ескере келе мектепке беріліп отырған әлеуметтік тапсырыс жас ұрпақтың географиялық сауаттылығы мен географиялық мәдениетін көтеру болып табылады.

Оқушы оқу процесінің басты өзегі, сондықтан назардың барлығы оқушының дамуына, оның ойлау стилінің тәуелсіздігіне аударылады. Педагогикалық инновацияның мұғалімдер алдына қоятын талаптарының бірі оқушылардың өз бетінше жұмыс жасап үйренуін  қалыптастыру. Сондықтан да мен оқулықтағы материалды жан-жақты түсіндіріп, ұқтырумен қатар, оқушының кейбір мәселелерді өз бетімен оқып, жазып, нәтижесінде жаңаша бір мәселені біліп үйреніп жаттығуларына мүмкіндік жасаймын. Жаңа білім игеру мақсатында оқушының өз бетімен жасаған жұмыстарына үнемі көңіл бөліп, ұйымдастырып отырамын. География пәнінің ерекшелігі сол сарамандық жұмыстар мен өзіндік жұмыстар әрқашан бірін-бірі толықтырып отырады. Оқушының өз бетінше орындалуына берілетін әрбір тапсырма олардың күші келетіндей, түсінікті, көлемі жағынан бағдарламаға сай, мазмұны оқушыларды қызықтыратындай әр түрлі болуын қадағалаймын. Өз бетімен жұмыс істеу оқушыларды тиянықтылыққа, төзімділікке, бастаған ісін жемісті аяқтауға тәрбиелесе, ал мен үшін оқушы еңбегін бағалайтын ең жақсы көрсеткіштің бірі. Мысалы оқушылардың өз бетімен жүргізілетін жұмыстарының бірнеше түрлерін сабақ барысында әр кезеңінде ұйымдастырамын. Олар мыналар:

  1. Оқулықпен жұмыс істеу— әсіресе жоғарғы сынып оқушыларымен жүргізілетін негізгі жұмыс түрі. Оқушылар статистикалық материалдарды, кесте, сызба-нұсқаларды талдау арқылы оқулықтағы білімдерін кеңейтіп, негізгі білімдерін жүйелейді.(көбіне бұл жұмысты жаңа сабақты түсіндіру кезеңінде пайдаланған тиімді.)
  2. Атласпен, картамен жұмыс істеу: география пәнінде атласпен, картамен жұмыс барлық сыныптарда жүйелі жүргізілуі тиіс. Географиялық нысандарды ажырату, олардың ерекшеліктерін, жату бағыттарын, орналасуын тек карта арқылы түсіндіруге болады. Сондай-ақ өнеркәсіп орталықтарын, олардың мамандану салаларын карта арқылы білуге болады. Сондықтан да бұл жұмысты да жүйеге келтіру  керек деп есептеймін. Атласпен картамен жұмыс жасай алмайтын оқушы география пәнін меңгермеген оқушы деп санаймын.
  3. Кескін картамен жұмыс: бұл жұмысты 6-шы сыныптан бастап үйрете беру керек . Себебі 7 сыныптағы материктер картасын кескін картаға салу кезінде оқушылар қатты қиналады. Ал бастапқы курсты оқу барысында оқушыларға түрлі-түсті бояу арқылы жер бедерінің азғантай бөліктерін салғыза отырып, олардың биіктіктерді ажырату, ойпаттардың, қырат-үстірттердің, таулардың бояуларын қалыптастыру дағдыларын дамытуға болады. Сондай-ақ өзен- көлдерді картаға түсіру дағдылары дамиды.
  4. Географиялық есептер шығару, жаттығулар орындау: геогафияның бастапқы курсында географиялық есептер шығару арқылы оқушылардың қисынды ойлау дағдыларын дамытып, пәнаралық байланысты қалыптастыруға мүмкіндік болады. Мысалы қысым мен температура арасындағы байланысқа арналған есептер, географиялық градус торы арқылы жер бетіндегі қашықтықты анықтауға арналған есептер құрастыруға болады. т.с.с.

5   Географиялық сөздік, анықтамалық материалдармен жұмыс. Оқулықтардың соңында географиялық терминдер мен ұғымдардың түсіндірме сөздігімен жұмыс жүргізіп отыру керек. Сондай-ақ онда кездеспейтін ұғымдарды күнделікті жұмыс дәптерлерінің соңындағы бірнеше бетке жазып отыруды тапсырып отыру керек.  Бұл жұмыстың жүйелі жүргізілуін қадағалап отыру қажет, себебі  ол- оқушылардың есте сақтау қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.

6.Кестелерді толтыру. Кесте толтыру арқылы оқушылардың салыстыру,нақтылау, ойлау қабілеттері дамытады.

7.График, профиль, диаграммалар сызу: 6-шы сыныптан бастап температура графигін салу, бағандық диаграмма арқылы жылдық жауын-шашынның айлар бойынша таралуын сыздырту- оқушыларды төзімділікке, ыждаһаттылыққа тәрбиелейді. Сондай-ақ 9- шы сыныпта статистикалық материалдарды пайдалана отырып, шеңберлік диаграмма сызу арқылы білім, білік дағдыларын дамытуға мүмкіндік болады.

8.Қосымша әдебиетпен жұмыс. Қосымша әдебиеттердің ішінде саяхатшылардың өмір –тарихы, зерттеулері, қызықты әңгімелер оқу арқылы оқушылардың жан-жақты дамуына, дүниетанымының артуына мүмкіндік туындайды.

9.Табиғатқа бақылау. (топсеруендегі бақылаулар мен ауа райына күнделікті бақылау жүргізу)

  1. Карта-сызба нұсқауларды қарау.

11.Әңгіме  құра білу

Оқушылардың өз бетімен жасаған нәтежесі білім ұстамының тұрақты болуына әсерін тигізеді. Ұлы ойшыл қытай философы Конфуции: «Естігенімді ұмытамын, көргенімді есте сақтаймын, ал өз ақыл ойыммен істеген ісімді түсінемін» дегендей оқушылардың негізгі білім және білік дағдыларын қалпыстырады. Қазіргі кезде білім беру технологияларының негізгі бағыттарының бірі саралап оқытуға көп көңіл бөлінуде. Оқушыларды саралап оқыту ( деңгейлік тапсырмалар беру арқылы) Америкада бастауыш сыныптардан, ал Жапония мен Франция елдерін ортаңғы және жоғарғы сыныптарда жүзеге асырылуда.

Күнделікті сабақтарда әсіресе 5- 7 сынып оқушыларымен деңгейлік тапсырмалар беру арқылы саралап оқыту технологиясын пайдаланған өте тиімді. Себебі бұл сынып оқушыларының жас ерекшелігіндегі психологиялық жағдайларын пайдаланып, олардың бір-біріне деген қызығушылығын, еліктеу қасиеттерін ескере отырып дамытуға мүмкіндік туындайды. Айта кететін жағдай: бұл технологияны пайдаланғанда сынып оқушыларын білім, білік, дағдыларының қалыптасуына, зейіні мен есте сақтау қабілеттеріне қарай бірнеше топқа бөлу қажет. Оны «А», «Б», «С» тобы деп немесе І, ІІ және  ІІІ- топ деп бөлуге болады.  Тағы бір ескеретін жағдай білім алу барысында оқушылар бір топтан екінші топқа даму қабілетіне қарай көшіп отырады. Мысал ретінде 7 сыныпта өткізілген «Еуразияның ішкі сулары» атты ашық сабақтан панорамалық сабақ көрсетейін.

Сабақты дәстүрлі емес сабақ ретінде, яғни саяхат сабақ ретінде өткіздім. Сабақ үш аялдамадан тұрады.

Олар «Білемін» «Білгім келеді» «Білдім». Саяхатқа шықпас бұрын оқушылар жан-жақтан межелі орынға жиналып шуылдасып жатпай ма? Сол мезгілді елестеп миға шабуыл ойын ойнаймыз. Тақтаға ішкі су дегенді қалай түсінеді, соны тез-тез жазып шығады. Соның ішінен негізгі ұғымды «Көл, өзен, жер аты сулары, мұздықтар, батпақтар, бөгендер т.б. бөліп аламыз».

«Білемін» аялдамасында әр топқа деңгейлік  тапсырма беріледі.

Мысалы мынадай:

ІІІ топқа 1) Өзен деген не? Арна, саға, сала, бастау.

ІІ топқа:  Көл — қазаншұңқырына қарай қалай бөлінеді? Ағынды, ағынсыз көл деген не?

І топқа:  Жер асты сулары, түрлері қандай? Мұздықтар пайда болуына қарай қалай бөлінеді?

Бұл аялдамада оқушылардың 6-шы сыныпта алған білімдерін еске түсіреміз де енді деңгейлік тапсырманы күрделендіре түсеміз.

ІІІ топқа: өзен жүйесі, өзен алабы, өзеннің қоректенуі деген не? Бұл топ оқушыларына үлестірмелі дидактикалық материал бірге беріледі.

ІІ топқа: Ең ірі тау мұздығы қалай аталады?

І топқа: Жер асты суының деңгейіне не әсер етеді? Батпақтардың пайда болу себебі неде?

Осы сұрақтарға жауап алсақ 2-ші аялдамаға жетеміз.

«Білгім келеді» аялдамасында жаңа тақырып бойынша тапсырмалар беріледі.

  • деңгейде: ІІІ- ші топқа картадан (оқулық картасы) өзен алаптарын тауып, өзендерді көрсету тапсырылады.

ІІ- топқа: осы өзендерді қабырғада ілулі тұрған картадан көрсету тапсырылады.

І- топқа: климаттық белдеулердің өзен рижіміне қандай әсері барын анықтау тапсырылады.Сонымен қатар диаграмма бойынша өзен режімін айлар бойынша өзгерісін анықтау тапсырылады.

  • деңгейде:

ІІІ- топқа: Арасан деген не? Оның маңызы қандай деген сұрақтар беріледі.

ІІ- топқа: Каспий, Байкал,Арал,Балқаш, Онега, Ладога көлдері туралы

не білесіңдер ? (оқулықпен жұмыс)

І-топқа: 87 беттен (өтіп кеткен тақырып мұз басу,көп жылдық тоң қабаты) (Кола түбегі, Таймыр түбегінде 1500 метр оның 40-150 см беті ғана жазда ериді)

Батпақтар қайда орналасқан? (Палосье, Мещера, Батыс Сібір т.б.) пайда болу себебі не деп ойлайсыңдар?

    3 — деңгейде: (шығармашылық)

ІІІ-топқа: «Өзен» сөзіне сөзжұмбақ жасау тапсырылады.

ІІ-топқа: Анықтамалық материалдардан кейбір өзен-көл аттарының аталу    себебін анықтау, (Каспий- тайпа аты, Балқаш- монгол тілінен «батпақты» т.б.) экологиялық жағдайын сипаттау.

«Білдім» аялдамасында барлық топтар бірлесе отырып тест тапсырмасын  орындайды. Мұғалім қорытынды жасайды. Үйге тапсырма беріліп, әрбір топ оқушылары жеке бағаланады.

Деңгейлік тапсырмаларды орындау барысында әрбір оқушы өз шамасына қарай тапсырма орындау арқылы оқулықпен, картамен, дәптермен жұмыс жасайды. Сонымен бірге оқушылар топпен жұмыс жасау барысында бір-біріне көмектесіп отырады. Оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артып, пән бойынша білім сапасының артуына мүмкіндік береді.

Сонымен саралап оқуту дегеніміз- оқушының туа біткен ақыл – ой қабілетінің  жеке дамуының жан- жақтығына негізделген білім беру жүйесі.  

География пәнінің өзіндік ерекшелігіне байланысты мен өз тәжірибемде сөз әдісін, наменклатуралық білім беруде сұрақ –жауап әдісін , тестік жүйенің әр түрін қолданамын.

Оқушылармен қабілетіне қарай жеке жұмысты қайталату арқылы,  білім негіздеріне қарай карточка жасап келіп  сұрау арқылы, кескін картамен жұмыс істету арқылы және тестік тапсырмалар арқылы жүзеге асырып отырдым.

Ал оқушылармен оқу- білім беру жұмыстарын ұйымдастырғанда оқытудың жеке, ұжымдық түрлерін көбірек пайдаланамын. Жоғарғы сыныптарда оқушылардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауға негізделген Web-технологияны көбірек пайдаланамын. Соның нәтижесінде оқушылардың іздену, зерттеу қабілеттері дамиды.

Пәннің ерекшелігіне байланысты Шаталовтың тірек-сызба технологиясын, Давыдовтың оқушыларды дамыта оқыту технологияларын пайдалану арқылы білім беру тиімді деп ойлаймын.

Наметова Ғалия Тулеевна,

Жоғарғы санаттағы география-биология пәндерінің мұғалімі,

Еңбекші орта мектебі,

Қарасай ауданы, Алматы облысы.

 

12 жылдық білім берудегі  мектеп түлегінің құзыреттілігін дамытудағы бейінді –бағдарлы оқытудың ролі.

 

Қазіргі кезеңде әлемдік құрылым Қазақстанды нарық экономикасындағы мемлекет ретінде қабылдайды. Сондықтан, қоғамдық қатынастар жүйесіндегі өзгерістер білімге де әсер етеді, оның жаңа тарихи кезең талаптарына, жалпы экономиканың дамыту қажеттіліктеріне сай болуын қалайды.

(Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі Білім беруді дамыту тұжырымдамасынан)

Күннен күнге өсіп келе жатқан халықаралық бәсекелестік, қоғамда болып жатқан өзгерістердің ауқымы мен қарқынының өсуі білім беру саласының, мемлекет дамуының басты факторларына айналуына себеп болып отыр. Ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Білім біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік сол білімді іске асыра білу дағдысы», деп білім мен біліктілік жайлы үлкен ой айтқан еді. Себебі  ертеңгі келер күннің бүгінгіден нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын –білім. Тек  білімді ұрпақ қана қоғамға қозғаушы болатыны сөзсіз. Қазіргі заман талабына орай білім беру жүйесінің алдында қоғамдық құндылықтарды, мәдениетті, қоғамдық белсенді шығармашылыққа бейімделген міндеттерді атқара алатын тұлғаларды дайындау міндеті тұр.[ 1]

Қазақстан қоғамының қазіргі геосаяси, экономикалық әлеуметтік жағдайы, әлемдік білім кеңістігіне кірігуі Қазақстан Республикасының жалпы орта білім жүйесін жаңғыртуды, атап айтқанда, орта білім мазмұны мен құрылымын , мақсаттарын қайта қарауды және оқыту мерзімін кеңейтуді талап етті.Сондықтан да Қазақстан Республикасында 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшу жағдайы күннен күнге дамуда.

Қазақстанның 12 жылдық білім беруге көшуі білім берудің жаңа ұлттық моделін  жасаудың стратегиялық міндеттерін табысты шешуге мүмкіндік береді.[2]

12 жылдық білім берудің басты мақсаты:

Өзінің және қоғамның мүддесіне өзін-өзі  белсенді етуге дайын, өзгермелі даму үстіндегі ортада өмір сүруге бейім, бәсекеге қабілетті және құзіретті, шығармашыл, білімді тұлғаны дамыту және қалыптастыру.

Білім берудің күтілетін нәтижелері белгіленген мақсатқа сәйкес мектеп түлегінің негізгі құзыреттілігі төмендегідей болады:

1.Құндылықты –бағдарлы құзыреттілік–

Оқушының қоршаған ортаны бірдей қабылдайтын қабілеті, жоғарғы әдептілік құндылықтар негізінде қоғамдағы орнын таба білу біліктілігі, азаматтылығы мен елжандылығы .Бұл құзыреттілік өмірдегі түрлі жағдайларда шешім қабылдай білу білігін қамтамасыз етеді. Ең бастысы, өзінің Отаны Қазақстан патриоты болу, азаматтық белсенділігін көрсету,саяси жүйені түсіну, болып жатқан әлуметтік жағдайларға баға бере білу.

2.Мәдениеттанымдық құзыреттілік—

жалпы адамзаттық мәдениет негіздерін, ұлттық мәдениеттің ерекшеліктерін тани білу. Адам мен қоғамның дамуындағы ғылымның ролін түсіну. Өз халқының мәдениеті мен әлем мәдениетінің көптүрлілігін түсіну және бағалай білу,рухани келісім мен толеранттылық (төзімділік) идеяларына бейім болу.

3.Оқу-танымдық құзыреттілік –

Оқушының зерттеу әрекеті мен өзіндік оқу –танымдық үрдісін қамтамасыз ететін кешенді құзырлылық. Бұл құзырет өзінің білімділік қызметін ұйымдастыра білуді, тиімді жоспарлай білуді, ғылым негіздерін игеруге негізделген ізденушілік –зерттеушілік әрекеттеріне талдау және қорытынды жасау тәсілдерін қарастырады.

4.Коммуникативті құзіреттілік –

Адамдармен өзара әрекет пен қарым-қатынас тәсілдерін білуді, түрлі әлеуметтік топтарда жұмыс істеу дағдыларын, өмірдегі нақты жағдайларда шешім қабылдау үшін байланыстың түрлі объектілерін қолдана алу білігін, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінде, халықаралық  қатынаста шетел тілінде қатынас дағдылары болуын қарастырады.

  1. Ақпараттық –технологиялық құзыреттілік –

Бағдарлай білу, өз бетінше іздей білу, талдай, таңдай білу, сақтай білу, білім мен ақпаратты, ақпараттық технологиялар мен техникалық объектілердің көмегімен жеткізуді жүзеге асыра білу және интерпретациялау білігі.

  1. Әлеуметтік –еңбек құзыреттілік-

Отбасылық, еңбек, экономикалық, саяси, қоғамдық қатынастар саласындағы белсенді азаматтық –қоғамдық тәжірибе мен білімге ие болуды білдіреді. Бұл құзырет әлеуметтік –қоғамдық жағдайларға нақты жағдай жасай білуді,түрлі өмірлік жағдайларда жеке басына және қоғам мүддесіне сәйкес ықпал ете білуді қарастырады.

  1. Тұлғалық өзін-өзі дамыту құзыреттілігі.

Бұл құзырет отбасылық, еңбек, экономикалық және саяси қоғамдық қатынастар саласындағы белсенді азаматтық-қоғамдық қызмет жөнінде білімі  болуын білдіреді. Құзырет нақты әлеуметтік –қоғамдық жағдайларға талдау жасай білуді, түрлі өмірлік жағдайларда жеке және қоғам мүддесіне сәйкес шешім қабылдауды және ықпал етуді қарастырады.

12 жылдық мектептің әр сатысында оқушыны жеке тұлға ретінде қабылдап, оның бойында осы құзыреттіліктерді дамыту мұғалімнің кәсіби құзыреттілігіне байланысты. [2]

Білім берудің  үшінші сатының бағдары- жалпы орта білім берудің соңғы кезеңі болып табылатын, оқытудың саралануы мен даралануына, оқушылырдың білімін жалғастыруға қатысты жеке және өмірлік өзін-өзі танытуына ықпал ететін талабымен, қызығушылық ниетімен сәйкес әлеуметтендіруге бағдарланған бейіндік оқытуды іске асыруға жағдай жасау. Мектеп түлегінің білім алуы кезінде бағдарлы -бейінді білім беруде оқу-танымдық құзыреттілік –яғни ғылым негіздерін игеруге негізделген ізденушілік –зерттеушілік әрекеттеріне талдау және қорытынды жасау қабілеттері дамиды.

Сондай-ақ оқушының тұлғалық өзін-өзі дамыту құзыреттілігі дамиды.

Оқушы отбасылық, еңбек, экономикалық және саяси қоғамдық қатынастар саласындағы белсенді азаматтық-қоғамдық қызмет жөнінде біліміді  болады. Оқушы  әлеуметтік –қоғамдық жағдайларға талдау жасауға үйренеді, түрлі өмірлік жағдайларда жеке және қоғам мүддесіне сәйкес шешім қабылдауға және ықпал етуге үйренеді.

Осы мақсатта Еңбекші орта мектебінің ұжымы мұғалімдерінің кәсіби деңгейіне және оқушылардың қызығушылық қабілеттеріне негіздей отырып, жаратылыстану-математикалық бейінімен, математикалық, география, биология, химиялық бағыттары бойынша білім беріп отыр.

Бағдарлы оқытудың мақсаты

Оқушылардың өзіндік білім алу бағдарламаларын құруды және оның жүзеге асырылуын,  оқушының отбасында, жергілікті және аймақтық ортада әлеуметтенуін, оқушыларды орта және кәсіптік оқу орындарына дайындау үшін орта жалпы білім беру бағдарламаларындағы жеке пәндерді тереңдетіп оқытуды қамтамасыз ету болып табылады.

Осы бейінді-бағдарлы оқыту мынадай міндеттерді шешеді:

1.бірнеше пәнді қандай да деңгейде тереңдетіп оқыту;

  1. оқушылардың жеке қабілеттерін оқыту барысында жан-жақты ескеру;
  2. орта және жоғарғы білім салаларының сабақтастығын жетілдіру;

Жоғарғы сынып мұғалімі ретінде мен 10-шы сынып оқушыларына негізделген «Табиғат және қоғам» деп аталатын бағдарлы курсты жүргізіп келемін. (Курстың бағдарламасы жасалынып , бекітілген.)

10- сынып оқушыларына негізделген «Табиғат және қоғам» деп аталатын курсын бағдарламаға енгізудегі мақсатым, адамзатты біртұтас қоршаған ортаны, табиғат пен қоғам арасындағы байланыстарды қарастырып, табиғатты қорғай білуге, елін-жерін және мәдениетін сүюге тәрбиелеу. Сондай-ақ қоғамның табиғатқа әсерін  талдай отырып, оқушылардың өзіндік талдау, салыстыру қабілеттерін дамыта отырып, көшбасшылық дарынын анықтау. Жоғарғы сынып оқушыларының көбі ҰБТ бойынша география пәнінен тест  тапсыратын болғандықтан да  географияны тереңдетіп оқытудың маңызы зор деп ойлаймын.

Бағдарлы оқытуды жүзеге асыру барысында оқушылармен табиғат пен қоғам арасындағы байланыстың оң және теріс жақтарын қарыстыра отырып, оны шешу жолдарын іздестірдік. Табиғаттың өзін-өзі қалыптастыру, тазалау, даму заңдылықтарының бұзылатын ауқымын есептедік. Табиғат пен қоғам арасындағы шиеленістің ҒТР кезеңінде қаншалықты күрделене түсетіндігіне көз жеткіздік. Табиғатты қорғау іс-шараларын қарастыра отырып, дүниежүзілік және халықаралық  келіссөздер мен заңнамалық құжаттарды талдадық.  Мысалы 1992 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен «Қоршаған орта және Даму» бүкілдүниежүзілік конференциясында қоршаған ортаны қорғау ісіне көзқарасты түбегейлі өзгерту қажеттігі қойылған болатын.  Сондай-ақ азаматтық қоғам құру, планетаны басқару тәсілін жетілдіру мәселесі, табиғи ресурстарды пайдалану бір немесе бірнеше ұрпаққа ғана емес, болашаққа да жетерліктей жобалануы «Жер Хартиясы» деп аталатын Жерді қорғаудың жаңа концепциясы, «ХХІ- ғасырға Күн тәртібі» деп аталатын тұрақты Даму бағдарламасы осы конференциядан бастау алғандығы туралы айтылды. Сонымен қатар оқушылармен Қазақстан Республикасының табиғатты қорғау заңдарына талдау жасалды.

Оқушы бойында экологиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруда бағдарлы курстың ролі өте зор. Себебі қазіргі кезде адамзаттың тек тұтыну пиғылы жоғарлауда. Төңірегімізге көз салып қарайықшы ,  «тек маған ғана жақсы болса» дейтіндер көбеюде…Жап-жақсы, өз орнында тұрған мүлікті сындырып, үйіне тасиды. Керек болсын , болмасын бәрібір.  Балық ауласа қаптап, құс атса ондап-жиырмалап алғысы келеді. Киік ауласа кездескенін түгел қырып жатады.Мұның өзі адамдардың экологиялық санасының өте төмендігін көрсетпей ме?

Тұрақты даму экономикалық басымдылықтар қайта қаралмай жүзеге аспайды. Біз планетаның қожасы емес, оның балаларымыз. Табиғат біздің –анамыз! Планета балаларының құқығы бірдей. Демек әрбір тұрғын экономикалық белсенділік танытқанда, онысы төңіректегі қоршаған ортаға, оның адамдарына теріс әсерін тигізбей ме, соны ұмытпауы тиіс екендігін ұғынады.

Сондай-ақ курстың бағдарламасы өлкетану материалдарын да қамтиды. Өз жеріміздегі сыртқы орта жағдайларын түсінуге, оған болжам жасай білуге үйретеді .

Сонымен, мектептің жоғарғы  сатысында  жаратылыстану пәндерінің бағдарлы курстары оқушыларға әлемді жалпы біртұтас қарастыра отырып, оның даму заңдылықтарын, себеп-салдарын ұғындырып, ғылым жетістіктерін өмірде пайдалануға үйретеді.

 

 

 

                                                                                           

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер

 

 

  1. Нәтижеге бағдарланған білім берудегі ізденіс, тәжірибе, шығармашылық қызметтер Алматы 2008 ж. АОМКДИ
  2. «12 жылдық білім» Республикалық ғылыми-әдістемелік және ақпараттық-сараптамалық журнал 2006 жыл № 8
  3. «Математика және физика» ғылыми-әдістемелік журнал 2005 жыл    № 2.
  4. Еңбекші орта мектебінің Ғылыми-әдістемелік қызметі –материалдары.
  5. Б.И.Иманбекова «Мектептегі ғылыми- әдістемелік жұмыстар» Алматы 2003 жыл
  6. «Дүние» №3 2002 жыл ақпараттық-талдамалық экологиялық және тұрақты даму журналы.