ЕЛ БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ – САПАЛЫ БІЛІМДЕ
ЕЛ БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ – САПАЛЫ БІЛІМДЕ
Сайлау Айжан,
Ойыл қазақ орта мектебі, физика пәнінің мұғалімі
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтар, ғылым жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; Оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық, ғаламдық, коммуникациялық желілерге шығу» делінген. Егемен еліміздің білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін жасалып жатқан талпыныстар жағдайында әртүрлі әдіс – тәсілдерді қолдана отырып, терең білімді, ізденімпаз, барлық іс — әрекетінде шығармашылық бағыт ұстанатын, сол тұрғыда өз болмысын таныта алатын, өз еліне, отанына деген патриоттық сезімі жоғары деңгейде дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру маңызды міндет болып отыр .
Қазіргі таңда еліміз экономикасы қарыштаған, ғылым мен техникасы жоғары дамыған қоғамда дүние жүзінен өз орнын алу мақсатында жан-жақты бағдарламаларды жүзеге асыруда. Соған сәйкес біздің болашақ түлегіміз қазіргі мектеп оқушылары техниканың дамуына негіз болатын жаратылыстану бағытында жетік болуы тиіс. Физика – қазіргі техниканың негізі болып табылатын, мамандық таңдауда үлкен маңызы бар, қиын да қызық пән. Дегенмен, оның қиындығы мен күрделілігін жеңе білу ұстаз шеберлігінде. Сондықтан мұғалім тек мектеп бағдарламасымен шектелмей, түрлі әдіс – тәсілдер арқылы оқушыларға кез – келген проблеманың шешімін табу жолын үйретіп, болашақ өмірде оларды қолдана білуге дағдыландыруы керек.
Осы мақсатқа бағытталған іс — әрекет нәтижесін төмендегідей мысалдармен түсіндіруге болады:
Батпырауық қалай ұшады (Ортаның кедергісін түсіндіру)?
Неліктен батпырауықтың жібін алға тартқанда ол жоғары ұша бастайды? Батпырауықты ұшырған соң бауынан төментартамыз. Сонда ол көлбеу қалыпқа келеді. ОС бағытында жазықтыққа перпендикуляр бағытта ауа кедергі жасайды. ОС күші екігежіктеледі: ОД және ОР. ОД батпырауықты кейін қарай тартады және жылдамдығын азайтады. ОР күші аппаратты жоғары қарай бағыттайды, және салмағын азайтады. Сондықтан батпырауықты алға қарай тартқанда ол биігірек ұшады [8].
Шикі және піскен жұмыртқаларды
қалай айыруға болады?
(айналмалы қозғалысты түсіндіру)
Жұмыртқаның қабығын жармай, оның піскен немесе шикі екендігін қалай білуге болады? Механиканы білетін оқушы оны оңай ажыратады. Мәселе шикі және қайнаған жұмыртқалардың бірдей айналмайтындығында. Жұмыртқаны жазық тәрелкеге қойып, айналдыру керек, қайнаған жұмыртқа шикіге қарағанда тезірек және ұзағырақ айналады. Оның себебі, қайнаған жұмыртқа тұтас дене есебінде, ал шикі жұмыртқаның ішіндегі сұйық зат қатты қабықтың ішінде өз инерциясын сақтап, бірден айналмалы қозғалысқа түсе алмайды.
Қайнаған және шикі жұмыртқалардың айналғаннан соң, тоқтауы да әртүрлі жүзщеге асады. Айналып жатқан піскен жұмыртқаға қолыңды тигізсең, бірден тоқтайды, ал шикісі сәл тоқтап, қолыңды алған соң, қайтадан бірнеше айналым жасайды. Бұл да инерцияның әсерінен болады [8].
Таразы басы тең бе (дененің жүзу шарттарын түсіндіру)?
Таразының екі табағына су толы екі бірдей шелекті қойып, біреуіне ағаш кесегін тастасақ, қай жағы басымырақ болар еді? Осы сауалға біреулер ағаш салған жағы ауыр болады, себебі, сумен қоса ағаштың да салмағы бар деп жауап берсе, енді біреулері керісінше, судың салмағы ағаштан ауыр болады дейді. Бірақ, екі жауап та дұрыс емес, екі шелектің салмағы бірдей. Екінші шелекте су азырақ, себебі, ағаш судың қайсібір көлемін ығыстырады, бірақ, денелердің жүзу шарттары бойынша, жүзіп жүрген денелер өзінің тұтас салмағына тең су мөлшерін ығыстырады. Сондықтан таразы басы тең.
Жоғарыдағы мысалдарды келтіре отырып, оқушылардың логикалық ойлау жүйесін белсенді түрде дамытуға, ой-өрісінің қарқынды дамуына маңызды үлес қосуға болады. Осылайша балаларға ой-қиялмен елестете отырып, болжам жасауға ықпал ету оның ақыл-ойының алға қарай өрістеуіне жағдай туғызады.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан — 2030» даму бағдарламасында Қазақстан халқына арналған жолдауында «Біздің жас мемлекетіміз өсіп, жетіліп кемелденеді, жас шәкірттер, ұрпақтар ағамен бірге ер жетеді. Олар өз ұрпағының жауапты да жігерлі, білім өрісі биік еліміздің өкілдері болып табылады» деген болатын. Олай болса, еліміздің болашағы, ұлт тізгінін ұстайтын бүгінгі жастарымызды тәрбиелеуде ұстаздар қауымының атқарар ролі зор. Сондықтан мектеп оқулықтарымен ғана шектеліп қоймай, танымдылық процесін жетілдіру, толықтырудың жаңа бағыттары мен тәсілдерін жан-жақты ізденгені абзал.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- ҚР «Білім туралы» заңы
- А.В.Перышкин, Н. А. Родина, Х. Д. Рошовская. «Физиканы оқыту » Алматы, «Мектеп»-1979ж.
- Я. И. Перельман. «Занимательная физика», Москва, «Наука»-1991
- «ИФМ» ғылыми- әдістемелік журнал, №2, 2001ж
- «Қазақстан — 2030» даму бағдарламасы