Оқушылардың, педагогтар мен ата-аналардың қажеттілігіне бағытталған мектептің тәрбие жүйесін дамыту
Оқушылардың, педагогтар мен ата-аналардың қажеттілігіне бағытталған мектептің тәрбие жүйесін дамыту
Тәрбие – көп қырлы, күрделі, төзімділік пен шығармашылықты қажет ететін үдеріс. «Ал мектептің тәрбие жүйесі – «бір-бірімен тығыз байланысқан компоненттер жиынтығы». Тәрбие жүйесіне ортақ нәрсе: тәрбие ісіндегі мақсаттар тізбегі, жетекші іс-әрекет түрі, әр түрлі жастағы балалардың ынтымақтастығы және қоршаған ортамен әрекеттесуі, тәрбиелік орталықтардың болуы, оқыту мен тәрбие процесінің өзара байланысы және бірін-бірі үзіліссіз толықтырып отыруы».
Білім мен тәрбие бір-бірінен бөлінбейтін егіз ұғым болғандықтан, оларды бөліп қарауға болмайды. Осы егіз ұғымды жас ұрпаққа сіңіру – игілікті іс. Ал, бұл игілікті істің ұйытқысы – ұстаз екені баршаға аян.
«Әр халықтың өз жеке тәрбие жүйесі бар… Қаншалықты қызығарлықтай болса да, басқа халықтың үлгісімен өмір сүруге болмайтыны сияқты, қанша жерден ойланып жасалған, жақсы деген бөтен педагогикалық жүйе бойынша да тәрбие беруге болмайды. Әр халық бұл тұста өз күшіне сенім артқаны абзал» деп К.Д.Ушинский айтқандай бүгінгі таңда жас ұрпақты өз халқының салт-дәстүрін, тілін, дінін, тегін, тарихын білетін етіп тәрбиелеу — өмір талабы. Бұл, әрине мектептің, мұғалімнің, ата-ананың қоғам алдындағы борышы.
Баланың алғашқы адами құндылықтары отбасында қалыптасатыны белгілі. Алайда, ешбір ата-ана өз баласының жаман болғанын қаламайтыны шындық. Егер әр түрлі себептермен баласы тура жолдан шығып кетсе, ол ата-ананы кінәламай, бірлесіп жұмыс істеу керек, яғни олармен дұрыс қарым-қатынас орнатқан жөн. Екіншіден, ол отбасының барлық жағдайын зерттеген дұрыс, ал үшіншіден, істелген жұмыстың бәрі алдын ала терең жан-жақты ойластырылған болу керек.
ҚР Конституциясының 27-бабында: «Бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы, әрі парызы» делінген. Сондықтан баланың өмір тану қадамы үйден, отбасынан басталатынын ескерсек, әр ата-ана өз баласының тұңғыш тәрбиешісі және оның әрбір іс-әрекеті балаға сабақ. Отбасының берекесі, жан жылуы, бір-бірімен сыйластығы балаға ерекше әсер етеді. Бірақ соңғы уақытта теледидардан көрсетілетін неше түрлі саны бар да, сапасыз фильмдер бала санасын тез улап, еліктіріп жүргені де жасырын емес. Қазіргі уақытта отбасы тәрбиесінен гөрі теледидар тәрбиесі басым болып кеткені шындық. Сондықтан баланы жан-жақты тұлға етіп қалыптастыруға мектеп, отбасы және қоғам боп бірігіп бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Ол үшін оқушылардың, педагогтар мен ата-аналардың қажеттілігіне бағытталған мектептің тәрбие жүйесін патриоттық тұрғыда ұлттық тәрбиені кеңінен насихаттау арқылы дамыту керек деп есептеймін.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев “Қазақстан-2030” Стратегиялық бағдарламасында: “Жастарды қазақстандық патриотизмге шығармашылық жағынан дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеу қажет. Бүгіннен бастап ұлттық мінез-құлық, биік талғампаздық, тәкаппарлық, тектілік, білімділік, ұлттық намыс қасиеттерін сіңіріп қалыптастыруымыз керек”, – деп ерекше тоқталып өтеді. Қазіргі кезде жастарымыздың арасында Отанды қорғауға деген саналы көзқарастың болмауы салдарынан әскер қатарында келеңсіздіктер жиі кездесіп қалуда. Сондықтан да мектепте патриоттық тәрбие беруді нықтап қолға алудың кезі жетті. Тәрбиенің бұл түрі жас ұрпақты елін, жерін қорғауға, ұлттық әскер сапында адал қызмет атқаруға, азаматтық қасиеттерге баулиды.Ол үшін қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан отансүйгіштік тәлім дәстүрлерін, әдістері мен құралдарын жинақтап, оны оқушы тұлғасын қалыптастыруда ұтымды қолдану – бүгінгі күннің өзекті талабы.
Бұл туралы президент Н.Назарбаевтың өзі де “Қалың елім – Қазағым” жинағында ерекше айтып өтеді. Ол “…Қазақстанда тұратын әрбір адам өзін осы елдің перзенті сезінбейінше, оның өткенін біліп, болашағына сенбейінше біздің жұмысымыз ілгері баспайды…” және “Біз қазақстандық патриотизмді Отанын, жері мен суын шексіз сүю, халқының өнеге-дәстүрін, әдет-ғұрпын, елдің тарихын құрмет тұту, мүддесін көздеп, бостандығы мен құқын қорғау, әр адамның күш-жігерін ел бірлігін нығайтуға, азаматтық татулықты баянды етуге және ұлтаралық татулықты тұрақтандыруға жұмсау” деп жазған еді.
Тамыры терең патриоттық тәрбиенің көзі ұлттық тарихымызда екенін айта келіп, мен өзім қызмет ететін Жетібай кентіндегі №4 орта мектептің тәрбие жүйесінің құрылымын мына компоненттер арқылы талдап көрсетейін:
Мектептегі тәрбие жүйесінің мақсаты— оқушылардың Қазақстан Республикасының азаматтары және патриоттары ретінде қалыптасуы мен өзін-өздері танытуларына, болашақ мамандық иесі болып, кәсіби, интеллектуалды және әлеуметтік шығармашылыққа жетуіне оңтайлы жағдай жасау.
Міндеттері:
— Денсаулығы зор, рухани дүниесі бай, адамгершілікті, тәуелсіз жеке тұлғаны қалыптастыруға ықпал ететін тәрбие жүйесін құру және дамыту;
— Балалар мен жастарды отансүйгіштікке, зиялылыққа, адам құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттік рәміздер мен ұлттық дәстүрлерді сыйлауға тәрбиелеу;
— Мемлекеттік тілді және басқа тілдерді үйрену арқылы балалар мен жастардың әлем және ұлттық мәдениетті игерулеріне, Қазақстан халықтарының дәстүрлері мен мәдениетін зерттеуіне және қабылдауына жағдай жасау;
— Жеке тұлғаның өзін-өзі іс жүзінде көрсетуі мен ары қарай дамуына ықпал етуде оқушылардың танымдық қызығушылығын, олардың шығармашылық қабілеттерін, жалпы білімге икемділігін және гумманистік дүниетанымын қалыптастыру;
- Қоғамда орнықты қалыптасқан дәстүрлер негізінде этникалық және діни толеранттылықты тәрбиелеу;
- Балалар мен жастардың бойында Қазақстанға сырттан енуші этнодіни экстремизм мен түрлі радикалды ағымдарға қарсы әрекет ете алатын дағдылар қалыптастыру;
- Отбасылық тәрбие жүйесін қайта жандандыру және отбасын білім беру мекемелерінің тәрбие жүйесіне араластыру;
Отаншылдық- ең ізгі сезім
Отанын сүйген азамат ол үшін отқа да, суға да
түседі. Бірақ нағыз азамат оны ерлік жасадым
деп есептемейді. Азаматтық міндетімді
атқардым, Отан алдындағы перзенттік
борышымды өтедім деп біледі.
Б.Момышұлы
Ұраны: Отаным- алтын бесігім
Мақсаты:
Өз Отанына шексіз берілген патриоттық рухы жоғары, ержүрек, қайсар, елі мен жерін сүйетін ел азаматын тәрбиелеу.
Жұмыс мазмұны: ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2009 жылғы №521 бұйрығымен бекітілген тәрбие тұжырымдамасы негізінде түзілген.
Жұмыс түрлері:
- Олимпиадалар
- Рәміздерді насихаттау
- Стенд, бұрыш жасақтау, қабырға газеттері
- Ұлттық ойындар
- Әнгімелесулер
- Интеллектуалды ойындар
- Көркем әдебиеттегі батырлар бейнесі
- Ардагерлермен, жауынгер-интернационалистермен кездесу
- Әдеби және музыкалық-тақырыптық кештер
- Мұражайға саяхат
- Ерлерге орнатылған ескерткіштер
- Әскери – патриоттық сайыстар, байқаулар
- Шығармалар, көркемсөз оқу
Әдістері:
үйрету, нұсқау, педагогикалық талап, өзін-өзі басқару, мадақтау, жаттығу,
іздендіру т.б.
Нәтижелі болу үшін:
- Мемлекеттік рәміздердің тарихын білу
- Қазақстанда тұратын ұлттар мен ұлыстардың мәдениетімен танысу
- Қазақ тілінің мәртебесін көтеру
- «Қазақстан-2030» бағдарламасын іске асыру
- Әскери-патриоттық ойындарға қатысу
- Қазақ батырлары туралы насихаттау
- Туған өлкенің тарихын терең зерделеу
Елдік қасиеттердің жиынтығы
— азаматқа тән адамгершілік
-шешенге тән алымдылық
-данаға тән білгірлік
-биге тән көсемдік
-әулиеге тән көрегендік
Патриоттық сезімді қалыптастыру көзі
Қобыланды, Қамбар, Ақын — жыраулардың, билердің
Ер Тарғын, Алпамыс тұлғалары татулыққа, адамгершілікке, елін сүюге шақырған
өлең жырлары, шешендік сөздері
Үлгі ететін қасиеттер
Ер Төстіктің Бекет атаның Исатай батырдың Сырым батырдың Б.Момышұлының
қаһармандығы әулиелігі ел бастаған билігі шешендігі батырлығы
Патриоттық сезімге тәрбиелейтін жаңа кинофильмдер
«Жас ұлан» әскери-патриоттық «Жаужүрек мың бала» «Қара шаңырақ»
сериал фильмі фильмі
Әдістемелік құралдар
- «Бауыржан Момышұлы мұрасы және патриоттық тәрбие» бағдарламасы
- Игілікова Р. «Шаңырақ» бағдарламасы
- Рамазанова А. «Менің отбасымның өнегесі», «Шаңырақ» ойындары
- Ұлағат ұясы. Алматы, «Информ-А», 2002 ж.
Түйіні: «…Мұндай балалар мектепті бітіргеннен кейін қай жұрттың арасында жүрсе де, сүйегіне сіңген ұлт рухы жасымайды, …қайда болса да тіршілігінде, қандай ауырлық өзгерістер көрсе де ұлт ұлы боп қалады…» /М.Дулатов/ .
Әрбір жас өскінді жан-жақты білімді, еңбексүйгіш, өз Отанын елін беріле сүйетін, қажет болса Отан үшін отқа түсуге даяр тұруға баулу, шыңдау мектептің, ата-ананың басты міндеті. Сондықтан, бұған ерекше мән беріледі.
Бүгінгі бүлдіршіндер, жасөспірімдер – ертеңгі болашағымыз. Ата-бабалары мен ағаларының, жауынгерлік ерлік дәстүрін қадірлеп, қастерлеп ары қарай жалғастырып алып кететін де солар. Олардың санасы жоғары, сезімі мөлдір, жаны сұлу болуы тиіс. Ол үшін жасөспірімдерді патриотизм рухында тәрбиелеп, шыңдай беру күн тәртібінен түспейтін жауапты әрі абыройлы жұмыс.
«Жапырақ тамырдан нәр алады» дейді халқымыз.Сол айтқандай оқушыларға тәрбие беру үшін бабаларымыздың әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін, еңбексүйгіштік қасиеттерін өзі өскен отбасы мен мектеп табалдырығынан алатынын әсте естен шығармайық.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Қожахметова К. «Мектептің ұлттық тәрбие жүйесі: теория және практика»
Алматы, 1997 ж. «Республикалық баспа кабинеті»
- Тәжібаева С.Ғ «Мектептің тәрбие үдерісінде оқушының ұлттық келбетін Қажиева Г.Т. қалыптастыру ». Алматы, 2010 ж.
- Әбенбаев С.Ш. «Тәрбие теориясы мен әдістемесі».
Алматы, «Дарын», 2004 ж.