Түркістан – болашақ туристік қала
Түркістан – болашақ туристік қала
Әлемдік тәжірибиеде туризмнен түскен табыспен ғана күн көріп отырған елдер бар. Оны былай қойғанда, Дүниежүзілік туристік ұйымның дерегі бойынша, әлемдік жалпы өнімнің оннан бір бөлігін, халықаралық инвестицияның 10 пайызын туризм қамтамасыз етеді екен. Әлемдік өндірістегі әрбір тоғызыншы жұмыс орны да осы саланың үлесіне тиесілі. Сондықтан дамыған елу елдің қатарына енуге талаптанып отырған Қазақстанда туризмді дамытудың маңызы зор. Ал, соның ішінде Түркістан өңірінде туризмді дамытудың мүмкіндігі мол.
Ежелгі Тұранның есігі мен бесігі Түркістан Орта Азия аумағында орналасқан ежелгі, дүние цивилизацияларының, бүкіл түркі тектес халықтарының рухани, мәдени орталығы ретінде танымал мекен болып саналады. Бұл қаланың сан ғасырлар бойы елдің басын біріктіріп, рухани негізді сақтап қалуға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Киелі қала осынау аласапыран тарих толқынында талай қиындықты бастан кеше отырса да өзінің салтын, дәстүрін, мәдениетін қалыптастыра білген.
Түркістан қаласының бүгінгі келісті келбетіне, сәнді-салтанатына, оның рухани бағыт-бағдары мен ізгі дәстүрлеріне көз қуантып көңілімізді марқайтады. Ашық аспан астындағы көптеген ескерткіштері арқылы қаланың ауасына тұнып тұрған халқымыздың тарихи жады санамызға сіңіп, өткен күннің сырлы да мұңды, асқақ та айбынды шежіресіне жетелейді.
Ислам әлемінде киелі орындарды рухани туристік бағыттың күретамырына айналдырған көптеген мемлекеттер бар. Араб мемлекетінде Мекке, Мәдина қалалары, Түркияда Кония жерінде Мәулана Руми кесенесі, Өзбекстанда Әмір Темір мавзолейі т.б. Батыс елдерінде рухани-мәдени туризм саласы қатты дамып, өз жемісін беріп отыр.
Қазақ халқының қарашаңырағы көне Түркістан қаласын көркейту, оның Орта ғасырдағы, XVII-XIX ғасырлардағы халқымыздың бірлігіне, ынтымағына зор қызмет еткен саяси-мәдени рөлін бүгінгі, ертеңгі ұрпаққа насихаттау бағытында өткен ғасырдың соңғы жылдары, жаңа ғасырдың басында Үкімет тарапынан біраз жұмыстар атқарылды. Түркістандағы тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтап қалу мақсатында дәл Түркістанның өзінен Мәдениет министрлігі тарапынан «Ескерткіштерді қайта қалпына келтіру» шеберханасы ұйымдастырылып, қыруар шаруалар тындырылды. Кезінде Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінде «Түркістан қаласының экономикасын дамыту», «Әлеуметтік-мәдени жағдайларын көтеру» туралы бірнеше қаулылар қабылданды. Өткен ғасырдың 80-жылдары республикалық «Казахстанская правда» газетінің редакциясы Түркістан қаласында «Түркістан – проблемалар қаласы» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Жоспарлау комитеті бастаған бірнеше министрліктердің басшылары қатысып, нақты шаралар белгіленді. Келер жылы тағы да осында жиналып, іс-шаралардың орындалу барысымен танысты. Соның нәтижесінде, қалада Аналар үйінің, мектеп, ауруханалардың жаңа ғимараттары салынды. Жолдар салынды, жөнделді. Осындай шаралардың арқасында ежелгі астанамыз болған тарихи қаланың әлеуметтік-экономикалық бейнесі жақсарды.
Қазақтың қаншама хандары мен билері, батырлары жастанып жатқан киелі Түркістанды Кеңес дәуірінің өзінде-ақ жақын-алыс шетелдерден ғалымдар мен ел басшылары, атақты тұлғалар қадірлеп, қасиеттеді. Жыл сайын оннан астам капиталистік елдерден туристер келетін.
Ал, тәуелсіздік алғаннан кейін, мұнда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен, ықпалымен халықаралық дәрежедегі университет ұйымдастырылуы, қаланың 1500 жылдығы ЮНЕСКО бағдарламасына cай халықаралық деңгейде атап өткізілуі – сөз жоқ Түркістанның келешек тарихи-мәдени статусын көтерудің нышаны болды. Жәдігер қаланың бұрынғы рөлін, миссиясын, беделі мен атағын әділеттік жолымен қайта қалпына келтіру мақсатында бүгінде Үкімет тарапынан көңіл бөлінбей жатыр деп айта алмаймыз. Алайда, Түркістанды түлету үшін алдымен алғаш шешілуі керек негізгі мәселелер бар.
Түркістан қаласының туристік орталық ретінде жандануына Елбасымыздың «Біздің ұрпақ алдында бабалар қол жеткізген игіліктерді сақтау, қайта қалпына келтірілген мемлекетімізді нығайту және дүниежүзілік қауымдастық талаптарына сай жаңа сапалық деңгейге көтерілу міндеті тұр» деген пікірі де оң әсерін тигізіп отыр.
Табиғаты рухани және мәдени, туризм кластеріне еріксіз сұранып тұрған аймақтың, қазіргі таңда «Түркістан қаласын Қазақстан Республикасының рухани, мәдени және туризм орталығы ретінде дамытудың 2010-2015 жылдарға арналған бағдарламасының» жобасы дайындалып, жоғары деңгейдегі органдарға ұсынылды.
Бұл жоба бойынша Қожа Ахмет Иасауи кесенесін қорғаудағы аймағы мен оның төңірегіне мынандай құрылыс жобаларының салынуы тиіс.
- Ғибадат етушілер мен туристерге қызмет көрсету орталығы. Жобаның құны 468 000 АҚШ доллары.
- Пантеон
- Қазақ мемлекетін негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандарының ескерткіші.
Біздің байқауымызша, әзірге, аталған қаланы туристік қалаға айналдыруға жан-жақты қаралған мәселені, ұзақ мерзімге болсын, бірақ түбегейлі шешуді, көздеген шаралар толық белгіленбеген сияқты. Қазіргі белгіленген, атқарылып жатқан жұмыстар қаланы көркейтуге бағытталғаны анық. Бұл өте жақсы, бірақ туристерді көбірек келтіруге қомақты қаржыға ие болып, қаланың бюджетін томпайтуға, жоғарыдағы істер, нысанаға алған мақсаттың алғышарттары ғана.
Бүгінгі күн тәртібінде өткір мәселе – Түркістанды туристік қалаға, туризм орталығына айналдыру. Туристерді қалада, кемінде екі күн ұстауға жағдай жасауымыз керек. Олар жазда салқын, қыста жылы қонақ үйлерге орналасатындай болуы керек. Түркістанда Ахмет Иасауи мавзолейінен басқа көз тоқтатып қайрайтындай не бар?
Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне келуші қонақтардың көпшілігі зиярат ету, арнайы Құран бағыштау, Құдайдан арман-мұраттарының орындалуын тілеу, Кесенеде жерленген тұлғаларға құрмет көрсету, имандылық жолына бет бұру мақсатында екендігін байқай аламыз.
Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне келушілердің басым көпшілігі ересек, яғни, жасы 35-тен жоғары адамдар екені байқалады.
Адам өмірінің екінші жартысын, яғни қырыққа аяқ басқан кезін – неміс ғалымы Карл Густав Юнг «жаздан соңғы күз секілді» деп салыстырады. Психолог ғалым орта жастан асқан адамдарда рухани сезімдердің оянуы байқалатынын және олар жастарға қарағанда кез келген нәрседен мән іздеп, соны жүзеге асыруға арнайы мақсатпен құлшына кірісетінін ғылыми тұрғыдан дәлелдеген.
Ал, орта жасқа дейінгі жастарда болатын басты қасиет – көріп-білуге талпыну, үйренуге құштарлану екендігін де айтып өтеді. Яғни, тарихи-орындарды, ежелгі жәдігерлерді қызықтау үшін мақсат қойып келетіндер негізінен жастар деген сөз.
«Кесенеге келудегі мақсатыңыз?» деген сауалға әлеуметтің 67%-ы арнайы зиярат ету үшін келгенін жеткізсе, ал 29%-ы тарихи орындарды тамашалау үшін келгенін айтқан.
Сауалнама нәтижесін ескере отырып, Қожа Ахмет Иасауи кесенесін негізінен тарихи-рухани (зиярат) туризм бағытында дамыту қажет деп ойлаймыз. Бұл жерде байқағанымыз, мұражайға келушілер негізінен кесенеге кірудің ақысыз болғандығына шынайы ілтипатын білдіреді. Себебі республиканың, жалпы әлемдегі бірқатар мұражайлардың қызметі ақылы негізінде жүргізіледі. Бір қызығы, шетелден келетін қонақтардың барлығы мұражай қызметінің ақысыз негізінде жүргізілуін туристер мен зияратшылар үшін айрықша қамқорлыққа балаған. 2007 жылдан бастап «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының аумағындағы тарихи ескерткіштерге кіруді тегін қылуға қол жеткізді. Одан бұрын зияратшылардың барлығы кассадан билет алып қана ішке енуге мүмкіндік алған. Алайда бұл келушілер санының аз болуына ықпал еткен. Себебі 2005 жылғы көрсеткіш 364 338 адамды құраса, 2006 жылы 350 468 адамға дейін түсіп кеткен. Ақысыз қылудың нәтижесінде соңғы жылдары халық саны 600 000 жанға дейін жеткен.
Мұражайға келушілерді уақыт мезгіліне қатысты бөліп қарайтын болсақ, негізінен көктем мезгілін зияратшылар уақыты деп атасақ болады. Өйткені наурыз-сәуір айларында мұражайға келушілердің саны артқан.
Зияратшылардың басым бөлігінің көктем мезгілінде, әсіресе наурыз айында Қазақстаннан, алыс-жақын шет елдерден Қожа Ахмет Иасауи кесенесін, басқа да Әулиелі жерлерді көріп тамашалау, дұға бағыштау мақсатында сапарға шығатыны да мәлім болды. Бұл құбылыстың метафизикалық қырларына назар аударатын болсақ, наурыз айы жалпы түркі халықтары үшін жаңа тіршіліктің, жаңа өмірдің басталғандығын білдіретін кез. М.Әуезов наурыз айының қасиеті туралы «Наурыз сияқты мейрамдар біздің сана-сеніміміздің жетілуіне, сөйтіп, ұлттың бірлік берекесінің нығаюына жол ашады» деп баға берген. Ұлттық менталитеттің ажырағысыз бір бөлігіне айналған Наурыз айында қазақ халқы өткен өмірі үшін өз-өзіне есеп береді, тәубаға келіп, рухани ізденіске бой ұрады. Қыстан аман шыққанына шүкіршілік етіп, Әзірет Сұлтанның басына келіп, Құдайға жалбарыну, құрбандық шалу, ата-бабаларының рухтарына Құран бағыштау сынды т.б. діни рәсімдерді орындайды. Әулие Баба кесенесіне келіп, мақсатын орындап, елдеріне қайтып бара жатқандардың көбісі ауыр жүктен құтылып, көңілдерін бір демдегенін айтады, алдында тек қана сәттілік пен жақсылық тосып тұр деп есептейді. Оның көрінісі қазіргі кезде кесенеге зиярат етіп келіп жатқан адамдардан байқалады.
Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында қаламызда ерекше салтанат болып өтті. Ол – қысқа мерзім ішінде салынып біткен тарихи-мәдени, этнографиялық орталық сияқты керемет те зәулім құрылыстың бой көтеруі еді.
Облыс әкімінің бастамасымен Елбасымыздың «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында ашылған тарихи-мәдени, этнографиялық орталық Түркістанның, Қазақстанның, бүкіл түркі халықтарының өткені мен бүгінін паш ететін үлкен мәдени орын, оның негізгі мақсаты – тарихи-мәдени мұраларды жинақтап, сақтап, халық арасында кеңінен насихаттау.
Рухани астанамыз Түркістаннан аспанмен таласа бой көтерген тарихи-мәдени, этнографиялық орталық ғимараты түркістандықтарға ғана емес, әулие бабамыздың кесенесіне келіп зиярат етушілердің бойларына да жаңа леп бергендей.
Түркістанның руханилығы мен тарихилығын, оның мәдени мұрамыздағы алатын орнын, маңызын орталық қорындағы тарихи жәдігерлер жинағы арқылы ашып көрсететіні, түркістандықтардың ғана емес жақын және алыс елдерден келетін қонақтардың да рухани жан-дүниесін байыта түсетіні бізді қуантып отыр.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы Археология және тарихи мәдени ескерткіштерді қорғау бөліміне қарасты Түркістан төңірегінде 137 тарихи кешендік, діни рухани, сәулет құрылыс ескерткіштері бар. Соның бәрі аялы алақанның шарапатында ма?
Қаламыздың ауылды аймақтарында туристерге мақтана көрсетер қойнауы тарихқа толы орындар қаншама десеңізші.
Құдірет пе, әлде табиғаттың заңы ма деп ой тастап тұрған «Үкаша ата» алыс елдерден туристерді тартуға кепілдік болуға сұранып тұр.
Қаратау бөктеріне қарай Серт ауылын артқа тастап Үкаша ата бейіті мен құдығына жетпей өзеннің сол жағалауында «Көк қошқар» әулиенің басына зиярат жасап барушылардан табиғат аясында демалуға баратындар қатары көбейіп барады. Үкаша ата бейітіне жетпей жолдың бойында Ер Қоян атаның бейіті жатыр. Бұл кісі Үкаша сахабаның үзеңгілес досы әрі оққағары болған. Үкаша сахаба жау қолынан қаза тапқанда мүрдесін жерлеген осы кісі екен.
Ал 25 шақырым Оғызтауға қарай жүрсеңіз Қызыл ата бейітіне барасыз. Ол кісінің кесенесі қызыл қыштан қаланған соң солай аталса керек. Сәл ілгері жүрсеңіз Үйрек атаның бейітіне барасыз. Бұл жерде Үкаша атаның қазынашысы әрі мөрін ұстаған сахаба жатыр. Ел арасындағы әңгімеге сүйенсек, Ислам дінін Қаратау бөктерінде өмір сүрген елдің арасында насихаттаушы болып келген 7 сахабаның бірі екен дейді.
Көк тас әулиені артқа тастап 30 шақырым тауға қарай жүрсеңіз Жылаған ата бұлағы мен үңгіріне кез боласыз. Бұл киелі жердің де жай-күйі мәз емес. Соңғы кездері арысы Қытайдан, берісі Ресейден тағы да басқа шет елдерден кереметі мен қасиетін естіп туристік бағытта және зиярат етіп келіп жатқандар қаншама. Жол азабын жүрген біледі дегендей шаршап шалдығып, дертіне шипа іздеп Алладан тілек тілеп жеткенде, ол жерде жастардың сайран құрып, әулиелі жердің тауларына тау ешкісінің лағындай өрмелеп шығып, айқай салып бастарына көтергені былай тұрсын, ескерту тақтайшаларына мән бермей Жылаған атаның көз жасы тамшылап тұратын жартасқа таспен ойып тұрып бадырайтып аттарын, туған жылдарын жазып қол таңба қалдырғаны.
Қаламыздың Қызылорда бағытына қарай жолға шықсаңыз «Сауран» қамалы көз тартады. Қамалдың өзі қойнауы тарихқа толы тұнып тұрған шежіре. Қамал ішіндегі ашық аспан астындағы мұражай медресе қаншама қызығы мен шыжығы қаумалаған тарихи деректерге толып тұр. Тізбектеп айтар болсақ, қамал маңына «Сарай ата», «Жалаулы ата», «Қарахан ата», «Сәдуақас» аталар жерленген болса, темір жолдың ар жағында «Мамыт ата», Майдантал ауылында бара жатқан жолдың сол жағында «Әздер әулие» аталарымыз жатыр. Кентау бағытына шықсаңыз Шобанақ ауылында орналасқан «Имам Марқозы» немесе Көк тонды ата кесенесі бар. Бір кездері Ясауи атамыз Имам Марқозыға көкжөтелге шалдыққандар сенен келіп емін алады, көкжөтел пірі бол деп бата берген екен. Сол деректер бойынша қазіргі таңда көкжөтелге шалдыққан адамдар зиярат жасап, Құран бағыштап, топырағынан жалап қайтса дертіне шипа табады дейді.
Кентауға қарай жоғарыласаңыз жол бойында орналасқан Құсшы ата бейітіне кез боласыз. Бұл жерге де Қазақстанның түкпір-түкпірінен зиярат жасаушылар лек-легімен келуде. Ащысай елді мекенін бетке алып жолға шықсаңыз, Қаратау бөктері жағында Кентау су қоймасының жанында қырда Зеңгі баба бейіті бар. Бейіттін етегінде сайда Қотырбұлақ деген киелі бұлақ бар. Тастай суық бұл бұлақтың суы да әртүрлі жараларға ем болып жатады. Сол себепті де Қотырбұлақ қойса керек. Бұлақтың суы ағып келіп көлшікке айналады. Бұл орын да жастардың демалыс орнына айналған. Осы бұлақтың әулиелі бейіттің жанынан ағып жатқанын біреу білсе, біреу білмес.
Түркістан-Шәуілдір бағытында құдығының суы мың да бір шипа болатын Гауһар ананың бейіті тұр. Бір өкініштісі, сол орынға қаншама туристер келіп кетіп жатса да бейітке барар 400 метр тас жолға асфальт салу мәселесі шешілмей тұр.
Иқан ауыл округіне барсаңыз ауыл ортасында Жүсіп ата кесенесін көресіз. Бір кездері Иасауи бабамызбен үзеңгілес болған атамыздың кесенесі қайта жөндеуден өтті. Шымкент бағытымен келе жатқанда жолдың сол жағында сары архитектуралық стильмен салынған бірден-бір кесене, міне, осы жүсіп ата кесенесі.
Туристерді ынтықтыратын осынау алқаптарда, болғаны ақиқат тарихи оқиғаларды бейнелейтін монументті, панорамалар құрып, сол кездегі тұрмыс, тіршіліктен көріністер, видеопанорамалар жасалса, сонда ғана Түркістанды туризм орталығына айналдыруға болар еді. Ол үшін қаланың коммуникациялық салаларын, қаланың эстетикалық бейнесін жақсартумен бір мезгілде, бірдей қарқынмен жоғарыдағы обьектілерді дайындау керек шығар.
Түркістанның экономикалық келешегін туризммен байланыстырып қарасақ, жоғарыдағы жәйттер, сөз жоқ, ескерілуі керек.
Түркістанның мәдени-рухани мәселелеріне Мәдениет министрлігі шынайы қамқорлықпен, тарихи жауапкершілікпен атсалысуы керек деп ойлаймыз.
Бас аман болса қаламызды туризм орталығы ретінде көрер күн де алыс емес. Бұл салаға көңіл бөлу, көмек қолын созу Түркістаным деп жүрегі соғар әрбір азаматтың парызы.
Түркістан қаласы.