Дамыта-түзетіп оқыту сыныбында ойын арқылы оқушылардың сөздік қорын дамыту
Тақырыбы: Дамыта-түзетіп оқыту сыныбында ойын арқылы оқушылардың сөздік қорын дамыту
Қазіргі уақытта ортамызда болып жатқан әр түрлі экологиялық және экономикалық дағдарыстар жүйке жүйелері бұзылған, психологиялық ауытқулары бар балалардың көбеюіне әкеліп соқтырып отыр. Қазақстанда кемтар болып туылатын нәрестелердің саны жылдан жылға көбеюде. Осындай мәселелерге байланысты 2002 жылдың 11 шілдесінде Елбасының жарлығымен «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық түзету арқылы қолдау» туралы №143 Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Осы заңға сәйкес физикалық және психологиялық ауытқулары бар балаларды әлеуметтік қалыптастырудың тиімді шаралары белгіленді.
Кейінгі жылдарда денсаулығында ауытқулары бар балаларға арналған дамыта-түзетіп оқыту сыныбында еңбек етіп келемін. Денсаулығы мықты, жан-жақты дамыған барлық балалар сияқты, физикалық және психологиялық ауытқулары бар балалар да өз мүмкіндіктеріне қарай қоғамда өз орындарын табулары керек. Мұндай балалар да өмірде болып жатқан жаңалықтардан қалыс қалмай, қазіргі қоғам талабына сай жаңа технологиялар мен әдіс-тәсілдер арқылы білім алып, танымдық қызығушылықтарын арттырып, білім сапасын көтере алатынына осы дамыта-түзетіп оқыту сыныбында еңбек еткен жылдарымда көз жеткіздім.
Дамыта-түзетіп оқыту сыныбындағы күнделікті сабақ жоспарларын оқушылардың өзіндік ерекшеліктері мен даму жағдайларына байланысты төмендегі мақсаттарды ескере отырып құрамын.
-оқушылардың жеке бас ерекшеліктерін ескеру;
-оқушылардың бұрын байқалмаған, іске асыра алмаған мүмкіндіктерін ашу;
-әлеуметтік мүмкіндіктерін ескеру;
-сабақта оқу үрдісінің озық тәжірибелерін, түрлі педагогикалық әдіс-тәсілдерін пайдалану;
Білім алушылардың осындай кейбір ерекшеліктері мен пәнге деген бейімділіктерін ескере отырып, сабақты үнемі ойын элементтері арқылы түрлендіріп өткізуге тырысамын. Халық даналығындағы «Ойнай білмеген, ойлай да білмейді», «Ойында озған, өмірде де озады» деген аталы сөздің сырына жүгінсек, баланың ойынға деген құлқы, қарым-қатынасы, мінез-құлық көріністері олар өсіп есейгенде де өмірінде жалғаса береді.
Ойын әрекетінің ең негізгі түрінің бірі – дидактикалық ойын. Ойын кезіндегі баланың қимыл-қозғалысы дене бітімін жетілдірсе, іс-әрекеті, амал-тәсілдері ой-санасының дамуына ықпал етеді, ал қарым-қатынастағы пайымдаулары өзіндік таным-түсінік, мінез-құлық әдептерін бекітуге әсер етеді.
Білім алушылардың осындай кейбір ерекшеліктері мен пәнге деген
бейімділіктерін ескере отырып, сабақты үнемі ойын элеметтері арқылы түрлендіріп өткізуге тырысамын. М: А. Құнанбаев шығармаларын өткенде “Пікірлер ағашы” ойыны арқылы автор туралы білетіндерін жинақтайды. Ойын топтық жұмыс түрінде ұйымдастырылады. Балалар ақын туралы білетіндерін естеріне түсіріп, ағаш бұтақтарын толтырады. Қай топтың ағашында бұтақтар саны көп болса, сол топ жеңімпаз атанады.
А. Құнанбаевтың “Қыс” өлеңін өткенде СТО технологиясының 5 жолды тізбек құру стратегиясын пайдаландық.
Қыс
соқыр мылқау
сықырлайды домбығады ажарланды
ұшпадай бөркін киген оқшырайтып
қар
Абай шығармаларын қорытындылау мақсатында жылдың төрт мезгіліне де өлең жазған ақын екендігін еске түсіре келіп “Сенің туған күнің қашан?” ойынын ойнаттым
Сырбай Мәуленовтың “Менің Республикам” өлеңін өткенде ой қозғау мақсатында “Конституция” сөзіне қауымдастық құрдық
Осындай жұмыстардың оқушылардың ойлау қабілеттерін дамытып, сөздік қорларын молайтудағы рөлі өте зор.
Қазақ тілі пәнінде де оқушылардың сөздік қорын молайту мақсатында көптеген ойын түрлерін пайдаланамын.
Баспалдақ ойыны
Тақырыбы: Сын есімнің жасалуы
Оқушылар түбір сөзге сын есімнің жұрнақтарын жалғау арқылы жаңа сөз жасап, баспалдақпен көтеріледі.
Тұрақты тіркестер тақырыбын өткенде “Суретіне қарап сөзін тап” ойыны оқушылардың есінде көпке дейін сақталып қалды. Мұғалім суреттерді көрсетеді, оқушылар сол затқа байланысты өткен тұрақты сөз тіркестерін тауып айтады.
— ат-тонын ала қашу, ат ізін салмау
– қоян жүрек
– тонның ішкі бауындай
— түймедейді түйедей ету
– ит өлген жер, ит арқасы қиянда
– көз аларту, көзі қызару
– мұрнына су жетпеу т.б.
Қорыта келгенде сабақта ойын элементтерін пайдалана отырып өткізу оқушылардың пәнге қызығушылықтарын арттырып, ойлау қабіліеттерін дамытып қана қоймайды, сөздік қорларын жетілдіріп, жүйелі, көркем, орынды сөйлеуге дағдыландырады.
Ол үшін алдымен оқушыларға мына жайларды еске сақтауға жаттықтыру керек.