Мектептегі әдістемелік бірлестік іс-әрекетін жоспарлау мен ұйымдастыру

 

Мектептегі әдістемелік бірлестік іс-әрекетін

жоспарлау мен ұйымдастыру

«Қыран  түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмайтын талап сыйлайды» демекші, ұстаз – қай кезде де мектептің жүрегі, қоғам тірегі. Сондықтан да  қоғам талабына сай  шебер мұғалім болу, заман  талабы болып  тұрғаны анық . Ал шебер мұғалім дегеніміз кім? деген  сұраққа жауап  іздейтін болсақ  Қазақстан Республикасының  жоғары педагогикалық  білім беру тұжырымдамасында  «Жаңа  формация мұғалімі –кәсіби дағды мен  педагогикалық  дарыны қалыптасқан , жаңалыққа құмар, рухани дүниесі бай, шығармашылықпен жұмыс істейтін жеке тұлға» деп көрсетілген, яғни ізгілігі мол әр іске жаңашылдықпен, үлкен ізденіспен  зерттеуші ретінде қарайтын ақпараттық технологияны  толық меңгерген, коммуникативтік,  бір сөзбен айтқанда  толыққанды  құзырлы адам.

ХХІ ғасырда мектеп мұғалімі  қандай болу керек? деген проблеманы шешу  үшін  оқу-тәрбие үрдісін интерактивтік  тәсілдермен  ұйымдастыруға  мүмкіндік беретін  әдістемелік бірлестіктердің жұмыс формаларын өзгерту   қажет. Ол үшін  әр бірлестік  мұғалімінің моделі құрылуы керек.

Әдістемелік бірлестік — бұл мектепте мұғалімдердің  кәсіби біліктілігін  шыңдаудың кеңінен таралған формасы. Әдістемелік бірлестік жұмысы әрбір мұғалімнің  мектептегі оқу бағдарламаларының  мазмұнын, идеяларын  және негізгі талаптарын  шығармашылықпен игеруіне бағытталған.

Әдістемелік бірлестіктің негізгі нысаналарының бірі — мұғалімдердің тиімді, белсенді оқу және тәрбие құралдарын  әдістері мен тәсілдерін  және сабақтың нақты міндеттеріне, оқу материалының мазмұнына  және іс- әрекет шарттарына байланысты меңгеруі.

Соңғы  жылдары  біздің мектепте  қалыптасқан әдістемелік жұмыстың формалары  да санаулы бола  түсті: әдістемелік бірлестіктер, сабақты жетілдіру жөніндегі пәндік семинарлар, тәлімгерлік, сабақтан тыс шаралар, әдістемелік  апталықтар. Аталған формадағы әдістемелік жұмыстар жүйелі жоспарланған кезде ғана өз нәтижесіне жетері сөзсіз.

Ендеше  бүгін  педагог  кадрлармен  жүргізілетін  мектептегі  әдістемелік бірлестік  іс-әрекетін жоспарлау мен  ұйымдастыру түрлеріне тоқтала кетуді  жөн  көріп  отырмыз.

«Білім беру ұйымының нормативтік құжаттар»  бөлімі берілген үлгілері бойынша мектептегі  әдістемелік  бірлестіктер жұмысының нормативтік базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді және онда мынадай құжаттар бар:

  1. Өткен оқу жылына сараптама
  2. Әдістемелік кеңестің және әдістемелік бірлестіктің негізгі бағыттар бойынша мақсат-міндеттері.
  3. Кадрларға сипаттама

а) бірлестік құрамындағы мұғалімдер туралы толық мәлімет

ә) бірлестік құрамындағы мұғалімдердің өзекті мәселесі, қолданылатын технологиялары

б) мұғалімдердің білім жетілдіру курстарынан өту кестесі

в) аттестациядан өтетін мұғалімдер  туралы  мәлімет

г) бірлестік мұғалімдерінің әдістемелік тақырыптары

  1. Әдістемелік бірлестік отырысының жоспары
  2. Пән бойынша бірлестік отырыстарының хаттамалары
  3. Ашық сабақтар кестесі
  4. Сыныптан тыс іс-шараларының кестесі
  5. Апталықтар, онкүндіктер кестесі
  6. Мұғалімдердің мектепішілік іс-шараларға қатысуы
  7. Өткен оқу жылындағы мұғалімдердің мектепішілік іс-шараларға қатысуы және жетістіктері
  8. Жас ұстаздармен жүргізілетін жұмыс жоспары.

Әдістемелік бірлестіктің негізгі міндеттері мен бағыттары:
— Оқушылардың  ақыл-ой,  мәдени,  адамгершілік  мұқтаждықтарын қанағаттандыру;
— Бір немесе бірнеше пәндер бойынша оқу-тәрбие, әдістеме және эксперимент жұмыстарын жоғары кәсіби деңгейде дайындау және өткізу;
— Әр түрлі сабақтар мен іс-шараларды өткізу әдістемесін жетілдіру мен оларды оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық қамтамасыз ету;
— Мұғалімдердің  кәсіби  педагогикалық  біліктілігін  көтеру;
— Педагогикалық  эксперименттер  жүргізу;
— Мектеп бітірушілермен  кәсіптік бағдар  жұмыстарын  ұйымдастыру;

Әдістемелік бірлестік отырыстары тоқсанына кем дегенде бір рет өткізіледі. Өтетін орны мен уақыты мектеп әкімшілігіне алдын ала хабарлануы тиіс. Қаралған әр мәселе бойынша жазбаша нұсқаулар жасалып, орындалу барысы қадағаланады.
Әдістемелік бірлестіктің негізгі жұмыс формалары
— Эксперименттер, байқау-сынақтар жүргізу;
— Дөңгелек столдар, семинар-конференциялар дайындау;
— Шығармашылық және тәжірибелік есептер өткізу;
— Әдіс бірлестігі отырыстарын өткізу;
— Пәндік ашық сабақтар мен сыныптан тыс шаралар өткізу;
— Лекция, баяндамалар, пікірталастар өткізу;
— Озат тәжірибе мен қажетті құжатта зерттеу, жүзеге асыру;
— Пән және әдістеме апталықтарын өткізу;
— Өзара тәжірибе алмасу және сабаққа ену;
— Сабақтар мен шараларды өткізу сапасын қадағалау;
— Ұстаздар мен оқушылардың білім-біліктілігін тексеруге қатысу,
Әдістемелік бірлестіктің негізгі іс-әрекет бағыттары
— Пәндер бойынша оқыту нәтижелерін талдау;
— Оқу бағдарламаларының өзгермелі бөлігін дайындауға, оқу мазмұны мен қойылатын талаптарға өзгерістер енгізуге қатысу;
— Пәндер бойынша жинақталған, кіріктірілген оқу бағдарламаларын дайындау;
— Пәндер бойынша оқу-әдістемелік құралдар, үлестірме материалдар жасау, талқылау;
— Ашық сабақтар мен сыныптан тыс іс-шаралар, кәсіби байқаулар өткізу,
— Мұғалімдер мен оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, өткізу;
— Жаңа ақпараттық және оқыту технологияларын іздеу, мектеп практикасына ендіру бағыттарындағы эксперименттерді ұйымдастыру;
— Көрнекі құралдар жасау мен жетілдіру, оқу-лабораториялық базаны нығайту жұмыстарын жүргізу;
— Жас мамандарға тәлімгерлік жасау, арнаулы оқулар ұйымдастыру, курстарға жіберу жұмыстарына қатысу;
— Байқаулар мен олимпиадалар  өткізу  туралы  ережелер  жасауға  қатысу.

Мектеп – әдістемелік  жұмыстың орталығы, өйткені мұғалімнің қалыптасуы, маман ретінде  толысуы, шеберлігінің жетілуі күнделікті педагогикалық іс –әрекет  үрдісінде ғана жүзеге асады.

Әдістемелік бірлестік жұмысын жүйелі жоспар түрінде жүргізіп отырғанда  ғана өз нәтижесіне жетері сөзсіз.

Ахмет Байтұрсынов: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім»-деген екен.

Өркениеттің шынайы белгісі мемлекеттің байлығы мен білімінің деңгейі де, қалалардың үлкендігі мен өнімнің молдығында емес, ол — мемлекеттің тәрбиелеп шығарған азаматы. Заман талап етіп отырған, өмір сүру ортасына икемді де белсенді тұлғаны тәрбиелеу тек  өз ісін шын сүйетін мұғалімнің қолында. Олай болса әр ісімізді сүйіспеншілікпен, қызыға атқаруға тырысайық.