Қазақ тілі мен әдебиетін оқыту барысында оқушылардың танымдық қызметін белсендіру-оқытудың маңызды факторы.

Баяндама:  Қазақ тілі мен әдебиетін оқыту барысында оқушылардың

танымдық қызметін белсендіру-оқытудың маңызды факторы.

Мектепте тіл-әдебиетті оқытуда ұстаздар алдында оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеу, ұлттың рухани саласын қалыптастыру, олардың әдебиетке деген құштарлығын ояту,әсемдікке баулу, шығармашылық қабілетін арттыру, ақыл-ойын, сөздік қорын, тілін дамыту міндеті қойылған.

Әрине, мұны еліміздің егеменді мемлекет болуымен байланысты халқымыздың тілін, мәдени-рухани қазыналарын жете меңгерген білімді, іскер ұрпақ тәрбиелеу қажеттіліктерінен де туындап  отырған уақыт талабы деп түсінген жөн.

Шәкірттің жеке тұлға ретінде дамуына ұстаздың өткізген әрбір сабағы шешуші рөл атқарады.Оқушы білімінің сапалы болуы ұстазының дәріс беру шеберлігі мен жаңа технологияны тиімді пайдалана білуіне, яғни кәсіби құзіреттілігіне тікелей байланысты.Оқушы үшін мектепте оқытылатын әрбір пәннің орны ерекше.Ал оқушының пәнге қызығушылығын арттыру үшін әр сабақты дұрыс ұйымдастыру, педагогикалық шеберлікті үнемі ізденістермен жаңартып отыру әр ұстаздың міндеті болу керек. Ол:

-Күнделікті сабақты таңқаларлықтай өткізу (Әсіресе сабақтың кіріспе бөлімінің ерекше ұйымдастырылуы, бұрын соңды болмаған ойын түрлерін қолдану,сөзжұмбақ, ребустар пайдалану, проблемалықпен оқыту, өмірмен ұштастыру, әрбір оқушының шығармашылықпен жұмыс істеуіне жағдай жасау)

-Қиынның қисынын келтіру,күрделіні тартымды, аса сезімталдықпен айту

-Қысқа,нұсқа негізділікке үйрету

Ал оқыту сапасын арттыруда мұғалім:

-Жаңа дидактикалық әдістерді қолдану,

-Сабақтың түрі мен әдістемелерін өзгертіп отыру.

-Оқушының білімін, іскерлігін, дағдысының жетістігін дамыту

-Оқушының сайыстарға, олимпиадаларға, ғылыми конференцияларға қатысуына белсендіру.

Ал оқыту мен ақыл-ойды дамыту-біртұтас педагогикалық процесс.Оқу-тәрбие жұмысы баланың іс-әрекетін, қабілетін қалыптастырады. Алайда адам тумысында 100 ℅ қабілетті болмайды, жүре келетәжірибе жинақтаудың, еңбектенудің,ойланудың нәтижесінде қабілеттілікке ие болады.Ғалымдардың зерттеуінше: 3℅-талантты,15 ℅-қабілетті,15℅-қабілеті төмен, 67℅-қарапайым болып келеді екен.

Сыныптағы бір оқушының өз қатарынан зерек, ұғымтал,үздік атануы, кей баланың оқу материалын баяу, самарқау қабылдауы қабілеттің даму, жетілу сапасының түрліше болуына да байланысты. Әдебиет пәнін меңгертуде ақыл мен ес, байқағыштық және дамыған эстетикалық сергек сезімталдық, мәнерлеп оқу, жатық сөйлеу, ойын тартымды жеткізе білу тәрізді қабілет белгілері мен біліктіліктері  жатады. Мәселен музыканы қалаған балада есту қабілетінің , сурет салуға құмар оқушыда  көру қабілетінің басым болатындығы мәлім. Сондықтан оқушы бойында иненің жасуындай болса да оқуға ынтасы мен бейімділігі байқала қалған күнде оны дұрыс арнаға салу қажет. Тіл-әдебиет сабақтарында оқушылардың танымдық-белсенділіктерін арттыруда-деңгейлеп-саралап оқыту, проблемалық сұрақтар арқылы дамыта оқыту, оқытуды өмірмен ұштастыру,әр оқушының шығармашылықпен жұмыс істеуіне жағдай жасау басты әдістердің бірі. Сондықтан да әр сабақтың басты міндеті-білім алушының танымдық құзырлылығын дамыту. Ол үшін мыналарды ескеру қажет:

-Оқушының материалды қабылдау ерекшелігін ескеру.

-Оқыту үрдісіндегі ашықтық, еркіндік.

-Оқушының тұлғалық қасиетін қалыптастыру

-Жеке дара оқыту үрдісін ұйымдастыру.

Танымдық қабілетті арттырудың жолдары:

-Ақпаратты өмірмен ұштастыру, байланыстыру

-Мәселелік жағдаятты туғызу.

-Әдеби, ғылыми-көпшілік әдебиеттерді қолдана білу

-Салыстыру, талдау, жинақтауды үйрету

-Ғылымның, техниканың дамуы.

Жоғары сыныптарда әр пәннің оқушыларға берер танымдық тәрбиесі мол десек, соның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінде оқушылардың ақыл-ой, танымдық қабілетін дамыту мүмкіндігі зор. Оқушыларға танымдық тәрбие берудің алғашқы баспалдағы деп оқытудағы саналылық принципін атауға болады, себебі әдебиетті оқыту барысында тәрбиелік міндеттердің де шешілетіні белгілі.

Әдеби шығармаларды меңгерудегі саналылық оқушының дүниетанымдық көзқарасының, мінез-құлқының қалыптасуында маңызды орын алады. Табиғат құбылыстарының, қоғамдық-әлеуметтік өмірдің мәнін, заңдылықтарын терең түсінудегі өздігінен өзінің білім дағдылары мен іскерлігін жетілдірудегі оқушының әрбір қадамы оның дүниетанымые кеңейте түседі.Сондықтан өтілгелі отырған тақырыппен сабақтаскелетін қызықты оқиғалар, ақын-жазушылар өмірінен қосымша мәліметтер, естеліктер,тарихи-деректі әңгімелерді қызықты етіп әңгімелеу немесе оқушылардың өздерінің олармен танысуына кеңес беріп отыру үнемі қажет. Мұндай жұмыс олардың пәнге деген қызығуын арттырады, әдеби шығармаларды оқу, өмірбаянждары туралы естеліктерді іздене жүріп оқу баланың өмір талабына айналады, сөйтіп оның азаматтық қалыптасуына әсер етеді. Әдеби шығармаларды өту барысында оқушыны творчестволық іскерлікке баулу, әртүрлі құбылыстарды, оқиғаларды, адамдардың пиғыл-әрекеттеріндегі ерекшеліктерді байқай білуге және олар жөнінде қорытынды жасай білуге үйрету танымдық тәрбиенің басты құралы деуге болады. Жоғары сыныптарда оқушылардың көркем туындыны қабылдаулары да жас ерекшелігіне байланысты болады.Бұл жастағылар өздерін еркін сезінеді.Әр баланың өзінің сүйетін жанры, тақырыбы айқындалады. Оқығандарына сынмен қарайды, оны өмірді түсінудің бір құралы деп қарайды, сондықтан одан өз сауалына жауап іздейді., кейде тауып та жатады.

Мысалы, 9-сыныптың әдебиеті-тұнып тұрған қазақтың өмірін, салт-дәстүрін, адамгершілік, елжандылық, эстетикалық қадір-қасиеттерді танымдық тұрғысынан тәрбиелеуге арналған тұнық бастау. Бір жыл бойына ауыз әдебиетінің небір шұрайлы түрлерімен сусындаған оқушы «Айтыс»  бөліміне келгенде, өзі де  ақынжанды адамға қалай айналғанын сезбей қалады. «Біржан мен Сара» айтысын өткен кезде дебат сабақтардың ерекшелігі немесе оқушылар ізденісіндегі «Жанбота» әнінің, «Ұрланған шідер» , «Ләйлім шырақ» әндерінің шығу тарихын зерттеулері де сабақтың тағлымдық мәнін аша түседі.

10-сыныптағы тақырыптардың да танымдық тағлымдары өте мол. Шоқанның хаттарыныан оның еліне сүйіспеншілігін, жанашырлығын көріп , балалар соған ұқсағысы келсе, жолсапарлық әңгімелерінің дүниетанымдық әсерлеріне сүйсініп, Шоқан туралы жазылған әдеби шығармаларды тауып алып, шығармалар жинағын құмарта оқиды.

Абайдың әр өлеңі, поэмалары, қара сөздері дүниеге ашылған есікпен тең. Абайдың өлеңдерін тақырыптары бойынша өздері топтау барысында Венн схемасын ұтымдылықпен қолданып, модельдеу арқылы өздері кейде өзі үшін «жаңалық» та ашып жатады., аудармаларын салыстыра талдау барысында көркем аударманың өзі әртүрлі болатынын, түпнұсқаға жақын немесе еркін аударма болатынын өте жақсы айырып жатады, поэтикалық талдаудан соң оқушылардың өздері де бір саты жоғарылап қалғандай боп қалады.Кейбір оқушылар шығарманы ғана түйіндеп қоймай, соған ұқсас басқа бір оқығанын да қоса әңгімелеп, таным көкжиегінкеңейте түседі.

11-сынып оқушылары үшін танымдық тәрбие негізі дәстүрден тыс сабақтармен байланыста жүргізіледі.Семинар, баспасөз-конференция  сабақтары, кейде оқушылардың сабақты өздері жүргізулері оларға қосымша мәліметтер берумен бірге, өмірге басқаша көзқараспен қарауды үйретеді. Сонымен қатар қазақ тілі сабақтарындағы 9-10-сыныптағы ресми құжаттарды жасауға үйренулері де танымдық тәрбие береді деп ойлаймын., себебі әр құжат реквизитінің өз орнында болуын, әр интервалдың дұрыс сақталуын білу елбасының жастар туралы айтқанына сай, ертеңгі ел қамын ойлайтын әр азаматтың ресми құжатты еркін меңгеруіне жағдай жасайды.

Қазақ тілі сабақтарында сөз бен сөйлемді, тұрақты тіркес пен мәтінді меңгерту үшін оқушыға ой салу, ойланту, өз пайымын тіл арқылы дәл, нақты,шешен жеткізе білуге жетелеу ұстаз тарапынан көп ізденісті қажет етеді. Осы тұрғыдан келгенде Қанипа Бітібаеваның «Ой салу-ұстаз тарапынан, ойлану-шәкірт тарапынан, ойланту-ұстаз тарапынан, шешімге келу-оқушы тарапынан болу керек» деген пікірінің психологиялық жағынан дұрыс тұжырым екендігін атай кеткен жөн.Өйткені таным үдерісі ұстаз бен оқушының бірлескен іс-әректі арқылы жүзеге асады.

Қазақ тілі мен әдебиетін оқыту барысында оқушылардың танымдық қызметін белсендіу-білім мазмұнын тереңдетеді, қоғамдық әлеуметтік өмір мен ғылым-білімді ұштастыра келіп шәкірттің дүниетанымын кеңейтеді., өзінше ой-пікір түйіндеуге үйретеді.

 

Жасанова Ботакөз Жолдасқалиқызы