«Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету модулін» сабақта тиімді қолдану

Тақырыбы: «Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету модулін» сабақта тиімді қолдану

 

Сыни тұрғыдан ойлау «ойлау туралы ойлану» деп сипатталған екен. Сыни тұрғыдан ойлау- Қазақстандағы білім беруді дамыту үшін маңызды болып табылатын қазіргі ең басты педагогикалық түсінік болып отыр. Сондықтан да бұл модуль оқушылардың да, мұғалімдердің де сыни тұрғыдан ойлауды дамытуды саналы және оймен қабылдауын көздейді.[1] Бұл модуль басқа да атап айтсам, оқыту үшін бағалау, дарынды және талантты балаларды оқыту және жас ерекшелігіне сай оқыту модулдерімен  тығыз байланысты. Оқушылардың сыни ойлауын дамыту мақсатында мұғалім де өзі сыни ойлауға дағдылануы керек.

Үшінші деңгейлік оқуды аяқтаған соң мен «СЫни тұрғыдан ойлауға үйрету» модулінің білім сапасын арттыруда, оқушылардың көзқарасын өзгертуге, шығармашлықы қабілеттерін дамытуда басты рөл атқаратынын түсіндім. Мен алғашында өзімнің сыныбымда оқушылардың қаншалықты сыни ойлауға бейім екендіктерін бақыладым. Сонда мен оқушылардың сыни ойлауға дағдыланбағандарын байқадым. Ал осы жаңа технологиямен сабақтарды өткізгенде мен кішкене де болса оқушылардың санасын серпілтіп, миға шабуыл жасап, ой дағдыларына қозғау салғанымды байқадым. Бұрын сұрақ қоюдың да тәсілін білмейтін оқушылар қазір көп өзгерді, мен байқамаған тұстарды байқап, сөздерін дәлелмен жеткізуге тырысатын болды. Мен үнемі «неге?», «қалай?», «неліктен?» деген сұрақтарды жиі қолданатын болдым. Оқушыларым сөздерін дәлелдеу үшін жанталаса сөйлеп, ойларын дәлелдеп жеткізуге тырысатын болды. Мен оқушыларыммен бірге ойланып, бірлесе жұмыс жасап, сыни көзқарасымды өзгерте бастадым.

Сабақтың құрылымы «Қызығушылықты ояту», «Мағынаны тану», «Ой толғаныс» атты 3 кезеңнен тұратыны белгілі. Осы кезеңдерде мен сабақтарымда стратегиялық іс-әрекеттерді тиімді қолдана отырып, оқушыларды сыни ойлауға үйрете бастадым. Атап айтсам, «Қызығушылықты ояту» сатысында «Миға шабуыл», «Ой шақыру», «Ширату», «Серпілген сауал» «Ішкі және сыртқы шеңбер» ал «Мағынаны тану» сатысында «ББҮ кестесі», «Түртіп алу», «Венн диаграммасы», «Ойлан-жұптас-бөліс», «Ментальді картамен жұмыс», «Қарлы кесек» т.б. «Ой толғаныс» сатысында «Автор орындығы», «Екі жұлдыз, бір тілек», «Эссе», «Үш минуттық кідіріс», «Элективті тест» стратегиялық іс-әрекеттерді қолдандым. Сабақ барысында диалог арқылы сыни тұрғыдан ойлауды дамытуды да  қолдандым. Өйткені, Зерттеушілік әңгіме оқушылардың жоғары деңгейлі ойлау қабілеттері өрістеуіне және зияткерлік қабілеттерінің дамуына ықпал ететіндігі дәлелденген. Оқушылар өздерінің құрдастарымен диалог жүргізу барысында тәжірибе жинақтап, және ой әрекетінің жоғары деңгейіне көтерілуге талпына отырып, баламалы мүмкіндіктер туралы сыни тұрғыдан ойлап, зерттеу жүргізуге қабілетті бола түседі. Сондықтан да мен сабақтарымда диалогтік оқуды қолдана отырып, оқушыларымның сыни ойлауларын дамыттым. Оқушылардың жауаптарына, іс-әрекеттеріне қарап отырып, олардың өзгеріске түскенін байқадым.

Мектепте  сабақтардың барлығында оқушыларға жұптасып жұмыс істеуге мүмкіндік бердім. Себебі, Мерсер мен Литлтон (2007) өз еңбектерінде диалог-сабақта оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қосатындығын атап көрсетеді.[2] Бірінші мен сыныпта әңгіме жүргізбес бұрын оқушыларға өздеріне жайлы тақырыпта сұрақ қойып, оны жұпта талқылауға мүмкіндік бердім.

-Өзіңе ең жақын адам кім? деген сұрақты балалар көңіл-күйлері көтеріліп , бір-біріне ойларын таласа айтып жатты.  Жауаптары: анам, әкем, досым, атам, әжем, ұстаз т.б. секілді  жауаптардан тұрды. Осылайша мен оқушыларды жұптық әңгімеге тарттым.

Келесі кезекте мен тақырыпқа байланысты жұптық әңгіме жүргіздім. Мысалы, С.Мұқановтың «Жылқы» тақырыбын өткенде төмендегідей сұрақтар тастадым.

-Жылқы малының еті, сүті неге асыл деп ойлайсың?

-«Қос» дегенді қалай түсінесің?

Оқушылар бір-біріне білгендерін, түйгендерін айтып жауап іздей бастады. Одан соң топта талқылап жауаптарын жеткізді. Сонда әр топтың жауаптары әртүрлі болып шықты.

Мәтін бөліктерін де бөліп беріп, мазмұны бойынша жұптасып талқылауға да жұмыстар жүргіздім.

Мерсердің (2000) айтуынша зерттеушілік әңгіме ұсыныстар жайында күмән туып, қарсы дау айтып, дәлел мен сыни тұрғыдан ойлау арқылы жалғасады. Сондықтан жұптық әңгімеде зерттеушілік әңгімеге баса назар аудардым.[1] Барнс (1971) тіл қаншалықты қолданылса оқушылардың оқуына соншалықты әсер ететінін айтқан. [1] Демек, сөйлесу, талдау, дәлелдеу барысында оқытудың жүзеге асатыны белгілі. Бұндай іс-әрекеттің барлығы жұптық, топтық әңгімеде жүзеге асады.

Келесі кезекте мен оқушыларға сыни тұрғыдан ойлауға үйрету  мақсатында  әртүрлі тапсырмалар бердім. Мысалы, «Үйрену» сабағында деңгейлік тапсырмалар бердім. Оның ішінде  ойлануды қажет ететін төмендегідей сұрақтар тастадым:

-Адам табиғатқа қарап тағы қандай заттар жасап шығарды деп ойлайсың?

Қабілетті М. өзінің ұшқыр ойын көрсетіп, біз күтпеген жауаптар берді. В деңгейіндегі А. да қалыспады. Өз ойын нақты, ашық жеткізді. Оқушылардың жауаптарына тоқтала кеттеін болсақ, «Үйрену» тақырыбында 2-деңгейдің сұрақтарына оқушылар мен күтпеген жауаптар айтты: Құмырсқаның илеуіне қарап, зәулім үйлер тұрғызуды, теріге қарап киім тігуді, табиғаттағы түстерге қарап бояу шығаруды үйренді деген жауаптар айта бастады. Сұрақ қойғанда да «Неге?» Неліктен? «Бұны қалай түсінесің?» деген сияқты сұрақтар қоюды үйренді. Сыни тұрғыдан ойлауға байланысты сабақтың әр кезеңдерінде әртүрлі тапсырмалар беріліп отырды.

Осындай сұрақтарды қою арқылы оқушылардың қаншалықты сыни тұрғыдан ойлай алатындықтарын бақыладым. «Ең жүйрік не?» деген сұраққа Ә. ұшақ деп жауап берсе, А. мен  М. бірден «адамның ойы» деп жауап берді, «Неге?» деп сұрағанда М. «адамның ойы ең ұшқыр, ол басқалары жете алмайтын жерге тез барады» деп жауап берді. Бұдан мен оқушының сыни ойлауға дағдыланып келе жатқанын түсіндім. «Миға шабуыл» кезеңінде жасырылған сөздерді табуға барлығы қызыға қатысты. Ә. де табуға тырысып, «ана» деген сөзді тауып берді.Оқушылар бұндай тапсырмаларды орындау барысында тез ойлауға, шапшаң қимылдауға, оңай анықтауға ұмтылды. «Ширату» кезеңінде оқушыларға топтық жұмыс бердім. Олар қайық, ұшақ, пойызды қағаздан жасады. Жасап болған соң  мынадай сұрақ тастадым:

— Бұл тапсырманы жасауда неге сүйендіңдер?

-Адам әрбір затты қалай ойлап тапты деп ойлайсыңдар?

 

Оқушылар әртүрлі жауаптар беріп жатты: «Білімнің, табиғатқа қарап, еңбектің арқасында ойлап тапты»

Мен зерттеген 3 оқушы да өзіндік бақылай алады, А деңгейіндегі М. –ның байқағыштық қасиеті өте жоғары, В деңгейіндегі А. әр сабақтан кейін өзінің өсу деңгейін көрсетті, С деңгейіндегі Ә. өзінің ойлау деңгейіне сәйкес байқап бақылай алады, әр сабақта өзіндік жаңа қырынан көріне бастады.

Тапсырмаларды, тақырыптың мағынасын ашуда әр оқушы өзіндік деңгейімен орындады.  Оқушылар өздерінің жаңа қырынан көрініп өсіп дамып келе жатқандығын көрсетті.Тұйық оқушы Ә. ашылып, жаңаша ойлап, өз ойын ашық айтуға үйренді. Мәтіннің мазмұнын талдауда ол жұптық жұмыста қасындағы көршісіне түсіндіріп, оның қойған сұрақтарына жауап бере алды.

Оқушылар өз жұмыстарын саралап, бір-бірінің ойларын салыстырып, талдап, бағалауға үйренді. Топтық жұмыста әр оқушы өз міндеттерін атқарды. Топтық бағалауда оқушылар топтағы оқушылардың жұмыстарын бағалады. Бір-бірін, өздерін бағалады.

Сабақтың идеясын ашуда, қорытындылауда сабақты оқушылардың қаншалықты меңгергендігін білу мақсатында сұрақтар және тапсырмалар дайындадым. Рефлексия ұсынылды. «Екі жұлдыз, бір тілек» бойынша оқушылар өздерінің не үйренгендерін және қандай ұсыныс айта алатындарын жазып отырды.

Мен сол бойынша оларды оқып, келесі сабаққа дайындық жүргіздім. Сабақ барысында олар қысқаша не түйгендіктерін жазуды үйренді, өз ойларын қорытындылауды, жинақтауды үйренді.

Болашақта сыни тұрғыдан ойлауды дамыту мақсатында жекелеген оқушылардың қабілетіне қарай тапсырмаларды беру, сыни тұрғыдан ойлауға арналған сұрақтар мен тапсырмаларды ұсыну, топтық жұмысты ұйымдастыру, жоғары деңгейлі сұрақтарды ұсынуды түсіндім. Сабақта формативті бағалауды қолдана отырып, оқушылардың өздеріне қай деңгейде келе жатқандықтарын түсінуіне ықпал еткен дұрыс.

Қорыта келе, сыни тұрғыдан ойлау оқушылардың ойын, сыни көзқарасын дамыта отырып, күмәнмен қарауға, ойын дәлелдеуге, сұрақ қоя білуге баулиды. Сыни ойлау арқылы оқушыларым көп өзгеріске түсті деп ойлаймын. Одан әрі мен бұл істі қызыға жалғастыруға бет алдым. Жаңа формация мұғалімі сыни көзқарасы дамыған, өзінің жұмыс тәжірибесін, жаңа тәсілдерді қолдану және бағалау әрекеттерін сыни тұрғыдан бағалай алатын болу керек. Бұл сабақтан күтілетін нәтиже: оқушылар өз бетімен оқуға деген құштарлықтары артады, жауапкершіліктері артады, ынтымақтастық орнайды, сыни тұрғыдан ойлаулары қалыптасады, өзін өзі бағалай алады, сөйлеу тілдері дамиды, өз ойын еркін жеткізуге дағдыланады. «Оқушы мен оқушы» қарым-қатынасы жүзеге асады. Ең бастысы оқытудың бұл түрінде оқушы өте маңызды рөл атқарады, олар өз құрбы-құрдастарымен әлеуметтік байланыс жасай отырып, белсенді түрде білім жинақтайды.

Келешекте мен күтілетін нәтижеге жету мақсатында тынбай еңбек етіп, осы үшінші (негізгі) деңгей бойынша алған теориялық білімімді жетілдіріп практикамен әрмен қарай ұштастырып, қоғамдастық желі бойынша өзге де әріптестермен үзбей пікір алмасып  тұруым керек деп түйдім. Менің алға қойған мақсатым- оқушыларыма терең, сапалы білім беріп, білімімді одан әрі жетілдіру. Бұл мақсатқа жететініме мен сенемін.

 

 

 

Қолданылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының бағдарламасы «Мұғалімге арналған нұсқаулық» Үшінші (негізгі) деңгей
  2. Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының бағдарламасы «Бағдарлама» Үшінші (негізгі) деңгей