Ы.Алтынсарин. Шеше мен бала

Әдебиеттік оқу, 2 сынып

(интербелсенді сабақ)

                                        Ә.М. Жұмағұлова

«Зырян қаласының №9 орта мектебі» КММ

бастауыш сынып мұғалімі

Сабақтың тақырыбы: Ы.Алтынсарин. Шеше мен бала

Сабақтың мақсаты: оқушылар әңгімемен танысып, негізгі ойын ашады; байланыстырып сөйлеу дағдыларын арттырып, ой-өрісін кеңейтеді; «үнемділік» деген ұғымға өз көзқарастарын білдіреді, жанашырлық, қайырымдылық  сезімдерін ояту.

Инновациялық әдіс-тәсілдер: эссе, галереяны шарлау,  ой қозғау, тірек сөздер,  бағытталған оқу,  ақыл сөздер жібі, ашық микрофон, өрмекшінің торы, формативті бағалау әдістері: табыс критерийлері, екі жұлдыз — бір тілек, басбармақ, ұжымдық шапалақ.

Сабақта қолданылған педагогикалық технология:  СТО, АКТ (презентация, аудиожазба).

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру.

  1. Оқушылар түстер арқылы топтарға бөлінеді.
  2. Сабақтың табыс критерийлерін ұсыну.

— Қандай үлкен тарауды оқып жатырмыз? Осы тарауда қандай шығармалармен таныстық? Олардың бәрін қандай ой біріктіреді деп ойлайсыңдар?

Аудиожазбадан  өлең тыңдау. Қ.Мырза Әли «Ана»

— Қандай сезімдесіңдер? Кім туралы ойладың?

 

Үй тапсырмасын тексеру

  1. Әр топта оқушылар саусақпен таңдау тәсілі арқылы эссені оқитын оқушыны таңдайды. «Автор орындығында» эссе оқиды. Бағалау «Екі жұлдыз, бір тілек».
  2. «Анамның портреті» тақырыбында салынған оқушылардың суреттері сынып ішінде ілулі.

— Портрет дегеніміз не?  Қандай портреттер болады?

«Галереяны шарлау». Оқушылар бір-бірінің салған суреттеріне  стикер  жапсырып, дауыс береді.  Ең көп ұпай жинаған оқушыға ұжымдық 5 шапалақ соғылады.

 

Қызығушылықты ояту

Алдарыңда кімнің портреті?  Ы.Алтынсарин туралы не білесіңдер?

Ой қозғау.

— «Шеше мен бала» әңгімесін оқымас бұрын мына  ұғымдардың мағынасын ашып алайық:

1 топ: Қайырымдылық дегенді қалай түсінесіңдер?

2 топ: Жанашырлық дегеніміз не?

3 топ: Қамқорлық жасау дегеніміз не?

4 топ: Аяушылық дегенді қалай түсінесіңдер?

— Мағынасы жағынан бұл  қандай сөздер?

Тірек сөздер. 

— Бүгінгі біз оқитын әңгімеде  қыз бала, шешесі, тентек бала,  ақша, құс деген ұғымдар кездеседі.

— Әңгіме не жөнінде болуы мүмкін? (Топта болжап, әңгіме құрастырады). Әр топ әңгімесін ортақ топқа  ұсынады.

Жаңа сабақ

Әңгіменің 1 бөлігін  оқу.

— Қыз балаға сендер қалай жауап берер едіңдер? Неге?

— Сонда анасының берген ақшасын қызы басқа нәрсеге жұмсағаны дұрыс болды деп ойлайсың ба? Неге?

Сауап деген сөзді қалай түсінесің?

— Шешесі қызына қандай жауап берді деп ойлайсың?  (Топта болжайды, ортаға салады)

2 бөлімді  1 оқушы дауыстап оқиды.

— Шешесі не деп жауап берді?

Бейшара деген сөзді қалай түсінесіңдер?

— Әңгімеде кемтарлықтан құсты сатуға жүрген-ау деген шешесінің сөзін қалай түсінесіңдер?

— Сіңлісі не деп сұрады?

— Сендер қалай ойлайсыңдар, кімдікі дұрыс? Неге?

3 бөлімді дауыстап тағы 1 оқушы оқиды.

— Осы әңгімеде саған қай кейіпкер көбірек ұнады? Неге?

— Үлкен қыздың орнында сен болсаң, не істер едің?

Жақсылық жасаған адамның атын да сұрама дегенді қалай түсінесіңдер?

— Әңгіме ұнады ма?

— Әңгімеден өзіңе ұнаған ойларды тауып оқы.  Қағазға жазып, ақыл сөздер жібіне ілу.

 

Ой толғаныс.  – Балалар, қазір мен сендерді дискуссияға шақырамын, ашық микрофонға.

(Оқушылар үлкен шеңбер құрып отырады, ортада айналмалы орындықта мұғалім. Сұрақтар қойылады,  жауап берем деген оқушыға микрофон ұсынылады).

— Үнемді болу деген не?

— Үнемдеу дегенді қалай түсінесіңдер?

— Үнемшілдік дегеніміз сараңдық па? Ойыңды дәлелде.

— Үнемді болу дегеніміз ақшаға ғана байланысты ма?

— Нені, қашан, қалай үнемдейсің?

— Ендеше, балалар, мен мынадай сөздерді жазып, жіпке ілгім келеді: Үнемшіл болу дегеніміз – қуанышсыз сұрқай өмір кешу емес. Ол өз еркінді бағындыра алу. Ол да тәуекелшілдік.

«Өрмекшінің торы»  — Бүгін сабақта не білдің? Не үйрендің? Бүгінгі сабағымыздың идеясы қандай болды?

Әңгімедегі қыз бала мен шешесінің қарым-қатынасы қандай?

— Сендер аналарыңмен өз ойларыңды айтып, бөлісесіңдер ме? Аналарың қандай ақыл айтады?

— Ал қазір табыс критерийлерге оралып, басбармақ тәсілі арқылы өз-өздеріңді бағалаңдар.

 

Үйге тапсырма: Әңгімені рөлмен оқып үйрену, конверттегі тапсырманы орындау. (Әр оқушыға конвертте жеке тапсырма берілді).